Көшіп келушілер қолдауға зәру

Уақыты: 2023-04-28 Көрлімі: 2118 Сипаттама

Көші-қон мәселесі үнемі ел назарында, алайда бұл бағыттағы іс солтүстікте мардымды жүр...


Көші-қон мәселесі үнемі ел назарында, алайда бұл бағыттағы іс солтүстікте мардымды жүргі­зі­ліп жатыр деп ешкім ауыз толтырып айта алмайды. Еңбек күші жетпейтін солтүстік өңір­ге қоныс аударушылар легі қа­зір баяулап қалды. Былтыр барлығы 2 556 адамы бар 681 отбасы келіп қоныстанған, бірақ соның қаншасы нақты қыстап шыққаны жөнінде мәлімет жоқ.


Жұмыспен қамтуды үйлестіру жә­не әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масының басшысы Ринат Елжа­сов­тың айтуына қарағанда, бәрі де тас­тай. Оның берген анықтамасы бойын­ша, келгендердің арасынан ең­бек­ке қабілетті 974 адамның 820-сы жұмыспен қамтылыпты. Оның ішінде 652-сі тұрақты жұмыспен қамтылған. Алайда қай ауданда, қандай елді мекендерде қанша адамның жұмыспен қамтылғаны белгісіз. Демек, оларға барып, жағдайларын да біле алмаймыз. Қоныс аударушылардың арасынан 168 адам кәсіпкерлікпен айналыса бастаған екен, соның ішінде 111-іне 136 млн теңгенің қайтарымсыз гранттары мен несиелері берілген. Бірақ олардың да нақты кім екені, немен айналысып жүргендері айтылмайды. Әйтеуір ақша бөлгендерін ауыз толтырып жеткізген. Р.Елжасов биыл 2 660 қоныс аударушы мен 136 қандасты қабылдау жоспарланғанын тілге тиек етті. «Қазір оларды қандай елді мекендерге қоныстандыруды жоспарлап қойдық. Бәріне де көрсетілетін материалдық көмектер, көшіп келу шығыны үшін берілетін субсидия және тұрғын үйді жалдауға берілетін шығын белгіленген», дейді ол. Алайда қандай елді мекендер екені тағы да нақтыланбаған.

Биыл қоныс аударушыларға тұр­ғын үй салуға, ипотеканың алғаш­қы жарнасын төлеуге 4 млн теңге­нің сертификатын беру де қарасты­ры­лыпты. Бұл – қоныс аударушы үшін бұрын­ғының үстіне қосылған үлкен жеңілдік, тек соны пайдаланғандар солтүстікке сіңіп, ел мен жерге терін төгіп қызмет қылсын деңіз. Әйт­песе, жеңілдетілген дүниені алып, зытып отыратындар да жеткі­лікті. Ондайларды сотқа беріп, мемлекеттің ақшасын қайтарудың әуре-сарсаңдары да көп болып жатыр. Сондай сотқа тартылғандардың бірі Серік деген жігіт «Солтүстіктің суығынан қорқып, қаштым», дейді. Өзіндей адамдар, оның ішінде жас балалары туып-өсіп жатқанда тепсе темір үзетін жігітте не қылған қорқыныш екенін түсіне алмайсың. Шынында, мұндайлардың қажырын көтеретін қайраты төмен, ең бастысы жалқаулық екені де сөзсіз.

Биыл облысқа 483 адамдық 148 отбасы көшіп келіп жатыр екен, олардың арасынан суықтан қорқатындар шық­па­са екен деген тілек бар. Осы келген­дердің 31 пайызы – Астанадан, 26 па­йы­зы – Түркістан облысынан, 11 пайы­зы – Шымкент қаласынан. Әзірге келген қандастардың саны 48 адамдық 25 от­басы ғана. Олардың ішінде 24 адамы бар 18 отбасы Ресейден қоныс аударған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі 2023-2025 жылдары солтүстікке 8 мың адамды қо­ныс­тандырудың Жол картасын жа­са­­ды. Осы картаның шеңберінде 3 мың жаңа жұмыс орындарын ашуға тиіс 11 инвестициялық жобаны іске асы­ру қарастырылған. Карта оңтай­лы іске асырылса, қоныс аударушы ағайынның саны да арта түсер еді деген үміт бар.

Жұмыспен қамту орталығының жұмысы қағазда жазылған ақпарына қарағанда айна қатесіз. Бірақ онда көңіл қошы көрінбейді. Нақты айтқанда, жеке адамдармен қалай жұмыс істе­лінгені, қандай проблемалардың туын­дағаны айтылмайды. Демек, ондайларды өздері де керек қылмаған сияқты, тек толып жатқан сандар ғана. Сонымен қатар біз басқарма басшысы Р.Елжасовтан 2021-2025 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың Ұлттық жобасының орындалу барысын сұраған едік. Жобаға былтыр 19 мың адам қатысып, соның ішінде 11 мың адам жұмыспен қамтылғанын білдік. Ал биыл оған 6 мың адам тартылып, соның 5 мыңы тұрақты жұмысқа орналастырылмақшы.

«Жастардың жұмысқа тұру мүм­кіндігін арттыру үшін біз қала мен аудан орталықтарындағы оқу орындарында және жұмыс берушінің жұ­мыс орындарында жұмысшы кадр­ларын 6 айда дайындайтын курстар аш­тық. Былтыр оларда 375 адам оқып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинист, электр және газ дәнекерлеуші, ағаш өңдеу станок­тарының мамандары, сатушылар, кондитерлер, төменгі білікті бухгалтер мамандықтарын алды», деді басқарма басшысы.

Мұнда оқығандарға 21 800 теңге көлемінде стипендия да төленеді екен, тіпті көлікпен келу шығынына 13 800 теңге және қаладан тыс жерлерден келіп, пәтер жалдайтындарға айына 34 500 теңге пәтер шығыны да қарастырылған көрінеді. Ендеше оқымайтын несі бар? Алайда бұл істе де жұмыспен қамту басқармасы бұ­рын­ғы сарынмен, жоғарыдан түскен тапсырмамен ғана жұмыс істеп келе жатқаны көрініп тұр. Әйтпесе, об­лысқа қажетті жаңа жұмысшы кадр­ларды дайындауға ұмтылыс жасар еді. Осы жылдың ақпан айында құрылыс орындарын аралаған облыс әкімі Айдарбек Сапаров тас қалау­шылардың қат екенін айтқан болатын. Ол өз сөзінде осы жұмысты сапалы атқарғандар бір күнде 90 мың теңгеге дейін табыс табуға болатынын да атап өтті. «Тас қалаушы мамандығын қалаған жан оны екі ай ғана оқып, игеріп алуына болады. Құрылыс компаниялары 1 шар­шы метр қаланған кірпішке 18 мың теңге төлеуге әзір. Ал бір тас қа­лаушы орта есеппен күніне бес шаршы метр кірпіш қалай алады? Бұл дегеніңіз – 90 мың теңге ақша. Қол-аяғы балғадай көптеген жігіттер айы­на 80-90 мың теңге төлейтін күзет сияқты жеңіл жұмыстарда жүреді. Одан да құрылыстың жұмысшы ма­ман­дықтарын үйреніп алса, отбасына қаншама табыс әкелер еді», деген еді Айдарбек Сейпілұлы. Сонымен бірге ол биыл облыс 24 мың адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырғанын айтқан. Өңірде жаңадан 10 мың жұмыс орны ашылмақ. Осыған орай тиісті қызметтерге жұ­мысшы мамандықтарын дайындайтын қысқамерзімді курстар ашуды тапсырған.

Ал облыстық жұмыспен қамту басқармасы әлі күнге тас қалаушы мамандықтарын дайындайтын курс­тар ашуға ниет таныта алмай келе жатқаны берген анықтамасынан көрі­ніп тұр. Айтылған сыннан, ұсыныл­ған пікірден бірден қорытын­ды шығаруға самарқаулық бар екендігі сөзсіз. Алдағы уақытта бұл мәселелер де шешілер деген үміт­теміз.

 

Жақсыбай САМРАТ

Солтүстік Қазақстан облысы 

Дереккөз: "EgemenQazaqstan"


Пікір жазу
  • Қазақстан мен Әзербайжан президенттері мәлімдеме жасады
    Қара шаңырақ және көш

    Ұқсас тақырыптар