Даму бағдарламасы ұлттық дамуға басымдық береді

Уақыты: 2020-11-17 Көрлімі: 39 Сипаттама

Қазіргі кезде Қазақстанның бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан да жоғары б...





Қазіргі кезде Қазақстанның бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан да жоғары бағаланып отыр. Әсіресе «тоғызыншы территорияның» ұстанымы Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен негізгі құндылықтармен үйлесім тауып, әлемдік аренадағы абыройын биіктете түсті. Биыл коронавирус пандемиясы шартараптағы ахуалды өзгерткені белгілі. Осы орайда Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Якуп Беришпен "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі сұхбаттасып, іргелі ұйымның атқарып жатқан қызметі, індетпен күрестегі еліміздің әрекеті төңірегінде әңгіме қозғаған екен. Аталмыш сұхбатты "Егемен Қазақстанға"  сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. 

– Якуп Бериш мырза, «Ege­men Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіс­кеніңізге алғыс айтамыз. Сөз басын ұйымның қыз­­меті төңірегінде өрбіт­сек. Қазақ­стандағы БҰҰ Даму бағ­дар­­ламасы жұмысының басым­дық­тары қандай?

– Қазақстандағы жұмысы­мыз­дың басты бағыты – ұлттық даму басымдықтары. Тұрақты даму мақсаттарына және «еш­кімді арт­та қалдырмау» қағидатына сүйе­­ніп, осал топтарға, оларға дағ­да­рыстың әсерін азайтуға баса назар аударамыз. Мүмкіндігі шек­теулі адамдар құқығын қор­ғаудан био­алуандықты сақтауға дейін­гі мәсе­лелерді түрлі іс-шараларда көте­­ріп, адамдарға жаңа мүм­кін­дік беруді мақсат етеміз. Жұмы­сымыздың негізгі өзегі – адам дамуы тұжырымдамасы.

Ұйымымыз сынақтар не проб­ле­ма­ларға ғана емес, мүмкін­діктер­ге де назар аударады. Сол арқылы түрлі мәселені қарастырып, күр­делі түйткілдерді шешуге жаңа жол табылады деп сенеміз.

Сынақтар мен проблемалардың шешімін кешенді түрде қараған жөн. Яғни, жалпы үкіметтің шешімдері мен жалпы қоғамдық әрекет арқылы. Мем­лекеттік органдар мен қоғамдағы түрлі топ­тар арасында үйлестірудің болмауы­нан жиі мәселе туындайды. Оларды бір­ге қарастыру арқылы бұрын мүмкін бол­маған шешімдер шығады.

Біз мәселенің «не» екеніне ғана емес, оны «қалай» шешуге назар аударамыз. Біз үшін «қалай» сұрағы маңызды. Әрине жұ­мыстың бағыттары айқын. Бірақ БҰҰ Даму бағдарламасының өзге­ше­лігі сол, оны қалай атқара­ты­нымыз өзекті. Ұйым­ды үкі­мет­тің сенімді серіктесіне айнал­ды­ра­тын нәрсе – мүдделі топтарды жа­қындастыруға септесу, ресурс­тарды тарту, әртүрлі тараптарды жұмылдыру, бірлес­кен іс-әре­кеттерді ілгерілету. Осы­лай­ша, мәселелерді экономикамен, бар­лық басқа да салалармен байла­ныс­ты­рамыз.

Даму мәселелерін жекелеген салалар немесе тақырыптар арқылы емес, нақты тұрғыда қарас­тырғанда ғана жетістікке жететі­німізді аңғардық. Тұрақты да­му мақ­саттарының үйлестірушісі ре­тінде бұл қадам бүкіл сала бойын­ша ойлануға, олар­ды қол­дауға, ресурстарды жұмыл­дыру­ға және техникалық көмек көрсе­туге мүмкіндік береді. Бұл транс­формациялық жұмыс іс­теуге жол ашады. Біз әрдайым кө­лем­ді не үлкен сандарға негіз­дел­ген нәрсе емес, өзге­ріс әкеле­тін әрекеттерді іздей­міз. Кейде бұл қаржыға емес, іс-әре­кетке бай­ланысты. Кейде түрлі қатысу­шы­ларды біріктіруді қажет ететін ерік-жігер басты орынға шығады.

– БҰҰ ДБ мен Қазақстан Үкі­­меті арасындағы ынтымақ­тастықтың негізгі бағыттары қандай? Қандай жобалар іске асырылып отыр?

– Қазақстан Үкіметімен серік­­тестігіміз бірқатар негізгі стра­те­гиялық құжатқа негізделген. Оның ішінде «Қазақстан-2050» ұлттық стратегиясы, 2030 жылға дейін тұрақты даму саласындағы күн тәртібі бар. Сондай-ақ страте­гиялық құжатымыз – «Елдік бағ­дарлама» да басымдыққа ие. Сол арқылы Қазақстан Үкіметімен, сон­дай-ақ мемлекетте жұ­мыс істей­тін басқа да ұлттық және ха­лық­аралық серіктестермен ынты­мақ­­тас­тығымыздың басым бағыт­тары айқын­далады.

БҰҰ ДБ 1993 жылы Қазақстан­дағы жұ­мысын бастағалы ел­дегі шешуші реформалық про­цес­терді қолдап келеді. Атап айт­қанда, олардың қатарында мем­лекеттік басқару реформалары, мемлекеттік қызмет, сот және полиция реформалары, мүгедектер мен гендерлік теңдік, климаттың өз­геруіне төзімділік, табиғи ресурс­тардың тұрақтылығы және төмен көміртекті аз тұтынуға бағытталған әлеуметтік саясат бар.

БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты дамуға арналған жеке сектор инвестицияларын қолдау үшін инновациялық қаржыландыру құралдарын енгізеді. Мысалы, көміртегі бөлінуін азайту, энергия тиімділігін арттыруды субси­диялау, «жасыл» несиеге кепіл­дік беру тәсілдері бар. БҰҰ ДБ ха­лық­аралық қаржы институт­тары қаржыландыратын бағдар­лама­ларды іске асыруға қолдау көрсету тә­сілдерін сы­нақтан өткізді. Бұл елдегі тұрақты дамуды қолдауға бағытталған мемлекеттік және жеке ресурстарды біріктіретін ке­шенді қаржыландыру стратегия­сын жүзеге асыру үшін маңызды рөл атқарады.

БҰҰ Даму бағдарламасы қалып­тасқан аймақтық және жаһандық желілері мен сараптамалық әлеуеті арқылы Қазақстанның өңір­лік және халықаралық бас­тама­ларына қолдау көрсетеді. Олардың қатарында Алматыда Халық­аралық апаттар қаупін азайту орталығын құру, ЭКСПО-2017 көр­месіндегі БҰҰ пави­льо­нын қолдау, Жаһандық тұрақ­ты даму күн тәртібіндегі Қазақ­стан­ның рө­лін ілгерілету мақса­тында халық­­аралық және аймақ­тық дең­гей­де тақырыптық іс-шара­лар ұйым­дас­тыру, Астана мемле­кеттік қызмет хабын қолдау, зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмнің ал­дын алу бойынша жетекші ай­мақтық бастамалар қамтылған.

Сондай-ақ 2011 жылдан бас­тап БҰҰ ДБ «Дамуға ресми кө­мек» ұлттық жүйесінің негізін қа­лау­­ға сараптамалық қолдау көрсе­­тіп келеді. Ауғанстанды, сон­­дай-ақ Орталық Азия және Аф­ри­ка елдерін қолдау бойынша бір­лес­кен нақты бастамалары бар. Оларды Сыртқы істер министрлігі және басқа да донорлар қолдап отыр. Мұның бәрі Қазақстанның Алматыдағы БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары орталығын іске қосуға қолдау көрсетуге жақсы негіз болмақ.

Қазақстанның ұлттық ба­сым­дықтарын жүзеге асыруына қолдау көрсетуді жалғастыра бере­міз. Олар мына салаларды қамтиды: экономикалық өсудің және жоғары өнімділіктің жаңа моделін іздеу; бизнес ортаны дамыту және секторлар бойынша жаңа технологияларды ілгерілету; негізгі мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен бюджеттердің институционалдық тиімділігін арттыру; құқық қорғау және сот жүйелерін жаңғырту; білім беру мен денсаулық сақтаудың сапасын арттыру; аймақтық, әсіресе шалғай аудандарда экономикалық дамуды қолдау.

Қазақстан Үкіметімен бұрын­нан келе жатқан әріптестігіміз бен ынтымақтастығымыздың, бұған дейінгі табысты бастама­ла­рымыздың негізінде 2021-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарлама әзірледік.

2021-2025 жылдарға арналған жаңа «Елдік бағдарлама» ұлттық басымдықтарды қамтып, экономи­каны әртараптандыру, мемле­кеттік институттарды жаңғырту, тең­сіз­дікті азайту және табиғи ресурс­тарды тұрақты басқару арқылы Үкіметтің даму жолын орнықтыру жұмыстарына арналған.

– БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстан Үкіметіне COVID-19 пандемиясына байланысты қандай қолдау көрсетті?

– COVID-19 пандемиясы ден­саулық саласына бұрын-соңды болмаған дәрежеде әсер етті. Сондай-ақ әйелдер, мүгедектер, жұ­мыссыздар және өзін өзі жұмыс­пен қамтитындар секілді осал топтар арасындағы бұрыннан бар тең­сіздікті күшейте түсті. Ел эко­номикасы мен халқы үшін ауыр зардап әкелді. Оның эконо­микалық құлдырауға әкеліп соқ­тыратын қаупі әлі де жоғары.

Осал топтарға дағдарыстың кері әсерін азайтып, қысқа және ұзақмерзімді кезеңде онымен күресу әлеуетін арттыру үшін БҰҰ ДБ тарапы ұсыныс әзірледі. Онда шешім қабылдаушыларға қал­пына келтіруді ғана емес, 2030 жылға дейін тұрақты даму саласындағы күн тәртібі бойынша іс-әрекетті жеделдететін жолдарды таңдауда көмек беру тәсілі ұсынылған. «BuildForwardBetter» («Болашақты бұдан да жақсы етіп қалпына келтір») деп аталатын ғаламдық бастаманың аясында Қазақстанда бірнеше жобаны жүзеге асырдық.

Біріншіден, 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму стратегиялық жос­парын қайта қарастыру кезінде оның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкестігін қамтамасыз етіп, талдау мен сараптамалық қолдау көрсеттік. Екіншіден, елдегі дағ­дар­ыстан кейінгі қалпына келті­ру шараларын жетілдіру үшін осал топтағыларға COVID-19 панде­миясының әлеуметтік-эконо­микалық әсерін сараптап, баға­ладық. Пайымдауымызша, зерт­теу нәтижелері Үкіметке атқа­рып жатқан іс-шаралар тиімді­лігін арттыруға көмектеседі. Үші­н­ші­ден, дағдарыстан көбірек жапа шек­кен осал топтағы жастарды жұ­мыспен қамтуға жол ашу үшін үш айлық ақысы төленетін тағы­лымдама бағдарламасын енгіз­дік. Соның аясында әртүрлі дағдыларды қалыптастыратын тренингтер және менторлық кездесу өткіздік. Бағдарламаға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан және Қарағанды облысынан қатысқан осал топтағы 150 жас оны табысты аяқтады. Төртіншіден, Үкіметтің қа­шық­тан қызмет түрлерін ұсыну әлеуе­тін күшейту үшін мемле­кеттік қызметкерлердің цифр­лы және басқа да маңызды дағ­ды­лар­ын арттыру бойынша бір­қатар тренинг бастадық. 2020 жыл­­дың маусымынан тамыз айы­на дейін әртүрлі мемлекеттік орган­­дардың 1000 маманы мен орта дең­гейдегі менеджері, оның ішін­де 400-ге жуық мүмкіндігі шек­­теулі мем­лекеттік қызметкері дәріс алды.

Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы Физиопульмонология орта­лығына инфекциялық қалдық­тарды өңдейтін қондырғылар (автоклав) мен оларды қауіпсіз жинауға арналған контейнерлер жеткіздік. Оған қоса медициналық қалдықтармен айналысуға қа­тысты қауіпсіз процедуралар бо­йынша емхананың 122 негізгі қызметкеріне тренинг өткіздік. Үкі­меттің өтініші бойынша халық­ты қолдау мақсатында жедел жәрдем көліктерін жеткіземіз.

Соңғы айта кететін мәселе, таза және жаңартылатын энергия, экономиканың декарбонизациялануын жеделдету және елдің табиғи байлығын қорғау саласы бойынша Қазақстанды қалпына келтіру жолында тұрақты және көміртекті-бейтарап қағидаттарды интеграциялауды басты назарда ұстаймыз.

– Сіз Қазақстанның COVID-19 пандемиясымен күре­су әрекеттерін қалай баға­лай­сыз?

– COVID-19 пандемиясы шынымен оның жаһандық екенін және оның кез келген нақты ел ауқымынан шығатынын көрсетті. Бұл жаһандық ынтымақтастықты да, ұлттық деңгейдегі жүйелі күш-жігерді де қажет етеді. Әрине еш­кімге оңай болған жоқ. Қазіргі қа­был­данып жатқан шаралардың нәтижесі тек алдағы уақытта көрі­неді. Қазақстан халықтың әлеу­мет­тік осал топтарына қолұшын со­зып, әлсіз жақтарын уақтылы анық­­тап, тиісті жолмен шеше алды.

Қысқаша айтқанда, даму дең­гей­леріне қарамастан COVID-19 пандемиясына ешкімнің айтар­лық­тай дайындығы болған жоқ. Ден­саулық саласының дағдары­сын ғана емес, әлеуметтік-эконо­­ми­калық күйзелісті да бастан өт­кер­дік. Мұндай күрделі жағ­дайда пандемия зардаптарын үкімет және жалпы қоғам бірлесіп қана шешеді.

Әрине COVID-19 пандемиясынан зардап шеккен кез келген елдегідей, шешімі табылуы тиіс кемшіліктер мен қателіктерді байқадық. Дегенмен, мұны ел басшылығы нақты әрі ашық мо­йындап, дағдарысқа қарсы жүйелер мен институттар құрумен қатар, пандемияға қатысты мәселелерді шешуге бағытталған іс-шаралар қабылдады. Түйіндей келгенде, пандемияның елге және адамдарға тигізген күрделі қиыншылықтары және ауыр салдарына қарамастан, Қазақстанның оларды шешуге арналған құралдарды, жүйелерді, инс­титуттар мен саясатты бірік­тіріп, дұрыс жолда келе жатқанын аң­ғару қиын емес. БҰҰ ДБ Қазақ­стан Үкіметіне әрдайым қолдау көрсетеді.

– Цифрландыру қазіргі уа­қытта күн тәртібінде тұр. Үкімет тіп­ті «Цифрлы Қазақстан» атты бағдарламасын қабыл­да­ды. БҰҰ ДБ осы бағдарла­ма­ның орындалуын қалай баға­лай­ды және осы бағытта Қазақ­­станға қандай қолдау көрсе­­теді?

– Цифрландырудың қазіргі таңда аса маңызды орын ала­тын­дығы заңды. Бұл кез келген мәселені шешудің жауабын цифр­ландыру арқылы шешілетінін дәлелдеді. Бірақ мұнда да кей түйткілдер бар. Сондықтан Үкі­мет­тің цифрландыру бойынша жос­парын «Цифрлы Қазақстан» стра­тегиясы арқылы қалай дұрыс жүргізу керектігі туралы белсенді түрде пікір алмасамыз. Оның қандай да бір жаңа дағдыларға қол­жетімділігін, осындай бағыттарда теңсіздік тудырмау жолдарын қарастырамыз. Цифрландыруды адам­дардың, әсіресе шалғай аудан­дардағы осал топтағы тұр­ғын­­дар­дың дамуы мен жаңа дағ­дыларды қалыптастыруының, бизнесті өр­кен­детудің жаңа мүмкіндігі ре­тінде көреміз.

Мемлекеттік басқару тұр­ғы­сынан цифрландыру мемлекеттік мекемелерді қайта конфигурация­лау және тұрақтылығын күшейту жолын ұсынады. Себебі бейімділік пен икемділік дағдарысқа жедел жауап беру кезінде өте маңызды қасиет екенін коронавирус індеті көрсетті. Бірақ бұл осымен ға­на шектелмейді. Мемлекеттік қыз­мет көрсетуді цифрландыру ар­қылы күшейтуге мүмкіндік бар. Яғни, халықтың ең осал топтарын қамтуда жаңа тәсілдер мол. Бизнес қауымдастықтар үшін, әсіресе микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін цифрландыру мүмкіндіктер мен тұтынушыларды тартудың мүлдем тың және жаңа әдістерін ашып берері сөзсіз.

«Цифрлы Қазақстан» – керемет іргетас, қажетті біртұтас тәсіл екені сөзсіз. Бірақ стратегиядан іске асыру фазасына көшу керек. Бұл кезең бізге және Үкімет арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар мүмкіндігін ашып береді. Қазіргі уақытта БҰҰ ДБ Үкіметпен әлеуметтік қызмет, білім саласы, цифрландырудың дағдыларды қалыптастырудағы мүмкіндіктері туралы тұрақты келіссөздер жүргізіп келеді.

Цифрландыру инвестиция құюды талап етеді. Өзіміздің бірқатар (қаржылық және техни­калық) ресурсымызды жұмыл­дыра алдық және Үкіметпен басқа да даму серіктестерімен үнемі диалог жасай отырып, нәтижесінде үлкенірек инвестициялар тарта аламыз деп үміттенеміз.

– Көп мәліметке қанық болдық. Соңғы сұрақ. Қазақ­стандағы тағы қандай проблемалар БҰҰ ДБ назарына лайық болар еді?

– «Жасыл экономиканы» Қа­зақ­станмен жұмыстағы басым бағыттардың бірі ретінде қарас­тырамыз. Бұл жөнінде Үкі­метпен тығыз жұмыс жасай­тын­дығымызды атап өткім келеді. «Жасыл экономика» – экономиканы да, қоршаған ортаны да қамтиды. Осылайша жұмыс орындарын құрып, бизнеске, осал топтарға, шағын кәсіпорындарға жаңа мүмкіндік ашылады. Сондай-ақ елге жаңа инвестиция­ларды тартуға жағдай жасайды. Сондықтан осы бағыттарға басым назар аударып отырмыз.

«Жасыл экономика» – қор­ша­ған ортаны қорғау мәселелерін елдің экономикасына инвести­циялау мен оның тұрақты эко­но­микалық дамуына ықпал ететін мүмкіндікке айналдыру тәсілі. Осылардың маңыздылығын ескер­сек, жасыл экономика – бір-екі салалық министрліктің ғана емес, бүкіл Үкіметтің назарын аударатын мәселе. Өйткені эко­номикалық әртараптандыруды ынталандырады, жаңа инвестицияларды тартады, жұмыс орындарын құрып, жаңа кәсіпорындар ашады. Бұл бағыт Қазақстанның өсуін қолдау және тұрақты өсу үшін дұрыс мүмкіндік екені даусыз.

Әрине Қазақстанның территориясы ауқымды. Ең алыс елді ме­кендерге бірдей назар аудару оңай емес. Ауқымды терри­торияға қатысты нақты сын-тегеу­ріндерді ескере отырып, жергі­лікті дамуға кешенді түрде қарау бүкіл салада маңызды. Бұл ауыл шаруашылығында, кәсіп­орындарда, отбасыларға, ерлер немесе әйелдерге жаңа мүмкіндік беретін маңызды элемент. Өйткені шалғай аудандар тұрғындары жалпы дағдарыстар кезінде оған қарсы тұруы қиын.

Жергілікті даму – БҰҰ Даму бағдарламасы назарындағы аса маңызды сала. Осы мәселелерді шешуде Үкіметпен ғана жұмыс істеу жеткіліксіз. Сондықтан нақты қажеттіліктерге көмектесу үшін жергілікті әкімдіктермен тікелей жұмыс істеуге назар аударып отырмыз.

Біздің ойымызша, «жасыл экономиканы» жандандыру мен жергілікті жерді дамыту арқылы әлеуметтік осал топтарға қолдауды арттыруға мүмкіндік мол. Бұл қадам оларға әлеуметтік көмекпен ғана емес, мүмкіндік жасау арқылы жәрдемдеседі.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Дереккөз: «Egemen Qazaqstan»



Пікір жазу
  • АҚШ пен Германия бірлесіп әзірлеген вакцина сынағы сәтті аяқталды
    Ұлы даланың ұлттық құндылықтарын бәріміз түсінеміз бе?

    Ұқсас тақырыптар