ОРДА ЕЖЕН

admin2 2018-04-18 63 ℃ Қысқаша

Жошы ханның тұңғыш ұлы, қазақ хандарының ұлы атасы, Жошы хан өлгесін әкенің қара шаңыра...

a79d8b4a2f4182be1730dbce310702b5.jpg 

Жошы ханның тұңғыш ұлы, қазақ хандарының ұлы атасы, Жошы хан өлгесін әкенің қара шаңырағын басып қазақтың алғашқы мемлекеті – Ақ Орданы билеген белгілі тұлға. 1235-1241 жылғы ұлы батыс жорығының қаһармандарының бірі.

Моңғол жылнамаларында ол «Ord» немесе «Ordana» деп жызылады. Қазақ арасында Орда Ежен деп ұлықталған. Орда оның өз аты да «Ежен» - «Ел иесі» деген мағына беретін моңғол сөзінен алынған. Қазақтар Орда Еженді олай ұлықтауының жөні мынада. Біріншіден, ол қазақ даласында (Ертісте) әкесі көтерген Ақ Орданың қара шаңырағына ие  болып қалды. Екіншіден, оның өз кіндігінен қазақ хан ұрпақтары тарайды.

Орда Еженнің өмір тарихы үзік-үзік кездесіп қалатыны болмаса, қазақ тарихының ұлы тұлғаларының бірі ретінде қарастырылып зерттелген жоқ. Тіптен қазақ хандарының ата тегін Жошы ханның басқа бір ұлы Тоқай – Темірден тартатын да ағым бар. Бұл ағымның бастауында Әбілғазы Бауһадур хан тұр. Кезінде Шәкәрім Құдайбердіұлы да осы пікірді құптаған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанындағы Абылайханның көк тасында қазақ хандары шежіресі « І. Шыңғыс хан, ІІ. Жошы хан, ІІІ. Тоғай-Темір, IV. Өз-Темір, V. Қожа, VI. Бағадұл-оғлан, VII. Орыс хан» деп қате жазылған. Бұл ағымның қателігін ғалымдар әлдеқашан анықтағанымен жіберілген қателік әлі түзетілген жоқ.

Шығыс ханның өзі Жошының әкесі болғанымен қазақ хандарының атасы емес. Ол моңғол қаған, хандарының атасы. Моңғол хандары әулетінің кестесі Шыңғыс ханнан басталып моңғолдың ХХХV ханы Лигдэн Хутугт (1604-1634) хан мен аяқталады.

Ал қазақ даласында, қазақ-қыпшақ халқы негізінде алғаш хандық құрған адам ол – Жошы. Қазақ хандары Жошының тұңғыш ұлы Орда Еженнің кіндігінен тарайды. Оның VII ұрпағы Орыс ханнан қазақ хандарының кестесі басталады[1].

Моңғол тарихи шежірелерінде Жошыдан – Орыс ханға дейінгілер «Қыпшақ хандары әулеті» («Кипчак хаадын уламжилал») деп танылады. Гаффари Хакназар бастаған қазақ хандығын «Орда әулеті» («Дома Орды») деп атауы[2], ал Хайдар Рәзи «Қасым хан Жошы ұлысын ретке келтірді» деген сөзі[3] тегіннен-тегін айтылмаған.

Орда Ежен әкесінің 22 жасында 1201/1202 жылы шамасында Жошының бәйбішесі, қоңырат қызы Сартақайдан туған. Баты ханның тетелес ағасы, Жошы ханның әзірге аты әйгілі 14 ұлының үлкені. Ол хан ордасында өсіп үлгі, тәрбие алды. Хат таныды, әскери өнерге жаттықты. Ол анадан төрт ағайынды: Удур, Тоғай-Темір, Шонхор, Сэнгум (Шингкум)-мен бір анадан туады. Орда Еженнің өмірбаянымен әулет шежіресі Рашид ад-дин[4], Чингисийн язгуур төрлийн цадигууд[5], Әбілғазының Түрік шежіресі[6] «Бүркеншік Искандер»[7], Гаффардың «Бейбіт өмір құрушылардың тізімі»[8] және «Хайдар Рәзи тарихы»[9] қатарлы тарихи шежірелерде там-тұмдап жазылған тұстары бар. Қазақ жылнамаларында материал тым аз кездеседі.

1225 жылы әкесі қайтыс болғанда ол жасы 23-24 шамасында ат жалында жүрген азамат болатын. Ежелгі түрік, моңғол және қазақта әкесі өлсе оның шаңырағын бәйбіше, одан туған тұңғыш ұл басатын мирас бар.

Бұл ежелгі салт Жошы ұлысы тұсында өз жалғасын тапты. Шаңырағында Жошының алғаш түскен бәйбішесі қоңырат қызы Сартақай отырған Жошының қара шаңырағы – Ертістегі (Эцгийн цагаан өргөө) көшпенді Ақ Орданы Сартқайдан туған Жошының тұңғышы Ордана (Орда Ежен) басып әкенің мұндағы ел жұртына ие болып қалды.

Ал Жошы мемлекетінің бас билеушісі Жошының екінші ұлы Баты басына салауатты Сары орда көтеріп батысқа аттанды. Мұны Шыңғыс-намэдағы төмендегі тұжырымнан аңғаруға болады. Онда былай делінген: “Сайн хан Еженнен (Ордана) кіші еді. Ол Еженге айтты. Сен мен үшін әке орнына әке болған адамсың. Мен сені әкем деп есептеймін. Біз отау тігіп жат жұрт болып кетіп барамыз” - деген[10]. Мұнда қара шаңырақтың иесі кім екендігі айқын көрініп тұр. Баты отау тігіп жат жұрт болып батысқа аттанады да Орда Ежен үлкен үйдің (ұлұғ үй) шаңырағын басып қала берген.

Жошы ұлысы “Батыс жұртын батысында реттеу арқылы”[11] империяның батыс шебін ұлғайтуды мақсат тұтқан стратегиялық маңызы зор майдан жағдайындағы мемлекет құрылымы болып табылады. Сондықтан Жошы ұлысы оң және сол әскери екі қанатқа бөлінді. Орда Ежен елінің әскери сол қанатын басқарып, інілері Удур, Тоқай-Темір, Шингкур (Сұңқар), Сэнгумдермен (Сингкум) бірге Ертіс бойында қалды[12]. Баты хан елінің әскери оң қолын басқарып батысқа аттанады.

img1.jpg

Ордана (Орда Ежен) Жошы ұлысының әскери сол қанаты Ақ Орданың әскери қолбасшысы, жеке дара билеуші “Хан-оғлы” (монғ. Khan huu) еді. Ежелгі түрік және моңғолдық мемлекеттік үрдіс-салты бойынша “хан оғлы” немесе “хан хүү” жеке дара билік иесі болып табылады. “Ежен” (Эзэн) монғол-тунгусша хан лауазымымен парапар[13]. Қытай тарихшысы Су Бейхай “Ақ Орданың бірінші ханы Орда Ежен еді” деп жаздында негіз бар[14].

ХІІІ ғасырдың орта кезінен бастап Орда Ежен Ақ Орданың жеке дара билеушісіне айналды. Муин ад-Дин Натанзидың жазғанына қарағанда Орда Еженнің иелігі Ұлытаудан – Сегіз ағаш, Қараталдан Төменге (Тюмень) дейін, иелігінің батыс шебі Женд, Барчыкентке дейін жеткен десе[15], Ш.Марджат Орда Ежен Ертістен Сырдарияның ортаңғы бойы, Ұлытау, Кішітау, Іле, Шу өзені бойын мекендеген көшпенді тайпаларды басқарды деп жазған еді[16]. Ал ұлыстың батыс шекарасы Ырғыз, Ор, Ілекке дейін жетті. Бұл Жетісу, Түркістанды қоспағанда қазіргі Қазақстан территориясын түгелдей дерлік қамтиды. Ақ Орда іс жүзінде қазақтың этно-территориялық мемлекеті болып табылады. Оның билеушісі әуелі Жошы, одан кейін Орда Ежен болды. Ел ордасы әуелі Ертісте  болды, кейінірек Сығанаққа ауысты. 

XIV ғасырдағы парсы тарихшысы “Вассаф-и-хазрет” лақап атымен әйгілі болған Шихаб ад-дин Абдаллахтың мәліметі бойынша, Орда Еженнің көзі тірісінде тікелей өз билігінде 10 мың тұрақты жасағы болған[17]. Ордада бітікшілер тобы жұмыс істеді, басқа елдердің елші, жаушыларын қабылдады. Өз қарамағындағы өлкедегі өртең (ям) ісіне жауапты болды. Қарамағындағы халықтан салық түрінде азық-түлік (шүүс) жинап, оның көлемді бөлегін Империя орталығына жөнелтіп отыруға міндетті болды. Орда маңдайшасына тоғыз тұғырлы ақ қарабас ту көтерілді. Ту ордамен бірге көшіп- қонып отырды. Бұл бір жағынан елдіктің белгісі болса, екіншіден Орданың айбынын әйгіледі. Қазақ даласында бұрынғы түріктік мемлекеттік салт Ақ Орда арқылы осылайша қайта жаңғыра бастады. Ақ Орданың алғашқы орталығы Ертістің қай тұсында болғаны жайлы нақты дерек жоқ. Бұл төңірегіндегі болжамдардың көпшілігі 1245 жылы Ертісті басып Моңғолияға өткен италияндық монах Плано Карпини белгілеуінен туындайды. Ол былай деп жазды: “Біз, сөйтіп, Қарақытай (бұрынғы Ляо, - Қ.З.) жеріне жеттік. Мұнда Татарлар (моңғолдар, - Қ.З.) Омыл  атты бір жаңа мекен құрыпты. Одан шығып аты бізге беймәлім бір теңізге тап болдық. Жағалап көп күн жүрдік. Аралшықтары көп екен. Біз теңізді сол жағымызда қалдырып, орманды нулы өзен алқабына іліктік. Мұнда Баты ханның ағасы Ордана тұрады екен. Оның әкесінің ордасы да осында болыпты[18]. Плано Карпини мұнда «Теңіз» деп Алакөлді меңзеп отыр (В. Бартольд). Осы жолдардың авторы осы мәселенің ізімен біршама зерттеулер жүргізіп өзінің «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты монографиялық еңбегінде В.Бартольдтың пікірі орынды деп тапқан. Қалай дегенмен Орда Ежен отырған Ақ Орда Алакөлмен Ертіс аралығында болған.

Өлке Хайду ханның тұсында Моғолстан билігіне өтіп, соңынан қазақ билігіне қайтып оралған. Плано Карпини белгілеуі[19] және Баты хан ағасы Орданаға «Сен мен үшін әке орнына әкесің, біз басқа жұртқа кетіп барамыз»[20] деген сөзіне қарағанда, Ақ Орданы Жошы ұлысының қара шаңырағы деуге толық мүмкіндік бар. Мұны төмендегі деректер айғақтай түседі.

Мөңке қаған Жошы ұлдарына жолдаған заң жарлықтарында Орда Еженнің атын Баты ханнан бұрын атайды[21]. Бұл, біріншіден, Орда Ежен қара шаңырақ иесі, екіншіден, оның билік статусы Баты ханмен  парапар болғанының  белгісі.

Рашид ад-Диннің айтуынша Орда Еженнің үш әйелі болды. Олардың екеуі Жүкей хатун және Тұбахан хатун, Үкіжан үшеуі де қоңырат қызы. Және Құмай атты некесіз әйелі болған. Осылардан жеті ұл туды. Олар: Сартақтай, Кули, Құрмыш, Қоңқыран, Шұрмақай, Құтуғ және Хулагу. Бұлардың әрқайсысының ұрпақтары Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағында» талданған. Ақ Орда, хандары және қазақтың хан ұрпақтары осылардан тарайды.

Орда Ежен Жошы ұлысының әскери сол қанаты Ақ Орданы басқара жүріп Моңғол империясының саяси іс-әрекеттеріне белсене араласты. Моңғол жазылымдарында оның 1223 жылы Құлан басында, 1224 жылы Бұқа шошығанда болған жиын, 1229 жылы ұлы әкесіне аза тұта барып Өгөдейді, 1246 жылы Гуюгті қаған сайлаған ұлы құрылтайға қатысқаны туралы деректер бар.

1235 жылы Қарақорымда ұлы құрылтай шақырылды. Құрылтайға Баты хан, Орда Ежен бастаған Жошы ұлдарының негізгі тобы түгелдей қатысты. Құрылтайда батыс жорығына байланысты мәселе қаралып, майданның әскери басшылық құрамы белгіленді. Шыңғысханның өз аманаты бойынша Батыс жорығының бас қолбасшысы болып Жошының екінші ұлы Баты хан тағайындалды. Бұл моңғол тарихында “Ахмад хөвгүүдийн аялал” (Тұңғыш ұлдар жорығы) деп аталады. Өйткені, әскери басшылық құрамында Тулуйдың тұңғыш ұлы Мөңке, оның інісі Бошго, Өгөдейдің тұңғыш ұлы Гуюг, оның інісі Хадан, Шағатайдың ұлдары Бури, Байдар, және Кулькан, Жошы ұлдары Баты, Ордана, Шибан және Тангуттар енді. Әскери кеңесші болып әйгілі Сүбэдей батыр белгіленді. Моңғол даласынан аттанған қол 1236 жылы күзде Жошы ұлдарының Орталық Азиядағы әскери тобына келіп қосылды.

Орда Ежен Сығанақта жасақтаған 10 мың қолымен келіп ұлы қолға қосылды. Мұнда бізге қажеттісі Ақ Ордадан аттанған Орда Ежен бастаған Жошы ұлдарының Батыс жорығында атқарған рөлі жөніндегі мәселе болмақ. Өйткені жорық кезінде әрқайсысының атқарған рөлі, жасаған ерліктері ордалардың келешек тағдырына елеулі із қалдырып, Жошы ұлысы билігінде олардың алар орыны айқындалды. Орда Ежен інілері Баты, Бэрх (Береке), Хадан, Бури тобының қатарында Мокшей (В.Тизенгаузен Букши немесе Юкши), Буртас (Бургас, - Қ.З.) Арджан (Рязань) үшін шайқасқа қатысып, барлық нысананы қолға түсірді. Козельск шайқасына Баты қатысты. Орда Ежен Тисса үшін шайқаста ерлік көрсетсе, Жошының бесінші ұлы Шибани Булгар қамалын алу кезінде ерекше көзге түсті[22]. Қай-қайсысы да батыс жорығынан  үлкен абыроймен оралды. Батыс жорығы нәтижесінде ордалардың іргесі кеңіп, екінші бір қайта өрлеу кезеңі басталды. Шайбанның Көк Ордасы осы кезеңнің туындысы. Осыған дейін ол Ақ Орданың билігінде, шығыс әскери топтың құрамында болып келген болатын.  Батыс жорығынан олжалы оралған Баты хан өз туыстарына билігіндегі аймақтарды (Уәлаят) қайта бөліске салды. Бұл жолғы бөлістен үлкен олжа қанжығалағандардың бірі Баты ханның інісі Шибан (монғ.-тунгусша Sebenu) болды. Шайбани бұл жолы өз басына жеке орда тігіп шықты. Ол тарихта «Көк Орда» деп аталады.

Бұл жолғы үлестен Ақ Орда билеушісі Орда Ежен де құр қалмады. Әбілғазының айтуы бойынша Баты хан «Бұл сапарда ісімізді бітірген сен болдың деп оған он мың отбасын берді»[23]. Осының нәтижесінде Ақ Орданың іргесі батысқа қарай қанат жая түсті. Орда Еженнің тұсында Ақ Орда орталыққа тәуелді болмады. Тек Қарақорым, Сарайда болған ұлы жиындарға ғана қатысып отырды. 1246 жылы жазда Орхон өзені бойындағы Өгөдейдің Сары Ордасында болған Гуюгті қаған көтеру рәсіміне Өгөдей, Шағатай әулетіне іштей наразы Баты хан «ден саулығын сылтауратып» бармай қалды. Бұл жиынға Жошы әулетінен Орда Ежен, Береке бастаған топ қатысты[24].

Орда Ежен бұл жолы тек қатысушы ғана емес келешек ұлы қаған Мөңкемен бірге «Үкімет билігін күшпен аударып алуға әрекет жасаған» делінетін Отчигин ноянның ісін тексеру тобының құрамында болып, ағасы Отчигин ноян бастаған бірнеше бектерді жазалау ісіне қатысты[25].

Ал 1251 жылы Мөңкені қаған сайлаған жиынға Береке сұлтан қатысады. Бұл жолы Орда Ежен қатысқаны туралы мәлімет жоқ. Бұл төңірегінде төмендегідей екі түрлі болжам жасауға болатын сияқты. 1) 1242-43 жылдардан бастап Баты хан бастаған батыс орданың (орысша Ақ Орда) атақ даңқы артып Баты ханмен Мөңке қағанның ара байланысы нығая түскен сайын Ақ Орда дербес саясат жүргізе бастағандықтан, Мөңкені қаған сайлаған жиынға әдейі қатыспай қалуы мүмкін. 2) Орда Ежен бұл тұста көз жұмған болуы ықтимал. Жалпы Орда Еженнің дүние салуы жайлы үш түрлі пікір бар. «Шыңғыс-намэ»-нің алғысөзінде жазған мақаласында В.П.Юдин «1255 жылы Баты өлгесін-ақ кешікпей 1280 жылы Орда Ежен дүние салды»[26] деп айтылады. «1255 жылдан соң кешікпей» дегеніне қарағанда 1280 жылы дегені баспадан кеткен жаңылыс болуы мүмкін. Мұнда 1260 жылдарды меңзеп тұрғандай. Ал «Шыңғыс-намэ»-нің өз жазылымында «Олар еліне қайтып оралысымен (мұнда 1242-43 жылы батыс жорығынан оралған тұсы сөз болып отырса керек, - Қ.З) нөкерлері Ежен ханға қарсы бүлік шығарып оны өлтірді. Сайн-хан (Баты) бұл хабарды аса қайғырып қабылдады»[27] дегеніне қарағанда, ол інісі Баты ханнан бұрын дүниесалған болуы мүмкін. Тарихшы С.Ажығали «Каспий қайраңы» атты еңбегінде Орда Ежен 1246-1251 жылдар аралығында дүние салды деп жазған[28]. Сонымен Орда Еженнің өмірден өткен уақытын тек оның мұрагерінің хан (Ежен) тағына отырған жылымен айқындауға мүмкіндік бар.

Тарихшылардың сараптауы бойынша 1250-1251 жылдары Орда Еженнің орнына төртінші ұлы Күнг-қыран (Қоңқыран) отырған[29]. Муйззе таблицасында “Кунг-қыранды әкесінің тағына мұрагер етті”[30] деп жазған. Осыған қарағанда, Орда Ежен 1250/51 жылдары, Баты ханнан бұрын дүниеден өтті деген қортынды шығады.

Қоңқыранның өз кіндігінен ұлы болмаған. Сондықтан ел билігі Қоңқыраннан соң Сартақтай ұлы Қонышқа (кейбір деректерде Кучи немесе Кучук деп жазылады, - Қ.З.) өтті. Ол Ақ Орданы 1280-1301 жылдары басқарады. Қоныштың тұсында Ақ Орда өмірінде айтарлықтай өзгерістер болмады. Айшықты қайшылықтар мен өзгерістер Қоныштың ұлы Баян (1301-1309) билігі тұсында басталды. Бұл Орда Ежен мен Шағатай ұрпақтарының арасында Сырдария бойындағы қалалар мен Жетісу жайылымы үшін күрес басталған кезең болатын. Өзін хан тағына үміткер деп санаған Еженнің алтыншы ұлы Кутукудің немересі, Темірбұқаұлы Кублюк Баянға қарсы бүлік шығарып, ол кезде Жетісудың көлемді бөлегіне иелік етіп тұрған Өгөдей қағанның ұлы Хайдудың көмегімен Ақ Орда ханы Баянды  шапты. Тұтқиылдан келген қарсыласына төтеп бере алмаған Баян Алтын Орда билеушісі Тоқтайға барып паналап, одан көмек сұрайды. Ол кезде ноғаймен қақтығысып жанталасып жатқан Тоқтай Баянға тікелей әскери көмек бере алмай, тек Шағатай шөбересі Барақ ұлы Дувадан Кублюкты қолға тапсыруын талап еткен жарлық шығарады[31]. Хайду, Дува, Кублюк одағы ұлы орда жарлығына мән бермегені соншалық, Ақ Орданы шығысынан шауып, біраз жерін басып алды. Баян Хайду-Дува-Кублюктің біріккен қолымен 18 мәрте шайқасты[32]. Тек 1303 жылы Ноғай әулетімен болған қақтығыста жеңіске жеткен Тоқтай қыжыраның 709 (1309-1310) жылы Кублюкке қарсы күресу үшін, Баянға көмек ретінде інісі Бұрлық қолын аттандырады. Бұл жолы Кублюк жеңіліп, бой тасалап жүріп, сонда өледі. Осы жеңістің  арқасында Ақ Орда ханы Баян Газна қатарлылар біраз жерін қайтарып алады[33]. М.Г.Сафаргалиев Баян ханның тұсында Ақ Орданың астанасы Ертістен Сығанаққа аударылуын Ақ Орданың шығыстағы саяси рөлінің әлсіреуімен байланыстырады. Біздіңше, бұл соншалықты нанымды пікір емес. Керісінше, одан Кублюк-Хайду одағын жеңген жеңісі арқылы Ақ Орданың саяси өмірінде өрлеу басталғанын аңғаруға болады.

Баяннан кейін Ақ Орданы оның екінші ұлы Сасыбұқа (1309-1315), Күлиұлы Абисан (1315-20 жж.), Мүбәрак қожа (1320-1344 жж.), Мүбәрек Қожаұлы Шымтай (1344-1361 жж.), Шымтайұлы Орыс хан (1361-1378 жж.), Орыс ханның ұлы Тоқтақия (1378 ж.), Тоқай Темір әулетінен тарайтын Тойлы Қожа ұлы Тоқтамыс (1378-1395 жж.) басқарады. Ақ Орда билігі Тоқтамыстан кейін қайтадан Орыс ханның ұлы Құйыршықтың билігіне өтті. Ақ Орданың соңғы ханы Құйыршықұлы Барақ 1423-1428 жылдары билік жүргізді. Ақ Орданың жеке дара билігі 1226-1428 жылға дейін 202 жыл бойы үзілмей жалғасты.

Атадан қалған мирас бойынша Ақ Орда билігіне тек Орда Еженнің ұрпақтары ғана тақ мұрагері бола алды. Орда Ежен әкесі Жошыдан қалған қара шаңырақтың иесі, жеке дара билеуші болғандықтан Орда Ежен ұрпақтары Жошы ұлысы немесе Алтын Орда тағына да мұрагер саналды. Ақ Орда және Жошы үлысы державасы билігін Әмір Темірдің әскери көмегіне сүйеніп Тоқтамыс басып алып, өзі және ұрпақтары бірнеше жыл билік жүргізген. Көшпенді өзі-бектер билеушісі Шайбанилік Әбілқайыр Ақ Орданы басып алған бірнеше жылды айтпағанда, 1226 жылдан 1822 жылы қазақтың хандық билігі жойылғанға дейін Ақ Орда және Қазақ хандығын Орда Ежен – Орыс ханнан тараған қазақ хан әулеті билеп келді. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы 1840 жылдары жүргізген қажырлы күресінің арқасында дүйім қазақтың басын біріктіріп Қазақ хандығын қайта құрды. Ол да Орда Ежен – Орыс ханның ұрпағы және қазақтың соңғы ханы.

Біз Ақ Орданы қазақтың алғашқы мемлекеті деп есептесек, бұл мемлекеттің қара шаңырағын алғаш көтерген Жошы, ал мемлекет ретінде қабырғасын қатайтқан Орда Ежен және оның кіндігінен тараған қазақ хандары. Орда Еженнің VII ұрпағы Орыс ханның шөберелері Керей мен Жәнібек «Қазақ хандығы» атымен Ақ Орданың шаңырағын қайта көтерді. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасы Ақ Орда мен Қазақ хандығының тікелей жалғасы, Қазақ мемлекеті дамуының жаңа белесі болып табылады.

pogudx5eov2tvvnrq.257121a3.jpg

Зардыхан Қинаятұлы

     «Отан тарихы» журналы. 2010, №1.

      Jebeu.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 



[1]. Валиханов Ч.Ч. Собр.соч. Т.І. - Алма-Ата. - 1985,с.165.

[2]. Тизенгаузен В. СМИЗО. Т. ІІ. СПБ, 1884, с.212.

[3] . Бұл да сонда.  с.215.

[4]. Тизенгаузен В. Г. Т. ІІ.сс.41-42.

[5].  Чингисийн язгур төрлийн цадигууд. Сайшаал Б. Чингис хааны товчоон. Доорд дэвтэр. – Хөх хот, 1988, 1184-б.

[6].  Әбілғазы. Түркі шежіресі. – Алматы. -1992, 114-115-бб.

[7]. Тизенгаузен В. Г. Т. ІІ.с.126.

[8]. Бұл да сонда.с.210.

[9]. Бұл да сонда. с.213.

[10]. Чингиз-наме. – Алматы. - 1992, 92-б.

[11]. Амар А. Монголын товч түүх. -УБ., -1989, 199-б.

[12]. Тизенгаузен В.Г. Т. ІІ. с.41.

[13]. Құрбанғали Халид. Тауарих Хамса. (Бес тарих). – Алматы. - 1992, 108-б.

[14]. Су Бейхай. Қазақ мәдениетінің тарихы. – Алматы. - 2001, 142-б.

[15] .Муин ад-Дин Натанзи. Анонои Искандера. См. СМИЗО. Т. 2. с.127.

[16]. Марджани Ш. Мустафад ал-Ахбар фи ахвал Казан ва Булгар. 4. 1. -Казань, 1885, сс.151, 156-157; «Қазақстан в эпоху феодализма». - Алма-Ата. - 1981, с.82.

[17]. Тизенгаузен В. Г. Т. ІІ. Сс.84-85.

[18]. Путешествие в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. –  Алматы. - 1992, с.64.

[19] . Бұл да сонда. с.64.

[20]. Чингиз-наме. – Алматы. - 1992, с.98.

[21]. Тизенгаузен В. Г. Т. ІІ. с.41.

[22]. Тизенгаузен В. Г. Т. ІІ. с.34.

[23]. Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы. - 1992, 120-б.

[24]. Монголын түүх. Гурван ботийн 1 боть. 266-268 бб.

[25]. D'Ohsson. Histoire des Mongols, t.II, pp.201-204; БНМАУ-ын түүх. Гурван ботийн тэргүүн боть. -УБ., - 1996, 263-265-бб.

[26]. Чингиз-наме. 29-б.

[27]. Бұл да сонда. 94-б.

[28]. Каспий кайраңы.  –Алматы: « Тарих тағылымы». - 2000, 148-б.

[29]. Тизенгаузен В. Г. Т. ІІ. с.47.

[30] .Тизенгаузен В. Г. Т. ІІ. 47.

[31]. Бұл да сонда.

[32]. Бұл да сонда. с.44.

[33].  Сафаралиев М.Г. Распад Золотой Орды. –Саранск. -1960, с.64.

[34]. Орда Ежен өлгесін оның өз аманаты бойынша төртінші ұлы Қоңқыран Ақ Ордаға хан болды. Бірақ ол өз кіндігінен ұлы болмағандықтан Қоңқыран өлгесін хан тағына Орда Еженнің тұңғыш ұлы Сартақтайдың ұлы Қоныш отырған.

[35]. «Бүркеншік Искандерде» айтылуы бойынша Ерзен өлгесін Ақ Ордада бүліншілік басталып Сасыбұқанын ұлы Қызыр оғлан, Кәлфе, Орда-шейхтің ұлы Темір-қожа, Ерзеннің ұлы Қажыхан бірінен соң бірі таққа отырып тек Орыс хан билікке келгесін ел іші тиышталды деп жазылған (Тизенгаузен В.Г. Т. 2. с.131)

[36]. Валиханов Ч.Ч. Собр. соч. в пяти томах. Т. 1. Алма-Ата, 1984, с.165; Зардыхан Қинаятұлы. Қазақ мемлекеті және Жошы хан (тарихи сараптамалық зерттеу). – Астана.: Елорда. - 2004, 340-б.


ӘЛИХАННЫҢ ӨСИЕТІ, НЕМЕСЕ АЛАШ-ҚАЗАҚ ЕЛІН 20-25 ЖЫЛДА ЕКІНШІ ЖАПОНИЯҒА АЙНАЛДЫРУҒА ҚАЛАЙ ҰМТЫЛДЫ?
Берік Әбдіғалиұлы: «Миды жаулау» соғысында халқымыздың қалқаны - Руханият