Әке
Әкемнің мәңгілік сапарға аттанғанына да көзді ашып жұмғанша 3 жылдың жүзі болды. Балиғат жасынан асып келе жатқан балаларыма қарап отырып, өзімнің қалай баладан әкеге айналғанымды, енді атаға қарай бет түзеп бара жатқанымды сезінген сайын, «Әке» деген ұғымды қашан білдім, әкемді қашан жақынырақ таныдым деп өткен өмір жолдарына үңіле түсемін.
Ең алғаш әкемді түс тоқтатып танығаным, әкемнің бейнесі көңілімде мәңгілік сақталып қалғаны шамасы 5 жас кезім болса керек. Көктемнің алғашқы сәті, ауыл шетінде топ адам таңба салу үшін шу асауларға шалма салып жатты. Әкем арқанын алып ортаға шыққанда айнала толы адам: «Мынаның әуселесін көрейік» деп қиқулап кетті. Әкемнің шалмасы да түсті, аласұра атылған асау, әкемді шылбыр бойы сүйреп, шыңғыра көкке шапшып барып, сенделіп тұрып қалды. Кейін байыптасам, бұл кез Қытайда атышулы мәдениет төңкерісі шегіне жетіп, мемлекет төрағасы Лию Шау Чи, бас секретарь Дың Шаупиңнен бастап қыстақ секретарларына дейін «Билік басындағы түзетімпаздар» аталып, қызметінен қуылған, түрмеге қамалған сұрапыл кезең екен. Әкем де қыстақ секретарынан босап, күреске тартылып, жылқы бағуға шығарылыпты. Жұмыс деп үй бетін күні-түні көрмейтін әкем отбасымызға көбірек аялдап, менің санамда тұңғыш рет осылай сақталып қалған-ды.
Әкемнің өткен өміріне үңілсем аңызға, тәуекелге толы екен. Ғасырға таяу ғұмырында үш қоғамдық түзімнің, атап айтқанда Қытайдағы жартылай феодализмнің, социализмнің, Қазақстандағы капитализмнің куәсі болып, екі мемлекетте өмір сүрді. «Айғыр сойған Сәттібай атанып, исі Қызайға танымал болған Сәттібай бидің дәулеті немерелерінің – әкемнің әкелерінің тұсына келгенде шайқалып, кедейліктің қамытын арқалайды да, әкем 12 жасында дүнгендердің малын бағып, жалшы атанады. Қабырғасы қатпай, қара жұмысқа жегілген еті тірі жігіт ерте есейеді. Мал бағып, егін салып жүріп, өздігінен үйреніп, хат танып алады. Руымыздың елу басы Әліпбай әкесінің қасында жүріп он басы болады, елу басылыққа ұсынылады.
Қытайда жер-жиханды тітіретіп, коммунистер билік басына келіп, жаңа жүйе құрылғанда, өзі сияқты шаруалармен бірге әкем де жаңа жүйенің қоғамдық құрылысына ат салысады. Әтіред бастығы, қыстақ бастығы, қыстақ секретары, ауылдық үкіметтің мал шаруашылығына жауапты инспекторы дәрежесіне дейін көтеріліп, бар күш-қайрат, ақыл-парасатын туған жерін көркейтуге жұмсады.
Саясатта оңшылдыққа қарсы тұру, экономикада шойын қорыту науқаны сәтсіз аяқтап, романтик ақын, философ, төраға Мао екінші шепке шегініп, биліктің шылбыр-тізгіні Лию мен Дың-ға тигенде төңкеріс пен таптық күрес аз дәріптеліп, экономикаға мән беріле бастайды. Міне, осы кезде әкем бастаған қыстақтың түтіні түзу ұшып, мал санының өсу көрсеткіші облыс бойынша рекордтық деңгейге көтеріледі. Іскер басшы, озат шопан атанған екі адам Пекинге ауылшаруашылық көрмесіне шақырылады. Соңында аудан басшылығына жақын адам Пекиге барады да, әкем қалып қояды. Ашшы терінің өтеуі деп білетін әкемнің бұл арманы кейін мен Пекин Ұлттар университетіне түсіп, оқуды тәмамдар кезімде орындалды. Бір ауыз қытай тілін білмесе де жалғыз өзі Пекинге іздеп келіп, байырғы әсем қалада айлап тұрды, Хан сарайын көрді, Ұлы Қорғанға көтерілді. Пекинде жұмысқа қалуыма разылығын беріп, ықыласын айтты.
Әкем өзі көп оқымаса да, оқудың қадірін жақсы білді. Балаларының бәрінің оқуына, жоғары білім алуына айрықша көңіл бөлді. Жұмыста өзіне де, өзгеге де қатал талап қоя білді. Жалқаулыққа, салақтыққа жаны қас болды. Үнемі аузынан тастамайтын мәтелі «олақтан салақ жаман» еді.
Көктем кезінде малды тауға көшіретін болып, жолда кездесетін кішкене өзенге көпір салуға біреуді жұмсайды. Жұмысты қол ұшымен істеп, барғанынан келгені тез болған әлгі адамның жүрісінен күдіктенген әкем, әлгінің өзін ертіп өзен басына келсе, бір қора қой емес, бірнеше адам өтуге жарамайтын, селкілдеп билеп тұрған көпірді көреді де, көпірден өзің өт деп бұйырады. Әупірімдеп аяғын суға малып, өзеннен әрең өткен әлгі кісі ауылдық үкіметке: «Әлиасқар мені қыл көпірден өткізді» деп арызданып барады. Енді бір егін орағы кезінде отыздай сайлауыт жігітті қасына алып, өзі шалғы ұстап, еңбек бәсекесін ұйымдастырады. Сонда қисса-дастан жаттап, сылдыр сөз айтудан қолы тимейтін Садық дейтін ауылдасымыз шөптін басын сындырмапты. Бәсеке соңын қорытындылаған әкем 29 жігіттің нәтежиесін айта келіп, «Отызыншы Садықта сан жоқ» деген екен. Бұл сөз кейін ауылымызда мәтелге айналып кетті.
Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында Совет империясы өз ішінен ыдырап, отар елдер тәуелсіздігін жариялай бастады. Студент кезімізден «Азаттық» радиосынан еркіндік пен бостандықтың рухын бойына дарытып, «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» журналынан ұлттық рух пен дәстүрлі сананың уызына қанған біздің ұрпақ 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ тәуелсіздігін жариялағанда, әрі-сәрі болмастан, қолындағы жұмысына, алғалы тұрған пәтеріне, көтерілгелі тұрған лауазымына, баспада теруде тұрған кітабына қарамай, әртүрлі жолмен андыздап Атамекенге қарай ат басын бұрды.
Ортаның өзгешелігі, нарықтың қыспағы, тілдің бөтендігі, қасаң бъюрократия, тамырын терең жайған коррупция жігерімізді жасытып, еңсемізді түсірмеді. Қайта көппен көрген ұлы тойдың дүрмегімен өмірден өз орнымызды табуға ұмтылдық. Балалы болдық, пәтер алдық. Тіршілік көзімен қарағанда бұл да бір өмірдің өлшемі еді. Содан 1997 жылдың көктемінде Қазақстан азаматтығын алуға бел буып, әкемнің алдынан өтіп, батасын алайын деп Қытайдағы ауылыма бардым. Ес білгелі біздің отбасыда маңызды мәселелер таңертеңгі шайда талқыланып, шешілетін. Шынының қыдырысы баяулап, шәйнектегі шай сарқылып, екі-үш жаңалаңғаннан кейін оқыған-тоқығанымды байыптап, екі елдің саясатын сараптай келе, әкеме бұйымтайымды жеткіздім. Қолындағы кесесін сораптай келе, үнсіз ойға батқан әкем, оқыс сұрақ қойды:
– Балам, әскери құқық ана патшаларың Назарбайдың өз қолында ма?
– Әрине, өз қолында, бүкіл армияның бас қолбасшысы Нұрекең, жақында ғана Қазақстанның теңіз армиясы құрылды.
– Олай болса, балам, бердім батамды. Алла-тағала қолдап-қуаттап алған бетіңнен жарылқасын, ата-баба әруағы жебеп жүрсін, Әмин!
Арада жылдар өтті, ескі ғасыр аяқтап, жаңа ғасыр бодандық құрсағынан құтылған тәуелсіз елдерге өз көкжигін айқара ашып, тарих алдында борышын орындауға мүмкіндік берді. Елмен бірге біздің кәсібіміз жаңарып, нәсібіміз түгенделді. Қытайға сапарымыз жиілей бастады. 2003 жылдың соңғы сапарларында әкемнің жанарынан әлдебір мұңды байқап, әр сөзінен жан-тәнін уайым-қайғы билеп бара жатқанын сезетін болдым. Қайтсін, жасы ұлғайып, қайраты қайтқан соң, өмір бойы тірнештеп жиған дәулеті көз алдында шашылып, сарқыла бастаған, жер тозып, салт жаңарып, бұрынғы мамыражай тірліктің кетеуі кетіп, қиюы қашқан. Ұрпағымен мың жасаймын дейтін ата-баба өсиеті Қытайдың «бір отбасы – бір бала» саясатымен көзден бұлбұл ұшқан. Осы тақырыптарды қаузаған бірнеше кеңестен кейін таңғы шай үстінде бүкіл әулетімізді өз еріктерімен Атамекенге біржола көшіріп әкету жөнінде ойланып жүргенімді ашып айттым. Біраз үнсіздіктен кейін әкем еңсесін түзеп, саусақтарын бір-бірден бүге отырып тіл қатты: «Балам, менің әкем Әділбек, оның әкесі Әбен, одан әрі Сәттібайдың басы осында жатқанымен, Қуандық, Шолақ атамыздың басы Тарбағатайда жатыр. Одан әрі алтыншы, жетінші аталарымыз Алакөл, Аягөзде жатыр. Барсам барайын», – деді.
Омарәлі Әділбекұлы
2004 жылдың күзінде әкем 84 жасқа қараған шағында кіндік кесіп кір жуған, ат жалын тартып мініп, азамат атанған, ұл өсіріп, қыз ұзатқан, рулы елдің сөзі ұстар ақсақалы болған мекенін тастап, ұрпақ қамы деп Атамекенге ат басын тіреді. Қопалы қамыс, шеңгел-шеңгел ши, иісі аңқыған жусан, ермен, мия, қарағайы, шетені, бақа-талы оталмай сыңсып тұрған Жетісудың көркем табиғаты әкемнің көңілінен шықты: «Пай-пай, балам-ай, алпыс жасымда келетін жер екен», — деп айналасына сүйсіне қарағаны әлі көз алдымда. Көшіп келген жылы жасының ұлғайғанына қарамай, бір-екі ай бойы ерулікке шақырған ағайын, дос, туыс-туғанның ыстық ықыласына бөленді. Сонда айтқан сөзі еді: «Бәсе, ел бұл жаққа көшеміз деп неге елеңдеп кетті десем, бүкіл игі-жақсының – Сасан бидің, Бәйеке бидің, Шылбы Әлімақұнның, Естеместің, Таңжарықтың, Әбеудің, Сырайылбектің ұрпақтары келіп алыпсындар ғой».
Әкем мінезі бар адам еді, қашан қайраты қайтқанша өне бойын кернеп тұрған энергия сырт көзге айқын байқалып тұратын. Өзі «арқам бар» дейтін. Жас кезінде шаршы топқа түсіп балуан болғанын, ауыл тізгінін ұстап жүргенде талай ел дауы, жер дауымен топқа түсіп, сол кездің салты бойынша бір тоқтының етін жеп, бірнеше тегене қымыз ішкенін бұл күнде көзін көргендер аңыз қылып айтады.
Әкем зейнет жасына жетпей тұрғанда-ақ сол заманның жеңсік сусыны болған арақты мүлдем татпай кетті. Темекі, насыбайға о бастан жоқ еді. Таң бозынан қас қарайғанша дамыл таппау өмірінің дағдысы болды. Сол әрекетінің арқасы шығар, қашан өмірден озғанша аурухана жағалап, дәрі-дәрмекке үйір болмады.
Кәрілік маңдайына әжім, беліне салмақ салған сайын таулы жердің бұлтындай тез үйіріліп, тез ашылатын ашуы сәлиқалы сабырлыққа ауысып, кісінің мысын басып тұратын айбыны қамқор атаның қормал құшағына айналып кетті. Күйгелек, мазасыз, тынымсыз шал емес, сабырлы, шүкіршілігі мол, сабаз ақсақал болып ортамызды толтыра түсті. Мен ес білгелі жатса-тұрса да «Я, Алла, бала-шаға мен жаман кемпірімнің алдын да ал» деп дұға қылушы еді. Осы дұғасын Алла негізінен қабыл қылды. 2010 жылы мамыр айының 29-ы күні ауырмай-сырқамай көз алдымызда дүниеден озды. Сол сәт түйсігімде мәңгілік сақталып қалды. Басында қолымды қысып жібермей отырды. Бірте-бірте қолы босап, көз жанары өрге тарта берді. Бәріміз шулап кеттік. Есікке қарасам қасиетті Ұзынағаш жерінде дүниеге келген жиен шөбересі есіктен еңбектеп кіріп келеді екен. Бәріміздің разылығымызды алып, әкемнің жаны ғарышқа ұшып барады. Жаңа өмірдің, жаңа болашақтың елшісіндей болып жас нәресте Әлиасқардың қарашаңырағының табалдырығын аттап келеді. Өмірдің жалғастығы деген осы шығар.
Молдалар келіп, діндік рәсімдер өтеп, әкемнің бетін түзеп жатқызған кезде, жастығының астынан шытқа түйілген бір уыс топырақ тауып алдық. Інімнің айтуынша, соңғы рет Қытайға барған сапарында әкем бабасы Сәттібай бидің жаз жайлауы болған, өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Қытайда реформа жүріп, жеке-меншік қалыптасқанда біздің әулеттің иелігіне өткен, әйгілі саяхат орталығы Көлденеңге тиіп тұрған Науа деген ата қонысымыздың топырағы екен. Әкем жасының ұлғайғанын сезіп, енді қайтып келе алмаспын деп, шытқа түйіп ала кепті. Науаның бір уыс топырағы Атамекеннің топырағына осылай ұласты.
Иә, әке, еліміздің абызы болмасаң да, ауылымыздың ақсақалы болып, саналы ғұмырыңды аяқтадың. «Көп оқыған білмейді, көп тоқыған біледі» дегендей, қанша қаланы аралап, қанша білім ордасынан сусындасақ та, сенің қасыңда өзімді дәриядан бөлінген бұлақтай сезінемін. Сенің жігерің, парасатың, еңбекшілдігің менің бойыма дарымаса да, келесі ұрпақтарының бойына дарысын деп тілеймін. Ғарышты шарлаған рухың арғы бабалар рухымен қауышып, тәуелсіз елдің тәуменді болмаған ұрпақтарын желеп-жебеп жүрсін!
Алматы, 04.08.2013
Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ