Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Ректоры аппараты басшысының орынбасары, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор, ең бастысы әйгілі «Дос-Мұқасан» тобының белді мүшесі Ұлықпан Сыдықов ағамызбен сұхбаттасып, ой-бөлісудің сәті түсті.
Табиғат пен ғылым егіз ұғым
– Ұлықпан Есілханұлы, сізбен сұхбаттың әлқиссасын қазақ ғылымының дамуынан бастағанды жөн санап отырмыз. Өйткені сіз саналы ғұмырыңызды шәкірт тәрбиелеуге, ғылымды дамытуға арнаған жансыз ғой. Қазақ ғылымының шыққан биігі мен бағындырған асуы жайында не айта аласыз?
– «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, ғылымға қатысты да осы әңгімені айтуға болады. Иә, қоғамдық өмірімізде қазақтың ғылымға қыры жоқ деген әңгімені естіп қалып жатамыз. Өз басым бұл пікірмен келіспеймін. Ғылым мен білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен адам ретінде өз ойымды айтсам, дүниежүзіндегі 3 мыңнан астам этностың ішінде ойы зерек, ілім-білімге жаны құмар қазақтай халық кемде-кем.
Өйткені көшпенді ата-бабаларымыздың тұрмысы, салт-дәстүрі, мәдениеті тікелей табиғатпен байланысты болған. Ал қай халық табиғатпен үйлесімді жағдайда өмір сүрсе, сол ұлт ғылымға басқаларға қарағанда бір табан жақын тұрады.
Қазақ халқы табиғатпен етене өмір сүргендіктен жаңалыққа құмарлығы, ізденгіштігі, логикалық ойлауы, ой таразылауы жағынан ешқандай ұлтқа дес бермейтініне сенімдімін.
Аспандағы жұлдыздар арқылы ауа-райын болжауы, жыл мезгіліне сай көшіп қонуы нәтижесінде табиғатпен етене өмір сүрді. Ал сол табиғатта заңдылық үлкен мәнге ие. Біздің ата-бабаларымыз ерте бастан табиғаттың заңдылығының құпиясын түсініп, білуге ұмтылды. Осылайша қазақтың тегінде ғылымға деген құштарлық бағзы замандардан бастап қалыптасты деп нық сеніммен айта аламын.
Ғылымның басты қызметі зерттеу нысаны ретінде алынған саланың тұрақты заңдылыққа негізделген объективті құпиясын ашу болып табылады. Сондықтан табиғаттың тылсым құпиясын ашуға ерте бастан ұмтылған қазақ халқының ғылымға қатысты ой-пайымы табиғи түрде қалыптасып, танып, білсем деген құмарлық ерте бастан сүйегімізге сіңді.
Айталық, Асан Қайғының сонау көне замандарда айтқан ой-түйіндері бүгінде біреудің жылдар бойы зерттейтін диссертациялық жұмыстарының негізіне айналып отырғанын өздерің де білесіңдер.
Сондықтан қазақтардың (қазіргі заманда айтып жүргендей) зияткер ұлт болуға ұмтылуы біздің табиғатпен етене, үйлесімді жағдайда өмір сүруімізге тікелей байланысты деп есептеймін.
– Қазақ халқының ілім мен білімге құмарлығы табиғи түрде жан-жақты дамығанын тамаша айттыңыз. Ал тұтастай ұлттың ғылымға шындап ден қою, оны зерттеу объектісіне айналдыруы қай уақытта басталды?
– Меніңше, қазақтың ғылымды кәсіби түрде зерттей бастауын Абай және Шоқанмен байланыстырып айтқан жөн.
Осы екі тұлғаның еңбектеріне назар аударған адам – олардың табиғаттың тылсым құпиясын танып білуге қатты құмартқанын анық байқаймыз. Осылайша Абай мен Шоқанның еңбектері кең сахараға жарық шашып, талай қазақтың баласын ілім, білімді игеруге ықпал етті.
Бұдан кейін Алаш ардақтыларының жаратылыстану салаларын кәсіби тұрғыдан зерттеп, әрқайсысы әр сала бойынша оқу құралдарын жазып, қазақты зияткер ұлтқа айналдыруға күш салғанын бәріміз білеміз. Бірақ сол кездегі озбыр саясат Алаш ардақтыларының арман-мақсатын толықтай іске асыруына мүмкіндік бермеді.
Ал бертіндегі Кеңес заманында қазақтар өзінің басқа халықтармен салыстырғанда ғылымға бір табан жақын тұрғанын нақты іс-әрекетпен дәлелдеп берді.
Бір әттеген-айы, біздер осы кезеңде бодандықта болып, сол дәуірдің тілімен айтсақ, колониялық режимде өмір сүрдік.
Ал колониялық режимде өмір сүрген елдің басты ерекшелігі экономикалық инфрақұрылымы шикізат өндірісіне негізделді.
Соның кесірінен елімізде өңдеуші өнеркәсіп, машинақұрастыру ісі мүлде дамымады.
Айталық, Кеңес заманында бір миронос қойының жүнін 14-15 сомға Балтық жағалауы елдеріне өткізетінбіз. Арада бір жыл өткеннен кейін әлгі жүніңіз әдемі костюм-шалбар болып қазіргі Қонаев пен Шевченко көшесінің қиылысындағы дүкенде 170 сомға сатылатын.
Бізде моноқұрылымдық экономика қалыптаспағандықтан Кеңес заманында құлдық психология мен бодандықтың шылауында өмір сүруге мәжбүр болдық.
Шикізат өндіруші ел болдық
– Ұлықпан аға, айып етпеңіз сөзіңізді бөлейін. Жалпы Кеңес дәуірінде халықтың көптеген тұрмыстық мәселелері оң шешімін тапқандықтан көпшілік қауым – өздерінің сіз айтқандай колониялық режимде өмір сүріп жатқанын сезінбеді.
Ал сіз жалпы жағдайды сараптап, ой таразысына салатын зиялы адам ретінде құлдық психология мен бодандықтың езгісінде болғандарыңызды сезіндіңіз бе?
– Сезіндім. Қазақстанның Кеңестер Одағы үшін негізгі шикізат өндіруші емес, өңдеуші өнеркәсібі дамыған елге айналуы керек екенін әрбір лекциямда жастарға айтып, құлағына құюмен болдым.
Рас, айту бір басқа, ал бұл бағыттағы ойыңды жүзеге асыру мүлде басқа дүние. Менің негізгі мамандығым электронды-есептеу техникасы. Сол кезде Қырғызстанның Политехникалық институтымен байланыс орнатып, жұмыс істедік. Кейіннен Қырғызстанның президенті болған Асқар Ақаев сол уақытта институттың электронды-есептеу кафедрасының жетекшісі-тұғын. Осылайша айырқалпақты ағайындармен бірлесіп, электронды-есептеу машиналарының өзегі болып саналатын микросхемаларды жинайтын платаларды құрастыруды қолға алып, электроника саласын дамытуға алғашқы қадам жасаған едік.
Қырғыздармен әріптестік қарым-қатынас орнатудың өзіндік жөні болды. Біздің Алматыда ылғал мөлшері жоғары болғандықтан өте сезімтал электронды платалар жасау қиын еді. Тек қана арнайы жабдықталған ғимараттарда жасауға болатын-ды.
Ондай ғимараттар салып, оған қажетті күтім жасауға үлкен шығын кететін болған соң, ойымызды ауа-райы қолайлы Ыстықкөл жағалауында жүзеге асырғанды жөн санадық.
Бұл бағытта біраз жұмыстар атқарылғанмен кейіннен Кеңес өкіметі құлап, экономикалық қиыншылықтардың салдарынан ісіміз аяқсыз қалды.
Кеңес заманында Павлодарда трактор құрастыратын зауыт пен алюминий зауыты жұмыс істеді. Осы екі зауытқа барып жұмысымен танысқанымда трактор құрастырып жатырмыз дегеніміз жай әңгіме екеніне көзім жетті. Тракторға қажетті мың сан бөлшектер Одақтас республикаларда жиналып, трактор құрастырдық. Мұны енді машина жасау деп айтуға келе ме? Әрине келмейді.
Сол сияқты аты дардай Павлодар алюминий зауыты Арқалықтың боксит деген ақ топыраған қазып алып, шаймалап ішкі Ресейге жіберіп жатты. Алюминий зауытының директорының өзі сол кезде алюминийдің не екенін дұрыстап білмеуші еді. Павлодардың алюминий зауыты кейіннен еліміз Тәуелсіздіке ие болған соң, атына заты сай алюминий құймаларын шығара бастады ғой.
Міне, осындай жайттарды көріп, білгеннен кейін үнсіз қала алмадық, Жиналыстарда Мәскеудің Қазақстанға қатысты экономикалық саясатын өзгерту керек екенін айтумен болдық.
Жалпы Кеңес заманында көптеген азаматтар Қазақстанның өнеркәсібі өркендеген экономикалық тұрғыдан тәуелсіз мемлекетке айналуын жан-тәнімен қалап, бұл бағытта бар күш-жігерін жұмсап еңбек еткенін білемін.
Енді ғылымға қатысты әңгімені түйіндесем. Жалпы алғанда Кеңес заманында Қазақстанда кибернетика, генетика және саясаттану ғылымдары тиісті деңгейде дамыды. Ал қалған жаратылыс және техникалық бағыттағы ғылымдар кенже қалды.
Жоғарыда атап көрсеткен ғылымның үш бағыты неге дамымады деген заңды сұрақ туындайды. Айтайын. Сол кездегі әкімшіл-әміршіл жүйе қазақтардың генетика саласымен тереңдеп айналысуына мүмкіндік берген жоқ. Мәскеу қазақтардың генетика саласында зерттеулер жүргізіп, тегін танығанын қаламады.
Сол сияқты саясаттану ғылымын да тежеп, елімізде еркін ойлы саясаттанушылардың қалыптасуына мүмкіндік берген жоқ. Осыны ерте бастан сезіп, мен 1989 жылдың аяғынан бастап Қазақстанда бірінші болып өзіміздің ұлттық ерекшілігімізге сай саясаттану ғылымын зерттей бастадым. Соңғы уақыттағы саясаттану ғылымының беталысына көңілім толмайды.
2011 жыл қолға алынған реформа ғылымның көсегесін көгертіп жіберді деп айта алмаймын. Барша халықты таңдай қақтырған, елімізге орасан зор игілік әкелген қандай да бір ғылыми жаңалық туралы ешкім естіген де, көрген де емес.
Меніңше, ғылым халық пен мемлекетке қандай да бір материалдық игілік әкелген кезде ғана көпшілік ғылымға сенім артады. Өкінішке орай, дәл қазір ондай шоқтығы биік дүниелерді көріп отырған жоқпын. Сондықтан ғылым кереметтей дамып кетті деп айта алмаймын. Бізде ғылым өндірістік деңгейде коммерцияланбай жатыр. Өз кезегінде бұл да халықтың сеніміне селкеу түсіріп отыр.
Жастар Жұмаділдаев пен Бжезинскийден үлгі алуы керек
– Нарықтық қиыншылықтар ғылымға оңай тимегенін өзіңіз де білесіз. Дәл осы өлара кезеңде көптеген ғалымдар бизнеске, ұсақ саудаға кетті. Бірлі-жарымы шетелге кеткенін білеміз.
Бір қызығы – қазір де өз бағасын білетін ғалымдар шетке кетіп жатыр. Кейде шетел асқан ғалымдарды көпшілік қауым түсінбей жатады. Бұл дұрыс па?
– Иә, қазір бұрынғыдай ғылымнан базарға кетіп жатқан жұрт жоқ. Қайта ғылымға келіп жатқан адамдар бар. Осы бір үрдістен Қазақстанда ғылым әлі күнге дейін қалыптасу кезеңін бастан өткеріп жатқанын аңғаруға болады.
Енді шетелге кетіп жатқан ғалымдар жайында айтсам. Өз басым бұл мәселеден қандайда бір трагедия жасауға қарсымын. Бүгінде біздер ғаламдасу дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды ұмытпаумыз керек. Ғалымдардың дүниежүзінің түкпір-түкпірінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуы трендке айналды.
Керек десеңіз, ғылым саласы жоғары деңгейде дамыған АҚШ-тың ғалымдары өзге елдерге барып, ғылыммен айналысады. Американдықтар бұған қарап елдің ғылыми-техникалық дамуы төмендеп кетті немесе ғалымдарымыз патриот емес деп әңгіме айтып жатқан жоқ қой.
Осы ретте айтпасқа болмайтын бір мәселе бар. Шетелге кеткен әрбір ғалым өзінің ғылыми жаңалығы туған еліне, ұлтына пайдасын тигізуін ешқашан естен шығармауы керек.
Бұл ретте шетелде жүрген, кеткелі жатқан ғалымдар Асқар Жұмаділдаевтан үлгі-өнеге алуға болады. Қазіргі таңда Асқар ағаларың шетелден алған ғылыми тәжірибесін елге әкеліп, шәкірт тәрбиелеп жүргенін өздерің де білесіңдер.
Әлмеге танымал Збигнев Бжезинский АҚШ-та үлкен табысқа жеткеннен кейін тарихи отаны Польшаның коммунистік қоғамнан іргесін аулақ салуына бар күш-жігерін жұмсады. Соның арқасында қазір Польша демократиясы өркендеген Шығыс Еуропадағы іргелі елдің біріне айналып отыр. Шетте жүрген кез келген адамның жүрегі қашанда ел деп соғуы маңызды. Өз елінің жақсы ісіне тілеулес бола алмаған адам, өзге елді ұшпаққа шығара алмасы анық.
Айтпақшы, Тәуелсіздік жылдары қазақ ғалымдарының қатары сырттан келген әріптестерімен толыға түскенін де ұмытпаумыз керек.
Оралмандардың әлеуетін қашан пайдаланамыз?
– Сырт елдерде ғылым саласында еңбек етіп, елге келген соң ғылыми жұмыстарын жалғастырған қандастарымыз жайында айтып отырсыз ба?
– Иә. Сырттан келген ғалымдарымыз қазақ ғылымының аяққа тұруына көп ықпал етті. Өз басым мұны үлкен тарихи кезең деп бағалаймын.
Айталық, тоқсаныншы жылдары тарихшы, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлы Моңғолия Үкіметі төрағасының орынбасары сынды үлкен мансабын тастап, елге келіп, Тарих және этнология институында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеуін үлкен ерлікке бағалауға болады. Бұл – үлкен азаматтық қой.
Сол сияқты белгілі этнограф Жағда Бабалықұлының мол мұрасы бізге қаншама күш-қуат берді десеңізші. Осыдан біршама уақыт бұрын шәкіртім, танымал ақын Қасымхан Бегманов Жағда Бабалықұлының 100 жылдық мерейтойына орай мол мұрасын жинақтап, көптомдық кітап шығарды. Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін бір кісідей білетін адам ретін айтсам, Жағда Бабалықұлындай кемеңгер этнографты көрген де, естіген де емеспін. Мұндай адамдар мың жылда бір-ақ рет туатыны анық. Бұдан басқа қазіргі таңда жаратылыстану саласында шеттен келген қазақ ғалымдары жемісті еңбек етіп жатыр.
Дүниежүзінде тарыдай шашылған қазақтар өзінің қажырлы еңбегімен өз ісінің білікті маманы екенін нақты іспен дәлелдеп берді. Елге келген қандастарымыздың арасында түрлі саланың мамандары бар.
Олардың арасында мемлекеттік қызметте зор табысқа жеткен азаматтар да болды. Бірақ соларды ел басқару ісіне тартып, әлеуетін пайдаланбай жүргенімізді түсінбеймін.
Ғылым мен әдебиет саласында еңбек еткен азаматтар ғана елге келген соң, өзінің төл кәсібін жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Ал қаржы, экономика, мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинаған қандастарымыз сауда-саттықтың айналасында әлі жүр. Біздер сырттағы қазақты елге көшіріп әкелгенде тек қана санымызды көбейтуді ғана ойламадық қой?!
– Ұлықпан аға, өте өзекті мәселені қозғап отырсыз. Расымен де, қазір оралмандарды жергілікті өмірге бейімдеу, олардың әлеуетін пайдалану ісі ақсап тұр.
– Оралмандарды жергілікті жердің жағдайына бейімдеу, олардың мүмкіншілігін мемлекетіміздің мүддесіне пайдалану еліміздегі негізгі саясаттың біріне айналуы тиіс.
Қазіргі таңда мәселенің байыбына бара алмайтын, жайдақ ойлайтын кейбір жастар әлеуметтік желіде «оралмандар ел басына күн туғанда сыртқа қашып кетті» деп елді екіге жарып, әңгіме айтатынын байқап қалдым.
Егер елімізде оралмандарға қатысты қандай да бір айқын саясат болса, мұндай әңгіме айтылмас еді. Бүгінде біздер соның зардабын тартып отырмыз.
Қазір университетте сырттан келген көптеген жастарымыз білім алуда. Бәрі шетінен білімге құштар. Олардың бойынан ешқандай жаман әдетті байқаған емеспін.
Алмағайып заманда өзге елге кетуге мәжбүр болған қандастарымыз елге оралғалы бері тіліміз, мәдениетіміз қайта жаңғырды. Мұны көпшілігіміз қу тіршіліктің соңында жүріп байқамай келеміз. Болашақ ұрпақ келешекте Назарбаевтың бұл бастамасына өз бағасын беретініне сенімдімін.
Ұстаздарға мың алғыс
– Ұлықпан Есілханұлы, сіздер бір орысы жоқ ауылда ержетіп, ат жалын тартып міндіңіздер. Сіздің, өзіңіз айтып отырған Асқар Жұмаділдаев ағамыздың да өмірбаянын оқысақ, орысша білмейтін ауыл баласының орыс тілі үстемдік құрған Алматы, керек десеңіз Мәскеуге дейін барып аз ғана уақыттың ішінде тілді де меңгеріп, қатарларыңыздың алды болғандарыңызды білеміз. Сонда сіздер қуат-жігерді қайдан алдыңыздар?
– Рас айтасың, біздер ауылда тек қана қазақ тілінде білім алдық. Орыс тілін жетік білмедік. Ата-анамыз да бағыт-бағдар бере қоятындай білімдар адам болмады. Өз басым біздің буынды биікке көтерген еңбек деп ойлаймын. Жастайымыздан бел жазбай еңбек еттік. Еңбекке төселген адамның алмайтын қамалы жоқ.
Сонымен қатар кітап оқуға деген құмарлық орасан зор болды. Төртінші сыныптың өзінде Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романы сынды біраз шығармаларды оқып тастадым.
Ал қазір төртінші сыныпта оқитын баланың роман оқып отырғанын ешкім де көрген де, естіген де емес. 8 класқа аяқ басқанда оқыған кітабымның саны 720 жетті.
Сонымен қатар ата-әжелерімізге түрлі кітаптарды мәнерлеп оқып беру, болмаса, оқыған дүниемізді соңымыздан ерген іні-қарындастарымызға әңгімелеп беру біздің ілім мен білімге деген құштарлығымызды оята түсті.
Мектепті өте жақсы оқып, алтын медальмен бітірдім. Содан оқуға барайын десем, Алматыға жетіп жығылатын ақша жоқ. Уақыт болса өтіп барады. Оқудан үміті барлардың бәрі Алматыға кетіп қалған.
Сол кезде мектеп директорымыз мұғалімдерге жағдайымды айтқаннан кейін ұстаздарым өз араларынан 30 сом ақша жинапты, маған жандары ашып. Сол ақшаны мені шақырып берсе де болар еді.
Бірақ ұстаздарым жас баланың сағын сындырмайық деген ұйғарымға келіп, жиналған ақшаны оқу бөлімінің меңгерушісінен беріп жіберіпті. Күні бүгінге дейін қандайда бір жетістікке жетсем, соның бәрі ұстаздарымның тағылымы мен жанашырлығы, ата-анамның үмітінен бастау алды деп есептеймін.
– Ұстаздарыңыздың жол-пұлыңызға ақша жинап беруі нағыз ізгілікті іс екен. Қазір Қазақстаннан мұндай оқиғаны мүлде кездестіре алмайсыз ғой…
– Менің өмірімде жақсы ұстаздар кездесті. Ауылда оқып жүргенімде біздерге Өзмахан Өтелбаев деген физиканы жетік меңгерген мұғалім сабақ берді. Сол кісінің арқасында мен физикаға аңсарым ауды.
Есейгеннен кейін Өзмахан ағамыздың сол кезде қазіргі Қыздар мемлекеттік университетінде сабақ берген физика саласының танымал ғалымы екенін білдім. Үш әріптің кәріне ұшырап, қаладан қуылған ағамыз ауылға келіп шәкірт тәрбиелепті.
Бір қызығы сол кездері ауылдарда өзгеше ойлайтын азаматтар шәкірт тәрбиелеп, талай жастың шырағын жақты.
Кейде, біздер сондай диссидент ұстаздарымыздан қуат алған шығармыз деген ойға қаламын.
Оқуға түскен жылы сабақ оқып жатқанымызда ниституттағы Ирина есімді ұстазымыз бізден сол кезде ғылыми айналымға енді ғана енген үшінші ғарыштық жылдамдық жайында сұрады. Қалада мектеп бітіріп, алтын медаль алып келген балалардың ешқайсысы білмейтін болып шықты.
Содан кейін ұстазым Өзмахан айтқан үшінші ғарыштық жылдамдық жайында білгенімді айтып бергенімде Ирина апайым таңқалды.
«Мұны қайдан білесің?» деп сұрағанда ауылдағы физика пәнінің мұғалімі Өзмахан ағайымыз түсіндіріп бергенін айтып бердім.
Кейіннен қысқы каникулда ауылға барғанымда мектеп ұжымы мені шақырып алып, сол жерде Өзмахан ағаймызға үлгілі шәкірт тәрбиелеген үшін алғыс айтты. Сөйтсе, институттағы Ирина апаймыз бен кафедра меңгерушісі қарапайым ауыл баласына үшінші ғарыштық жылдамдық жайында ұғым-түсінікті санасына құйып берген Өзмахан ағаймызға арнайы хат жазып, алғыс айтыпты.
Міне, біздің кезімізде ұстаздар балаларға тәлім-тәрбие беруде осылайша бар күш-жігерін жұмсады. Бүгінде дәл Өзмахан ағамыздай ұстазды кезіктіре алмайсың…
Білім алу – «Дос-Мұқасанның» шығармашылығынан биік тұрды
– Ұлықпан аға, сізбен сұхбат құрғанда «Дос-Мұқасан» тобы жайында айтпай кетпеу мүмкін емес. Өз дәуірінде «Дос-Мұқасан» тобы үлкен құбылыс болды. 1973 жылы Берлинде өткен Дүниежүзілік студенттердің фестивалінде Алтын медалді алдыңыздар, кейін Қазақстанның Ленин комсомол сыйлығын ие болдыңыздар, Америка сапары… осының бәрі сіздерге қалай әсер етті? Қазір бір облыста тойдың арқасында танымал болған әншілер теңіздің суы сирағынан келмейтіндей күй кешеді… .
– «Біз ол кезде атақ-даңққа бой алдырмадық» десем қазіргі жастар күлуі мүмкін. Иә, «Дос-Мұқасан» Қазақстанды былай қойып, одақ көлемінде танымал топ болды.
Тұтас бір буынның өміріне әсер етті десек артық айтқандық болмас еді. Ол кезде он жерден атақты әнші, әртіс болсаң да миллиондаған ақша таппайтынсың. Мүмкін, біздің аптығымызды басуымызға соның да әсері болған шығар.
– Шыныңызды айтыңызшы, сол кездерде сіздер «Дос-Мұқасанның» шығармашылығын өздеріңіздің білім алуларыңыздан биік қойдыңыздар ма?
– Жоқ. Біз үшін білім алып, ғылымды меңгеру бірінші орында болды. «Дос-Мұқасанның» шығармашылығымен қолымыз бос кезде айналыстық.
Егер біздер өнерді бірінші орынға қойсақ, «Дос-Мұқасанның» құрамынан 7 ғылым кандидаты, 5 ғылым докторы, 4 академик шықпас еді. Кейіннен біздің жігіттер министр, әкім сынды жоғары лауазымды қызметтерді атқарып, үлкен табыстарға қол жеткізді.
Студент кезімізде Мейірбек екеуміз Лениндік степендияның иегері болдық. Егер біз күні бойы ән салып, қазіргі тілмен айтсақ «жұлдыз» ауыруына шалдыққан болсақ, мұндай биікке көтерілмес едік. Біздің жігіттердің ешқайсысы сабағына үлгере алмай қиналғанын көрген емеспін. Біз үшін басты орында білім болды.
Сол кезде біздің жігіттердің біразы қазақ тілін жетік білмейтін-ді. «Дос-Мұқасанның» құрамында өнер көрсетіп еліміздің түкпір-түкпірін аралай бастағанда жолдастарыма: «Жігіттер бәріміз бүкіл елді аралаймыз, көптеген адамдармен кездесеміз. Біздің қазақ тілін білмеуіміз ұят болады. Қазақ тілін үйренейік», – дегенде ешқайсысы бір қарсы сөз айтпастан ойымды құптап қазақша үйренді. Осылайша жігіттер кешке екі сағатын қазақ тілін үйренуге арнады. Міне, біздің жігіттер кішіпейіл, бетегеден биік, жусаннан аласа болды.
– Ұлықпан аға, әсерлі әңгімеңізге рахмет. Жетпістің мерейіне жеткен мерейтойыңыз құтты болсын! Жүз жасаңыз!
Сұхбаттасқандар
Нұрлан ЖҰМАХАН,
Думан БЫҚАЙ
Дереккөз: dalanews.kz