Қазақтың Нәбижаны

admin 2017-11-27 53 ℃ Қысқаша

Қазақтың Нәбижаны
...

Нәбижан Мұқаметханұлы 1954 жылы 12 сәуірде қазіргі ҚХР-дың ШҰАР Іле  Қазақ автономиялы облысы Тоғызтарау ауданы Мұқыр ауылында дүниеге келген. Бұл ауыл Тәңір таудың етегіне орналасқан, алыстан әйгілі Қабанбай шоқысы менмұңдалап айбатын асырса, айналасы орман-тоғай, мөлдір бұлақ, жасыл құрақпен көмкерілген жер жәнаты Жетісудың аса бір көркем тұсы еді. Ол кезде бүгінгі Мұқыр, Жырғалаң, Ағарсын үш ауыл бірігіп, бір аумақтық әкімшілік құрап, орталығы Мұқыр болатын-ды.

Әкесінен жастай жетім қалса да бардам әулетте өсіп, сауатын ерте ашқан Мұқаметхан Зікірияұлы осы районның бас хатшы қызметін атқарды. Мұқыр, Жырғалаңның табиғаты қалай көрікті болса, адамдары да сондай кесек, өр мінез, дарынды еді. Мектеп ашып, көпір салып, омарта ұстап, кент тұрғызған, өлкелік парламенттің мүшесі Дарубай Сөртіұлы аудан әкімі, аймақтың орынбасар уәлиі қызметін атқарып, елінің мәдени ағарту әлеуметтік ісіне өлшеусіз үлес қосқан, үш аймақ төңкерісі кезінде әйгілі Тоғызтарау атты полкін ұйымдастырып құрған Жанболат Сөртіұлы да осы өңірдің тумалары болатын.

Осындай жерде туылған Нәбижанның өз ата-тегі де белдеуінен ат, астынан тақ кетпеген, дәулет қонып, ырыс дарыған қазақтың нағыз қаракөгі боп келеді. Арғы атасы Балапан әулиелігімен, абыздығымен аты шыққан. Қәбіріне күмбез тұрғызылып, жергілікті халық қазір де барып, тәу етіп сиынатын үлкен тұлға болса, үш ұрпағына болыстық билік жалғасқан Байеке би Қызай руын Ілеге бастап келген атақты төрт бидің бірі. Байеке би Ресей-Қытай қазақтарының съезд сотында үш мәрте төбе би болған, әділдігімен, шешендігімен бүкіл Жетісу жұртын аузына қаратқан даңқты би еді.

Әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлы айдауда кетіп бара жатып Ілемен қоштасқанда айтатын “Аман бол Текес, Күнес, Монғолымен; Жылқысы Әбітінің мыңға ілінген” дегендегі Әбіті қажыға Нәкең шөбере болып келеді. Әбітінің тағы бір баласы Тәлім ақалақшы дінге берік, елге қормал, әке байлығын жалғастырып көк шұбар жылқы ұстаған бардам адам-ды. 1951 жылы Компартия жағынан сексен жасқа қараған шағында атылып кетсе де ол отырған жайлауды отырықты халық Тәлім Жырғалаңы деп атайды. Осындай әулетте дүниеге келіп, әжесінің алақанында ертегі естіп, балалық балдәуренін мамыражай өткізіп жатқан бала Нәбижан әулеттің басына үйілген қара бұлтты сезбей де қалды.

Адам тағдырын ойыншық құрлы көрмей, озбырлықпен билікке келген Қытай Компартиясы екі тізгін, бір шылбыр қолына тиген соң да кәнігі өктем, науқаншыл саясатын жалғастырды. «Комуналандыру», «Үлкен секіріс», «Шойын қорыту» науқандары салдарынан Қытайды аштық жайлады. «Әлемде аштық жайласа да Ташкент пен Іледе аштық болмайды» деген аталар сөзі адыра қалды. Романтик ақын, Мәскеуден басқа шетелді көрмеген, «капиталды» оқыса да, диқандық табиғатын өзгертпеген көсем Мао мен оның серіктері аштықтың себебін сыртқы жаудан (КСРО) және ішкі социализмге қарсы шенеуніктерден көріп, кадрларды тазарту қозғалысын жүргізді. Хатшы кезінде халықтың қамын көбірек күйттеп, солақай белсенділердің бетін қайтарып, әрбір отбасыға сауын сиыр қалдырып, әр босанған әйелге қалжа жегізген, соқаға адам емес өгіз жеккізген Мұқаметхан Зікірияұлы алдымен қарауылға ілінді. Ішкі Қытай мен жергілікті ұлттың тұрмысындағы, салт-санасындағы, өндірісіндегі алшақтықты байқап соған қарап саясат белгілеуі, арғы тегінің бай болуы, туыстарының үкіметке қарсы көтеріліске шығуы осының бәрі оның қылмысы саналып жұмысынан босап, қалпақ киіп «еңбекпен өзгертуге» ауылға түсіреді.

Сонымен, Мұқаң топты жанымен Жырғалаңдағы ағасы Ахметтің қасына көшіп барып, үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесіне қысыла-қымтырыла орналасып, өлместің күнін көре бастайды.

Хатшының баласынан «саяси сенімсіз» адамның баласына айналған, ес біле өмірдің кермек дәмін сезінген бала Нәбижан 1961 жылы мектеп табалдырығын аттады. Қорлық пен жоқшылық жасыта алмаған, зерек те өжет бала мектепті бітіргенше үздік оқиды.

Қолынан сусып бара жатқан билікті қайтарып алу үшін оқушылар мен студенттерді айдап салып, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-сана, дәстүрге, құндылықтарға түкіріп, баланы әкеге, шәкіртті ұстазға, әйелді еріне жау қылған аты-шулы «Мәдениет төңкерісінің» соңында қалаға сыймай кеткен осы бір тәрбиесіз, білімсіз, тобыр жастардан құтылу үшін «ұлы көсем» Мао «Зиялы жастар ауыл-қыстаққа барып кедей, төмен орта диқандардың қайталай тәрбиелеу керек» деп үндеу жариялады. Сол қатарда Нәбижан да ауылына барып өндіріс отрядына кассир болып алғашқы қоғамдық жұмысына кірісті.

«Мәдениет төңкерісінің» соңында Қытай реформаторы Дин Сяопин қайтадан үкімет қызметіне келіп, тұралаған экономика, быт-шыт болған қоғамдық тәртіп жөнге келе бастайды. Жоғары оқу орны қалпына келеді. Өндірістік тәрбиеде адал еңбек, жақсы нәтиже, көркем мінез-құлқымен көзге түскен жастар жергілікті орынның таныстыруымен жоғарғы оқуға қабылдана бастайды. Сол қатарда Нәкең де Іле Қазақ автономиялық облысының орталығы Құлжа қаласында екі жыл дайындық курсынан өтіп, 1977 жылы Қытайдың таяу заман, осы заман тарихында маңызды орын алатын, төңкерістің, реформаның отаны Гуанжоу қаласындағы Сун Ятсень атындағы мемлекеттік университет тарих факультетіне оқуға түседі.

Атылып шабылған, аштықтан, ауыр еңбектен әбден тұралаған бір әулеттің үмітін арқалап оқуға келген жас жігіт жатпай-тұрмай бар уақытын білімге жұмсады. Үшінші курста оқып жүргенде алғашқы мақаласы қытай тілінде жарияланды. Университет бітірген соң Іле Қазақ автономиялық облысының облыстық үгіт-насихат бөлімінде маман ретінде жұмыс істейді.

1978 жылы желтоқсан айында ҚКП ХІ кезекті ІІІ пленумы қабылданған тарихи шешімдермен Қытай қоғамы реформа және даму дәуіріне қадам басты. Қытай ғылым академиясының президенті әйгілі археолог, ақын Го Моро биік мінберден Қытайға «ғылым көктемі келді» деп жариялады.

1979 жылы Шыңжаң Қоғамдық ғылым академиясы ғылыми қызметкер қабылдау конкурсын жариялады. Нәбижан Мұхаметқанұлы сол конкурстан өтіп, 1980 жылы Шыңжаң Қоғамдық ғылым академиясының Орталық Азия зерттеу институтына ғылыми қызметкер болып қабылданды. Бұл кезең Нәбижан өміріндегі ең үлкен бұрылыс кезеңі еді. Академияның қызметкері деген куәлікті қолына алғанда Нәкең ерекше тебіренді. Елі мен жерінің тарихын сараптап, ғылыми айналысқа түсірсем деген асқақ арманын іске асыру үшін алаңсыз орта керек еді. Міне, сол арманына жетті. Қытай қазақтарының әйгілі тарихшылары Нығмет Мыңжан, Жақып Мырзаханұлының үлгісін алып, өнегесін көрді. Шынайы шабыт, риясыз ниетпен қоян-қолтық араласып еңбек етті.

Жаңадан құрылған академияда бар нәрсе жоқтан бар болып, тыңнан түрен салынды. Сол қатарда Нәкең де қазақ тарихын негіз етіп, Орталық Азия және Қазақстан мен Қытай қарым-қатынас тарихын зерттеуді өзінің даму бағыты деп белгіледі. Әрі осы бағытта талмай еңбектенді. 1981 жылы бүкіл Қазақстан өз еркімен Ресей боданы болғандығының 250 жылдығын дабырайтып тойлап жатқанда, жас ғалым Нәбижан Шыңжаң Қоғамдық ғылым академиясы өткізген ғылыми-теориялық конференцияда өзінің алғашқы тырнақ алды туындысы «Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы және Қазақ халқының қарсылық күресі» атты баяндамасын оқып өз ұстанымын әйгіледі. Бұл баяндаманы сол кездегі академия президенті, тарихшы Гу Бау өте жоғары бағалап «Мына Нәбижан қауашық жарып, гүл ашып келе жатқан жас өркен болашағы зор. Ғылымда осындай жастарды қолдауымыз керек» деді. Осыдан кейін шабытына шабыт қосып, жігерін жаныған Нәбижан ғылымның айдынында құлашын кең жазып, көсіле жүзді. «Абайдың әлеуметтік идеясы» (1983 жыл), «Абылай хан туралы зерттеу» (1984 жыл) осылай дүниеге келді. Мына қызықты қараңыз компартия билікке келгеннен бастап идеология саласын шеңгеліне ұстап хан, сұлтан, би, бағландарды мансұқтап, халықтың жадын ұмыттыруға барынша күшін салды. Әсіресе, үш аймақ төңкерісінің оты тұтанған Нылқы мен озбыр билікке қарсы үш аймақтың батальон командирі Мәлікажы Балғынбайұлы бастаған «Жырғалаң көтерілісінің» ошағы болған Тоғызтарауда бұл саяси әрекет сұрапыл жүрді. Сол қаралы жылдарда Жанболат Мәлікажы, Тәлім бастаған елдің игі жақсыларынан 96 адам атылып, қалғандары түрмеге тоғытылды. Төраға Мао Цзедун ішкі істер министрі Ло Руйчинға жолдаған «халықтың мыңнан бірін ату керек» деген құпия телеграммасының рухын генерал Уан Жың Шыңжаңда асыра орындады. Кейінгі «мәдениет төңкерісі» кезінде аудан кадрларының 90 пайызы күреске тартылып, түрмеге қамалды, төменге айдалды. Әкім Разуан шеге жұтып, тағы бір әкім Ережеп өзін-өзі бауыздады. Әрине мұның бәрін коммунистер білмей, қателесіп істеген жоқ. Бәрін алдын-ала жоспарлап, сатылап істеді. Мақсаты аз халықтың жадын ұмыттырып, сағын сындыру еді. Бір ауыл ол кезде бір ру-бір ауыл болып отыратын. Бір ауылдан 60-70 адам атылып, қалың жесір мен жетімнің мұң-зарын естіп, көз жасын көріп өскен Нәбижанның 30-жылдан кейін ұлттың рухани атасы Абай мен ұлт тәуелсіздігінің туы Абылайдан бастап мақала жазуы тегін болмаса керек. Атадан балаға қанмен дарып келе жатқан көшпелілердің еркіндік сүйгіш рухын әрқандай күш қандай жағдайда да өшіре алмайды. «Адамның есебінен Алланың есебі түгел» деген қытай мақалының мәні осы құбылысты айғақтаса керек.

Білім де кен сияқты ғой, қазған сайын тереңдей береді. Алғашқы табысына қанағаттанбай өресін көтергісі келген Нәкең 1985 жылы әйгілі Пекин университетінің профессоры, Орта Азия тарихының білгірі Чжан Гуанданның аспиранты болуға емтихан береді, нәтижеде 5 сабақтың екеуінен құлап сәтсіздікке ұшырайды. Нәкеннің кәсіби білігіне көзі жеткен профессор: «Мен енді екі жыл аспирант қабылдамаймын, маған екі жылға стажировкаға кел» деп шақырады. Сонымен Нәкең Чжан Гуанданның жетекшілігінде 2 жыл (1985-1987) Пекин университетінің тарих факультетінде білімін жетілдіріп, біліктігін арттырады.

Пекин университеті Қытайда ғана емес әлемге танымал жетекші университеттердің бірі. Ғылым, демократия, кісілік құқық, дербес ой-сана дәстүрі болған бұл университетте бүкіл Қытайдың қоғамдық ой-санасы талқыға түсіп, түрлі-түсті таным идеялар тартысы бұрқ-сарқ қайнап жататын. Сол кезде Пекин университеті мен Пекин Орталық Ұлттар университетінде кешкі уақытта үлкен аудиторияларда атақты ғалымдар әртүрлі тақырыптарда еркін дәріс оқиды. Нәкең сол дәрістерді тыңдай жүріп қоғамдық санада үлкен секірістерге қол жеткізді, өзінің ғылыми зерттеу металогиясын жетілдіре түсті. Сонымен Нәкеңнің ғылыми, қоғамдық өмірінде жаңа көкжиектер ашылып, сапалық, сандық көрсеткіштер бой көтерді. «Хань патшалығы дәуіріндегі ғұндар мен үйсіндердің қарым-қатынастары», «Шыңғыс ханның Орта Азия елдерін жеңу себептеріне талдау» міне осы кезеңнің жеңісі еді. Қытай мемлекеттік бірінші тарихи мұрағатында отырып, Орда күнделіктерін парақтап жинаған материалдарына негізделіп Қазақ-Қытай (Цинь патшалығы), Қазақ-Жоңғар, Қазақ-Қоқан қатынастары жөнінде кешенді зерттеулер жүргізді.

Нәкеңнің жеткен жетістігі қытай тілді журналистердің назарын аударып, көптеген газет-журналдарда таныстырыла бастады. Бұл кез Қытай экономикасы, идеологиясы күшіне мініп, жергілікті ұлттардың тілі, діні, дәстүрі, мәдениеті қарсылық қуатынан айырылып, дағдарысқа түсіп, қытайша жазып, қытайша ойлайтын орта қалыптаса бастап еді. Сол кезде Нәкең: «Мен-қазақпын» деп сұхбат берді.

1989 жылы Нәбижан Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар Академиясы Ұлттар зерттеу Институтының директорының ғылымға жауапты орынбасары болып тағайындалды. Сол жылы жетекші ғылыми қызметкер атағына ие болды. 1990 жылы өз мамандығында табысқа жеткен «Он үздік Қытай жастарының» бірі болса, 1991 жылы «Қытай Жастар Сыйлығының» иегері атанды. 1983-1993 жылдары Шыңжаң жастар ассоциациясының 2 мәрте тұрақты мүшесі болып сайланды. 1990 жылы бүкіл қытайлық жастар съезінің VII кезектегі депутаты болып сайланып, сол кездегі ҚХР-ның төрағасы Цзэн Цзэнминнің қабылдауында болып, естелік суретке түсті. Осы жылдары көптеген мақалалары өлкелік, мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды.

Нәкең осы он неше жылдың ішінде Қытайда тарих саласы бойынша жетекші маман, жастар арасында элита ретінде қалыптасып үлгерген-ді. 1979 жылы Құлжа қаласында атақты аудармашы, Пекин ұлттар басқармасын құрушылардың бірі Дәуен ақсақалдың қызы Гүлнұрмен отбасын құрып, Зәуре, Мардан атты ұл-қыз сүйіп үлгілі отбасы, келешегінен үлкен үміт күттірген маман, қоғамға таныла бастаған қайраткер ретінде Үрімші қаласында мамыражай мағыналы өмір сүріп жатты. Академия басшылары  жаңа міндеттер жүктелетінен құлақ қағыс еткен. Азамат, маман ретінде өзгенің түсіне кірмейтін биік мәртебе, жарқын болашақ қол бұлғап тұрған.

Зорлық пен зомбылыққа құрылып, тарихы жазықсыздар мен қорғансыздардың нақақ көз жасына суғарылып, қанымен жазылған үрейдің ұясы – Кеңес империясы өз өзегіне түскен құрттан опырыла құлағанда әлем картасында тәуелсіз республикалар бой көтерді. Тұңғыш елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жылдық құттықтауында әлемде тарыдай шашыраған қандастарға арнау айтып, дұғай-дұғай сәлем жолдады. Жазушы Смағұл Елубай: «Алыстағы ағайынға ашық хатын» жазып, жас мемлекеттің керегесін жайып, шаңырағын көтеріп, уығын шаншысуға қандастарын шақырды. Тарихшы, азамат ретінде Нәкең өз таңдауын жасады. Бірлесіп жұмыс жасауға шақырған жапон әріптестеріне рахметін айтып 1993 жылы сәуірде тарихи отаны Қазақстанға ат басын бұрды. Күнде құнсызданған ақша, маусымда берілмейтін еңбекақы, қаңыраған дүкен, бүкіл қазақ зиялысының уайымы болған пәтер Нәкеңді қажытқан жоқ. Еңбегінің өтеуі елінің амандығы, тәуелсіз ұрпақтың жарқын болашағы деп білді. Жатақханадан жатақханаға көшіп жүріп, еркін ой, ізгі мақсат қос қанаты болып сүйікті ісін жалғастырды. 1995 жылы 21 сәуірде академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігімен Ұлттық Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология институты жанындағы ғылыми кеңесте «Қазақ-Қытай қарым-қатынастарының даму тарихы /ХVІІ-ХХ ғасырлар аралығында/» атты тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. 2001 жылы 28 желтоқсанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы кеңесте «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы(1860-1920)» атты тақырыппен тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғады. Бұл диссертация сол жылғы Республика бойынша ең үздік ғылыми докторлық диссертация болып бағаланды. Бұл кезде Нәкеңнің зерттеу аясы барынша кеңейді. Ол ескі қытай тіліндегі жазба деректерге негізделіп отырып қазақ мемлекеттігінің қайнар көзі болып саналатын үйсін-қаңлы мемлекеттерінің тарихын зерттеді. Әрі консепцияны ғылыми тұрғыдан дәлелдеп шықты. Алтын Орда мен Монғол Юань Империясы, Темір әулеті мен Мин Патшалығы арасындағы қарым-қатынастарды зерттеп, саралай келе қазақ мемлекетінің Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлылардан басталып Түрік Қағанаттары, Жошы Ұлысы, Алтын Орда, Ақ Ордамен жалғасқан, біртіндеп тұтастанып, қалыптасу тарихын дәйектеп шықты.

Нәкең Отанға оралған соң ғылыми зерттеумен бірге ұстаздықпен айналысты. 1993-1997 жылдары Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қарым-қатынастар және әлем тілдері университетінде қазақ тобына жапон тілінен курс ашып дәріс оқыды. 2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы профессор Мәмбет Қойгелдінің шақыртуымен доцент, профессор, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2007 жылы қыркүйектен бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетіне ауысып, қазірге дейін сонда профессор болып жұмыс істейді. 2012 жылдан бері университет жанынан құрылған «Қазіргі заман қытай зерттеу орталығының» директоры міндетін атқарады.

Еліне алам деп емес, берем деп келген ғалымның Жаңа Ғасырдың алғашқы он жылдығында кең тынысы ашылды. Ол 6 Республикалық Ғылыми Зерттеу жобасына қатынасып, ұжымдық ғылыми монографиялар жазды. Қазірге дейін 270-тен астам ғылыми және теориялық, танымдық еңбектердің, 13 ғылыми монографиялар мен оқу құралдарының авторы. Төрт ғылым кандидатын, 2 ғылым докторы (PhD), 60-тан астам магистр тәрбиелеп қатарға қосты. Тәуелсіз елдің ғалымы ретінде Нәкең 2007 жылы Пекинде өткен дүниежүзі тарихшылар ассоциациясының конгресіне қатынасты. Германияда, Швейцарияда, Түркияда, Оңтүстік Кореяда өткізілген ғылыми конференцияларда баяндама жасады. Әсіресе Пекиндегі конгресте Ресейдің әйгілі қытайтанушысы 90-ға келген абыз ақсақал, академик В.Тихвенскийден бата алды. Мұның өзі Нәкеңнің қытайтанушылар арасындағы салмағын сараптап тұр.

Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Ерім дейтін ел болмаса, Елім дейтін ер қайдан болсын». Тәуелсіз елі Нәкеңді бағалап келеді. 2008-2009 оқу жылында ҚазҰУ үздік оқытушысы болып бағаланса, 2009 жылы ҚР «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы грантының» иегері болды. Оның есімі Республикалық Энциклопедияға, анықтамаға, сөздіктерге кірді. ҚазҰУ докторлық диссертация кеңестің мүшесі, кеңес төрағасының орынбасары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің тарих ғылымдары бойынша докторлық кеңестің мүшесі. Республикалық Білім және Ғылым министрлігінде тарих ғылымдары бойынша сараптау кеңесінің мүшесі лауазымын атқарады.

Нәкең өз елінің нағыз патриоты. Ол айғай-аттанға, науқанға жаны қас. Не жазса да, не істесе де Отанының стратегиялық мүддесін бірінші орынға қояды. Өзінің іргелі зерттеулер негізінде қазақ-қытай қарым-қатынастарының түйімшіктерін айшықтап берді. 1991 жылы Қытайда жүріп жазған мақаласында Абылай ханның Цинь ордасына ойрат-тотың жазуымен хат жазғанын зерттей келе, сол кезде Қазақ ордасында құжат жазу мәдениетінің қалыптасқанын дәлелдесе, Отанға оралған соң, Абылайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосты. Әсіресе Ежен ханның орда құжаттары мен күнделіктеріне сүйене отырып, Қазақ хандығының Цинь империясына вассал болмағандығын, яғни кейбір елдер сияқты салық төлеп, әскери борыш өтеуіне мәжбүр болмағандығын, ішкі-сыртқы қарым-қатынаста дербес саясат ұстанғанын дәлелдеп берді. Сондай-ақ Қытайдың қазақ елі туралы консепциясының тарихи өзгерістері, батыс бөлікті игеру стратегиясы туралы құнды пікірлер айтты.

Адал еңбек, қайсар мінезімен, құдай берген дарынын ел игілігіне арнаған, бабалар аманатын арқалап келіп шәкірттерінің ұлағатты ұстазына айналып, әріптестерінің құрметіне бөленген елінің ардақтысы Нәбижан Мұхаметханұлы алпыстың асқарына кең тыныстап, еркін адымдап шықты. Тарихқа есесі кеткен еліміздің еңсесі осындай жанкешті ғалымдардың еңбегімен көтерілмек. Тарихқа Нәбижан салған сүрлеу күндердің күнінде даңғылға айналып игілігін ел-жұрты көреді деп сенеміз.


Омарәлі Әділбек

Abai.kz


Кері қайту
Әке

Ұқсас тақырыптар