«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз»-исі қазаққа ортақ ұлы мереке. Мереке ортақ болған соң оны тойлаудың дәстүр, жосықтары да ортақ болары сөзсіз. Бірақ басқа жұрттан келіп, атажұртқа атбасын тірегелі бері осы арадағы ағайындардан: «Атажұртта отырған біз ата дәстүрден жүген ұстап қала жаздадық. Ал қиыр жайлап, шет қонған Қытайдағы қандастарымыздың хал-күйі нешік? Ораза айт, Құрбан айт Наурыз дегенді біле ме? Білсе ол жақтағы ағайындар қалай өткізеді?»-деген сұрақтар бізге жиі қойылады. Әрине, екі империя қазақ жерін пышақ үстінен бөлісіп алып, ондағы жаз жайлауды, қыс қыстауы тоғысып жатқан тұтас бір елді бір-бірінен бөліп тастап, өзара жат қып, тіпті реті келсе жау ғып жіберген соң, мұнадай сұрақтардың қойылуы да әрине заңды.
Атажұрттағы ағайын ол жақтағы қандастарымыздың хал-күйін біле жүрсін деген оймен Қытай қазақтарының Ұлыстың ұлы күні-Наурызды қалай тойлайтындығы жөнінде аздап таныстыра кеткенді жөн көріп отырмыз.
Қытай қазақтары қоныстанған қазақ даласының бір шеті есептелетін Шығыс Түркістанның (ҚХР,СУАР) Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары 1950-жылы Шығыс Түркістанда коммунистік билік ресми орнағанға дейін келімсектерден таза күйінде тұрған туырылған тың өлкелер еді. Мысалы 1950-жылғы санақта Алтай аймағында қазақтар 90 пайыз, Тарбағатай аймағында 86 пайыз, Іле аймағында 65 пайыз еді. Келімсектерден таза, қазақи өмірдің қаймағы бұзылмаған ел өзінің ата-дәстүрін, салт-санасын және діни сенімін де берік ұстанатын.
Сол дәстүр бойынша, әр жылы Наурыз айының күн мен түн теңелген бірінші күн-ескі календарь бойынша Наурыз күні-жаңа жылдың бірінші күні есептеп, «Наурыз тойын» тойлайтын болған. Той күні үлкен-кіші, кәрі-жас демей бір-бірінің тағы бір жылды аман көргенін құттықтасып, кеуде тиістіре құшақтасып, ақ ниетін, арман тілегін айтып, ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін»-деген сияқты ақ баталарын беріп, жігіттер көкпар тартып, тұтас ауылды ұлан-асыр той, қызықты думанға бөлейтін болған. Наурыз тойынын бірер ата бұрын-ақ әр ауыл кезектесіп, Наурыз көже ішетін. Наурыз көжеге қоса кәріжілік, қазы-қарта қатарлы соғымнан арнайы ақталған мүшелерді пісіріп,ауылдың ақсақалдарына,жасы үлкен сыйлы адамдарына беріп,олардың ақ батасын алатын. Қыдырып келген жастарға науырыз көжеден тоя ішкізген соң, жеңгелер үйдегі пәленің сыбағасын іш, түгеннің сыбағасын іш деп әдейі көжеге зорлап, қылжақбас қайындарын, теңтұс құрбылырын қинап мәз болысып жататын.
Наурыз көже халқымыз үшін құт-береке, молшылық, ақ тілектің куәсі сияқты болатын. Ел-жұрттағы осы наурыз көжеден соғым етінің аяқталғандығын, төрт түлік мал төлдеп ,ақтың молайғандығын сезінетін сияқты еді.
Қытайда коммунистік билік орнағаннан кейін де ұлан-асыр наурыз тойын жасауға мүмкін болмаса да, халық наурыз көже арқылы ғасырлар бойы қанына сіңіп , жан дүниесін берік орнаған ата дәстүрін тастап кеткен жоқ. Тіпті аштық пен жоқшылық жайлаған, коммунистік құрсау кезінде екі өкпеде қысып тұрған атышулы «Мәдениет зор төңкерісі» кезінде де халық жылы жұмсағын аузынан жырып наурыз көжеге сақтайтын. Наурыз көже кезінде көрші-қолаң, ағайын-тумаларын шақырып, наурыз көжеден ауыз тигізген, бір-біріне ақ тілектерін айтысатын. Міне, осылайша ол жақтағы қандастарымыз өз дәстүрін табандылықпен сақтай білді.
Ал наурыз тойын қайта тойлап, «қызыл күнге» енгізудің де атап өтуге тұрарлық өзіндік тарихы бар.
«Мәдениет зор төңкерісі» аяқталып, ел бейбіт өмірге бет алған 80-жылдардың басында Бейжинге оқуға барған қазақ студенттері 1983-жылы 22-наурызда Бейжиндегі қазақ жастарының басын қосып, ата-дәстүрге сай Наурыз тойын салтанатты түрде тойлады.
30-жылдан астам уақытқа созылған ұзақ үзілістен соң, ата дәстүрін арқалай білген студент жастардың Қытай астанасында мұндай қимылды аса батылдықпен сәтті ұйымдастыруы тарихи сипат алатын маңызды оқиға еді.
1984-жылы 22-наурызда осы мақала авторының тікелей ұйымдастыруы және студенттер мен Бейжинде қызмет істейтін қазақ зиялыларының белсене қолдауында алғашқыдан да көлемді аса думанды Наурыз тойы атап өтілді. Бұл тойға үкіметтің ресми адамдары, жоғары лауазымды мемлекет қайраткерлері де шақырылды. Олар өз сөздерінде тойға құтты болсын айтып, жылы қабақ танытты.
Үкімет жақтан бұрынғыдай теріс пікірдің байқалмайтындығына көз жеткен соң 1985-жылы жыл басынан бастап, Бейжиндегі студенттер мен қазақ зиялылары Қытайдағы қазақ халқы атынан Қытай Министрлер Кабинетінің Ұлттық істер қалпына келтіріп, қызыл күн деп жариялауды ресми талап етті.
Біздің өтінішімізге байланысты Бейжиндегі қазақ студенттер мен зиялы қауым өкілдерін қабылдаған Ұлттық істер комитетінің жоғары лауазымды бір мансапты бізге: «Мәдениет зор төңкерісі» аяқталғанға дейін Қытай компартиясы аз санды ұлттарға қаратқан саясатта көптеген солшылыдқ қателіктерге жол бергендігін, осы қателіктердің кесірінен аз санды ұлттардың өз салт-дәстүрі мен төл ұлттық мәдеинетінің аяқ асты етілгенін, ендігәрі партия мен үкімет мұндай қателіктерге жол бермейтіндігін, аз санды ұлттар өз салт-дәстүрін сақтауға, төл ұлттық мерекелерін тойлауға әбден құқықты екендігін айта келіп, Наурыз мерекесін Үкіметтің ресми бекіткендігін әрі көмекке белгілі қаржы бөлетіндігін, оған қоса тегін беретіндігін жариялады. Осы кезде біздің қуанышымызда шек болған жоқ. Сөйтіп, 1985-жылы 22-наурызда Пекиндегі ұлттар сарайында Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мемлекеттік деңгейде салтанатты түрде ресми тойланды. Тойға Пекиндегі қазақ студенттері мен зиялы қауымы болып 400-ден астам қандастарымыз қатысыты. Ал Үкімет жағынан Қытай парламентінің орынбасар бастығы Сайпидин Әзез қатарлы ресми адамдар мен тойға құтты болсын айта келген әр сала қайраткерлері, Қытай және шетел журналистері қатысты. Сол күні Қытайдың орталық телевидениесі тікелей эфирде Наурыз тойын тұтас Қытайға жариялады. Сол күні ертесі Астанадағы белді газеттердің барлығы да Бежинде өткен қазақ халқының Наурыз тойы жөнінде хабарлар берді.
Наурыз тойының Қытай Астанасында мұндай салтанатты атап өтілуі іс жүзінде Қытай Үкіметінің Наурыз мерекесін қызыл күн деп жариялағандығы еді.
Осыдан кейінгі жылдары қазақтар қоныстанған өңірлердің балығында Наурыз тойы айырықша салтанатты түрде ресм тойланатын болды.
Рахым Айыпұлы, 1997 жыл
Дереккөз: «Түркістан»,
Jebeu.kz