1. Жаның нені қалайды? Шын ойланып көрдің бе? Ең маңызды әрі ең күрделісі осы. Бұл туралы көп нәрсе айтуға болар еді. Тоқетерін ғана айтайық – шын ләззат алатын іспен ғана шұғылдан. Сонда бақытың шынайы болмақ. Интернет дамығалы бәрі оңтайланды емес пе? Жасаған әр ісіңді елге айтуға мүмкіндік еселенді. Сенің шабытпен істеген әр затыңа баға беруші табылады. Жанып түсетін ісің болса, бұл сенің өзгеге ұнауыңның кілті болмақ. Өз жолыңды табуың – бұл марафон, ол жылдар бойы жалғаса беруі ықтимал.
2. Жейтін, ішетін, шегетін қоқыстан өз еркіңмен арыл. Ешқандай құпия жоқ. Тек есі дұрыс тамақ ішуге көш. Жеміс-жидек, көкөніс, су. Еттен бас тартып, мүлде көк шөпке ауып кетпе. Шекте. Қантты, ұнды, кофені, ішімдікті. Сосын барлық пластмасс тамақтан бас тарт. Болды.
3. Шет тілін үйрену қажет. Әлемді тануда керемет көкжиектерді ашады. Оқу, жетілу үшін, жұмыста жетістікке жетуде армандамаған белестерге шығарады. Орыстілді интернет қолданушылар ары кетсе 60 миллион. Ағылшынтілділер – миллиард. Прогресстің кіндігі қазір шекараның арғы бетінде. Тілдік шектің де ар жағында. Ағылшын тілін білу – зиялы қауымның мақтанышы емес, күнделікті қажеттілік.
4. Кітап оқы. Өзіңнің кәсібіңе байланысты қызықтыратын әдебиетті меңгер. Оған қоса тарих, көркем әдебиет, психология, жаратылыстану, өмірбаяндық хикаяларды көп оқы. Оқуға уақыт жоқ десең аудиосын тыңда. Аптасына бір кітап. Сонда жылына 50 кітап. Соның бәрі өмірді өзгертуге кірпіш болып қаланады.
5. Демалыс күндеріңді мағыналы етіп өткіз. Мұражайға, көрмеге бар. Спортпен шұғылдан. Қаланың сыртына шық. Парашютпен секір. Туыстарыңа қыдыр. Тым болмағанда тәуір фильм көр. Әлеммен қатынас шегін кеңейт. Бәрін көріп, барлық жерге барып келген соң достарыңмен кездесіп, көрген-білгеніңді ортаға сал. Бар гәп - бір орында отырмау. Көргеніңнің бәрін жүректен өткізсең, әрбір беймағлұм құбылыс пен беймәлім ұғымдарды түсіне бастайсың.
6. Күнделік жаз. Немесе қазір блог жазу сән. Сенде жаз. Не туралы екені маңызды емес. Он оқырманың болса да, көсіліп жазу қолыңнан келмесе де, жаза бер. Саған керегі өз парақшаңда ойыңды білдіру. Ойлай білетініңді көрсетесің. Өзің жақсы көретін нәрсе туралы үнемі жазатын болсаң, тұрақты оқырманың пайда болады.
7. Мақсат қой. Қағазға жаз. Болмаса күнделікке. Блогқа. Нақты, анық, түсінікті, өлшеулі болсын. Мақсат тапсаң, оған жету-жетпеу мүмкін бе дегенді білесің. Мақсатың болмаса, онда жетістік те келмейді.
8. Пернетақтада көзді жұмып басуды үйрен. ХХІ ғасырда мұны білмеу ұят енді. Уақыт – адам қолындағы ең ұлы қазына. Тез ойлағандай тез тере білуді игеруің керек. Керек әріп қайда дегенді ойлама. Не жазатыныңды ойла.
9. Уақытты ауыздықта. Жұмысыңды сенсіз жасалатындай ұйымдастыра біл. Ең алдымен Алленді оқы. Глеб Архангельскийді. Шешімді жылдам қабылда. Тез әрекет қыл. Ештеңені ертеңге қалдырма. Істің бәрін тындыр. Немесе өзгеге жүкте. Ешқашан доп сен жақта ұзақ қалмауын қадағала. Әлі күнге дейін бітпеген, мазаңды алып тұрған ұзақ мерзімді істің бәрін қағазға тіз. Шынымен маңызы бар-жоғын бағамда. Қалған істі тез бітір. Керек емесін өшір. Жеңілдік жаныңа жай таптырады.
10. Компьютерлік ойыннан бас тарт. Сол сияқты әлеуметтік желіде, мақсатсыз бір нәрсемен шұғылдануды доғар. Интернетті кезе берме. Керек жерде ғана бол. Поштаңды ғана тексер. Немесе телефоныңа хат келді дейтін хабарламаны орнатып ал. Уақытыңды қадірле.
11. Жаңалық оқуды қысқарт. Мәнді нәрсені айналаңның бәрі айтып жеткізеді. Басқасы сен үшін маңызды еместігін тез түсінесің.
12. Ерте тұрып дағдылан. Таңғы уақытта адам көп нәрсеге үлгереді. Кешке таман шаршайды. Егер ерте тұрып Алматыдан таңғы 06-00 шықсаң 12-00 Балқашта боласың. Оданда ерте баруға болады. Дүкен аралау көп уақытты жейді. Адамға күніне 7 сағат ұйқы жеткілікті. Жақсы тамақтану мен дене жаттығуы қалыпты болса, адам тез тынығады.
13. Жаныңда ашық, тәрбиелі, ақылды, жетістікке жеткен адамдар көп болсын. Біз деген ол біздің айналамыз. Айналамыздан бәрін үйренеміз. Өзің сыйлайтын адамдармен көп уақыт өткіз. Олардан аларыңды алып қал. Мұндай адамдар қатарына басшылық жатса, нұр үстіне нұр. Керітартпа, шаршаңқы, тозып жүрген адамдармен байланысты азайт. Жақсы болу үшін адам жоғары қарай білуі керек. Өзің деңгейіне жеткің келетін адамдармен жақын аралас.
14. Әр сәтті, әр адамды жаңа нәрсе білу үшін пайдалан. Кез келген саланың майын ішкен майталманмен жолығудың сәті түссе, оның жұмысының мәні неде, оның мақсаты не, қандай жетелеуіш ойға басымдық беретінін білуге тырыс. Дұрыс сұрақ қоюды үйрен. Тіпті таксиші де бағалы ақпарат айтуы мүмкін.
15. Саяхатта. Ақшам жоқ деп себеп іздеме. Демалыстың қызығы оның сапасына байланысты емес. Арзан жерлерге барып та көп қызыққа батуға болады. Саяхаттың бір жақсысы ойлау көкжиегін кеңейтеді. Әлемнің қандай кең екенін көріп, есіңнен танасың. Бір үйден кіріп, бір үйден шығып, ештеңенің қадіріне жете алмағаныңды түсінесің. Әлдеқайда сабырлы, көреген, төзімді бола бастайсың.
16. Фотоаппарат сатып ал. Өмірдің қызықты, сұлу сәттерін түсіруді әдет қыл. Түсіріп үйренгенде саяхаттарыңнан керемет естеліктер әкелесің. Сурет салуға да болады. Ән салуға. Билеуге. Ермексазбен мүсін жасауға. Жобалаумен шұғылдануға. Өмірге өзгеше қарауға үйрететін нәрсемен айналыс.
17. Спортпен шұғылдан. Кілең спортсмендер, бұлшықеті білеудей еркектер мен жасы келген апалар жүретін фитнес клубқа бармаса да болады. Йога, тауға шығу, велосипед, турник, футбол, жүгіру, жүзу сияқты қарапайым нәрселер бар. Адамның ең жақын достары осылар. Өз тәніңе лайықты құрмет көрсетуді ұмытпа. Лифт дегенді ұмыт. Тек жаяу жүр. Он қабатты үйге жаяу мініп, түскен адам күні бойы сергек жүреді. Өзіңді өзгертуге құлшынсаң, осыдан баста.
18. Өзгеше нәрселерді жаса. Ешқашан барып көрмеген жерге бар. Жұмысқа басқа жолмен шық. Өзің түк түсінбеген нәрсенің байыбына жетуге барыңды сал. «Жайлылық шегінен» шық. Өмірге деген көзқарасыңды өзгерт. Үйдегі жиһаздың орнын алмастыр. Жылына бір рет істесе қатып кетеді. Сыртқы әлпетіңді өзгерт. Шашыңды қи, қысқа киіп көр. Әлде керісінше. Өзгер.
19. Салым сал. Есі дұрыс адам айына табысының бір бөлігін салымға жұмсайды. Бай адам деген табысы көп адам емес. Үнемшіл адам. Салымы көп адам десекте болады. Қаржылық мақсат қойып, оған қол жеткізсең, ақшаны есептеуді үйренесің. Үнемдеу оңай екенін білесің.
20. Ескі-құсқыдан тез құтыл. Бір жылдан бері кимеген ескі киімдерді лақтыр. Біреуге бер. Шынымен ұнайтын, киетін киімдерді ғана қалдыр. Жаңа зат алғанда, ескісін тастап отыр. Затың аз болған сайын шаң да аз, бас та ауырмайды.
21. Алғаныңнан берерің басым болсын. Білгеніңмен, тәжірибеңмен, ойларыңмен бөліс. Тек ала бермей, бөлісе жүретін адам өзіне тек жақсылық тартып тұрады. Өзің де әлі күнге дейін білмеген бір нәрсе үйренгің келетін шығар?!
22. Өмірді қалай көрсең, сол күйі қабылда. Өзгені мінеуден тыйыл, не нәрсеге де нейтралды қара. Қолыңнан келіп жатса, позитивті бағала.
23. Өткен шақта болған дүниенің бәрін ұмыт. Сенің келешегіңе оның еш қатысы жоқ. Өткен шақтан тәжірибе, білім, сабақ қана алып кете аласың. Жақсы қарым-қатынас пен жағымды естеліктер ғана қалсын.
24. Қорықпа. Адам алмайтын асу жоқ. Күдіктің бәрі санада ғана бар. Сарбаз болу шарт емес. Тек мақсатты көрсең болғаны. Кедергінің бәрін аттап, айналып өтесің. Қайтсең де дегеніңе жететініңе сен. Жеңілуім мүмкін деген күмән мүлде болмасын.
25. Соңғы сөз бірінші сөзде айтылған. Ұнатқаныңды ғана жаса. Оқы. Оқыт. Дамы. Іштей өс, өзгер.
Бұл тізімді үзбей жалғастыра беруге болады. Осында тізілгеннің
бір-екеуін таңдап алып, соны жүзеге асырсаң, соның өзі жетістік. Сонда
айнаға қарауға ұялмайтын күйге жетесің. Өзіңді біле түсесің. Ал, әлем
саған тамсана қарайтын болады. Сен сияқты болуға тырысады.
Аударған Шынар Әбілдә