АРДАГЕРЛЕР ДӘН РИЗА

Уақыты: 2023-04-20 Көрлімі: 506 Сипаттама

Мұсылман баласы асыға күтетін айлардың сұлтаны – Рамазан айында атқарылып жатқан игі і...

28702_large.jpeg

Мұсылман баласы асыға күтетін айлардың сұлтаны – Рамазан айында атқарылып жатқан игі істер қатары ай аяқталғанша жалғасуда. Берекелі Рамазанда риясыз ниетпен жасалатын ізгі амалдардың бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті. Сауаптар еселеніп жазылатын айда жоғары оқу орнының Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың атынан ауызашар берілді. Айтулы шараға университетіміздің қазіргі еңбектеніп жүрген белсенді қызметкерлерімен, бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты ардагерлермен қатар осы білім ордасының тұлғалы  түлектері – әйгілі ғалымдар мен ұлағатты ұстаздар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, мәдениет пен өнер басшылары да шақырылды.

Алдымен сөз алған ұжым басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев соңғы уақытта университет өмірінде қол жеткізілген қомақты нәтижелер мен толағай табыстарға арнайы тоқталды. ҚазҰУ әлемдік білім кеңістігіндегі беделі мен танымалдығын айтарлықтай нығайтты:  2022 жылы  рейтингі бойынша әлемдегі ең үздік университеттер арасында 150 орын, Азия аймағында –  44, Орталық Азияда 1-орын алды. ТМД елдері арасында ҚазҰУ М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетімен бірге әлемнің үздік 200 университетінің қатарына енді. Әлемдік университеттердің еуропалық академиялық рейтингі бойынша – Еуропалық стандарттың АА  рейтингін алды, бұл ҚазҰУ-ға Еуропаның жетекші университеттерімен қатар тұруға мүмкіндік берді. ҚазҰУ Тұрақты даму мақсаттарының  БҰҰ «Академиялық әсер» бағдарламасының жаһандық хабын басқарады, бұл – БҰҰ-ның ҚазҰУ-ға жоғары сенімінің көрсеткіші.

WhatsApp Image 2023-04-20 at 12.20.47 (1).jpeg

Ыстамбұл мен Бішкекте ҚазҰУ филиалдары, Алматыда ҚазҰУ базасында МИФИ филиалы ашылып, жемісті жұмыс істеп жатыр.

Былтыр шілде айында ҚазҰУ Зерттеу университеті мәртебесін алды және 2022-2026 жылдарға арналған Даму бағдарламасы бекітіліп, ҚР Үкіметінің 25.07.2022 күнгі №516 қаулысы қабылданды. 2022 жылы университет ғалымдары 308 ғылыми жобаны жүзеге асырса,  оның  247 жобасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы есебінен орындалып,  ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы қаржыландыру көлемі 3,7 млрд теңгеге жеткен.

Қазақстан Республикасынан жарияланатын Scopus-тағы мақалалар саны жыл сайын артып отырса, олардың  58 пайызын ҚазҰУ ғалымдары басып шығарады. 2022 жылы университеттің төрт ғылыми журналы ғылыми басылымдардың халықаралық деректер қорына енгізілді. 10 жаңа инновациялық өндіріс ашылып,  соның ішінде Дәрілік өсімдіктер ғылыми орталығында өсімдік  шикізаты негізінде шағын тонналық өнім шығарылуда.

«Ғылым ордасының» 19 ғылыми-зерттеу институтымен интеграцияны күшейтіп, 21 бірлескен білім беру бағдарламаларын енгізді, 396 магистр мен PhD докторлары дайындалды. Әлемнің АҚШ, Жапония, Франция, БАӘ, Түркия елдеріндегі 30-дан астам жетекші университеттермен жаңа ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.

Жоғары оқу орнының 16 факультеті мен 68 кафедрасында білім алып жатқан студенттер контингенті 24,3 мың студентке дейін өсті. Білім алатын шетелдік студенттердің де саны ұлғайды. Әлемнің 54 елінен 2,8 мыңға дейін шет ел азаматы білім алады. Студенттер санының мемлекеттік грант және келісім шарттар негізінде өзгеруі, сәйкесінше, 75% және 25%-ды құрайды.

Оқытушы-профессорлар құрамының еңбекақысы екі есеге өсті және қазір оқытушылар 285 000 теңге  (2021 ж. 160 000), доценттер – 390 000  (бұрын 175 000) теңге, профессорлар 500 000  (бұған дейін 190 000) теңге айлық алады.

Сөзінің соңында ректор жақында мемлекет басшысының қабылдауында болып, қолдау тапқанын, жаңа жарқын міндеттер алып қайтқанын мәлімдеді. Алға қойылған игі мақсаттарға тек ұжым мүшелерінің ыстық ынтымағы мен баянды бірлігінің арқасында қол жеткізе алатынымызды нықтап, оларға ерен еңбектері үшін үлкен алғыс айтты.

Отырыста қарымта сөз алған еңбек ардагерлері мен зейнеткерлер және қонақтар өздеріне жасалған ерекше сый мен құрметке деген ризашылықтарын білдіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымына жаңа жетістіктер тіледі, халқымыз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болсын, Жаратушы иеміз келесі ораза айына есен-сау жетуімізді нәсіп етсін деген тілектермен тарасты.

 

Болат ӘБЕНОВ,

Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


Пікір жазу
  • Президент: Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту
    ҚазҰУ Студиясында Болат ӘБЕНОВ

    Ұқсас тақырыптар