Бұл – филология магистрі Айгүл Ахметқалиеваның сөзі. Әрине, оның ғана жеке пікірі емес, жалпы қоғамды толғандырған мәселе екені түсінікті. Қазаққа шын жаны ашитын әрбір азаматтың көкейінде жүруі тиіс-ақ. Ал бізге берген сұхбатында Айгүл латын әрпіне көшу арқылы еліміздің бизнес саласын мемлекеттік тілде ілгерілетуге болатындығын, тіпті, қазақ қоғамында немістер сияқты линго-экономика дәстүрін қалыптастыру керектігін баса айтты.
– Айгүл Сапарғалиқызы, сіз отандық кәсіпкерлермен қоян-қолтық жұмыс жасау арқылы ұлттық бизнестің қалыптасуына зор үлес қосуға тырысудасыз. Осы мақсаттың ендігі 5-10 жыл аясында орындалатынына да сенесіз. Сонда, ол үшін міндетті түрде латын әрпіне көшуіміз керек пе?
– Иә. Мысалы, бүгінде әлемдегі ең дамыған 21 елдің 18-і латын әрпін қолданады екен. Демек, болашағымызды стратегиялық тұрғыда ойлайтын Елбасының қазірден-ақ сол әріпке біртіндеп көше беру жөніндегі бастамасы – құптарлық. Бізде құлдық сана әбден қалыптасып қалғандықтан, психологиялық тұрғыда бірден өзгеріс жасау қиын, әрине. Сондықтан латын әрпіне көшеміз дегенде, көп адамдардың арасында біржақты жағымсыз ойдың қылаң бергені түсінікті. Сондай эмоцияларын әлеуметтік желілер арқылы әлі оңды-солды шашып жатыр. Өзіңіз де жақсы білесіз, біздің қазіргі қоғам «орыстілді» және «қазақтілді» деп екіге бөлінеді ғой. Бұл ретте, қазақтілді қауым латын әрпіне көшуді жақсы қабылдады және өзім араласатын кейбір орыстілді жұртшылық та бұл бастамаға қатысты жағымды пікірде болды. Сонда да менің лингвист, филолог ретіндегі мақсатым – мемлекеттік тілдің ішкі дүниесін халыққа дұрыс жеткізу. Өзім қазақ тілінің маманы болғаныммен, орыстілді аудиторияда жұмыс істеймін және дипломым сондай болды. Сондықтан осындай шешім қабылдап, сол жолмен жүруге тырыстым. Лингвисттердің пікірінше, біздің қоғамда бизнеске негізінен орыстілді аудитория жақын. Сол себепті, экономикалық дискурс қазақ тілінде қалыптаспаған. Барлық терминдеріміз – орысшадан тікелей аударма. Ал оның сапасы сын көтермейтіні белгілі. Жалпы, Қазақстанда экономикалық мәдениет әлі күнге дейін мемлекеттік тіл арқылы қалыптаса алмай отыр. Ал ағылшын тілі – о бастан бизнес тілі. Қазір ол ақша табудың қысқа да нұсқа жолына айналған. Ең бастысы, оның әрпі – латын. Тарихымызға ден қойсақ, қазақ ұлты да кезінде сол әріпте қара таныған. Алаш көсемдерінің латынша жазған көптеген еңбектері сақталды. Сол кісілердің кітаптарымен салыстырсаңыз, қазір өзіміз оқып жүрген ағылшын тілі ескі танысыңдай болып, санаға кирилл әрпінен біртабан жақындау қабылданады. Мен өзім бір жарым жыл аясында осы мәселені мейлінше зерттей бастадым. Содан көкейге бір түйгенім – қазақ тілі кәсіптік тіл болмайынша, бізде ұлттық бизнес қалыптаспайды!
– Сұхбатымызды оқыған кейбір білгіштердің «ауызбен орақ оруға келгенде, бәрі керемет әйтеуір» дегендей қыжыртып отыратынын да ескерсек, осы ойыңызды іс жүзінде қалай жүзеге асырып жатқаныңызға тоқталуға тура келеді-ау?..
– Менің бұл ойым жан-жақты қолдау тауып, соның нәтижесінде, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында бизнесті қазақ тілінде қалыптастыру департаменті ашылды. Сол жұмысқа көптеген лингвист ғалымдарды тартқан кезде, біздегі бизнес саласында қолданысқа енетін тіл дискурсы жоқ екеніне толық көзім жетті. Философия, әдебиет және басқа да салалар бойынша болмаса, әзірге ақша табуға тіліміз келмейтін болып тұр. Нақты айтқанда, экономикалық терминді ұлттық ұғыммен байланыстыра қалыптастыруымыз қажет. Ал оның концепциясын жасау барысында біз көп қиналдық. Сосын Тіл білімі институтынан өте мықты маман Анар Фазылжанды шақырдым. Ол кісі Ұлттық ғылым академиясының экономист ғалымымен біріге отырып, осы департаменттің жұмыс істеу концепциясын жазды. Сонда экономикада лингвистиканың жүруі қалай болар екен, мемлекеттік тіл механизмдерін қалайша бизнес саласында қалыптастырмақпыз деген сияқты сұрақтардың жауабын табатын шаралар легін тізді. Бұл – бір.
Екіншіден, елімізде экономикалық сөздік көп. Ал олар неге қолданысқа енбейді? Қалайша ұлттық экономикалық мәдениет, қазақша қаржылық сауаттылық солар арқылы қалыптаспай отыр? Ғалымдар арасында да бізге осы тұрғыдан кеңес беріп, жөн сілтей алатын маман жоқ. Сондықтан бұл мәселеге қатысты орыс тілінде жазылған диссертацияларды оқи бастадым. Себебі, өзім бизнеске Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен келгенмін. Сол сәтте ресейлік әріптестеріміздің экономикалық дискурсқа қатысты өте көп ғылыми зерттеулер жазғанын білдім. Ғылым, тіл, экономика бірге жүретін біртұтас дүние екенін сонда толық түсіндім. Мысалы, немістер Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында ұлттық экономикасы мен төл тілін қатар көтерді. Неміс тілі мен бизнесі даму даңғылында бірге жүрді. Қысқасы, олар ұлттық рухтарының биіктігі арқасында линго-экономика қалыптастыра алды. Ал бүгінде біздің елде тіл өз алдына, тұрмыстық деңгейде қалып қойғанын алдымен ғалымдарымыздың нарықтық заман талабына бейімделмегенінен аңғаруға болады. Мысалы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында бизнесті қазақ тілінде қалыптастыру департаменті жұмыс жасап тұрғанына екі жыл өтсе де, тапсырыс беруші ретінде ғалымдарымыздан осы салаға қатысты әлі мандыған бірдеңе ала алмай отырмыз. Әйтеуір, бұл департаменттің ең үлкен нәтижесі – «Бастау Бизнес» мемлекеттік жобасы. Оның аясында 13 модуль бар. Біз соның бәрін тұтас ауыл тұрғындарына бағыттадық. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілде жазылған деген сол бизнес-модульдерден қарапайым қазақтар түк те түсінген жоқ! Өйткені, о баста орыс тілінде жазылған дүние біздің ұлттық дүниетанымға жат қалпында тікелей аударылған. Осындай түйіні шешілмеген түйткілдерді көріп-біліп отырғаннан кейін неге өз тәжірибемді мемлекеттік тілдің дамуына арнамасқа?!
– Латын әрпіне көшу қиын емес пе, жалпы?
– Оған көшу бір күндік жұмыс емес екенін бәріміз де жақсы біліп отырмыз. Ал 5-10 жылдан кейін біз ақпаратты таза ағылшын тілінен қазақ тіліне бір графикамен ауыстырып отыра аламыз. Негізінде сөйткен тиімді болар еді. Қазір ағылшыншадан орысшаға, одан қазақшаға аударып жүргенде, көп уақыт жоғалтудамыз, сондай-ақ, үшінші тілге ауысқан сөздің түпнұсқадағы мәні де сақталмайды.
Жақында Алматыда саясаттанушы Айдос Сарымның қатысуымен үлкен пиар-форум өтті. Сонда «Коммуникация – қазақ тілінде» деген тақырып бойынша мәселе көтеріліп, сананы сергітетін көптеген ойлар айтылды. Мысалы, жарнама саласын зерттеп жүрген Земфира есімді апамыз о баста қазақша жазылмаған жарнама қазақ тұтынушының жүрегіне еш әсер ете алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бізде таза қазақ тіліндегі жарнама бизнесі де жоқ екен. Ал қазір біз рухани жаңғыру, латын әрпіне көшу дегенді құлдық санадан арылу деп білеміз ғой?
– Иә...
– Демек, қолданыста қазақ тіліндегі сауатты жарнама, ұлттық дүниетанымымызға жақын бизнес атаулары болса және олар латын әрпімен жазылса, ол бір көргенде ағылшын тілін елестетеді. Ол дегеніміз – лингвистикалық ландшафт. Мысалы, «Форте банк» қазақы ортада хит болған «Зың-зың» деген әнді пайдалану арқылы көптеген кредиттік портфельдерін сатты. Өйткені, «зың» деген сөз қазаққа жақын, «керемет» дегендей мағына беретін сияқты. Сондай-ақ, Төреғали Төрәлінің бейнеклипіне түсірілген «Арман» шайының сатылымы көп болды. Яғни, біз өз елімізде тұрған соң, өз ана тіліміз бар болғандықтан, оны қазіргі нарыққа сай қолдануды меңгерсек, оның әрпін латынша етсек, соның нәтижесі де жоғары болар еді. Неге десеңіз, бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 183 филиалы бар. Елдегі жұмыссыздық мәселесін жою мақсатында, соның 130-ында «Бастау бизнес» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соның арқасында осы кезге дейін 3 мыңнан астам қарапайым қазақ шағын бизнесін ашты. Осындай басымдықтарды пайдалануымыз керек дегенім ғой...
– Бәлкім, Сіз айтқан ұлттық бизнесті балалардың санасына сіңдіруден бастармыз?
– Дұрыс айтасыз. Мысалы, мен қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында бір үлкен жобамен айналысудамын. Сол бойынша, 2019 жылдан бастап мектептерге жаппай «Бизнес және кәсіпкерлік негіздері» деген пән енгізілмек. Ол бастама Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тауып, арнайы оқулық та жазылып қойды. Сондай-ақ, ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей академиялық деңгейдегі кітаптарды көптеп аударып, қазіргі қазақ қоғамында бизнес сананы қалыптастырсақ деймін. Бүгінде орыстілді әріптестеріме қазақ үшін бизнес деген таңсық дүние емес екенін айтып жүрмін. Оның дәлелі – «Ұлы Жібек жолы», Қоянды жәрмеңкесі және басқалар. Қазақта экономикалық қарым-қатынас әрқашан болған. Логистика деген дүниені о бастан білеміз. Қайталап айтқанда, сол негізді одан әрі жаңғырту үшін латын әрпіне түбегейлі көшу – ағылшын тілінен тез ақпарат алудың тиімді жолы деп ойлаймын.
Мысалы, тұтынушы менің затымды сатып алуы үшін мен оның атауын да қазаққа жақын қыламын. Өйткені, бүгінде бізде демографиялық өсім бар. Халықтың 70 пайызы – қазақтілді, қазақша ойлайтын, қазақы мінезі бар адамдар. Жақында маған Павлодар облысынан орыстілді адамдар хабарласып, бір бизнесті дамыту орталығына атау ету үшін орысша «умный» деген сөздің аудармасы қалай болатынын сұрады. Сонда менің ойыма «ақылды», «білімді» деген сөздер емес, бірден «зерек» келе қалды. Соны «Zerek» деп латын әрпінде жазып беріп едім, олар «Ооо, керемет!» деп риза болып қалды. Сол сияқты, «Taiqazan» деген сияқты атаулар қандай әдемі, иә?.. Айтайын дегенім, бизнес оған дайын. Енді біз филолог ғалым, лингвист ретінде латын әрпі мен ұлттық бизнестің пайдасын кәсіпкерлерге дұрыс жеткізе білсек, олар өздеріне психологиялық тұрғыдан жеңіл атауларға қарсы болмайды деп сенемін.
– Байқауымызша, сіздің дәл қазіргі жалғыз ұстаным – латын әрпі арқылы қазақтың ұлттық бинесін қалыптастыру, соның алғышарттарын қазірден бастап жасай беру...
– Рас, солай. Мен қазір ғылымда емеспін. Бірақ, ғылыми жаңалықтарды қол үзбей оқуға тырысамын. Сонымен қатар, тек «өз қазанымызда қайнамай», оны ағылшын, орыс лингвистерімен салыстыра оқып, өзімше талдау жасап, содан қалыптастырған пікірді бизнес өкілдеріне айтамын. Мысалы, жарты жыл бойы жүргізген насихат жұмысымның арқасында, жас бизнесмендер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өзара «ISKER AZAMAT – El TIREGI» атты ұйым ашты. Логотипіне «ұлттық бизнестің тамыры тереңге жайылсын» деген ниетпен бәйтеректі алсақ, оның жапырағын «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен байланыстырып, түрлі-түсті еттік.
Осы орайда бір ескерер жайт, ми қатпарларында 300 жылдан астам уақыт қалып қойған бодандықтың әсерін бірден жойып жіберу әсте мүмкін емес! Сондықтан қазір асықпай, ағылшын тіліндегі ақпараттарға сүйеніп, орыстілді биснес өкілдеріне арналған қазақ тіліндегі оқулық жазып жатырмын. Бірақ, әзір толыққанды латыншаға өтпегендіктен, ол еңбегімді кириллица әрпімен жазудамын.
– Бұл тұрғыда экономикалық термин мәселесі қалай болып жатыр? Жалпы қазаққа түсінікті етіп аударуға бола ма екен?
– Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан бір жыл бойы Тіл білімі институтының мамандарын жұмылдыру арқылы зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Әрине, өзіміз жаңа терминдер ойлап тапқан жоқпыз. Сөз басында айтып өткен экономикалық дискурсқа қатысты көптеген сөздіктер арасынан күнделікті қолданыста болатын 500 терминді іріктеп алып, жеке шығардық. Оның өзін алғаш рет халық талқысына салып барып сұрыптағалы отырмыз. Алайда, «кредит», «процент», «интернет» сияқты халықаралық терминдер аудармасыз қалуы керек. Өйткені, «несие», «пайыз», «ғаламтор» дегеніміз – халықаралық тұрмақ, өзіміздің халық арасында да тұрақты қолданылып жүрген сөздер емес.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Еркеқали Болатұлы
Дереккөз: "Қамшы"
Jebeu.kz