Бейбіт жиын өткізу туралы мифтің ауылы алыс екен

Уақыты: 2020-02-24 Көрлімі: 629 Сипаттама

22 ақпан күні Алматы және Нұр-Сұлтан қаласы қатарлы бірқатар өңірлерде митинг өтті. Алм...

65542.jpg

22 ақпан күні Алматы және Нұр-Сұлтан қаласы қатарлы бірқатар өңірлерде митинг өтті.   Алматылағы түске дейінгі алаңға жиналғандарды жаңа құрылу үстінлегі демократиялық партия ұйымдастырса,  түстен кейінгі және өзге қалаларда өткен митингілерге шығушылар М.  Әбілязовтың үндеуімен алаңға жиналды. 

Алаңға жиналушылар өз азаматтық ұстанымын түрліше деңгейде білдіріп,  елдегі саяси жүйеге қарсы пікірлерін айтты.       Сонымен бірге халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын,  мемлекеттік тілдің ахуалын билікке жеткізбек болғандар болды. Жемқорлық пен Қытай экспансиясы да айтылды.  Бірақ, көптің талқысына айналған  алаңдағы айтылған мәселелер емес,    полиция мен алаңға жиналғандар арасындағы тартыс болды.  Бейне көптің тілегені де,  ұйымдастырушылардың аңсағаны да, биліктің күткені де осы болғандай.  

2019 жылдың наурызында Қазақстандағы жоғарғы билік таранзиттік жолмен ауысты. Маусымда президент сайлауы болды. Осы аралықта да елде бірнеше қарсылық шаралары өтті. Бұл өлара кезеңде өз ықпалын жүргізгісі келген ойыншылар да, елдегі саяси жүйеде өзгеріс болғанын қалайтындар  да алаңнан табылыып немесе алыстан жол нұсқап отырды. Енді бір топ жаңа президент және оның командасынан үміт күткен еді. Президенттің халыққа жолдауы және бірқатар бастамалары бұл үміттің үстіне үміт сыйлағандай болған.

Президенттің алғашқы қадамдары, ақпарат құралдарына берген сұхбаттары бір бөлім жұрттың көңілінен шықты. Елдегі халықты алаңдатқан кез-келген мәселеге уағында жауап беріп отырды. Сайлау алды бағдарламасын орындау үшін үкіметке нақты тапсырма берді. Жанына бірқатар иделог, демократ азаматтарды топтастыра білді. Соның нәтижесінде Президенттік жастар кадрлік резерві конкурсы өтіп,  300 жас жасты іріктеп алды.  ҚР Президентті жанындағы Ұлттық сенім кеңесі құрылды.  Ұлттық сенім кеңесінің мүшелері қоғамдағы қордаланған мәселелерді президентке жеткізіп, шешу жолдары мен бірнеше заңды өзгертуді ұсынды. Оның ішінде бейбіт жиындар туралы заң жобасы да бар еді.

Міне осындай билік "халықтың үніне құлақ асатын үкімет" деп жатқанда  22 ақпандағы жағдай президент пен ұлттық кеңестің талқысының талқанын шығарды.  Бейбіт жиын өткізу туралы мифтің ауылы алыс екенін көрсетті.

Полиция жағынан алаңға шыққандарды жаппай тұтқындап, көлікке мал тиегендей кісіден көкпар жасауы президент Тоқаевтың бұған дейінгі қадамдарына кереғар болды. Полиция қызметкерлерінің алаңға шыққандарға жасаған "құрметі" кешегі ғана емес. Мұндай жағдай бұған дейін бірнеше қайталанған. Құқық қорғаушыларымыз бірінші құқық бұзушыға айналып барады.  Ал бейбіт жиындар туралы заң-жобасы талқыланып жатқан кезде тағы қайталануы  биліктің мұндай өзгеріске дайын емес екенін көрсетті. Болмаса еліміздің күштік құрлымдары президент және оның бастамаларын қолдамайтынын көрсетті. Бұл ҚР Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшыларына байланысты. Оның үстіне полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейінің сын  көтермейтінін тағы бір көрсетті. Бұған қарап президент халық үніне құлақ асатын мемлекет құрғысы келсе, ең алдымен елдегі күштік құрлымдарға реформа жасауы керек екенін түсінеміз.

Президент бұған дейін мемлекеттік қызметкерлерге, әкімдерге халықпен жақын болуды, ашық диалог орнатуды тапсырған. Бірақ, кешегі өз пікірін   білдіруге алаңға шықшандардың алдына бірде-бір әкім немеме басқа мемлекеттік қызметкер (прокурор мен полиция сияқты заң қызметкерлерінен басқа) келіп уәжін тыңдамады. Билік тарапы үшін алаңға азаматтарды кімнің шақырып жинауы емес, олардың не айтып, қандай мәселені көтеретіні маңызды болуы керек еді. Заңды-заңсыз шықса да бас жарып,  көз шығармайтын болған соң  әр азаматты тыңдап, айтқандарын зерттеп,  зерделеп қортындысы арқылы стратегиялық жоспарлар жасаған жөн.  Азаматтарымыздың  Мұхтар Аблязов сияқты адамлар мен басқа  ұйымдардың айтқанын тыңдап,  артынан еруінің алдын алу олар ұстап қамау емес.  Билік халықтың Аблязов сияқты азаматтардың артынан еруінен қорықпағаны жөн.  Керісінше жұрт оны неге тыңдайтынын,  артынан неге еретінін зерттеп,  алаңға шыққанда айтарын тыңдап, оларды өз арттарын ертудің жолын табуы тиіс. Елдегі барлық өзекті мәселелерді шешіп, оны өзгелердің пайдаланып өз ұпайын жинауына жол бермеген абзал.  Ал алаңға шыққандарды кері қайтару тек олармен пікірлесу, түсінісу. Биліктің беделі болу үшін келген адамның өз аяғымен кері кететіндей мінез танытқаны жөн. Сол кезде ғана елде демократиялық мәдениет қалыптасады. Алаңға шыққандар да қазіргідей айғайлап-аттандамай айтарын өз орнымен айтып үйренеді. Полиция жағынан ескерту мен түсініктеме алу жағдайы болса да өз еркімен келісетін болады. Ал алаңға шыққанда жаппай ұстамаса да, басқа ниеттегі адамдарды ұстау мен анықтауды басқа уақытта жүзеге асыруға цифрлы қоғамның әлеуеті жетеді.  Кешегідей жаппай ұстап, күш көрсетіп, шара қолдану биліктің имиджін түсіруден басқа пайдасы жоқ.

Онсыз да билік алмасуы барысында жаңа президенттің жанында болып, жаңа биліктің алғашқы бастамаларына дәнекер болған азаматтардың Ақордадан алыстауын президенттің биліктегі бұрынғы күштерден дербестікке қол жеткізе алмағаны деп бағалаушылар көп. Ал 22 ақпандағыдай жағдайлар билік ауысуынан біраз өзгерістер күткен азаматтардың көңіліне су сепкенлей болады.

Қорта айтқанда, билік тарапының өз пікірін білдірмек болған азаматтарға күш көрсету мен кедергі жасау биліктің өзіне тиімсіз. Қоғамдағы өзекті мәселелерден жұрт көңілін уақытша бұрғанмен, ауыруды емдемесе асқынып кетері анық. Бізге енді сабырлы, сәлиқалы саясат керек. Келісіп пішкен тон келте болмас деген. Әр нәрсеге ат үсті қарамай, шешу жолын тереңнен қарап, жүйелі жоспарлар құрса халықтың да көңілі тоқ, биліктің де ұйқысы тыныш болады. Халықтың назарын түрлі мәселеге бұрып, өзекті мәселеден алып қашатын ойындар, елдің алдында қолдан жасаған қайраткерлермен шоу құру, белгілі бір ұйымдар мен азаматтарға қарсы екінші бір ұйымдарды пайдалану сияқты әдістердің артта қалар кезі келді. Халық та қуыршақтардың ойынынан шаршады.

Сурет "Ақ жайық" сайтынан алынды

Т. Құрметұлы

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Қазақстанның электрондық сауда нарығы 2019 жылы 700 млрд теңгеден асты
    Асқынып баражатқан коронавирустан қалай сақтанамыз?