Қазақ даласындағы мемлекеттік өркендеудің сабақтастығы

admin2 2018-01-30 190 ℃ Қысқаша

Көшпенділер мен дала егіз ұғым. Көшпенділер кең даласында емін-еркін жүргенде ө...

c867f673ca6d5407fd5e08a825e4e88f.jpg

             Көшпенділер мен дала егіз ұғым. Көшпенділер кең даласында емін-еркін жүргенде өзін еркін де ер сезінеді. Ал даласынан айырылса бәрінен айырылып басқаға жұтылып кетіп отырған.

Ал біздің қазақ мемлекеттілігінің ерекшелігі сонда, ол ежелден  Алтайдан Атырау, Батыс Сібірден Сырдария аралығын мекендеген   байырғы жұрт. Бір шаңырақ астында бас қосып  ешқайда ауып кетпей, бөгденің жерін шаппай, тек сырт жауынан қорғана жүріп түрік-протоқазақтық мемлекеттіліктің 12 баспалдағынан (Сақ, Үйсін, Қаңлы, Алан, Батыс Түрік, Түркеш, Қарлық, Қарахан, Қимақ, Қыпшақ, Ақ орда мемлекеті, Қазақ хандығы) өтіп, бір-бірінің саяси, мәдени-этникалық  ара жібін үзбей жалғап, інжуін іркіп, бүгінгі күнге жеткізген жалғыз мұрагері.

Сондықтан қазақ мемлекеттілігі тарихын үзіп-жармай этно-динамикалық, саяси-экономикалық, тарихи-эволюциялық біртұтас құбылыс ретінде қарау керек. Сонда ғана қазақ мемлекетінің саяси, этникалық табиғатын тануға мүмкіндік туады.

Бірақ қазақ даласындағы мемлекеттіліктің өсіп өркендеу тарихын зерттеудегі танымдық кейбір қателіктер біздің мемлекеттілігіміздің біртұтас тарихын үзіп-жарып қарауға жол беріп отыр.

Осыдан болып қазақ мемлекеттігінің екі ұшты тарихы жазылуда. Оның бірі Ұлы даласында мың көшкен қазақтың 1458-1459 жылғы бір жолғы көші оқиғасынан «Қазақ мемлекеті және халықтың ат-атауын (ethnonyma)» тудырған келте тарих. Бұл бағыт әлі күнге дейін өз үстемдігін жойған жоқ.

Екіншісі археология, тіл, түріктану ғылымының соңғы жетістіктері, қазақтың төл шежірелері мен даласының тарихы және шығыс халықтарының кейбір дерекетеріне сүйене отырып Қазақ мемлекеттілік үрдісін Сақ, Үйсін дәуірінен бастап қарастыратын тарих. Бұл бағыт әзірге концептуальдық, тарихнамалық ізденіс үстінде тұр. 

Бірінші бағытты ұстанатындар Моғолстан, Қазақ, Қашқар тарихынан өз заманына лайық сыр шерткен Мухаммед Қайдар Дулаттың «Хақ жолындағылар тарихын» (Тарихи-и Рашиди) алға тартады. Екінші бағытты  ұстанатындар бұл пікірмен келісе алмайды. Өйткені 1) Автор қазақ хандығынан жәбір көріп құлаған Моғолстан мемлекетінің күлдіреген шаңырағын қайта көтеру үшін күрескен билеуші әулеттің белді адамы. 2) Еңбек тікелей қазақ тарихына емес, моғолстан тарихына арналған. Еңбекте қазақ тарихының тек 30-ға жуық оқиғасы ғана жанама түрде берілген.  3) Оның еңбегі Қазақ хандығы құрылғаннан кейін 80 жылдан соң, Шайбани әулеті тарихының ықпалында жазылған. Сондықтан бұл еңбекте Қазақ мемлекеті тарихына байланысты шындыққа сай тұстары да, шындықпен жанаспайтын тұстары да бар. М.Қ.Дулати еңбегіндегі қазақ ат-атауына байланысты жүйесіздікті айтпағанның өзінде тарихи-методологиялық кейбір адасушылықтар да жоқ емес. Мысалы автор былай дейді «Отызыншы жылдары (930 (1524 ж) қазақ саны мыңда мың (миллион) болатын. Қырық төртінші жылы (944 (1537 ж) соншама халықтан бұл жерде ешбір белгі қалмаған» дейді[1].

Әрине мұнда М.Қ.Дулат айтып отырғандай қазақ халқы ғайыптан пайда болып аяқасты жоғалып кеткен жоқ. Халық өз орнында қалды. Тек Моғолстан билеушілерінің әулеттік идеологиясы М.Қ.Дулатты осындай қадамдарға итермелеп отырғанын көреміз.

e2d3caf53c391571cbe61b0ae021202b.jpg

Қазақтың хан ұрпақтары Жәнібек пен Керей қазақтың Ұлы жүз тобының ежелгі мекені Жетісу, Шу бойына келіп орда тігуі Қазақ мемлекетінің алғаш шыңырақ көтеруі емес, ол кезде Шайбанилік Әбілқайыр басып алған Ақ Орда мемлекеті билігін қайтарып алу үшін жасаған тактикалық қадамы, стратегиялық уақытша шегініс болатын. Сондықтан бұл оқиғаның қазақ халқының ат-атауымен еш байланысы жоқ. Қазақ-Қайсақ атауы М.Қ.Дулаттан әлдеқайда бұрын ондаған деректемелерде кездеседі. Үйісін-Қайсақтар туралы қытай жылнамаларында  біздің заманымыздың II ғ. басында, моңғол деректерінде  XII ғ, араб деректерінде XIV ғ. белгіленді. М.Х.Дулаттың «Хақ жолындағылар тарихынан» 60 жыл бұрын жазылған Фазаллах ибн Рузбихан Исфаханидың «Михман-наме-ий Бұхара» (Бұқара қонағының белгілеулері) атты еңбегінде қазақ атауы жеті рет қайталанады. Оған «Қобыланды» және «Едіге батыр» жырындағы атауларды қосыңыз.

Қазақ мемлекеттілігі тарихы XVII-XIX ғасырларда Ресей тарихшыларның араласуымен отаршылдық дәуірінде жазылады. Ал қол астындағы халықтың мемлекеттілігі тарихын төтеден бастау орыстар үшін тиімді болды да М.Қ.Дулаттың қазақ тарихынан келтірген бір оқиғаны басты нысана етіп алынды. Қазақ мемлекеттілігінің «төте тарихы» осылайша пайда болды. Әйтпегенде қазақтың мемелекеттілігін сақ, үйсіннен бастап қарау қажет еді.  Мұндай қорытындыға баруға жол бермей тұрған және бір ғылыми тасбөгет ол сақтарды Иран тілді, Үнді-еуропалықтар деп танитын қисын. Қазақ даласындағы түрік-қазақ мемлекеттілігі тарихының басын ашып алу үшін бұл проблеманы да айналып өте алмаймыз. Менің ойымша бұл да Ресей державасы дәуірінің туындысы. Иә, бұрынғы сақ қорымдарынан алынған қаңқалар (әсіресе оның орталық, батыс аймақтары) антропологиялық типі жағынан «Европейдтікке» жақын екені рас. Бірақ бұл Лантаноид тобына жататын химиялық элементті «Европий» деп атағаны сияқты, физикалық пішімді білдіретін ұғым. Ол адамдардың ұлтына, нәсіліне байланысты емес олардың, өмір сүрген жер қыртысының (Landscaft) ерешеліктеріне байланысты.

Еуропалықтардың ішінен отаршылық мақсатпен шығысқа алғаш бет бұрған Ресей болды. Олардың жолында Түрік-Тұрандық ұлы идеология тұрды. Бұл идеологияны жеңу орыстар үшін оңайға түскен жоқ. Сақтар туралы үнді-еуропалық, үнді-арийлық теория түрік-тұран идеологиясына қарсы орыстардың ойлап тапқан идеологиялық жауабы, хұндар б.з.д. II ғ. – з.з. IV ғ. Түрік қағанаты VII-VIII  ғ., Оғыз, Хазар, Қыпшақтар IX-XIII ғ., Түрік-моңғолдар XIII-XV ғ. Адриатика теңізі, Қарпат тауы, Дунайға дейін жетіп жайлағаны туралы тарихқа қарсы қойылған анти-тарих ой-пікір болып табылады.

Қарапайым ғана қисынға жүгініп көрелік. Амур дариясы, Моңғол құмынан Қара теңізге дейін, Батыс және Оңтүстік Сібір, Оралдан Памир тау қыраттарына дейінгі алып сахарада көшіп-қонып жүрген жалпақ жұрт (алып жатқан алқабы мөлшерімен 240 млн. шаршы километр), бір тілді, бір нәсіліді, біртұтас мәдениетті халық болуы мүмкін бе? әрине мүмкін емес.

Біздің кейбір ғалымдар әлі күнге дейін «үнді-арииліктер» деп жүрген сақтарын «(сакистан-сеистан)» ирандықтардың өзі «кірмелелер» (пришельцы) деп танып жатса, үндістандықтар оларды «Ұлы түрік көшпенділерінің бір саласы» деп жазған еді[2]. Оған Геродот айтқан «Сақтар ең аз дегенде жеті тілде сөйлегені туралы және батысы мен шығысы бір-біріне ұқсамайтын ахуал-тіршілік, салт-дәстүрі» жайлы қосыңыз.

Ал А.Н.Бернштам, В.В.Гинзбург, К.А.Акишевтар сақ-үйісін мәдениетін біртұтас тарихи-мәдени процестің екі кезеңі деп таниды

 Пузырық, Туяқты, Алтай, Батыс Моңғолия өлкесінде жүргізілген қазбалардан табылған  заттар Қара теңіз, Днепр бойы сақтарының тұтынған заттарына ұқсамайды.

С.П.Толстов Шумер тілінен лексика мен морфологиясы жағынан Алтай тілі тобының айшықты белгілерін  (ай, тас, тау, тәңір) тапқан. Автор шығыс массагеттерді «Ұлы юечжілер» (қаңлылар) деп есептейді.

502-557 жылдары салтанат құрған қытайдың Лян патшылығы кезеңінде  өмір сүрген тарихшы Шун Ши өзінің «Лун Фожияу Бяу-Буддизм таблицасы» атты еңбегінде Ханьнама, Батыс өңірі тарихында  айтылатын сақтар тұқымы үйсін бұртаналары болып табылады. Олар ежелден Дунь Хуаңда тұрған деп жазады[3]. Міне, осы және басқадай көп деректерге мән беріп қарар болсақ, сақтарды тек «үнді-еуропалықтар» деп тану тіптен мүмкін болмай шығады. Сақтарды ең аз дегенде үш түрлі этно-мәдениеттің: Батысы еуропа-славяндық (скиф), Орталық және Шығысы (Каспийден-Жетісу-Алтай-Моңғол құмына дейін) түріктік және Оңтүстік бөлімдері үнді-ирандық әсерінде болған жұрт деп таныған жөн сияқты. Сақтар конфедеральдық құрылымдағы мәңгі майдан жағдайындағы әскери-феодальдық мемлекет болды.

таңбалы-тас-т.jpg

Біздің заманымызға дейінгі ІІ-І ғасырлардан бастап үйсіндер Іле, Жетісуда қоныстанып өз мемлекетін (Усунь го) құрғанда жергілікті түрік – сақтары билік жүйесі мен ат-атаулары өзгеріп осында қала берді. Сақтардың тек оңтүстік бөлімдері ғана басында қаңлы (юечжи), кейін кушандардан ығысып Үндістанның солтүстік-батыс бойына барып тұрақтады.

Сақ–үйсіндерден бастап қазақ даласында салтанат құрған мемлекеттердің аты өзгеріп отырғанымен ежелгі түріктік тегі, мәдениеті мен салт-санасы ассимиляциялық орасан өзгерістерге ұшырамай бірін-бірі толықтырып, ұлттық біртұтастыққа жетелеп отырды. Бұл біртұтас қорда жоғарыда аталған мемлекеттердің әрқайсысының өзіндік үлесі бар. Қазақ даласындағы сан қорым, жүздеген қаланың орыны, таңбалы тастар, ауызша, жазбаша шежіре, жыр-дастандардың әрқайсысы бір-бір мемлекеттің тарихынан сыр шертеді.

Қазақ даласында қалыптасқан мемлекет құраушы құндылықтар Қимақ, Қыпшақ дәуірінде (Х-ХІІІ ғғ.) бір арнада тоғысып келешек қазақ ұлты, қазақтың өзіне тән бет-бейнесін қалыптастырды. Моңғол шапқыншылығы бұл процесске екі ұшты рөл атқарды. Бір жағынан Шығыс Алтай, Жетісу, Сыр бойында гүлденіп келе жатқан отырықшы және жартылай отырықшы мәдениетті тып-типыл етсе, екінші жағынан Шыңғыс қаған ұрпақтары жаулап алған жерінде мемлекеттіліктің әскери-феодальдық қатаң жүйесін әкелді. Әрбір ұлыс шеп-шекарасын айшықтап, орда тігіп, тұрақты қарулы қол жасақтады, елін жаудан қорғап, көршілес елдермен тұрақты қарым-қатынастар жасау арқылы мемлекеттілікті сомдай түсті. Қазақ-Қыпшақ даласында құрылған мемлекет «Жошы Қыпшақ ұлысы» атанды. Жошы отырған Эцгийн цагаан өргөө (Атаның ақ ордасы) Ақ Орда мемлекеті атанды. 1225 жылы Жошы өлгесін Баты хан Ақ Ордадан енші алып басына Сары орда тігіп батысқа аттанғанда Жошының тұңғыш ұлы Орда Ежен басқарған Ақ Орда Жошы-қыпшақ ұлысының әскери сол қанаты ретінде саяси дербестігін сақтап Ертісте қалды. Гумилевтың батысында Алтын Ордадай бас орда тұрғанда Ақ Орданы аға орда (Старшая орда) деп атауы тегіннен-тегін емес. Ол былай деп жазады: «Белой (т.е. старшей) – в Тарбагтае и на верхнем Иртыше... Зато она (белая Орда), опиравшаяся на окрайне Сибирской тайги до Оби, склоны и предгорья Алтая и степи Сырдарьи развивалась в самостоятельный этнос, позднее освоивший экстраординарные степи Приаралья, Мангышлак и Рынпески.  Ақ Орда Батыс Сібірден Сырдария, Ертістен Каспийге дейінгі алқап, қазіргі Қазақстан территориясының 60-65 пайызын қамтыды. Халқының негізгі тобын 92 баулы көшпенділерге жататын негізгі тайпалар құрады. Ел ордасы басында Ертісте болды да Баян ханның тұсында 1310 жылы Сығанаққа аударылды. Ақ орданың және бір астанасы кіші Сарайшық (Ибн Баттута) қаласы болды. Осы кезден бастап Сығанақ, Сауран қайта түледі.

Қазақстан_және_Орта_Азияның_картасы(1428_жылға_дейінгі).png

Дербес мемлекет ретінде Ақ Орданың шарықтап өскен шағы Орда Еженнің VII ұрпағы Шымтайұлы Орыс ханның тұсы (1362-1378 жж.). Осы кезде Сығанақта қазақтың басы қосылып Алаш ұраны ту етіп көтерілді. Орыс хан Сығанақта алғаш рет алаш мыңдығын жасақтап ақ қара-ала ту ұстап жауға шапты. Алаш мыңдығының оң қолын екі мың санды қаңлылар, сол қолын көп алаштар құрады, алаш мыңдығының ағасы тарақ таңбалы жалайырлар болды (Қадырғали Жалайыр «Шежірелер жинағы», Ч.Валиханов «Киргизское (казахское) родословное»).

 Ал Алтын Орда біз үшін Қыпшақ-қазақтың жер кіндігінде құрылған, қазақтың алғашқы мемлекеті Ақ Ордадан бөлініп шыққан отауы. Бірақ 1235-1241 жылдардағы батыс жорығы нәтижесінде ұлыстың шекарасы батысқа қарай кеңейіп Жошы – Қыпшақ ұлысы держава деңгейіне көтерілгесін, әубаста Жошы – Қыпшақ ұлысының әскери сол қанаты саналып келген Ақ Орда державалық орталыққа бағынышты болып қалды. Тәуелсіздік үшін өзара күресте 1354-1362 жылдар аралығында  Орда Ежен әулетінен тараған Ақ Орданың 8 ханы өлтірілді.

Тек Ақ Орда билігіне 1362 жылы Шымтайұлы Орыс хан келгесін ол өзін тәуелсіз хан деп жариялады. Ол өзінің мұрагерлік құқығын пайдаланып 1375-1376 жылдары Қажы-тархан, Сарай-беркені басып алды. Сөйтіп  Орыс хан 1374 жылдан Алтын Орданы қоса биледі, оның атына 1328 жылы Сығанақта, 1377 жылы Берке–сарайда ақша соғылды (Ибн Халдун). Орыс ханнан бастап Ақ Ордадан тараған 15 хан (Алтын Орда 270 жыл салтанат құрып 32 хан таққа отырған) Алтын Орда державасының билігіне қол жеткізді. Мемлекеттің қабырғасы қатайған сайын мемлекеттілік біртұтас мүдде әулеттік мүддеден жоғары қойылып Орда Еженнен тараған билеуші ұрпақ моңғолдығын әлдеқашан ұмытып қазаққа айналып Еженнен тараған хандардың «Қазақ хандары әулеті» қалыптасты. Тарихта өзіндік хан әулеті болу деген мемлекеттіліктің басты белгісі. Осыған байланысты қазақ хандарының атасы (familia) кім? деген сауал туындайды. Бұл сауалға Қадырғали Жалайыр, Хаммер, Ш.Уәлиханов, А.Левшин,  Хұрбанғали Халид М.Тынышпаев барлығы бір ауыздан Орыс хан деп жауап береді. Ресей тарихшылары бұл кезеңді «Урусов царев юрт» (В. Трепавлов т.б.) деп атайды. Біз бұл мәселені 2004 жылы жарық көрген «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты монографиямызда өз мүмкіндігімізше талдадық. Зерттеудің нәтижесінде біз «Алғашқы Қазақ мемлекеті Ақ Орда, Қазақ мемлекетінің алғашқы астанасы – Сығанақ,  Қазақ мемлекетінің алғашқы – ханы қазақ хандарының атасы Орыс хан, Қазақтың бірлік ұраны – Алаш, алғашқы қарулы қолы – Алаш мыңдығы» деген қорытындыға келдік.

Тарихшылар Ақ Орда мемлекетіне «Көшпенді өзі-бектер мемлекеті» делінетін әдеби атау беріп тарихнамалық қателік жасады. Ал шайбанилік Әбілқайырға келсек, ол Ақ Орда билігіне мұрагер емес. Ол 1446 жылы Ақ Орда мемлекетінің астанасы Сығанақты күшпен басып алып 22 жыл (1446-1468 жж.) билік жүргізген адам. Бірақ Орыс хан ұрпақтары Әбілқайырдың билігін ешқашан мойындаған емес. Олар Әбілқайырдың бірде-бір жорығына қатыспады. «Әбілқайырға қызмет көрсеткен сұлтан, оғлан, би, батыр, әмірлердің тізімінен Орыс хан әулетінен шыққан бірде-бір адамның есімі аталмайды» (Масуд. Бек Усман Кухистани. Тарих-и Абу-л-хайр-хани). Тарихшылар осы кездің өзінде Жәнібек, Керей бастаған Ақ Ордалықтар билігін Әбілқайыр билігінен ажырату үшін оны «Орыс хан ұлысы» (Ақ Орда, - авт.) деп атады.

cad13bca69307f468952668e35e57e2d.jpg 

Қазақ хандары Жәнібек (Орыс хан – Құйыршық хан – Барақ хан - Жәнібек) және Керей (Орыс хан – Құйыршық хан – Әніке Болат – Керей) Орыс ханның шөберелері, Ақ Орданың хан тағының басты мұрагерлері. Сондықтан олар құрған Қазақ хандығы жаңа мемлекет емес, Ақ Орда мемлекетінің қара шаңырағын қайта көтеруі болып табылады.

Қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыр бұл туралы «Бу Жәнібек хан атасының ұлысын ол биледі (өзі биледі, - авт.)» деп жазды. Қадырғали Жалайырдың мұнда Жәнібектің атасының ұлысы» деп отырғаны – Орыс хан билеген Ақ Орда мемлекеті. Қазақтың этно-территориясы, тіл, этно-мәдениеті тоғысып қазақ ұлт, халық болып қалыптасуы Шығыс Қыпшақ хандығы, Ақ Орда мемлекеті дәуіріне сай келеді. Ақ Орда және оның мұрагері Қазақ хандығы - қазақтың ұлттық мемлекеті болып табылады. Бұл бүгін мен ашып отырған жаңалық емес, айтылмай, ескерілмей келген ақиқат. Бұл мәселенің басын ашып алу үшін біз тарихшы, саясаткерлер ой-санамызда қатып қалған сенімнен (nostalgos) құтылып, тарихи концептуальдық жаңа серпіліс жасауымыз қажет.

Біз осы сияқты көптеген дерек  көздеріне сүйене отырып негізгі топтары қазіргі қазақ даласында салтанат құрған Сақ конфедерациясы, Үйсін, Қаңлыдан Оғыз мемлекетіне дейінгі дәуірді «Қазақ даласында құрылған ежелгі түрік мемлекеттері кезеңі» деп тануды жөн көрдік. Сөйтіп қазақ даласында салтанат құрған мемлекеттердің территориялық және этно-мәдени сабақтасығын ескеріп Қазақ мемлекеттігі тарихын төмендегі алты кезеңге бөліп қарастыру жөн деген пікір ұсынып отырмыз.

1. Ежелгі түрік мемлекеттері кезеңі: Сақ конфедерациясы (Страбон), Үйсін, Қаңлыдан Оғыз мемлекетіне дейін.

2. Протоқазақтық Қимақ, Қыпшақ мемлекеті кезеңі. Олай дейтініміз қазақ мемлекетінің басты атрибуттары осы кезеңде жинақталып толысқан еді.

3. Моңғол ұлыстары биілігі дәуіріндегі Қазақ мемлекеті Жошы-Қыпшақ державасы, Ақ Орда мемлекеті.

4. Қазақ хандығы кезеңі.

5. Патшалық Ресей, Кеңестер Одағы кезеңіндегі Қазақ мемлекеті.

6. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы - мемлекеттік өркендеудің жаңа белесі міне осылар. Сөз соңында айтарымыз әрине бұлар дерек көздеріне сүйеніп ойланып, толғанып айтылған дүниелер. Бірақ барлығы да шартты екендігі ескерте кеткенді жөн көрдік.

20170709165852548_big.jpg

Зардыхан Қинаятұлы

Дереккөз: "Тарихқа көзқарас"



[1]. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди Алматы; М.Х.Дулати қоғамдық қоры. - 2003., 174-б, 306-307 б.

[2].  Ж.Ж.Неру. Взгляд  на всемирную историю. - М., - 1989, с.128.

[3] . Жань Бажян. Жылнамалардағы ұлттар жөніндегі деректер жинағы. – Бейжиң. - 1958, 365-б.


Қазақ заңдарының Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ" заңымен тарихи сабақтастығы
Айдос Сарым. Аға, Әлі сенгім келмейді...