ҚР-да мектепте білім беру сапасын арттыру мақсатында қандай шаралар қабылданып жатыр

Уақыты: 2019-01-08 Көрлімі: 1643 Сипаттама

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын артт...

3e001e038762d881c8e49af93eda70e4.jpg

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлген. Президент мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды, сондай-ақ орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдердің орындалуына баса назар аударуды тапсырды.

Тапсырмалар қалай орындалып жатқаны мен ҚР Білім және ғылым министрлігі 2018 жылы не іс атқарғаны туралы PrimeMinister.kz шолу материалынан оқыңыздар.

Мектепке дейінгі білім беру: 4К дамыту

Еске сала кетейік, Президент Қазақстан халқына Жолдауында ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасатынын атап өтті.

Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда.

Білім және ғылым министрлігінде мәлімделгендей, 2018 жылғы қазанда Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бекітілді. Стандартта балалардың бойында әлеуметтік дағдылар мен өздігінен үйрену дағдыларын дамыту талаптары қарастырылған.

Бұдан өзге, балалардың туылғанынан бастап 3 жасына дейін әлеуметтендіру міндеттерін іске асыруға, әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын дамытуға бағытталған Стандарт талаптарын ескере отырып, әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын дамыту жөніндегі бағдарлама әзірленіп, бекітілген.

Мектепке дейінгі мекемедегі педагог пен отбасындағы және мектепке дейінгі ұйымдағы ата-ананың жетекші рөліне көңіл бөлінген.

Балаларды әлеуметтендіру деңгейі бойынша баланың туылғанынан 3 жасына дейін оның психоәлеуметтік дамуының негізгі кезеңдері қарастырылған.

Бағдарлама балалардың бойында өзара әрекеттесу, бейімделу, жеке тұлға ретінде қалыптасу, қоршаған ортаға адамгершілік қатынасын дамыту (отбасыға, қоғамға, табиғатқа), қауіпсіз жүріс-тұрыс негіздері бойынша әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Бағалау жүйесі критерийлерді (бала белгілі бір әрекеттерді жасайды, не істеп жатқанын түсінеді және өзі жасай алатын әрекеттерді жасайды) пайдалана отырып, балалардың әлеуметтік даярлық, көшбасшылық, толеранттылық пен өз бетімен үйрену деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде кішкентай балалардың бойында табысты, сенімді және позитивті болашақ оқушыға қажетті әлеуметтік дағдылар мен өздігінен үйрену дағдылары қалыптасады.

 

Орта білім беру: реформаларға басымдық беру

Жолдауда мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі туралы айтылған.

Қазақстанда Білім мен ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңартылған мазмұнда білім беру процесі жүріп жатыр. Оған 2017–2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7 сыныптар көшірілді. 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңартылған мазмұнға 3, 6 және 8 сынып оқушылары көшті.

ҚР БҒМ мәліметтері бойынша, бүгінде балалардың 73% білім берудің жаңартылған мазмұнымен қамтылған (2016 жылы – 12,6%, 2017 жылы – 43%). Үш жылда педагогтарды жаңартылған мазмұн бағдарламалары бойынша курстардан өткізу 75% құрады. 208 мың мұғалім жаңартылған мазмұн бойынша сабақ бергені үшін үстеме ақы алады.

2015–2016 оқу жылында 1-сыныптарда, 2016–2017 оқу жылында 2, 5 және 7 сыныптарда, 2017–2018 оқу жылында — 3, 6 және 8 сыныптарда жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламалары мен оқулықтар апробацияланды. 2018–2019 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап апробация 30 пилоттық мектеп негізінде 4, 9 және 10 сыныптарға жүргізіліп жатыр. Әрбір тоқсан сайын жаңартылған мазмұнды енгізудің аралық қорытындылары шығарылады. 30 пилоттық мектепте жиынтық сыныптар саны — 143.

Апробацияның жалпы қорытындысы 2018–2019 оқу жылының соңында шығарылады.

Бұған қоса, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру үшін жан басына нормативтік қаржыландырудың жаңа моделі әзірленіп, апробациялануда.

Аталған модельдің жаңашылдықтары:

1. ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жан басына шаққандағы нормативтің жекелеген мөлшерін белгілеу;

2. экологиялық нәубет және радиациялық қауіп аймақтарында тұратын жұмысшыларға мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында тиісті қосымша төлемдердің шығындарын мөлшерлеу;

3. педагогикалық әлеуетті ынталандыру арқылы білім сапасын арттыру үшін ынталандырушы компонентті енгізу;

4. мемлекеттiк қаражаттарды неғұрлым тиiмдi және ұтымды пайдалану мақсатында елеулi нақты контингентi бар оқушылар саны көп мектептер үшiн түзету (азайту) коэффициентiн енгiзу;

5. мектептердің материалдық-оқу базасын нығайту және дамыту арқылы білім сапасын жақсарту үшін күрделі сипаттағы шығындарды мөлшерлеу.

Жан басына шаққандағы норматив білім беру деңгейіне және оқыту ерекшеліктеріне байланысты 16 түрде ұсынылған (түзету сыныптары, үйден оқыту, инклюзивті білім беру).

Аталған модель 7 өңірдің (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарының, Астана және Алматы қалаларының) 43 мектебінде апробациялануда және оны Қаржы министрлігі, әкімдіктер, пилоттық мектептер, «Атамекен» ҰКП аса тиімді әрі дұрыс деп бағалаған.

Бүгінде Астана қаласының 80 мемлекеттік және 8 жекеменшік мектебі жан басына нормативтік қаржыландыруға көшті.

Бұған қоса, 6 өңірдің (Астана және Шымкент қалалары, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау, Түркістан облыстарының) жекеменшік мектептерінде 6 мың орынға жан басына қаржыландыру қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыс орналастырылған.

ҚР БҒМ ақпаратына сәйкес, «шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын» формасында жан басына қаржыландырумен бірқатар мектептің жұмыс істеуіне мүмкіндік беру үшін заңнамаға өзгерістер енгізілген. Бұл орта білім беруде жан басына нормативтік қаржыландыруды тиімді іске асыруға, бюджет қаражаттарын пайдалы әрі тиімді жұмсауға жағдай жасауға ықпал етеді.

Пилоттық мектептерде жан басына қаржыландыруды апробациялаудың аралық нәтижелері оқушылардың үлгерімін жыл сайынғы бақылау көрсеткіштерінің жақсарғанын көрсетті: 2013 жылғы 54 балдан 2017–2018 оқу жылында 61,9 балға дейін жақсарды. ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 71 балдан 77,1 балға дейін өсті. 2017–2018 оқу жылында байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздарының, жүлдегерлері мен лауреаттарының үлесі жалпы қатысушылар санының 21,5% құрады (2012–2013 оқу жылында — 18%).

Жан басына қаржыландыру көлемі аясында мектептерде оқу және материалдық-техникалық базаны ішінара нығайту мүмкіндігі пайда болды. Спорт құрал-жабдықтары, оқушы жиһаздары, оқу тақталары, көрнекі құралдар мен оқу материалдары, музыкалық аспаптар сатып алынды.

 

Үш тілді білім беру — бәсекеге қабілеттілік кепілі

Жаңартылған білім берудің базалық мазмұны үш тілде білім беру саясаты аясында жүзеге асырылуда. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беруге жоспарлы түрде көшу «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 79 қадамы мен Білім мен ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында орындалып жатыр. Үш тілді білім беруді ілгерілетудің іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген.

Үш тілді білім беруді дамытудың 2015–2020 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, жаратылыстану-ғылыми цикл пәндерін (информатика, физика, химия және биология) үш тілде оқыту процесі 2019 жылдан бастап оқушылардың тілегі мен мектептердің дайындығына байланысты біртіндеп енгізілетін болады.

Үш тілде оқытуға көшу үшін жаратылыстану-математика циклінің төрт пәні анықталды, осылайша жоғары сыныптарда — физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады. 

ҚР Білім және ғылым министрлігі үш тілді білім беруге кезең-кезеңмен көшу мақсатында пән мұғалімдерін ағылшын тілін меңгеруге және сабақты ағылшын тілінде өткізу әдістемесіне даярлап жатыр.

Бүгінгі таңда «Дарын», Назарбаев зияткерлік мектебі (НЗМ), инновациялық білім беру лицейлері және т.б. мамандандырылған мектептерде көптілді білім беру жүйесі сәтті жүзеге асырылған.

2018 жылы жаратылыстану-ғылыми цикл пәндерін ағылшын тілінде өткізуге (толықтай және ішінара енгізу) көшкен пилоттық мектептердің саны 2,8 мыңға артты (2018 жылы – 3 372, 2017 жылы – 532). 7,8 мың мұғалім аталған пәндерді ағылшын тілінде өткізеді. 5,5 мың мұғалім базалық лауазымдық еңбекақысының 200% көлемінде үстеме ақы алады.

Үш жылда 10 мыңға жуық мұғалім жаратылыстану-ғылыми цикл пәндерін (информатика, физика, химия, биология) ағылшын тілінде өткізу үшін тілді В1 және одан жоғары деңгейде меңгерген.

Жаңа оқу жылында сабақты ағылшын тілінде өткізуге кірісетін 4675 пән мұғалімдері үшін менторлық бойынша біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, үш тілді оқытудың бірыңғай тілдік стандарты мен оны пайдаланудың әдістемелік нұсқаулығы әзірленген, олар Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сайтында жарияланған.

 

Әлемдік стандарттар бойынша кәсіби білім беру

Осыған ұқсас жұмыстар техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру салаларында жүргізіліп жатыр. ТжКББ саласында, ең алдымен, 9 (10-11) сыныптар базасында оқуға түскен колледждердің студенттері үшін білім беру ағылшын тіліне көшіріледі. 73 колледж арнайы пәндерді ағылшын тілінде толықтай/ішінара оқытуда. Ағылшын тілінде оқыту процесіне 287 инженерлік-педагогика қызметкерлері мен 5000-нан астам студент тартылған.

WorldSkills халықаралық талаптарына сай келетін және қазақстандық жұмыс берушілердің талаптары ескерілген үш тілде (мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдері) 74 білім беру бағдарламасы әзірленген. 2016 жылдан бастап ТжКББ жүйесінің 1 397 инженерлік-педагогика қызметкерлері CLIL, TBLT, BOPPPS әдістемелері бойынша ағылшын тілінде арнайы пәндерді оқыту курстарынан өтті.

Жоғары және жоғарыдан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында үш тілді білім беруді жүзеге асырудың нормалары қарастырылған: оқу пәндерінің 30% ағылшын тілінде оқытылады.

554 білім беру бағдарламасы ағылшын тілінде әзірленген: бакалавриатта – 362, магистратурада – 143, докторантурада – 49.

ЖОО-ларда үш тілде білім алушылар саны 6 226 адамға ұлғайды (2018 жылы – 40 105, 2017 жылы – 33 879), үш тілде білім алған түлектер саны 2 731 өсті (2018 жылы – 8 071, 2017 жылы – 5 340).

2018–2019 оқу жылында ЖОО-ларда тілдік дайындық деңгейін арттыру үшін педагогикалық мамандықтар бойынша даярлық бөлімдеріне 450 орын бөлінген. 

76 ЖОО-да даярлаудың барлық бағыттары бойынша 30 967 адам үш тілде білім алып жүрген 2 572 арнайы топ құрылған. Соның ішінде, бакалавриатта – 26 047 адам, магистратурада – 4 665 адам, докторантурада – 255 адам. Олардың ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша – 5 921 адам білім алуда: бакалавриатта – 5 427 адам, магистратурада – 480 адам, докторантурада – 14.

2018 жылы ағылшын тілінде педагогикалық мамандықтар бойынша профессор-оқытушылар құрамын күшейтілген тілдік дайындау үшін біліктілікті арттыру курстарынан 305 адам өтті, «5В011000-Физика» мамандығы бойынша — 66 адам, «5В011200-Химия» бойынша — 71 адам, «5В011300-Биология» бойынша — 87 адам. Профессор-оқытушылар құрамының 6461 қызметкері ағылшын тілінде білім беруде (2017 ж. – 4877). «Білім беру» — 1482 адам (23%) және «Техникалық ғылымдар мен технологиялар» — 1575 адам (24%) секілді оқыту бағыттары көбірек қамтылған.

51 шетелдік ЖОО-мен бірлесе отырып, 310 қосдипломды білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр (бакалавриат – 98, магистратура –202, докторантура –10). 2018 жылы 318 шетелдік ғалымдар сырттан тартылған лекторлар ретінде шақырылған, олар да ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары мен әдістемелік құралдарды әзірлеуге қатысады.

Дереккөз: Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ресми сайты

Jebeu.kz



Пікір жазу
  • Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа 2019 жылмен құттықтауы
    Елбасы Сириядан оралған Қазақстан азаматтары туралы мәлімдеме жасады