Ұлыстың ұлы күні 22 наурыз күні «Қызай ана» қоғамдық қоры Алматы облысы Талғар ауданы Өстемір ауылында «Қызай ана» көшесінің бойында Наурыз мерекесін атап өтті. Мерекелік шараға зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары, әр жақтағы «Қызай ана» ұрпақтары келіп қатысты.
Қызай ана көшесінің бойында жетінші рет өткен Наурыз мерекесі Жасөспірімдер арасындағы Талғар аудандық Бесінші кезекті Қазақша күрес чемионатынан басталып, қол күрес, кір көтеру сияқты спорттық шараларға ұласты. Спорттық шаралар біткеннен кейін 7 жыл бойы осындағы өткен Наурыз мерекесін жүргізіп келе жатқан Әбдіғани Бәзілханұлы ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдерін, «Қызай ана» қорының басшылары мен биылғы Наурыз мерекесін өткізген азаматарды сахана төріне шақырып, Наурыз мерекесінің ресми басталғанын жариялады.
Бұл бастаманың Елбасының үндеуіне үн қосу екенін айта келіп, «Қызай ана» қорының Төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхаметханұлы президенттің «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында Өстемір ауылына «Қызай ана» бұған дейін де бірталай қолдауларын білдіргенін, әлі де сол қолдаулардың жалғаса беретіндігін, ауылға тұрғындары демалатын «Қызай ана» атындағы саябақ салу жоспарда барын айтып өтсе, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Бас хатшысы Рахым Айыпұлы Қауымдастық атынан көпшілікті құттықтап, қауымдастық басшылығының сәлемін жеткізіп, қазақ көшінің қандай жағдайда да жалғасын таба беретінін айтып өтті. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Донбаев Сейітқұл сөз алып, «Қызай ана» қорына алғысын жаудырып, барша ағайынды Наурыз мерекесімен құттықтады. Ары қарай ақасақалдар бата беріп, мерекелік шара өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
«Қызай ана» қоры және мүшелері жыл сайынғы Наурыз мерекесінде қайырымдылық шарадан тысқары қалмайды. Соның бірі оқуда үздік, қоғамдық жұмыста белсенді, отбасында қиыншылығы бар студенттер мен оқушыларды марапаттауы. Қор Төрағасы Нәбижан Мұхаметханұлы Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физика-математика факультетінің 2 курс студенті Асқар Ақарыс пен Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің 2 курс студенті Бақыткелді Сәулетқа 70000 теңгеден, Алматы облысы Қарасай ауданы Жармұхамет ауылдық орта мектебінің 9 – сынып оқушысы Тұрсынұлы Айбын мен Алматы облысы Талғар ауданы 30 орта мектебінің 8а сынып оқушысы Бауыржанұлы Бекжанға 50000 теңгеден «Қызай ана» қорының қаржылай сыйлығын табыс етті. «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Төрағасы, «Қызай ана» қорының хатшысы Омарәлі Әбдібекұлы жылдағы әдеті бойынша өзінің Алматыдағы «Сәттібай» фермасының атынан Тадғар ауданы Өстемір ауылы № 14 мектебінің отбасында қйыншылығы бар, оқуда озат 5 оқушысынаа 30 мың теңгеден қаржылай сыйлығын табыс етті. Бұл 1-9 сынып арасындағы оқушылар түрлі олипиядалар мен жобалардың жеңіпаздары. Сонымен бірге, Батыр, қоллбасшы Сасан би Киікбайұлының 200 жылдығына ұрпағы Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық унивеситетінің ұстазы, PhD доктор Әлібек Ыдырысұлы Қазақ ұлттық университетінің Биология факультетінің 1 курс магистранты Мұхатай Үмітті Қызай ана қорының атынан 100000 теңгемен марапаттады.
Әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының 115 жылдына арнап «Қызай ана» қоғамдық қоры Халықаралық «Таңжарық зерттеу» қорымен бірге «Әдебиет» порталында «Әйгілі алты Алашқа жазған хатым» атты жыр мүшәйрасын өткізген болатын. 15 ақпаннан 17 наурызға дейін өткен мүшәйраға жалпы 48 ақынның өлеңі келіп түскен. Ақын Жәркен Бөдеш, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Серік Қали, әдбиеттанушы Омарәлі Әділбекұлы мен «Қызай ана» және халықаралық «Таңжарық зерттеу» қорларының атқарушы директорлары, тіл мамандары Базарәлі Әріпұлы мен Тұрсынбай Дәуітұлы қатарлы қазылар алқасы 48 ақынның ішінен 7 ақынның өлеңін жүлдеге лайық деп санап талдап шықты. Қазылардың шешімі бойынша Өстемірдегі Наурыз мерекесінде келесі ақындар: Нұрбек Нұржанұлы мен Қуанәлі Алмасбекұлы арнайы жүлдемен, Алтыншапақ Хаутай мен Арман Әділбек 3- орын, Алаш Тұрсынәлі мен Еділбек Дүйсен 2- орынмен, Айнұр Төлеу бірінші орынмен жеңімпаз болып, марапатталды. Жеңімпаз ақындарды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшелері де келіп құттықтап, арнайы мақтау қағазы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының медальмен марапаттады.
Наурыз мерекесінің концерттік бағдарламасы соңына жеткеннен кейін жиналған барша қауым осы реткі Наурыз мересін өткізген Мұхатай Әбдолла, Миятбек Дәукенұлы, Бақытжан Нұрдынұлы, Бақашар Рахымұлы, Төлепберген қатарлы азаматтардың тіккен киіз үйлеріне кіріп, ұлыстың ұлы дәмі Наурыз көже ішіп, жайған дастархандарынан дәм татты. Жылдағыдай тікілген 5 үймен мерекенің барлық шығынын осы азаматтар шығарған еді.
Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылы ақын Әбдіғани Пәзілханұлы Талғар ауданы Нұра ауылдық округі мәдениет үйінің басшысы болып тұрған кезінде жасаған ұсынысы бойынша Талғар ауданы Өстемір ауылында өзгертуге тиісті бір көшесінің атын Қызай ананың атына берді. Оның алдындағы осы ауылға биылғы Наруыз мерекесін өткізген азаматардың бірі Мұхтай Әбдолла осы ауылға бірнеше ауылдастарын бастап әкелген болатын. Қызай ұрпақтары 2011 жылдың 16 қазанында сол көшенің бойында Қызай анаға арнап ас беріп, «Қызай анан қоғамдық қорын құру» туралы шешім қабылдаған болатын. Мақсат – Қызай ананың кемеңгерлігін насихаттау, Қызай ана қалыптастырған қолөнер үлгісін жаңғырту, Қызай ана ұрпақтарынан шыққан ұлттық деңгейге көтерілген тұлғаларды елге таныстыру, жас ұрпақты білім алуға, ғылым игеруге ынталандыру, сондай-ақ, Өстемір ауылының әлеуметтік мәдени дамуына үлес қосу. Міне осы мақсат жолындағы істер жалғасын табуда. «Қызай ана» қоры содан бері Өстемір ауылында 7- рет Наурыз мерекесін өткізді. Осы орайда бәріңізге Наурыз мерекесі қайырлы болып, мерекеден мерекеге жете берейік деген тілектестігімізді білдіреміз.
Тұрдыбек Құрметхан
Jebeu.kz