"Сөздік" жәйін сөз еткенде

admin2 2018-03-01 209 ℃ Қысқаша

Біздің ауылда ақиқат үшін, шындық үшін, әлеуметтік теңдік үшін шыр-пыр болып, қай жерде...

image.jpeg

       Біздің ауылда ақиқат үшін, шындық үшін, әлеуметтік теңдік үшін шыр-пыр болып, қай жерде кім жәбір-шапа шегіп жатса, соның қасынан табылатын Биқан есімді апа болып еді. Көп жылдың алдында марқұм болып кетті. Сол апамызға балалары "қойсаңшы апа енді, елден ұят ...." десе, "жоқ, бұл жолы ұрсыспасқа болмады" деп  жауап береді екен  марқұм. 

     Айтайын дегенім, өздеріңіз естіп-біліп жатқандай, өткен жылдың соңында, мен және жолдасым Айнұр Әбиденқызы екеуміз "Қытайша-қазақша үлкен сөздік" деп аталатын іргелі еңбекті жарыққа шығардық. Жақында Астана қаласындағы ЕҰУ-де салтанатты түрде тұсаукесері  де  өтті. 

     Сол сөздік шыққалы бері әлеуметтік желілерде, ө жер - бү жерде, әр түрлі ортада   арғы беттен келген біздің кейбір ағайындар: "Дүкен Мәсімханұлы Қытайда жарық көрген С.Найманның "Ханьзуша-қазақша сөздігін" (арғы беттегі ағайындар ол сөздікті "көк сөздік" деп те атайды) қотарып шығара салған...." деген секілді өсек-аяң таратып жүрген көрінеді. Шет жағасын осы ФБ-дан өзіміздің де көзіміз шалып қалды. Сонымен, еріксіз осы әлеуметтік желіні пайдаланып, сол өсек-аяңға түсініктеме беруге тура келіп отыр. Биқан апам айтқандай   "бұл жолы жазбасқа болмады". 

"КӨК СӨЗДІК",   ОЛ ҚАНДАЙ СӨЗДІК?

image.jpeg

Арғы беттегі ағайын арасында жаппай "көк сөздік" (мұқабасы көк түсті болғаны үшін) аталып кеткен  «HANZUXA-ҚAZAҚXA SӨZDIK» (қытайша-қазақша сөздік)  1979 жылы ҚХР Үрімші қаласындағы «Шынжаң халық баспасынан»  жарық көрген. Құрастырғандар – Ақан Бейқұтұлы, Қалиқан Қалиякпарұлы, С.Найман, Ақия Раданұлы, Рамазан Асылұлы қатарлы он шақты адам. Жұмыс тобын басқарған С.Найман деген кісі. Толық аты-жөні, қателеспесем   Найманғазы Сапанұлы болу керек. Сондықтан бұл «сөздікті»  кейде «С.Найманның сөздігі» деп те атайды. Бұл «көк сөздік» жоғарыда айтқанымыздай 1979 жылы жарық көргенімен, құрастыру жұмысы 1974 жылдың басында басталып, 1977 жылдың соңында аяқталған.  «Бұл сөздікке бөгде әріптер (иероглиф - Д.М.)  мен күрделі әріптерде қамтыған 7800-дей  әріп, 65 мың шамалы сөз, сөз тіркесі, нақышты сөз енгізілді» деп жазылған оның алғысөзінде. Аталған «Сөздік»  қос тілді, аудармалы-түсіндірмелі сөздік болып табылады. Негізгі тіл қытай тілі, қазақша аудармасы латын қарпімен,  қаріп түрі №12 әріппен теріліп, қос бағана (екі колонка) етіп берілген. Көлемі 101 баспа табақ.  «Сөздіктің» соңына «Ханьзу тілі  дыбыстық әріптерінің жобасы», «Еліміз тарихындағы патшалықтардың жаңа эралық салыстырмалы кестесі», «Еліміздегі аз ұлттар», «Еліміздің  өлкелері, автономиялы райондары, төте қарасты қалалары», «Шынжаң ұйғыр автономиялы районының ауданнан жоғары әкімшілік бөлінісі», «мемлекеттер мен райондардың жер көлемі, халқы, астанасы», «Өлшем бірліктері», «Химиялық элементтер кестесі» деген секілді біраз кестелер де  енгізілген.

 Бұл «көк сөздік», қытайдағы қазақтардың бірнеше  буынының қытай  тілін үйрену мен аударма істері садасында  үлкен көмекші құрал болып келгенін біз де  жоққа шығармаймыз.   

БІЗ  «ҚЫЗЫЛ СӨЗДІКТІ »  ҚАЛАЙ  ҚҰРАСТЫРДЫҚ?

  Отанға тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында (1993ж. ақпан) оралған күннен бастап Еліміздің ЖОО-да қытай тілі мен әдебиетінен дәріс беріп, қытай тілі және қытайтанушы мамандар дайындаумен, өзіміздің әдеби, ғылыми шығармашылығымызбен, көркем аудармамен  айналысып жүргенімізбен, бізде  «қытайша-қазақша сөздік» құрастырамыз деген ой-жоспар еш қашан болған емес. Бірақ ойда жоқта осындай жұмысқа  жегіліп  шыға  келдік. 

   2008 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне профессор Б.Ж.Әбдірайымов ректор болып келді. Ол кісі келгеннен кейін, көп өтпей  мені шақырып, «Қазақстан-ҚХР елдерінің барыс-келісі барған сайын  жиілеп, қарым-қатынасы күн санап нығайып келеді. Соның әсерінен Қазақстандағы еңбек нарығында қытай тіліне деген сұраныс та қауырт өсіп келеді. Сондықтан байқап отырмын, бізде біраз мамандар бар екен, соның басын қосып, қытайша-қазақша көлемді, жүйелі сөздік құрастырып шықсаңыздар....» деген ұсыныс айтты. Мен ол кісінің сөзін ұсыныс ретінде емес, басшының пәрмені ретінде қабылдадым да,  тездетіп Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істейтін, қытай тілінен сабақ беретін білікті оқытушыларды және Астана қаласында тұратын  қытай тілінің мамандарын жинап,  «қытайша-қазақша сөздік» құрастырушы арнайы топ құрдық. (Олардың бірлі-жарымы болмаса, көбісінің көзі тірі.) Одан кейін редколлегия жасақталды, Редколлегияның төрағасы Бақытжан Әбдірайымовтың  өзі болды. Құрастырушы-авторлар тобына мені жетекші етіп тағайындады. Осыдан кейін университет басшылығы: «енді тездетіп іске кірісе беріңіздер, қаржы мәселесін  шешеміз»,- деді. Біз, сөздік құрастыру тобындағы  он шақты азамат ақылдаса келіп, ҚХР Гуманитарлық ғылымдар академиясының тіл білімі институты құрастырған «Қазіргі қытай тілінің сөздігі» («现代汉语词典») атты түсіндірмелі сөздіктің 5-ші басылымын (2005ж.) басшылыққа алатын болып, алфавит бойынша сөздерді теңдей бөліп алып, жұмысқа кірісуге бел будық. Бірақ мен және жолдасым Айнұр Әбиденқызы екеуіміз өзімізге бөлінген міндетті  аяғына шығаруға бел буып, жұмысқа білек сыбана толықтай кірісіп  кеттік те, қалған азаматтар «бұл жұмыстың  қаржы мәселесінің шешім табуын күтеміз»,- деп дереу қимылдай қоймады. Олардың күмәні да негізсіз болмай шықты, Бақытжан Әбдірайымов  ҚХР-ның Қазақстандағы Елшілігіне хат жазды, Еуразия университеттің жанындағы Конфуций институтының мүмкіндіктерін қарастырды, сондай-ақ  еліміздегі біраз  Ұлттық компанияларға хат жазды. Бәрінен қайран болмады. Сонымен құрастырушы топ бұл жұмысты тастап, өз жөндерімен кетті де,  әрі қарай құрастыру жұмысын Айнұр екеуіміз жәйлап  жалғастыра бердік. 2011 жылы ЕҰУ-де қытай филологиясы  кафедрасы құрылды да, сол кафедраның атынан Білім және ғылым министрлігіне бір неше жыл қатарынан «ғылыми жоба» ретінде де ұсындық. Ондағы мақсатымыз  «екі адамның күшімен уақыт ұзап кетер, кафедра ұжымы болып  атқарайық» деген ой еді. Сонымен «жобамыз бекітіліп жатса, жұмыстың ауқымды бөлігін алуға  дайын тұрайық» деген ойменен, Айнұр екеуміз құрастыру жұмысын тағы да жеделдетіп қолға алдық. Бірақ, өкінішке орай министрліктен жобамыз жеткілікті балл  жинап тұрғанның өзінде  өтпей қалды. Сөйтіп жүргенде 2014 жылы менің  «Қытай туралы қырық сөз» атты еңбегімнің жарық көруіне байланысты көрнекті мемлекет қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаев мені қабылдады. Қазақстандағы қытайтану ғылымының  өзекті  мәселелері төңірегінде пікір алыстық. Сол жолы Қасым-Жомарт Кемелұлы менімен әңгіме барысында «тәуелсіздік алғанымызға, Қытаймен қарым-қатынас орнатқанымызға ширек ғасырға таяп қалды. Біздің қытай тілін үйренушілер мен аудармашылар, дипломаттар  әлі күнге дейін қытайша-орысша, орысша-қытайша сөздіктерге жүгініп жүр. Осы ақтаңдақтың орнын толтыратын  уақыт болған секілді, кафедраңызды ұйымдастырып, қытайша-қазақша көлемді бір сөздік дайындасаңыздар  өте игілікті жұмыс болар  еді»  деген ұсынысын айтты. Мен ол кісіге «бұл жұмысты 2008 жылдан бері қолға алып, жолдасым Айнұр Әбиденқызы  екеуіміз жасап жүрміз, қазір 60-70 пайызы дайын»  дедім. «мынауыңыз  керемет жаңалық екен. Енді тездетіп, құрастырып шығыңыздар. Дайын болған кезде маған келіңіз, шығарып беру жағын мен өзім мойныма аламын» деді ол кісі.  Сонымен енді Сенат төрағасы  уәде бергеннен кейін «ұрыста тұрыс жоқ» деп, Айнұр екеуіміз екі жақтап, білек сыбана кірісіп кеттік. Осылайша, 2017 жылдың басында «сөздіктің» соңғы нүктесі қойылды. Жыл соңында Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен, ҚР  Мәдениет және спорт министрлігі  Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің  тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011-2050 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында» Алматы қаласындағы  «Эксклюзив-КА» баспасынан жарық көрді. 

image.jpeg

«Сөздікті» баспаға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кеңесі  мен оқу-әдістемелік кеңесі ұсынды.  ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы,  ҚХР Шынжаң университетінің профессоры, қазақ тілінің маманы Яң Хуңцзянь, ҚХР Шынжаң университетінің профессоры, белгілі тілші-ғалым Әлімсейіт Әбілғазыұлы,   Абылай хан атындағы әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті Конфуций инсттитутының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, қытайтанушы-ғалым Толқын Қалибекұлы  қатарлы  ғалымдар  қолдап  пікір жазды.  

Біздің «қызыл сөздікке»  дәл қазіргі қытай тілінің қолданысында бар 70 мың  шамалы сөз және сөз тіркесі енгізілді. Негізі  біз 80 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесін әзірлеген болатынбыз,  үкіметтің берген, бекіткен  көлеміне (120 баспа табақ) оның төрттен бір бөлігі сыймай қалды. Сонымен дайын сөздерді барынша  енгізу  мақсатында  сөздік мәтіні екі бағанадан (колонка)  үш бағанаға ауыстырылды,  қаріп түрі   жоспардағы №11 қаріптен  №9 қаріпке ауыстырылды. 

Міне, біздің «қызыл сөздік» осылай өмірге келді.

 

ҚҰРАСТЫРУ БАРЫСЫНДА БІЗ  ҚАНДАЙ ЕҢБЕКТЕРДІ   ПАЙДАЛАНДЫҚ?

Біз өзіміздің  «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» жүйелі де кемелді, бір шама толық, барынша академиялық нұсқада болуын ойлап, дәл қазіргі уақыттағы, жаппай қолданыстағы  көптеген  сөздіктерді пайдаландық. Атап айтқанда   ҚХР Пекин қаласындағы «Сауда» баспасынан 2006  жылы жарық көрген «Қазіргі қытай тілінің сөздігі» (“现代汉语词典”), ҚХР  Шаңхай қаласындағы  «Қытай тілінің үлкен сөздігі»  баспасынан 2000 жылы  жарық көрген  «Қытай тілінің үлкен сөздігі»  (“汉语大词典”), ҚХР Шаңхай қаласындағы «Сөздік» баспасынан 1999 жылы жарық көрген  үш томдық «Сөз теңізі» (“辞海”) , ҚХР Пекин қаласындағы «Сауда» баспасынан 1998 жылы жарық көрген «Орысша-қытайша үлкен сөздік»(“大俄汉词典”), ҚХР Хэйлуңцзяң қаласындағы «Ғылым-техника» баспасынан 1993 жылы жарық көрген екі томдық «Қытайша орысша  ғылым-техникалық  сөздік» (“汉俄科技大词典”), ҚХР Пекин қаласындағы «Шет тілдерін оқыту мен зерттеу» баспасынан жарық көрген  «A Modern Chinese-English Dictionary» (“现代汉英词典” ), ҚХР Пекин қаласындағы «Сауда» баспасынан 2010  жылы жарық көрген «Қазіргі қытай тілінің сөздігі»,(“现代汉语词典”) ,  сондай-ақ  ҚХР Үрімші қаласындағы «Шынжаң халық баспасынан»  1987 жылы С.Найманның бас редакторлығымен жарық көрген  «Ханзуша-қазақша сөздік» (“汉哈词典”), ҚХР Пекин қаласындағы  «Ұлттар баспасынан» 1989 жылы марқұм Н.Әбікеннің бас редакторлығымен жарық көрген «Қазақша-ханзуша сөздік» (“哈汉词典”), ҚХР Үрімші қаласындағы «Шынжаң жастар-өрендер баспасынан»  2001 жылы Ә.Жаппар, Ә.Имин, А.Әбәйлардың бас редакторлығымен жарық көрген  екі томдық  «Хәнзучә-ұйғұрчә чоң  лұғәт» (“汉维大词典”), Алматы қаласындағы «Дәуір» баспасынан 2013 жылы  жарық көрген  «Қазақ сөздігі»,  Алматы қаласындағы «Дайк-Пресс» баспасынан 2008 жылы  жарық көрген  «Қазақша-орысша сөздік»  секілді сөздіктер кеңінен пайдаланылды. Осылардың ішінде біз негізгі басшылыққа алған түпнұсқалық, басты сөздік ҚХР Пекин қаласындағы «Сауда» баспасынан жарық көрген «Қазіргі қытай тілінің сөздігі» (“现代汉语词典”) болғанын бөле-жара атап айтқымыз келеді.  Өйткені  бұл сөздік о баста ҚХР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен елдегі  жетекші тілші-ғалымдар  құрастырған, ҚХР үкіметінің бекітуінен өткен, Аспан асты елінде  жаппай мойындалған, кең қолданыстағы,  әсбебап түсіндірме сөздік.  Сондай-ақ ол   сөздіктің  («Қазіргі қытай тілінің сөздігі» -“现代汉语词典”) басты ерекшелігі, қамтылған сөздік қоры біршама мол. Әсіресе онда, күнделікті жиі қолданылатын  сөздерден тыс, қолданыстан шыға қоймаған архаизмдер, лексиконда  орнығып бара жатқан диалектілер, ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері туындатқан жаңа сөздер  мен атау-терминдер де көптеп қамтылған.  Ал сөз болып отырған «Қазіргі қытай тілінің сөздігіне» (现代汉语词典) қамтылмай қалған сөздерді өзіміздің  «Қытайша-қазақша үлкен сөздікке» (қызыл сөздікке) («汉哈大词典») енгізуде  немесе  кейбір сөздердің  қазақша баламасын   табуда  жоғарыда  аталған  қос тілді сөздіктер немесе бір тілді түсіндірме  сөздіктер кеңінен пайдаланылды.   

 Ол туралы  біз «қызыл сөздіктің»  алғысөзінде  де бүкпесіз, тәптіштеп тұрып жаздық. 

      Сонымен бірге біз «қызыл сөздіктің»  соңына қосымша ретінде «қытай тарихындағы хандықтардың тарихи кестесі», «дүние жүзіндегі мемлекеттердің аты, астанасы, ұлттық валютасы»,  «химиялық элементтер кестесі», сондай-ақ қытай тіліндегі жер-су аттарын, адам аттарын қазақша транскрипциялауда қолдануға қолайлы болу үшін, біз «қытай тіліндегі буындардың транскрипциялық кестесін» де қоса бердік. Осындай-осындай ерекшеліктермен бұл сөздік қазіргі Қазақ еліндегі қытай тілін қолданушылардың сұранысына біршама толық жауап береді ғой деп ойлаймыз.

 «ҚЫЗЫЛ СӨЗДІК» «КӨК СӨЗДІКТІҢ» НЕГІЗІНДЕ ЖАСАЛДЫ МА?

Бұл сұраққа бірден «ЖОҚ!» деп кесіп  жауап бере аламын. Оған куәгерлерім де жеткілікті (ол туралы сәл соңыра). 

Біз о баста-ақ, «сөздік» шығарсақ  арғы бет, бергі беттегі кейбір ағайындардың көкейінде осы мәселенің құлағы қылтиып тұруы әбден мүмкін екендігін, біздің алдымыздан күндердің-күнінде осындай сұрақтың шығатындығын сезгеміз. Өйткені жерлестеріміздің сыры өзімізге  белгілі  ғой.  

   Әлде кімдер ойлағандай, біз біреудің еңбегін көзді жұмып тұрып,  түпқотарып иемденіп алатындай соншалық сауатсыз немесе соншалық «атақсырап» жүрген, немесе басқа жазарға түк таппай қалған адам емеспіз. Құдайға шүкір, өзімнің саналы түрде жасаған, соларды сәтімен аяқтап, халқыма беріп кетсем  деген жоспарым аз емес. Керісінше мен, шынымды айтасам, он жылдық бос уақытым мен қажыр-қайратымды осы «сөздікке» бергеніме кейде өкінемін. Неге? күш-қуатты құрттық, денсаулықты бердік....  Керек болса қазір он жылдың алдындағы иммунитеттің  өзі  жоқ.... 

   Жалпыға мәлім болғанындай, бір ұлттың тіліндегі сөздік қор, ол әсте  еш кімнің жеке меншігі емес. Қандай сипаттағы «Сөздіктер»  болмасын, оның құрастырушысы «автор» деп емес, «құрастырушы» немесе «құрастырушы-автор» болып есептелетіні сондықтан.        

   

   Сондықтан мен «көк сөздік» пен «қызыл сөздікті»  туралы көгереңдеп, қызыраңдап әр-түрлі  сөз таратып жүрген ағайындарға, сондай-ақ, қазақстандық  оқырмандарыма  мыналарды айтқым келеді: 

  Біріншіден, екі сөздіктің арасында жарты ғасырдай уақыт жатыр. Қытайдағы «көк сөздіктің» жарыққа шыққан кезі жоғарыда айттым 1970 жылдары,  ол кездегі тіршілік, ол кездегі ғылым-техниканың деңгейі, өмірдің, ой-сананың деңгейі әрине қазіргіден мүлдем басқаша екенін еш кім жоққа шығара алмаса керек. Яғни сол 1970 жылдардан бері қанша уақыт өтті, қанша су ақты дегендей, өмірдің, ғылым-бідімнің, адамзат ой-санасының қай саласын айтсаңызда төңкеріске пара-пар жаңалықтар болып жатыр. Мысалы, ақпараттық технологияны алыңыз, немесе медицина саласын алыңыз, немесе басқа да іргелі ғылымдардың түрлі саласын алыңыз, тіпті гуманитарлық ғылымдардың  әр саласында  пайда болған жаңа атау, жаңа терминдер қанша ма?! 1970 жылдарда  адамзат мүлдем ойлап көрмеген жаңалықтардың өмірге еніп, күнделікті тұрмысымызға еніп кеткеніне соңғы  жарты ғасырлық тарих куә. Қысқасы соңғы жарты ғасырдағы қоғамның, ғылым-білімнің дамуына, пайда болған мыңдаған жаңа сөздерге еш кім де көз жұма алмаса керек. Осы тұрғыдан келгенде біз мына  «қызыл сөздікте»   қазіргі ғылым техниканың дамуындағы, қазіргі өмірдегі жаңа сөздерді, жаңа аталымдарды барынша қамтуға тырыстық. 

Екіншіден, ол «көк сөздікте»  шамамен қытай тіліндегі 60 мыңнан астам  сөз және сөз тіркесі қамтылған болса,  біздің «қызыл сөздікке» сыймай қалған тағы 10 мыңнан астам сөздерді қоспағанның өзінде,   70 мыңға жуық сөз және сөз тіркесі енгізіліп отыр. 

Үшіншіден,  қытайда шыққан «көк сөздіктің» тілдік ерекшелігі жағынан да өзінің  бөлекше  бөгенайы бар екені белгілі. Яғни ондағы жалпы сөздердің аудармасында, атауларда  сол қытайдағы қазақтардың әдеби тіліндегі  ерекшелігі сақталған. Мысалы, 单元 –  деген сөз «корпус» деп аударылған.  Ол Қазақстанда «кіреберіс» немесе «подъез» делінеді. Ондай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Ал біз «қызыл сөздікте» қытай тіліндегі сөздердің аудармасын  тұтастай қазіргі Қазақстандағы қазақ әдеби тілінің нормаға түскен атауларын беруге тырыстық. Бұның өзі де біздің «сөздік» қазақ еліндегі оқырмандардың қолдануына қолайлылық туғызады  деген ойдамыз.       

      Төртіншіден, қытайда шыққан  «көк сөздіктің» бір артықшылығына келсек,  онда қытай иероглифтерін кілтпен іздеу кестесі берілген, ал біз  оны бере алмадық. Бере алмаған себебіміз, біріншіден, көлемі жағынан шектеліп қалдық, екіншіден, ол кесте верскадан кейін асықпай, ең кемі бір ай уақытта жасалатын дүние еді,  баспа әбден жұмысты аяқтаған кезде тым асықтырып жіберді, оны енгізіп отыруға мүлде  уақыт қалмай қалды.  Ол кемшілікті біз «сөздіктің» алдағы қайта басылымдары кезінде толықтайтын боламыз.  

Бесіншіден, "Көк сөздікті" "С.Наймандікі" деудің өзі дұрыс емес. Ол сол замандағы  10-шақты адамның 3-4 жылдық уақыттарын арнаған  ұжымдық еңбегі. С.Найман -  топ жетекшісі. 

Алтыншыдан, өркениетті елдерде қос тілді сөздіктердің, жарты ғасырды былай қойып, жылына 10-20 түрі шығып жатады. Әр кім ұнатқанын, қолайына жаққанын пайдаланады. Ал жарты ғасырдың алдында "қытайша-қазақша сөздікті" пәленше шығарып қойған, түгенше сол еңбекті пайдаланып кеткен..." деген секілді сандырақтар сыпайылап айтқанда надандықтың белгісі. 

Осындай көлемдегі ауқымды сөздік Қазақстан тарихында тұңғыш рет жарыққа шығып отыр. Соқпағы, үлгісі жоқ, алғашқы дүниенің қай кездеде қиын болатыны белгілі ғой... Біз де жоғарыда айтқанымдай,  басшылардың тапсыруымен іске кірісіп кеткенімізбен, қол салып істей келе, қиындығынан «жүрегіміз айнып» бірнеше рет шегініп кеткен кездеріміз де болды. Бір үміт байқала қалса қайтадан қолға алып жүрдік. Сөйтіп жүріп, қысқасы, он жылдай уақытымызды сарп етіп, аса көлемді, ауқымды сөздікті жарыққа шығардық. 

Ал жоғарыда айтқан «он жылдан бері осы сөздікті құрастырып жүргенімізді білетін куәгерлеріміз де жеткілікті» дегенге келсек, он жылдан бері әр кезде осы сөздіктің  әр түрлі жұмыстарына  қол ұшын берген, көмектескен  жолдас-жораларымыз,  әріптестеріміз  мен шәкірттеріміздің бәрі  «现代汉语词典» -ды басшылыққа алып жұмыс істегенімізді  өте жақсы біледі. 

Сөзімнің соңында айтарым, біз алдағы уақытта «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» жаңа латын әліпбиіне қотарып, сыймай қалған 10 мыңнан астам сөздерді қайта  енгізіп, әрі қарай да толықтап, жетілдіріп,  иероглифтерді кілттермен  іздеу  кестесін дайындап, қайта шығаруды жоспарлап отырмыз. 

       Ізгі ниетті тілеулес достар, Сіздерден өтініш, ел игіліне керек адал еңбекке тілеулес бола жүрерсіздер!!!!


Дүкен Мәсімханұлы

Jebeu.kz


Еліміздің Атымтай жомарты
Әйелдің қуатын еселейтін 70 тәсіл