Сайлау мәдениеті және демократия баспалдағы

Уақыты: 2019-07-26 Көрлімі: 1948 Сипаттама

Империя ұлысқа, ұлыс хандыққа, хандық жүзге, жүз тайпаға, тайпа болыстыққа айналып...

MyCollages (1).jpg

     Империя ұлысқа, ұлыс хандыққа, хандық жүзге, жүз тайпаға, тайпа болыстыққа айналып қиқымдалып кеткен халқымыз жетпіс жылдық темірдей қатаң диктатураның сүзгісінен миы сүзіліп шыққан соң, дербес ойлап, жеке пікірін айтатын қабілетінен айырылып қалды. Жалтақтық, пайдакөстік, өзімшілдік, суайттық, пәлеқорлық негізгі “қасиетімізге” айналып кетті.

    Сахаров бастаған демократияның өзгеше үні, М.Горбачевтын реформасы, жаңаша ойлауы санаға сілкініс әкелді, қызыл империя тарады. Партия монополиясы, “изім” шектемесі алынып тасталды. Ашық баспасөз, еркін сайлау қалыпты жағдайға айналып азаматтарға дін бостандығы, қоғамға, топқа, партияға ұйысу мүмкіндігі берілді. Дегенмен кетпеннің бір басын қатты бассаң, екінші басы шекеңе тиетін сияқты демократияның да оғаш, оқыс жақтары көріне бастады. Әсіресе, өз елінде отырып азшылыққа айналған, тілінен, дінінен ажырап қырық құраулы елге айналған біздің ел үшін ұлттық, діндік, тайпалық, өңірлік сепаратизмнің төбесі қылтиып көріне бастады. Саяси ойыншылар мен халықаралық арандатқыштардың ойынынан кез келген сәтте өрт шығып кететін еді. Оның үстіне діндік, өңірлік менталитетімізде заман ағымына ілесіп кете алған жоқ.

     Десе де қозғалыстар құрылып, партиялар дүниеге келді. Президент сайлауына қауіпті бәсекелестер жіберілмесе де, ортанқол кандидаттар мен тапсырма орындаушылар өз рөлдерін сомдап, жұрт назарын ұлттық құндылықтарға, экология және әлеуметтік мәселелерге аудара білді.

    Парламенттік сайлаулар біршама тартысты болды. Дауысты қайта санауда билік ұсынған кандидат Шәмші Беркімбаеваны тәуелсіз кандидат Серік Әбдрахмановтың жеңіп кеткен жағдайы да болды. Ғазиз Алдамжаров пен Фариза Оңғарсынова, Серікболсын Әбділдин мен Дәулет Тұрлыханов бір өңірде сайлауға түсіп, капитализм мен демократия рулық сананың іргесін шайқалтты. Билік стратегтерде өз мүддесін қорғау үшін барлық мүмкіндікті пайдалана білді.

   Оппозициялық партия мен қозғалыстарға парламенттен  10 орын берілген кездерде болды. Әсіресе “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы құрылып, “жас түріктер” билікке өз талаптарын қойған кезде Қазақстанның саяси атмосферасының бұрқ-сарқ қайнап ел іші-сырты елеңдеп барып басылды. ҚДТ дан “Ақ жол” бөлініп шықты, “Ақ жол” кейін “Нағыз Ақ жол” және “Ақ жол” болып екіге айырылды. Грузия, Украина, Қырғызстанда демократиялық толқулар Қазақстандағы өзгеше ойлайтындарды серпілтіп жіберді. Мұның соңы қаржылық, ақпараттық мүмкіндіктері бар бүкіл оппозицияның басын қосқан  “Әділетті Қазақстанды” дүниеге алып келді. Бұрынғы бас прокурор, парламент спикері, “Нұр Отанның” партиялық тізімінде бірінші орында тұрған     Жармахан Тұяқбайдың; Елбасы 28 жасында министр  етіп тағайындаған, тәуелсіздіктен бері бүкіл идеологияға жауап берген С.Әбділдин, Ә.Қажыгелдинмен болған саяси күресте шебер ойыншы ретінде көзге түскен А.Сәрсенбаевтің қарсы жаққа шығып кетуі билікке едәуір қауіп төндірді.

BC6B207C-031A-4A76-9EF8-8735A5A63623_cx1_cy3_cw100_w1080_h608_s.jpg

     А.Сәрсенбаев, О.Жандосов, Б.Әбілов үштігі жастықтарына қарамастан қаржылық, ақпараттық мүмкіндіктеріне сүйене отырып біраз елді артына ертті. Оппозицияның басын біріктірді. Өркениетті, демократиялық жолмен билікке келуге дәмелі болды. Әсіресе 2005 жылғы сайлауда “Бай елде кедей болудың сыры” деп сайлау алды акциясын Семейден бастауы биліктің жанды жеріне тиді. Бірақ билік те оңай шағылатын жаңғақ емес екен. “Жас түріктерді” ішінен ірітті. Бұрынғы комсомолдар мен кәрі гвардияны іске қосып қазба байлықтың қызығын көріп қомданған олигархтарды жұмылдыра отырып орнын сақтап қалды. Кейінгі жағдайлар Ж.Тұяқбай мен Б.Әбіловтің нақты миссиясы “не болды екен?” деген сұрақты тарих қойнауына қалдырып кетті.

   Елбасы жасаған экономикалық реформалардың нәтижесі қазба байлықтың әлемдік нарықта шарықтап өсуіне қабаттасып келді. А.Сәрсенбаевтің жұмбақ өлімі Ғ.Жақияновтың саяси аренадан шеттеуі оппозицияның күшін әлсіретіп тастады. Қырғыздағы үздіксіз қайталанған бұлғақ, Грузия мен Украинадағы түрлі түсті төңкерістің соңы аталмыш елдердің территориялық тұтастығына қауіп төндіруі біраз адамды ойландырса керек. Талай адамға тіс тырнағын батырған Рахат Алиевтің қуғынға түсіп, жұмбақ жағдайда өзіне қол салуы, біраз мүдделі топтар арасында қайшылықты бәсеңдетті.

  “Әділетті Қазақстан” тарады. “Жас түріктердің” арыны қайтты. Әлемді құрсаулаған қаржылық дағдарыс басталды. Қырым оқиғасы батыс пен Ресейдің арасын суытты. Осы кезеңде мерзімінен бұрын өткен сайлаулар Елбасы командасына көп салмақ түсірген жоқ. Сценарий бойынша рет ретімен орындалды. Әл ауқаты жақсарған халық даму мен тұрақтылықтың қадірін місе тұтты.

   Елбасының саяси жүрістеріне ешкім жіп таға алмай келді. Логикалық және әлемдік саяси даму тұрғысынан қарасақ “жас түріктер” арқа тұтқан Ж.Тұяқбайдың “Әділетті Қазақстаны” билікке едәуір қатер төндірді. Бірақ осы сайлаудағы Ж.Тұяқбайдың рөлі мен мақсаты мүлде жұмбақ болып қалды. Егер оппозиция ұсынған ортақ кандидат басқа адам болғанда не болар еді. Н.Назарбаев әр сайлауда қарсыластарын қапы қалдырып кетіп жүр. Осы отыз жылда бірде бір сайлау күткен уақытта емес, мерзімінен бұрын өтіп келді.

9995039.jpg

   2019 жылы Наурыз айының 19 күні, сағат 19:00-де мәлімдемені ешкім күтпеді. Іле шала жалғасын тапқан президенттік сайлау барлық саяси күшті есеңгіретіп кеткендей болды. Балташ Тұрсынбаев бастаған қарт гвардияның “Қазақ құрылтайы” асығыстығы мен талғамсыздығы, берекесіздігі қабаттасып тарихта болмаған комедиялық қойылымға айналды. Көп жыл еріксізден шетелде жүріп, тамырынан айырып қалған Ә.Қажыгелдин Париж қаласында екі рет бас қосқанымен оппозицияның басын біріктіре алмады, қайта араларына жік түсті. Ә.Қажыгелдин премьер министр қызметінен кеткен кезде, сол кісінің баспасөз хатшысы ретінде бірге кетіп “Қазақстан халықтық” партиясын бірге құрысқан содан бері оппозицияның отымен кіріп, суымен шығып барлық саяси додаларда төбе көрсетіп келе жатқан Әміржан Қосанов сырт көз үшін билікпен ілік-шатысы бар саналатын “Жаңа Қазақстан” қозғалысын әлеуметтік желіде танымал етсе де, тіркеуден өткізе алмады. Сонымен ойламаған жерден әрбір саяси науқанда белсенділігі артатын Дос Көшім мырзаның “ұлт тағдыры” қозғалысы атынан түсіп жұртты таңдандырды. Былтыр ғана уағында есептеме бермеді деп салық комитеті жағынан шу болған қозғалыс тіркеуден сүрінбей өтіп, таңданыс пен күдіктің бояуын қоюлатып жіберді. Айтар жоқ Ә.Қосанов барын салды. Әсіресе әлеуметтік желінің мол мүмкіндігін барынша пайдаланды. Қысқа мерзімде қол жинап үлгерді. Таңқаларлығы 1997 жылдан бері талай тар жол, тайғақ кешуде қол ұстасып келе жатқан саптастары Қажыгелдин мен Бапидің әріптесін қолдамай, сайлауға бойкот жайлауы болды. Қосанов мырза сайлау алды сұхбатында өзі ашына мойындағанындай оппозицияның басын біріктіре алмады. Әкежан мырзаның өзіне  20 неше жыл ерген жолдасын бар жоғы 2 ай қолдауға жарамағаны қиын болды. Қаржылық топтарда қолдап кетпеді. Алтынбектің жоқтығы, Жақияновтың саясаттан шеттетілуі анық байқалды. Есесіне, сайлау алдында "Шындықтан қаша алмайсың" ұраны мен "Оян, Қазақстан" қозғалысы білімді жастардың саясатқа тың көзқараспен келе бастағанын аңғартты. 

74579794d208988265f16a101859a701.jpg

   Емен есіктің ар жағындағы құпия кездесулердің нәтижесі ме, әлде 3 қалада сайлауға қарсы наразы топтың көшеге шығуы ма? Әу баста 3 орынға қанағат тұтады деген Ә.Қосанов 16% дауыс жинап, оппозиция тарихында рекорд жасады. Бірақ жақтастарын бастап көшеге шықпай, жеңген кандидатты тым ерте жеңісімен құттықтап қойып, сайлаушылардың ашу-ызасын тудырды. Бір сәтте қарғыс пен боқтықтың астында қалды. Сайлаушының деңгейі белгілі болды. Білімді жастар әлеуметті желі арқылы заңды талаптарын қойып, өздері куә болған заң бұзушылықтарды әшкерелесе, енді бір топ жастар қарсылығын айтып көшеге шықты. Алаңға шыққандардың арасына кіріп әлеуметтік тәртіпті бүлдіруге ұмтылғандарды болды. Уақыттың тығыздығы, Ақ орда идеологтарының шеберлігі қашқын банкирдің “қырғыз арманын” іске асырмай тастады. Ақша мен арманның ара жігін ажырата алмай қалған жастар қосақ арасында кетті.

   “Ақ жолдың” соншама төрағасы тұрғанда ойламаған жерден, жол ортадан келіп аламанға түскен әйел кандидаттың 3-ші орынды қанағат тұтуы болашақ ауа-райды болжап көргісі келген тағы бір мүдделі топтың жоспарын бұзып жіберген сияқты. Сонымен сайлау өтті. Даңғаза өршіп барып басылды. Әлеуметтік желі ерікті ауызға бөрікті бас сиятынның кебін киіп қоқыр қоқсыққа толып кетті. Еш принципсіз жала жауу, масқаралау, қарғап сілеу халқымыздың сайлау мәдениетін қанша меңгергенін, арсыз саясаткерлермен, екі беткей, барлық құндылықты ақшаға алып келіп тірейтін қалам ұстағандар мен блогерлердің қаншалықты көп екенін көрсетті. 

   Осы сайлауда көп адам Елбасының билікте ұзақ отырғанын көлденең тартып, мәселенің бәрін жүйеге әкеліп тіреді. Мәселе жүйеде тұр ма? Советтік шекпеннен шыққан Украина мен Қырғызстанда қаншама президент ауысты. Халықтың жағдайы жақсарып кетті ме? Грузияда бірнеше президент ауысты, демократия орнатты, жемқорлықты жойды деген Саашкавилинің өзін істі қылып, елден аластады. Моңғолияда бірнеше президент ауысты, соншама қазба байлығын игере алмай, жемқорлықты тие алмады. Әр президент тақтан түскен соң балашаға, байлығымен шетелге жол тартқан. Кезінде көркейіп, гүлденіп тұрған Оңтүстік Африканы 27 жыл түрмеде отырған Мандела сайлау арқылы билікке келген соң, елді қылмыс пен коррупцияның батпағына батырып, тоз тозын шығарды.

   Мәселенің мәні тереңде жатқан сияқты. Басқаны зор тұтып, өзімізді қор санағанымыз емес, әліде халықтың заңдық танымын, мәдениет өресін, ақ пен қараны парықтайтын санасын жоғарлату керек сияқты. Арзан айғайға емес, мәселенің мәніне үңілетін сана сезім қалыптаспаған халықты кез келген тіл мен жаққа сүйенген, жалған уәдеге жомарт саяси алаяқ пен санасы халифат дәуірінде қалып қойған діндәр теріс жолға бастап кетуі мүмкін.

  Сонымен Қазақ елінің саяси өмірінің жаңа дәуірі басталды. Ататүрік, Ли Куанг Ю, Дэнг Сяо Пинг, Сухарто, Махаттир сынды тегеурінді саясат серкелерінің қатарын толықтырған ұлт көшбасшысы өз еркімен бірінші шептен шегінді. Өз заманының бекзаттық тәрбиесін көрген ішкі-сыртқы саясатта ысылған, кландық топқа шатылмаған, ақырын жүріп анық басқан ғұлама саясаткер ел тізгінін қолына алды. Алдағы бес жыл еліміз үшін үлкен жол айрық болғалы тұр. Әлем тыныш емес, әлемге ықпалын жүргізіп отырған үш елге де жеке амбициясы үстем, популизмді бәрінен жоғары қоятын үш басшы келіп қырғи-қабақ соғыстың жаңа кезеңін көрігін қыздырып тұр. Орта шығыстағы өшпеген өрттің түтінінің иісі Ауғанстанды басып өтіп, орта Азияға келіп тұр. Аюдың ара тұра ашуы, айдаһардың мысық табандап жылжуы, батыстың өз мүддесімен көмкерілген құндылықтары ешкімді кең көсілтіп, бейғам жатқызбас. Ел іші саяси элитасының тепе-теңдігін сақтау да оңай емес. Кезінде Алтынбек марқұм шегелеп айтқа: “үш таған (отбасы, айналасы, олигархтар)”әлі тұғырынан түскен жоқ.

  Бес жыл саяси реформа тереңдеп, нарықтың көкжиегі ашылып, «үш таған» тізгінделетін жыл болады ма, әлде кландық мүдде қақтығыстар ұлттық мүддені қайырып тастап, өз позициясын сақтап қалу үшін сырттан жау шақыра ма? Қауіпсіздік кеңес пен Ақорда топтық мүдде мен ұлттық мүддені айыра біліп, тентектерін тежеп өркениетті қоғамның жаңа көкжиегін ашса, Алланың бізге оң көзбен қарағаны.

   Өтпелі кезең бес жыл да көзді ашып жұмғанша өте шығар. Одан кейін саяси сахнада басты ойыншылар кімдер? Тумысынан сырбаз, жоқшылық көрмеген, атақпен ауырмаған Қасым-Жомарт Тоқаев өтпелі кезеңде миссиясын аяқтаған соң, одан әрі билік құлағына жабыспауы мүмкін. Қалған ауыр салмақтағы саясаткерлерді саралап көрейік.

press_sluzhba.jpg

   Әуелі, Дариға Назарбаева. Үкіметте де, парламентте де тәжірибеден өтті. Кезінде медиа империясы болған, партия да құрған, сенаттан Ақордаға аттай салуға конституцияда мүмкіндік беріп тұр. Минус жағы орта техникумнан жоғары білімі бар Қазақстан халқы қандай қисынға салса да, мирасқорлықты қабылдай қояр ма екен?

eeb54d62447b297278e0237f3e4ff30d_XL.jpg

   Екінші Әділбек Жақсыбеков соңғы отыз жылда президент аппаратынын басшысы, президенттен кейінгі бей ресми екінші тұлға ретінде есте қалды. АПны бірнеше кезек басқарған Ә.Жақсыбеков үндемей жүріп, өз ықпал көлемін қалыптастырды, қазіргі мәжіліс төрағасы, премьер министр осы кісінің ізімен еріп шыққан. Қаржылық мүмкіндігі ешкімнен сорлы емес, өзі болмаса да сайлауға бір сақасын сайлап жүрген шығар.

ed4e149e9171303066d3cdb3b04.jpg

    Үшінші Т.Құлыбаев. Күйеу бала, миллиардер ретінде еш дауға іліккен жоқ, кеуде керіп алдыға шықпайды. Қаржысы асып төгіледі. Медиасы бар. Қазақстан буржуазиясын бір шаңырақ астына ұйыстырған “Атамекен” кәсіпкерлер одағын кез келген уақытта партияға айналдыру мүмкіндігіне ие.

6-5-2.jpg

  Төртінші Ғалымжан Жақиянов. “Жас түріктердің” ішінен әуелде Елбасының көзіне түсіп, ең жас әкім атанды, екі облысты басқарды, шенеуніктердің ішінен алғашқы болып табыс декларациясын жариялады. ҚДТны құрып, Қазақстанда өзгеше ойлайтындардың басын қосып, еркін сайлау, демократиялық құндылықтардың қалыптасуына ықпал етті. Сол үшін сотталып, қуғынға түсті. Қаржысы бар, медиасы болмаса да іскерлігі, батылдығы, тарғалаң тағдыры сайлаушының есінде. Көмбеге қарай бет түзесе сәтін күткен қолдаушысы мен тілектестері дүр ете түсер.

910693_1480303236.png

   Бесінші Иманғали Тасмағанбетов. Елбасының өнімі. Биліктің барлық өткелінен өтті. Амбициясы жоғары, қазақ тілді элита мен ортаның лидері, 2005-жылғы сайлауда Елбасының көңілінен шығып, қаржы орталығы Алматыны үш жыл басқарғанда, қаржылық жағдайын түзеп алды. “Наурыз” банк, “Валюта транзит” банкі дағдарысында іске аспаған арманын осы кезде іске асырды. Күйеу баласы әуелі “Темір” банкіне қожалық етсе, соңынан “Тұран Әлем” мен “Казком” банкін басқаруға алды.

   Осы реткі сайлауды мәресіне жеткізген М.Әшімбаев, Д.Қалетаев, Е.Карин мен Елбасыға жақын жүріп алып қалаларды, билеуші партияны, министрлікті басқарған Б.Байбек пен Ә.Исекешовтар да дода басталғанда қай қырдан көрініп, қиқу салады, оны уақыт көрсетер, әйтеуір тыныш жатпас. “Жас түріктердің” өкілі, “Нұр отанның” мүшесі, оппозицияның лидері ретінде саясат сахнасын шулатқан Болат Әбілов бұл жолы бейтарап қалды. Тіркеуден өткен “Азат” партиясын ешкім еске алмады. Күздегі парламент сайлауына, әлде одан арғы додаларға дайындап отыр ма ол жағы жұмбақ болып қалды. Саясат иірімінің тереңдігін ойласақ бәрін де күтуге болады.      

    Қанымызда көшпелілердің билік институтының гені бар, әділдік пен теңдікке жүгінетін дәстүр бар, қой асығы деместен қолға жақса сақа тұтатын салты бар халық ретінде өскелең сайлау мәдениетін бойымызға сіңіріп, демократия баспалдақтарына біртіндеп көтерілеміз деп сенеміз.   

 

Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ        

 

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Берік УӘЛИ: Президент барлық жағынан, мейлінше ашық болды
    Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ: «Елінің тілін білмеген азамат мемлекетке қауіпті»