Аштық па, ашаршылық па?

Уақыты: 2021-02-19 Көрлімі: 62 Сипаттама

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылы 10 қарашадағы «Саяси қуғын-с...

200530154404a3656022d.jpg

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылы 10 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы осы бағытта тәуелсіздік жылдары басталған жұмыстарға жаңа серпін берді.

Азаттықтың елең-алаңындағы ізашар істер отандық және әлемдік тәжірибе тұрғысынан толықтырылып, қоғамның ділгір сұранысына сай қайта байыпталмақ. Бұл – өркениет үдерісі, адамшылық пен имандылықтың көрінісі.

Біз, ел жоғары мектебінің өкілдері, осы маңызды бастаманы елордадан бастап өңірлерге дейін мемлекетшілдік рухта таразылап, талдап, түсіндіріп жатқан шаралардың бәрін қолдап-қуаттаймыз.

Рас, қазір көп нәрсеге білім және ғылым саласы жауапты. Ұстаз бен ғалымның арқалаған қоғамдық қомақты жүгі аз болмайтыны сондықтан. Бостан жылдардың әр сәті, әр күні тек мұғалім-оқытушыдан ғана емес, қоғамның бар мүшесінен ақыл мен қайратты тең ұстауды талап еткенін де ұмытпалық. Екі төңкерісті, үш-төрт мәрте тұтқындалу мен абақтыда отыруды бастан кешкен Ахмет Байтұрсынұлы: «Өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек», деген еді.

Кеңестік саяси қуғын-сүргінмен қатарлас айтылатын бір нәубет – халқымыздың жартысын жалмаған сұрапыл аштық жайы.

Әрине, ең алғаш аталым-терминнен (Алаш кезеңінде «пән сөздері» дейтін) бастайық. Осы қазір жиі қолданылатын «ашаршылық» сөзі қайдан енді?.. Ойланып қаламыз.

Жүсіпбек Аймауытұлы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, т.б. әдебиет алыптары лексиконында – «аштық» немесе «Аштық құрбаны». Қазақ тілінің тұнығынан су ішкен ақын-жазушыларда «ашаршылық» деген сөз жоқ. Сірә, бұл – кейінгі «калька» жұрнақтардың бір көрінісі. Естеріңізде шығар, республиканың басты саяси газеті бірде «Еңбекшіл қазақ», бірде «Еңбекші қазақ» болды. Немесе «денсаулық» деген төл сөзімізді «денсаушылық» деп бұзып айтатындар ұшырасады. Біздің ойымыз: ұлттың әрбір сөзінде генетикалық код бар, сондықтан ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы ұлтымыздың жартысын қырған нәубет, қасірет «Аштық» деп түпнұсқада (орысша да, ағылшынша да) жазылуы керек.

Тағы бір маңызды мәселе – 31 мамыр туралы. Бұл «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары күні» деп аталатыны белгілі. Біз зиялы ортада, оқытушы-мұғалімдер ортасында жүреміз. Көптің тілегі – «аталған қос қасіреттің жөні де, мән-мағынасы да екі бөлек, сол себепті оларды еске алуға екі дата белгілеген жөн». Тағы бір орайлы ұсыныс: Аштық құрбандары мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ету жастар үшін және жаңа буын үшін қажет. Ал 31 мамыр – мектеп оқушыларының да, студенттердің де демалыс кезеңі. Сонда бұл шара кім үшін насихатталады? «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген Президент ұстанымы дәл осы мәселеде анағұрлым керек деп санаймыз.

Тағы бір ұсынысымыз: жаңа елордада қоныс тепкен Нұр-Сұлтан қаласында аштық құрбандарына қатысты да, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты да бір тарихи орын бар. Ол – бүгінгі «Жастар» шағын ауданындағы Хан Кене сарбаздары мен Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының сүйегі жерленген ескі мұсылман қорымындағы бауырластар бейіті. Жоғарыдан аэротүсірім жасалғанда, осы зираттан үш шұңқыр анықталған. Бұл жерлерге төңкеріс, аштық құрбандары жаппай жерленгенін көнекөз қариялар растаған. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында осы тарихи орынға ескерткіш орнату – елдік парызымыз.

Бүгінде ғалымдар, көсемсөзшілер аштық тақырыбында екі-үш мәселеге екпін түсіре айтып жүр. Біз оған 100 пайыз қосыламыз. Қайталап еске салайық: білім саласы «1920-1930 жылдардағы Аштық құрбандарының саны нақтыланса» дейді. Бұл оқулық пен оқу құралдарындағы бірізділік үшін маңызды. Зиялы қауым: «Нұр-Сұлтан, Алматы, т.б. қалалардағы Аштық құрбандарына арналған ескерткіштерде неге «1931-1933 жылдар» деп көрсетілген? Сонда 20-жылдардағы аштық құрбандарына басқа ескерткіш орнатамыз ба?» деп орынды сұрақ қояды.

Сонымен бірге аштық – жылау мен сықтаудың тақырыбы емес, ұлттық бірлік пен сананың, елдік байып пен сабақтың өзегіне айналуы тиіс. Кеңес өкіметі саясатынан Қазақстанда болған аштық тағылымын өнер саласында (классикалық бес түрінде) насихаттау – тірілердің адамшылық парызы.

Әдетте аштық қасіреті сөз болғанда, жұрт Б.Майлиннің аштық тақырыбындағы «Күлпәш» әңгімесін еске алады. Өте дұрыс. Бұл ретте Ж.Аймауытұлының «Даладағы Наурызынан» С.Елубайдың «Ақбоз үйіне» дейін, Ж.Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесінен» Т.Әбдірахманованың «1932 жыл» поэмасына дейін – ұлт жан жарасының айнасы.

Классик Жүсіпбек «Жаңабайдың жанындағы трагедия» атты әңгiмесiнде 20-жылдардың басындағы алапат аштықты өлген жiгiттiң жазбасы арқылы суреттейдi. Бұл – ұтқыр форма. Марқұмның әлгi әңгiме-жазбасында көп нүкте қойылып, бос тасталған жерлер (Жүсiпбек «өшiрiлген жерлер бар екен» деп ескертедi) бар. Орыс баспа және баспасөз тарихында «ақтаңдақ» («белые пятны») деп осыны айтады. Ал қазақ жазушысында бұл – форма. Жүсiпбек көп нәрсенi айтқысы келедi, бiрақ айта алмайды. Себебi түсiнiктi. Әңгiмедегi автор бос қалдырған тұс оның мәнiн айқындағандай. Бiр үзiндi келтiрейiк: «…………………… егер көп аштармен бiрiксе ……………….. етер едi. Оны Жаңабай бiлмедi. …………………………Әлеумет заңына ол бағынады……………..». Шығарманың өн бойында жазушы осылай кете бередi. Бұл – тiлдi кесуге таянғанды көрсеткен нышан едi.

Бір ауыз сөз – аштыққа қамалған жұртқа созған Алаш зиялыларының көмек қолы туралы. Мұны да тарихшы қауым жіті зерттесе деген тілек бар. Бұл шара кезінде «Помгол» (Ашыққандарға жәрдем) деп аталған. Шараның жуан ортасында қаламгер Ж.Аймауытұлы жүрген. Мақсат – ашыққан аудандарға мал жеткізу. Не керек, осы үшін Жүсіпбек нақақ қараланып, істі де болған. Бірақ 1926 жылы ашық сотта ақталып шыққан.

Халықтың әл-ауқат қорына қол салып, аштықты жасанды түрде ұйымдастырған қаныпезерлердің, «қой терісін жамылған коммунист, кешегі колонизаторлардың» шынайы кейпі Смағұл Сәдуақасұлының «Қостанай-Торғай» очеркінде деректермен жан-жақты сипатталады.

Мұның бәрі теңіз тамшысындай болғанмен, алапат аштықтың себебін ашатын ақиқат жолын нұсқайды.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҰҒА академигі

Дереккөз: egemen.kz


Пікір жазу
  • «Ғұлама аудармашы» атағын алған қазақ
    Кері қайту