Шетелдегі қазақтарды қолдауға бағытталған меморандумға қол қойылды

Уақыты: 2019-05-16 Көрлімі: 423 Сипаттама

«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі А...

20190514163352.jpg

«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шетелдегі қазақтарды қолдауға бағытталған меморандумға қол қойды, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.

Атап айтқанда, меморандум күші этникалық қазақтарды және шетелде тұратын отандастарды мәдениет және спорт саласында қолдау мақсатында өзара ынтымақтастық пен әріптестік қатынасты нығайтуға бағытталып отыр. 

Келісім шеңберінде тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырмақ: 

- халықаралық, республикалық және өңірлік іс-шараларды (құрылтайлар, конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, брифингтер, кеңестер, «дөңгелек үстелдер» және т. б.) өткізуге жәрдемдесу;

 - шетелдік этникалық қазақтар үшін оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу мен шығаруды, оларды интернет-ресурстарда орналастыруды бірлесіп қамтамасыз ету;

 - Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы базасында шетелде тұратын отандастарымыз туралы кітаптардан тұратын «Отандастар» кітапханаcын құруды қолдау;

 - шетелде тұратын отандастарды мемлекеттік шығармашылық оқу орындарында және Олимпиадалық резерв мектептерінде оқыту үшін квоталар (гранттар) бөлу.

 «Барлығыңыз білетіндей, былтыр Дүниежүзілік құрылтайда Елбасы тиісті тапсырма беріп, «Отандастар» қоры құрылған болатын. Қор бүгінгі таңда қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Осындай меморандумдарға облыс әкімдіктерімен, министрліктермен де қол қойып жатырмыз. Қор жұртшылыққа ортақ. Сол себепті, шетелдегі қандастарды қолдауға бағытталған шаралар легі іске асырыла береді», - дейді «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев.

«Былтыр Қазақстанда «Қасиетті Қазақ елі» атты өнер фестивалі өткізілген еді. Биыл да ол шараны кең ауқымда ұйымдастыратын боламыз. Сонымен бірге, үстіміздегі жылы Түркістанда «Отандастар» форумын өткізуді ұсынып отырмыз. «Киелі Қазақстан», «Жастар слеті» қатарлы шаралар да бар. Шетелдегі қазақ әуендерінің концертін де ұйымдастырсақ дейміз. «Отандастар» атты кітапхана ашу көзделіп отыр. Осындай біршама іс-шаралар легін өткізуді қолға алып жатырмыз», - деді Нұртай Әбіқаев Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен меморандумға қол қою кезінде. 

Өз кезегінде Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгінгі меморандумның маңызы жоғары екенін атап өтті.

 «Елбасы тапсырмасына сәйкес, шетелдегі қандастарымызға, отандастарымызға жан-жақты көмек көрсету керек. Әрине, шеттегі қазақтар үшін еліміздегі әдебиет, тарихи мәліметтер қолжетімді болуы тиіс. Осы мақсатта біздің министрлік жыл сайын шетелде жүрген қандастарымыздың шығармаларын, кітаптарын Қазақстан қаржысы есебінен елге таратып отырмыз. Сол секілді шетелдегі қандастарымыз Қазақстандағы ірі фестивальдер мен конкурстарға қатыса алатындай жағдай жасап келеміз», - деді министр.

Фото: дереккөз

Jebeu.kz




Пікір жазу
  • Батыстың үлкен жоспары һәм "қазақ жанашыры" туралы...
    БІЗ ҚАСЫМ-ЖОМАРТҚА ХАТ ЖАЗҒАНБЫЗ