Дүйсенбек Закибек: Райымбектерді қуанышқа бөлеген ағайынға алғыс айтамын

Уақыты: 2019-05-24 Көрлімі: 639 Сипаттама

Алматының батысындағы Кемертоған ауылының солтүстік жағындағы Райымбек батыр көшесім...

1.jpg

Алматының батысындағы Кемертоған ауылының солтүстік жағындағы Райымбек батыр көшесімен оңға бұрылдық. Дүйсенбек Ерденбектің айтуынша олардың үйі Райымбек көшесінен бұрылғандағы екінші үй. Жаңа салынып, көшесі енді түсіп жатқан үйлердің қайсысы екінші үй екенін оңай таппадық. Бір үйдің жанында ойнап жүрген 4,5 баладан жөн сұрамаққа тоқтай бергенімізде сөзді бірінші бастаған 8,9 жастағы қараторы бала «Омарәлі ағасыз ба? Біздің үй осы» деп тақ ете қалды. Осы кезде біз де «Омарәлі ағаны балаларға дейін таниды, ақ jeep  болса интернет әлеміне танымал» деп қалжыңдадық. Біз Алматыдан да Райымбек батыр көшесінің бойындан жиналып шыққанбыз. Көше бойында күтіп тұрған «Азаттық» тілшісі Нұртай Лахан машинаға отырар кезде «әлгі кісі айтып интернетті шуылдатқан ақ jeep осы болды ғой» деп ақпан айындағы әлдекімдердің сәтсіз аяқталған ойынын еске салған еді.

Бақыттан жүзі бал-бұл жанған бала өзін Райымбек деп таныстырды. Жанындағы ойнап жүрген балаларға «үйдеріңе қайтыңдар. Көріп тұрсыңдар ғой, біздің үйге қонақ келді» деп бізді үйге бастады.

- Әкем Қытайдан келді. Шешем қатты қуанып әкемнің жанында жүр, қазір екеуі дүкенге кеткен. Олар келгенше сіздерге шай құя берейін, - деп құрақ ұшып жүр.

- Шай құймаяқ қой. Достарыңмен ойнай бере ғой. Әке-шешең келсін,- деп қуанышы қойынына сыймай жүрген Райымбекті біраз сөзге тарттық. Көп ұзамай біз күткен Райымбектің әкесі Дүйсенбек Закибекұлы да келді.

Қытайдағы қазақтар мәселесін үзбей жазып келе жатқан «Азаттық» тілшісі Нұртай Лахан «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлына Қытайдан жақын арада келген адам болса, соңғы кездегі жағдайды ұғысайын деп хабарласқаннан кейін Отанына, отбасына оралғанына үш-ақ күн болған Дүйсенбек Закибекұлының үйіне ертіп келген еді.

Дүйсенбек Закибекұлы 1969 жылы Іле қазақ облысының Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданында дүниеге келген. 2006 жылы отбасымен тарихи Отанына бір жола көшіп келіп, Шығыс Қазақстан облысы Ұлжар ауданында қоныстанған. 2008 жылы ҚР азаматтығын алған. 2017 жылдың наурызында Қытайға туысшылап барған Дүйсенбек Закибекұлы белгілі септерге байланысты ҚР азаматтығынан шығуға мәжбүр болады. Дөрбілжін аудандық полициясы ҚР паспортына жарамсыз ретінде танып, қиып тастайды. Содан бері ол жақта ешқандай құжатсыз қалып, елге келалмай қалған еді.

Осы жағдайларын, Қытайдағы бастан кешкендерін есіне алған Дүйсенбек Закибекұлы отбасына оралуына себепші болған кісілерге алғысын білдірді. Өзі жоқта отбасы Шығыс Қазақстаннан Алматыға көшіп келіп, осы үйді салғанын, өзінің де бұл үйді көргеніне үш-ақ күн болғанын айтты. Отағасы болмаса да қоныс аударып, осында даңғазадай үй салған, жан-жаққа арыз шағымын жазып, өзін отбасына қауыштырған ұлдары мен жұбайы Мәденгүл Домалайға ризашылығын білдірді. Кіші ұлы 9 жастағы Райымбек пен 4,5 жастағы немере қызы мәре-сәре болып жүр. Үйге қайта-қайта кіріп шығып, Дүйсенбек мырзаны айналсоқтай береді.

acc2d8af-21e9-44f6-9879-722a5697f4b2.jpg

-  Мен келгенде бәрінен де Райымбек қатты қуанды. «Бұл өңім бе, түсім бе, шынымен келдіңіз бе?» деп тұр. Көшенің бас-аяғындағы көршілердің бәріне шүйіншілеп, дүкенге дейін «әкем келді» деп айтып қайтты. Үш балам мен жұбайымның арызы бойынша Омарәлі ағалар бел шешіп кірісіп, Қытайдан қайта төлқұжат жасатып берді. 17 мамырда визамды ашқызып, 18 мамыр күні жолға шығып, Бақты шекарасы арқылы елге өтіп, үйіме 20 мамырда келдім. Омарәлі аға қазір өз ағамдай болып кетті. Қыста Үрімжіге барғанында телефон шалып шақырып, Қазақстанның Үрімжідегі консулдығына кіргізіп, жағдайымды сол кісілерге түсіндіріп жеткізді. Мұнда жұбайымды Қытай консулындағы Қытайдан келген қызмет тобына апарып кезіктіріпті. Осы жұмыстарының нәтижесіне қайтадан Қытай паспортын жасатып берді. Паспорт жасалғаннан кейін Омарәлі ағаға қайта хабарластым, ол кісі тағы Үрімжідегі консулдықтың адамдарына хабарласып жағдайымды айтты. Ол кісілер қабылдап визамды ашып берді, - деп «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбекұлына алғысын білдірді.


Күйеуінің сөзін толықтырып Мәденгүл Домалай да әңгімеге кірісіп,  қуанышын көппен бөліскенді жөн көрді. Ол да балаларының қуанып қалғанын айтып, ризашылығын білдірді.

-   2018 жылдың тамыз айында «Жебеу» қоғамдық бірлестігіне барып Дүйсенбектің жағдайын айттық. Жебеуліктер ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қытай консулдығына хат жазды. Қыркүйек айының ортасында Омарәлі аға Қытайға барып, Бейжіңдегі Қазақстанның елшілігіне ҚР Сыртқы істер министрлігіне жазған хатымызды апарып, Дүйсенбектің жағдайын түсіндірді. Одан келгеннен кейін Қытай консулындағы қызмет группасына ертіп апарып, арызымызды жазғызды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматыға келіп арыз қабылдағанда шақырып, оларға да арыз бергізді. Күйеуім айтып өткендей биыл қаңтар айында Омарәлі аға Үрімжідегі Қазақстанның консулдығына кіргізіп таныстырды. Қытай консулдығына бірнеше рет ертіп апарып, арыз бергізді. Міне соңында күйеуім паспортын алып, визасын ашқызып, ортамызға оралып отыр. Төрт көзіміз түкел болып, мәре-сәре жүрген жайымыз бар.  Осы орайда екі елдің дипломатиялық саласындағы жүрген азаматтарға, «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің мүшелеріне, арызымызды Алматы мен Астанаға ғана емес, Үрімжі мен Бейжіңге дейін апарып, паспортты қайта жасатудан виза ашқызуға дейін көмектескен Омарәлі Әділбекұлына тағы да рақметімізді айтамыз,- деді.

Осы кезде «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүйсенбек Закибекұлының елге қайта оралуы оңайға түспегенін айтты.

- Өткен жылы тамыз айында Қытайға қандасар мәселесі бойынша арнайы делегация бастап баратын кезімде, Мәденгүл Домалайқызы алғаш рет арызын алып келді. Сол күні Мәденгүл кешігіп келіп, 3 сағат күтіп отырдым. Арызын алып Бейжіңге дейін апардым. Осы сапарда Қазақстанның Қытайдағы елшісінің кеңесшісі Әбу-Тәліп Аймахановпен танысып қайқам. Мәденгүл мен баласы Ерденбектің атынан ҚР Сыртқы істер министріне хат жаздық. Қыркүйек айында тағы Бейжіңге барғанымда Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне барып, ҚР СІМ-ға жазған хатты апарып, Дүйсенбектің жағдайын жеткіздім. Әбу-Тәліп Аймаханов Үрімжідегі консулдықта істейтін Ұлықбек деген жігітке таныстырды. Осыдан кейін елшілік Дөрбілжін аудандық полициясына Дүйсенбектің паспортын қайтарып беруге сұрау салды. Олар қайтарып беретіндей танытты. ҚР Сыртқы істер министрілігінен Дүйсенбек Закибектің жағдайы бойынша Қытайға тарапымен сөйлесіп жатырмыз деген жауап келді. Кейін Аймаханов Астанаға ауысып қайтып  келді, осы арада бұл іс біраз созылып кетті. 2019 жылдың қаңтар айында Үрімжіге барған сапарымда Дүйсенбекті Үрімжіге шақырдым. Аймаханов таныстырған Ұлықбек деген жігітке хабарласып Қазақстанның консулдығына кіргіздім. Бізді онда консулдық басқарманың бастығының орынбасары Бекзат деген жігіт қабылдады. Ол жерде Дүйсенбекке екі хат жазып бердім, бірі ҚР СІМ-ға, бірін Бейжіңдені елшілікке жаздық. Консулдықтағы жігіттерге Дүйсенбектің ҚР азаматы екенін, жеке куәлігі Ұлжарда әлі базада тұрғанын айтып, Қазақстанға шығып кетуіне болатын құжат жасап берулерін айтты. Үрімжідегі Консулдық Дөрбілжін аудандық полицияға хабарласқаннан кейін Дүйсенбекке қайта Қытайдың паспортын жасап беретін болды. Бірақ бұған да біраз уақыт кетті. Ұзаққа созыла берген соң Қытайдың Алматыдағы консулдығында арыз қабылдап жатқан қызмет группасына Мәденгүлді қайта кіргіздім. Қызмет группасының бастығы Ербақыт деген жігіт Дүйсенбектің жағдайын түсініп, паспортының тезірек бітуіне қузау салатынын айтты. Осыдан кейін паспорты шықты. Ербақыт бастаған қызмет группасындағы 4 адам былтыр күзден бері Қытайдың Алматыдағы консулға келіп, еш демалыссыз  қандастардың арыз шағымын қабылдап жатыр. Осы орайда көптеген бөлініп қалған отбасылардың қайта басқосуына, зейнетақысы тоқтап қалған зейнеткерлердің қайта зейнетақысын алуына өзіндік үлестерін қосқан бұл кісілерге де рақметімізді айтамыз,- деп Үрімжідегі консулдыққа да қайта хабарласып, визасын ашқызып бергенін айтты.

3.JPG

Бір отбасындағы әке мен баланың, ер мен әйелдің қайта қауышқан қуаныштарын көргеннен кейін қалған қазақтардың да жағдайын сұрадық. Дүйсенбек Закибекұлы ол жақта қазір жағдайдың реттеліп қалғанын, тарлық көрген ағайынның Атамекенге ат басын бұруға асығып отырғанын жеткізді.

-   Қазір ол жақта жағдай жақсарып қалды. «Саяси үйрену» орталығындағыларды шығарып, Қазақстанға келем дегендердің көбінің паспорттарын беріп жатыр. Біздің Дөрбілжін ауданы Октябрь ауылыннан Қазақстаннан барып, келе алмай жүрген 6 адам бар едік, қазір бесеуіміз келдік. Біреуі ғана қалды. Виза ашқызуға Үрімжіге барғанда көрдім. Үрімжідегі консулдықтың алдында күніне 300 адам бар. Консулдықтағы кісілер солардың бәрінің визаларын ашып беріп жатыр. Олар жан-жақтан келген кісілер. Текес, Нылқы, Күнес аудандарынан келушілер көп. Ол кіслердің айтуына қарағанда ол жақтан былтыр күзден бері жағдай дұрыстала бастапты. Біз жақта «саяси үйреу» орталықтарындағы адамдарды босатқанына 1,2 ай болса, ол жақта былтыр күзден бастап босатыпты. Алтай жақта әлі біраз қиындау екен, ол жақтан Үрімжіге келіп виза алып жатқандар біраз аздау,- деп ватцап желісінде Үрімжідегі консулдың алдындағы жағдай деп тарап жүрген видеодағы иін тірескен адамдарды растап, көштің жаңа бір толқыны басталу алдында екенін жеткізді.

Саяси үйрену орталығының да жағдайын сұрадық. Өзі ол жерге болмағандықтан көзбен көрмесе де құлақпен естіген мәліметтерімен бөліскенді жөн көрді.

-   «Саяи үйрену» орталығының нақты жағдайын онда барып көрмеген соң айталмаймын. Елден естуімше онда қазір қазақтар негізінен қалмаған. Мен тұрған Дөрбілжін ауданы Үшқарасу ауылынан ауыл имамдары, дін мектебін оқынғандар болып 20 шақты адамды апарған, қазір бәрі босап шықты. Онда негезінен ұйғырлар мен дүңгендер көп. Олар да қазір аздап шығып жатыр. Бірақ қазақтар сияқты бәрі шыға қойған жоқ, - деді.

Өзі өткен күні Бақты шекарасынан 15 адам өткендерін, қазір көптеген отбасылардың қауышып жатқанын айтып, тағы да осындай үлкен қуаныш сыйлағандарға алғысын айтты.

-  Ол жақта жүргенде екі жыл далада жүргендей сезіндім. Бұл жалғанда бәрінен де отбасыңнан тірідей ажырағаннан өткен қорлық жоқ екен. Өстіп жүргенде отбасыма жетпей өліп қалам ба деп қорықтым. Қазақ елінің басшылары мен дипломаттары және «Жебеу» сияқты қоғамдық ұйымдардың араласуымен мен сияқты талай қазақ қайта отбасымен қауышып, Райымбек сияқты талай бала қуанышқа бөленуде. Талай Райымбектерді ата-анасымен  қайта қауыштырыған, қуанышына ортақтас болған барша ағайынға алғысым шексіз,- деп қазақтың иесі, сұраушысы болған соң осы күнге жетіп отырмыз дегенді айтып тоқтады.

Дүйсенбек Закибектің үйінен шығарда естелік ретінде суретке түскенді жөн көрдік. Райымбекпен де түсікіміз келді. Бірақ, ол өз көшелеріндегі көршілерінен шүйінші сұрап болып, енді басқа көшеге түскен түскен сияқты. Әкесі мен шешсінің «Райымбек, Райымбек» деп айғайлап шақырғанын естімеді. Үш жылдан бері талай Райымбектердің жылағанын, әке-шешесін іздегенін көрдік. Енді Райымбектер сурет пен видеоға түсуге де уақыт таппай, ата-аналары келгеніне шүйіншілеп, қуаныштары қойына сыймай жүрген сияқты. Ұзағынан болсын дейміз, енді Райымбектеріміз жыламасын.

aa3a2009-bf5f-4adb-831f-67a992cf6ae9.jpg

 

Тұрдыбек Құрметхан

Jebeu.kz

 


Пікір жазу
  • Азаматтық ала алмай жүрген қандасымыз «Жолда қабылдау» акциясынан көмек алды
    СІМ: 2018 жылы Қытайдан келген 14 мың қазақ Қазақстан азаматтығын алды