Киіз үй зілзала аймағына жетті

Уақыты: 2023-02-13 Көрлімі: 787 Сипаттама

Қазақтың киіз үйлері Түркияға жетті. Алғашқы 30 үй тігіліп, баспанасыз қал­ғандар орнал...


Қазақтың киіз үйлері Түркияға жетті. Алғашқы 30 үй тігіліп, баспанасыз қал­ғандар орналасып жатыр. Кеше кеш­құрым тағы 84 үй Кахраманмараш өңіріне жет­кізілді. Онда ел белсенділері ошақ орнатып, қазанда ас қайнатып, түрік ағайын­дарға қамқор болмақ. Ал қазақ құт­қарушылары қазір Газиантеп қала­сындағы үш нысанда тәулік бойы іздес­тіру-құтқару жұмысын жалғастырып жатыр.

Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахра­ман­мараш қаласы – зілзаланың эпид­орта­лығы, жермен жексен болған өңірдің бірі. Түрік ағайындарға жалау болып, елден жылу жи­на­­ған журналист Нұрбек Бекбау қазір Ках­ра­манмарашта киіз үйлердің алғашқы легін жеткізіп, игі істің бел ортасында жүр. Қазақ үйлерін өзімен барған 12 адам құрып, тігеді. Белсендінің айтуынша, киіз үйлер қаладағы парк, орманға орнатылып жатыр. Бұл жер этнокентке айналмақ.

«Бұл қалашықты зілзаладан жүрегі шайлығып, қорқып қалған тұрғындарды тынықтырып, рухани серпін беру мақсатында пайдаланамыз», деп жатыр түрік билігі. «Киіз үйлер шатырларға қарағанда жылы әрі жайлы. Біз өзіміз тіккен бойда эксперимент жасап, осында түнедік. 30 киіз үй тігілді. Бұл – қарағандылық ағайынның боз үйлері. Ошақтарымыз келіп үлгермеді, сол себепті суықтау болды. Кахраманмараш қаласы тауда орналасқан, сондықтан күн салқындап, түнде 17-20 градусқа дейін төмендеді. Ал бұл далада қалған адам үшін тіпті ауыр. Біз мейлінше барлық киіз үйлерді тез арада құрып, адамдарды орналастыруға тырысып жатырмыз. 8 және 12 қанат бір киіз үйге 20 шақты адам сыяды», деді Нұрбек Бекбау.

Ал құтқарушылар Түркияға табан тіреген күннен бастап 7 адамды құтқарды. Қайтыс болған 67 адамның, оның ішінде 6 баланың денесін үйінді астынан шығарды. Қазіргі уақытта Газиантеп қаласында бірінші эшелонмен барған құтқарушылар тәулік бойы екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. ТЖМ тартқан ресми мәлімет бойынша құтқарушылардың бірінші тобы толығымен қираған тоғыз қабат­ты ғимаратты нысанаға алған. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылып, 8 қаза тапқан адамның денесі шығарылған. Құтқарушылардың екінші тобы алтықабатты ғимаратта жұмыс жүргізіп жатыр. Ғимарат ішінара қираған, алайда оған төтеп кіру мүмкін емес, оның толық қирау қаупі бар. Сондықтан мамандар ғимараттың 2-қабатына дейін инже­нерлік техникамен демонтаж жүргізген. Үйін­ділердің арасынан қайтыс болған 19 адам­ның денесі табылған. Үшінші топ та алты қабат­ты ғимаратта жұмыс жасап жатыр. Үй то­лы­ғымен қираған, одан қайтыс болған 18 адамның денесі шығарылған. Сонымен қатар екінші эшелонмен барған ел құтқарушылары Нурдагы қаласындағы толығымен қираған ғимаратта адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудиобайланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Олар жедел әрі стратегиялық іс-қимылдарының нәтижесінде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш адамды құтқарып алған. Сондай-ақ қайтыс болған 4 адамның денесі шығарылған.

Өкінішке қарай, үйінді арасынан Қазақстан азаматтарының денесі де табылды. Сыртқы істер министрлігі 10 ақпанда Түр­кия­ның оң­түс­тік-шығысындағы Кахра­ман­мараш қала­сында құтқару-іздестіру жұмыстары бары­сында Қазақстан азаматы Жанар Жақсыбекованың де­несі табылғанын хабарлады. Оны Алматыдан келген туыстары таныған.

«Қазақстан дипломаттары қаза тапқан отан­да­сымыздың денесін Кахраманмараштан Анта­лияға және одан әрі Алматыға жеткізуге, сон­­дай-ақ қажетті құжаттарды ресімдеуге ба­­рынша жәрдем көрсетті. Кеше мәйіт Талдықорған қа­ла­сына жеткізілді. Тасымалдау шығындарының барлығын мемлекет өз мой­нына алды. Сонымен қатар Pegasus түрік авиа­компаниясымен қаза тапқан Қазақстан аза­ма­тының бірге келген туыс­тарына 90 пайыздық жеңілдік беру туралы уағдаластыққа қол жет­кізілді», делінген СІМ хабарламасында.

Сонымен қатар зілзала кезінде белгілі спорт­шы, таэквондодан 6 дан қара белбеу иегері Мұстафа Өзтүріктің туыстары қайтыс болды. Туыстары апат болған кезде олармен байланысқа шыға алмай, Нұрай мен Бушра Қазаққа іздеу салып, жан-жаққа хабарласқан.Әлеуметтік желіде тараған ақпарат­тарға сүйенсек, құтқарушылар Хатай провин­ция­сындағы Дефне ауданында қираған үйдің үйіндісінен этностық қазақтар Нұрай мен Бушра Қазақтың мәйітін тапқан. Марқұмдар Мұстафа Өзтүріктің туыстары екені белгілі болды. 57 жастағы Нұрай Қазақ – Мұстафа Өзтүріктің туған ағасы Рустам Өзтүріктің қызы. Ұзақ уақыт бойы Иорданияда тұрған ол Хатайға көшіп барған. Қызы Бушра 31 жаста болған. Табиғи апаттан ажал құшқан анасы мен қызын туыстары Ыстанбұл қаласында жерлейтіндерін айтты.

Гүлнар ЖОЛЖАН

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Фото: дереккөз

Пікір жазу
  • Қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы Түркияның Газиантеп қаласына жетті
    Қазақстан Түркияға 55 тонна гуманитарлық көмек жібереді – ҚР Үкіметі

    Ұқсас тақырыптар