Парасат пен адамгершіліктің үлгісі

Уақыты: 2020-09-11 Көрлімі: 130 Сипаттама

Алаш арыстары дегенде, әдетте ойға ХХ ғасырдың басында Алашорданың негізін қалаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай сынды алыптарды еске аламыз. Онысы қай жағынан алғанда да, негізді де орынды. Дей тұрғанмен бүгінгі за...

d7a9706b042a616af43d9d12ec737f6f0e32e194.jpg

Алаш арыстары дегенде, әдетте ойға ХХ ғасырдың басында Алашорданың негізін қалаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай сынды алыптарды еске аламыз. Онысы қай жағынан алғанда да, негізді де орынды. Дей тұрғанмен бүгінгі заманғы қазақ жылнамасында да Алаш арысы деген атаққа лайық тұлғалар табылары анық. Сондай бірегей жандардың қатарынан орнын ойып алған Алтынбек Сәрсенбаевты атауымыз әбден заңды. Тіпті өз басым кей кездері ол кісінің жарқын келбетіне, жылы жүзіне, байсалды жүріс-тұрысы мен сөз саптау шеберлігіне қарап отырып сол Әлихан мен Ахметтер осы Алтекеңдей болған шығар деп пайымдайтынмын. Көзі тірі болса, бүгін Алтынбек ағамыз 58 жасқа келер еді.     

    Бұл жалғаннан тым жас кетсе де, көптеген игі істерді бітіріп кеткен асыл азамат жайлы қазақ баспасөзінде, мемуаристикасында, саяси һәм тарихи зерттеулерінде аз жазылған жоқ. Бірақ «Асқар таудың асқақтығын алыстағанда аңғарасың, ал адам баласының алыбын заман өте ұғынасың» демекші, Алтынбек Сәрсенбаев туралы әлі де талай дүниелер жарық көрері анық.  

      Қазақ елі Алтынбектей ұлын жадында сақтағанымен, дара тұлғаның туған күнін атап өтіп отырғанда оның өмірлік жолы мен қайраткерлігіне қысқаша тоқталып өткен жөн сияқты.

     Алтынбек Сәрсенбаев 1962 жылы 12 қыркүйекте Алматы облысына қарасты Нарынқол ауданының Қайнар ауылында дүниеге келді. Жастайынан ойы мен қаламы жүйрік бала топ жарып, 1980 жылы журналистика мамандығы бойынша әйгілі Мәскеу мемлекеттік университетіне қабылданды. Университетті үздік бағамен аяқтаған бойда елге оралып, Қазақ телеграф агенттігінде, «Арай–Заря» журналының редакторы, «Өркен–Горизонт» газетінің бас редакторы болып қызмет етті.

     Ол кезде тұтастай Кеңес Одағында «перестройка» деген атаумен белгілі қайта құру науқаны жүріп жатқан еді. Коммунистік идеология іріп-шіріп, қызыл империяның түкпір-түкпірінде, оның ішінде Қазақстанда да демократиялық қоғам құруға, ұлттық жаңғыруға, тәуелсіздікке қол жеткізуге деген ұмтылыстар қарқын алды. Сол кезде кеңестік цензураның құрсауынан босап, енді ғана қалыптасып келе жатқан қазақ баспасөзіне Алтынбек Сәрсенбаев елеулі үлес қосты. Жас та болса, ақылы толысқан маман айналасына болашағынан зор үміт күттірген, бүгінде отандық журналистиканың саңлақтарына айналған дарынды жастарды біріктіре алды. Оларға білген-тергенін үйретуден жалықпады. Сол жылдары Алтекеңнің өзі иә болмаса оның жетекшілігімен шыққан мақалалар қазақ қоғамында шындықтың жаршысына айналып, ұлттық намысты оятқан құбылыс болды десек, артық айтпағандық. Аталған кезеңде өз басым ҚазМУ студентімін, сондағысы әлі есімде – жастар «Өркен–Горизонтты» таласып оқитын, содан барып қоғамдық өмірге белсене араласатын. 

    Жұлқынып тұрған, ұйымдастырушылық қабілеті ерекше бас редактор осылайша көзге түсті. Ал Қазақстан егемендік алған бойда, 1992 жылы Алтынбек Сәрсенбаев президент аппараты мен министрлер кабинетінде жауапты қызметтерге шақырылды. Жаңа орында да өзін жақсы жағынан көрсетсе керек, арада бір жыл өткен соң, 1993 жылы еліміздің баспа және ақпарат министрі болып тағайындалды. Айта кету керек, осылайша тәуелсіз Қазақстан тарихында министрлікті басқарған ең жас қайраткерлердің бірі болды. Ол кезде Алтекең небары 30 жаста еді.

     1997 жылы қоғамдық келісім және ақпарат министрі, 1999 жылы қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі болды. 2001 жылы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы – президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі қызметін атқарды. Ал 2002 жылдың қаңтарынан бастап еліміздің Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болды.

      Алайда лауазымы жоғары мансаптарда жүрсе де, көптің бірі болған Алтекең дандайсып кетпеді. Қарапайым халыққа әркез жақын болды. Сондықтан еліміздегі саяси жүйе демократиядан алшақтап, авторитаризмге бой ұсына бастағаны оны қатты толғандырды. Шама-шарқынша осы келеңсіздікті биліктің ішінде отырып түзетуге тырысты. Одан нәтиже болмаған соң, 2003 жылдан бастап Алтынбек Сәрсенбаев отставкаға шығып, бұдан былай өзін қоғамдық жұмысқа арнады. Сол жылы «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы болып сайланды. Және өмірінің соңғы сәтіне шейін Қазақтың мүддесін қорғауда оппозиция, баспасөз, ғылымның биігінен көрінді.

      Сырттай жақсы біліп сыйласам да, жеке өз басым өмірімде Алтекеңмен бір-ақ рет жүздестім. Бірақ сол жолғы жақын таныстық есімде әлі күнге шейін сақталып қалды. Оның тарихы мынадай: 1994 жылдың мамыр айында Ислам конференциясы ұйымының Дамаскіде өтетін алқалы жиынына Қазақстанның атынан баспа және ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев қатысатын болып шешілді. Кез келген халықаралық шара сыртқы істер министрлігінің сүйемелденуімен өтетіні белгілі. Сондықтан осы министрлік атынан Алтекеңе көмекші әрі тәржімашы ретінде сол кезде III хатшы қызметіндегі жас дипломат, мен бекітілдім. Тиісті нұсқау түскен соң, белгіленген тәртіп бойынша сапардың жөн-жосығын түсіндіру үшін Алтекеңмен жолығуға аттандым.

      Әдетте өзге бастықтардың кеңсесіне тән қатаң тәртіпті, аяғының ұшымен жүретін хатшыларды баспа және ақпарат министрінің қабылдауында көрмедім. Алтекеңнің көмекшісі жылы шыраймен қарсы алып, шай ұсынып, сәлден соң бастығының кабинетіне кіргізді. Қайта үйреншікті жағдай – министрлер үстел басында отырған бойы келушілерді қабылдайтын. Бұл жолы министр орнынан тұрып амандасып, орындық ұсынып, содан кейін ғана әңгімеге көшті. Сондағысы, мен айтқан ақпараттың бәрін мұқият тыңдады. Сапар бағдарламасы бойынша кейбір сұрақтар қойды.

  1. дардың басында бүгінгідей жан-жаққа қатынайтын ұшақтар жоқтың қасы, сырт әлеммен байланыс тек Мәскеу арқылы жүзеге асырылатын. Сондықтан келісілген күні Алтекең екеуміз Дамаскіге транзитпен барар жолда алдымен Мәскеуге жол тарттық. Келген бойда елімізден барған ресми өкілдер тоқтайтын үйреншікті жері – Чистопрудный бульварда орналасқан Қазақстан елшілігіне қарасты қонақүйге келіп жайғастық. Шереметьево аэропортына келесі күннің кешінде баратын болғандықтан, бөлмемде алаңсыз ұйықтап жатқанда, таңғы сағат 9 шамасында біреу есік қақты. Дереу киімімді киіп, есікті ашсам, арғы бетте қолында пакет ұстаған Алтекең тұр:

  • Расул інім, айтып едім ғой, Мәскеуде көп жыл оқыдым деп. Осы жердің сарделькасын (шұжықтың бір түрі) қатты сағынып қалыппын. Жаңа сол сардельканы тұздығымен қоса сатып алып келдім. Кел, екеуміз оңаша отырып таңғы ас ішейік, – дегені бар ма.

    Алғашында өзімнен жасы үлкен, мансабы да дардай адамның осындай кішіпейілдігіне таңғалып, абдырап қалдым. Сосын, есімді жиып алған соң, министрмен әңгіме-дүкен құрып, кәдімгідей рахаттанып, ауқаттанып алдық. Бүгін арада соншама жыл өткенде сол сәтті еске түсіріп отырып ойға қаламын – қазіргі министрлердің бойынан осындай мәрттік табылар ма екен деп.

     Не керек, Дамаскіге жеткенде, конференция барысындағы ресми шараларда, демалыс сәттерінде Алтекеңмен екеуміздің арамызда осындай ағалы-інілі жарасымды сұхбаттар көп болды. Әсіресе кешкі астан кейін ол кісі қонақүйдің алдындағы саябақты аралап, қыдыруды жақсы көретін. Сондай ұзаққа баратын серуендерде ағамыз талай қызық әңгімелер айтатын, еліміздің кешегісі мен бүгіні туралы сыр шертетін, қазақтың ертеңіне қатысты армандарымен бөлісетін. Жастығыма қарамастан, менен де көп нәрсені сұрап, ойымды білуге қызығушылығын танытатын.                 

      Осы естелікті бүгінгі заманғы қазақ жылнамасында Алаш арысы аталуға лайық тұлғалар табылады дегеннен бастап едім. Олай болса, бүгінгі қазақ үшін басты мәселе ұлт ардақтыларын қадірлей алуында, олар қалдырған рухани қазынасын кәдеге жаратуында, асылдарымыз көксеген әділ қоғамды құруға атсалысуда жатыр. Сайып келгенде, елдің елдігі осыдан басталары хақ.   

Расул Жұмалы

Дереккөз: "Жас Алаш"

Пікір жазу
  • Ион алмасу химиясының негізін салушы Еділ Ерғожиннің өмірі туралы
    Алаштың алыстағы тілшісі – мұғалім Молдағали