«Алашқа қызмет қылмасақ, қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бөгеулі…»

admin2 2018-06-25 0 ℃ Қысқаша

Бауырым Дінше! Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. «Шолпанға», «Темірқазыққа» неге мақала жаз...

Алихан-Б-696x944.jpg

Бауырым Дінше!

 Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. «Шолпанға», «Темірқазыққа» неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады? Не балаларға сабақ беріп, не журналға, газетке мақала жазып Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой!

 Сүйдім, Әлихан».

Алаш көсемінің өз басы газет-журналға мақала, қазақ оқу мекемелерінің оқытушы-оқушыларына арналған кітаптар мен оқу құралдарын және оқыту әдістемелерін жазып, халқына қызмет етудің теңдессіз үлгі-өнегесін көрсетеді. Өзі алыс Мәскеуде тұрса да, оның Қыр баласы, сирек те болса Ғ.Б. немесе V деген таңбамен қол қойған мақаласы, қайсыбір көркем шығармаға не әдеби және т.б. аудармаға жазған пікірі, зерттеуі, ашық хаты және т.б. туындысы жарық көрмеген мерзімді қазақ баспасөзін ұшырату қиын еді.

Ә.Бөкейхан Кіндік баспаның Қазақ бөліміндегі әдебиетші қызметін 1923 жылы қазақ тілінде мектеп оқушыларына арналған «Темірқазық» журналын шығарудан бастады десе қате болмайды. Дінше інісіне «Шолпанға», «Темірқазыққа» неге мақала жазбайсың? – деп кейігендей болып жай жазбаса керек, «Темірқазық» журналының Кіндік баспадан шыққан алғашқы үш санын да Қыр баласы өз материалдарымен толтырды.

Оның ішінде Әубәкір (Әбубәкір) Диваев жазып алып 1922 жылы Ташкенттен басып шығарған «Мырза Едіге», «Батыр Бекет» жырларына жазған пікірлері, В.Короленко мен Н.Маркстің балаларға арналған әңгімелерінің аудармалары, «Луи Пастер», «Білім күші», «Хахас» атты мақалалары және т.б. Алайда, Алаш көсемінің «Темірқазығы» 2-3 сандары қосылып шыққан соң, әзірге беймәлім себеппен тоқтатылады. Мәскеуде журнал шығаруын қанағат тұтпай, елағасы Ташкенттен шығатын «Ақ жол» газеті мен оған қосымша ретінде шыға бастаған «Сәуле» журналына 1923 жылы 10-даған мақаласы мен әдеби аудармасын жариялайды.

Оған қоса А.Байтұрсынұлы жазып алып өңдеген «Ер Сайын» жыры мен «Ер Тарғын» эпосының В.Радлов көшіріп алған нұсқасын алғысөзі мен ғылыми түсініктерін жазып, өңдеп жеке-жеке кітап етіп басып шығарады. В.Короленконың «Макардың түсі» әңгімесін қазақшалап бастырады. Л.Толстойдың әйгілі «Қажымұрат» повесін тәржімелеп, үзінділерін 1923 жылы «Ақ жол» газетіне ұсынады. Осы газетте Қыр баласы тегі ирланд, ағылшын жазушысы, ақын, эстет әрі философ Оскар Уайлдтың «Жұлдыз бала» әңгімесін ана тілінде жариялады.

Міне бұл Қыр баласы – елағасының Мәскеудегі Кіндік баспада қызмет еткен алғашқы 1923 жылы ғана атқарған ісі болатын. 1924 жылғы шығармашылығы одан бір кем емес-ті. Оның ішінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының В.Радлов жазып алған үлгісін алғысөзі мен түсініктерін жазып, өңдеп басып шығарса, Л.Толстойдың «Қажымұратын», әйгілі француз астрономы Камиль Фламмарионның «Астрономия әліп-биін»31 мектеп оқушыларына арнап қазақшалап жеке-жеке кітап қылып шығарады.

«Ақ жол» газеті мен «Сәуле» журналына орыс классиктерінен Л.Толстойдың, И.Тургеневтің, сондай-ақ Н.Маркс пен Жириковтың, Алтайдың түркітілдес халықтары мен моңғолдың және француз классигі Ги де Мопассанның балаларға арналған шағын көркем әңгімелерін қазақшалап жариялады. «Қосшы» газеті мен «Жас қазақ» және «Жас қайрат» журналдарынан халқына жолдаған ашық хаттары, үндеулері, пікірлері, мақалалары жарық көрді.

Ә.Бөкейханның көркем аудармаларының ішінен «Қажымұрат» повесінің аударылып, кітап болып шығуының өзіндік хикаясы бар көрінеді. Райымжан Әзіханұлы Бөкейхановтың Мәскеуде ағасының өз аузынан естіген әңгімесіне қарағанда, повесті аударып болып, баспаға берерден бұрын Қыр баласы кітапты оның бас кейіпкері – Қажымұраттың портретімен беруді ойлайды да, Мәскеуде өзіне жақсы таныс бір суретшіні тауып алып, оны Қажымұраттың шығармада сипатталған бейнесі бойынша суретін салып беруге көндіреді. Повесті Л.Толстойдың өзі алғаш басып шығарғанда, кітапта бас кейіпкердің портреті не суреті болмаған. Қыр баласының аудармасы Қажымұраттың суретімен басылып шығады.

Қыр баласының «Ақ жол» мен «Қосшы» газеттерінде жарық көрген «Білімге жалынған жұрт орман-бағын қалай қориды?», «Үлгі алыңдар!» және «Тозған егістікке жоңышқа салсаң, бидай жақсы өседі» сынды мақалалары да елең еткізбей қоймайды. Туған елі мен даласынан 3-4 мың шақырым қиырда жүрсе де, елінің бүгіні мен ертеңін ойлаған Қыр баласы, мысалға, бірінші мақаласында алма, өрік бақтарын, жалпы егістікті зиянкес жәндіктерден қорғауда білім мен ғылым күшіне сүйенген Солтүстік Америка фермерлерінің жемісті тәжірибесін жан-жақты сипаттай келіп, туған халқын сол тәжірибемен қарулануға үндейді. «Калифорния аймағында өрікке бір бит түсіп, бір жылда 1 миллиард 690 миллион 600 мың сом залал келтірген. Бұған қарсы бір бурыл қоңыз тапқан, осы қоңыздың арқасында өрік бәледен құтылып, бақ иесі адамдар шығыннан құтылған», – дей келіп, Қыр баласы өз еліндегі егінін, бау-бағын зиянкестерден қорғай алмаған қазақ шаруасының дәрменсіздігін өкінішпен былай суреттейді: – Біздің Түркістанда да бақ бар. Онда да өрік, мейіз, алманы жеп жұтатын жауы бар. Америка әдісін қылып, онан бағын қорғаған адам жоқ. Бұл бізде білім жоқтығы. Өрік, мейіз гүлдемей қалса, құдайға, шайтанға  жаланы жаба салып жүре береміз, «қап!» деп отыра береміз. Біздің Түркістанның, Қазақстанның егінінің жұты шегіртке, тарақ құйрық тышқан. Шегірткенің жұты қараала торғай, тарақ құйрықтың жұты – күзен. Қараала торғай әсіресе қораға үйір болады, балапанын адам баласы салған ұяда өсіріп ұшырады, адамға үйір болады.

Шегірткеге келсе, жер соғып отырып қаламыз, қараала торғайды асырамаймыз. Міне бір адасқандық. Күзен бұл болды деп, күз болды – күзенді қырып саламыз… Егінді тарақ құйрық жеп, жер соғып отырамыз».

«Үлгі алыңдар!» мақаласында Даниядағы төрт түлік мал, үй құсы иелерінің кооперативке бірігіп, сүт-май, ет, жұмыртқа және т.б. мал шаруашылығы өнімдерін заманының ең үздік техникасы мен технологиясын және химиялық тыңайтқыштарын қолдана отырып өндіріп, басқа елдерге экспортқа сатып, байлыққа кенеліп отырғанын ісінен үлгі алуға шақырады. Ә.Бөкейхан былай деп жазады: «Мұнан 40 жыл бұрын Дания біз секілді малын тірідей базарға сататын еді. Осы күні (1900-інші жылы) мал соятын 29 кәператибі бар. 1899-ыншы жылы бұлар 17 миллион сомға ет сатқан. Осы ет сататын кәператипке 96 мың үй кірген. Бір үйге ет сатқаннан кірген ақша 304 сом болған. Бұл кәператип мүшелерінің бір жылғы еткен кірісі».

Қыр баласының мәліметі бойынша, сарымай мен еттен басқа мал бағып, үй құсын асыраған Дания елі жұмыртқа өндірісін кооператив арқылы көтеріп, өнімін Еуропаның өзге елдеріне экспорттап сатқан. Сонау баста бұл кооперативті ашуға ауыл-ауылда бала оқытып жүрген Боркенсен мен Миллер 2 дін қызметкері (мақалада «молда») мұрындық болыпты. «Әуелі кәператип мүшелері аз болса да, – деп ойын жалғастырады Қыр баласы, – 5 жыл ішінде 269 кәператип ашылып, мүшелері 20 мыңға жетіп, бір жылда Англияға 1 миллионнан артық жұмыртқа сатады. Кәператипке кіргендер үй басына жұмыртқадан 46 сом кіргізеді».

Қыр баласының мәлімдеуінше, Еуропада бұқара халық күнделікті қажетінен артық қаражат тапса, «сақтық серіктігіне» немесе банкке салып сақтайды. Мақала авторының пікірінше, банкке жиналған ақша көлеміне қарай қай ел мен халықтың қаншалықты бай екені байқалады. Мақаласында Қыр баласы келтірген мәліметтерге қарағанда, бүкіл Батыс Еуропада банкте ақша ұстаған азаматтарының саны жағынан Дания Еуропаның ірі елдерінен ат басы алда келеді: 

                                                          – Данияда – 46 адам,

                                                         – Германияда – 26 адам,

                                                          – Франсияда – 29 адам,

                                                          – Ресейде – 3 адам.

 Қыр баласының мәліметіне сәйкес, банкте ақша ұстаған әрбір азаматының үлесіндегі ақша көлемі жағынан тағы да Дания – Ресейді айтпағанда, Германия мен Францияны артта қалдырыпты:

                                                           – Данияда – 139 сом,

                                                            – Германияда – 69 сом,

                                                           – Франсияда – 41 сом,

                                                           – Ресейде – 7сом. Ресей мұжығынан Дания мұжығы 19 жарым есе бай, – деп мәлімдейді Қыр баласы. Өйткені, «Ресей мұжығы олақ егінші, Дания мұжығы шебер малшы келеді». Бар гәп егін салғанда, мал баққанда ғана емес, – деп есептейді мақала авторы, – егін сал, мал бақ, кен қаз, бірақ – шебер бол!

«Біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектеп, жерін гүлдететін су, елге қызмет қылатын Боргенсен мен Миллер сықылды жігіт, май алатын, жүн жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіретін, егін салатын кәператип керек», – деп ойын қорытады Қыр баласы.

«Тозған егістікке жоңышқа салсаң, бидай жақсы өседі» мақаласында автордың не айтып отырғанын атауынан-ақ анық аңғаруға болады.34

1924 жылдың соңында «Жас қазақ» журналында «Самат өлеңдеріне сын» айдарымен жарық көрген әдеби сын мақаласының да орны бір төбе. Мақалада V деп қол қойған автор өзі қарастырып отырған ақын шығармасынан поэзия атаулыға пайдасынан залалы ауыр болатынын ашық жазады: «Нұржанұлы Саматың «төңкерісшіл» сырлы өлеңдерін оқып шықтым. Әдебиет майданында дәуірден дәуірге көшкен уақытта Самат сықылды жаңа талап «ақындар» көп болады. Олардың өлеңін жете қарастырмай болмайды. Өйткені олар «менсінбейді, бойымызды өсіргісі келмейді» дегендей көңіліне келеді – бір, екіншісі – олардың өлеңін сынамай жібере берсең «шілдірік» сұйық өлеңдері жас әдебиетімізді қотырала қойдай болдырады, аздырады».

Самат Нұржанұлының Абайдан, С.Дөнентайұлы, Б.Майлыұлы (Майлин), С.Сейфоллаұлы (Сейфуллин) сынды ақындардан ұрлап-жымқырған өлең жолдарын тізіп келтіріп, Саматты ақын емес – «шарлатан» деп атайды және өзге ақындарды «шарлатандардан» аулақ жүруге шақырады: «Анадан бір сөзді, мынадан бір сөзді жырмалап ескі пікірмен және «қара барандатқан» жел сөзді қосып, жұрттың қараңғылығы мен білімсіздігін пайдаланып көзін уқалап «төңкеріс ақыны», «еңбекшілдер ақыны» бола қоямын деу – тым ұятсыздық. Мұндай адамды Еуропада «шарлатан» дейді. Біздің әдебиетке қатысы бар азаматтардың бір есінде болатын нәрсесі – шарлатандықтан сақтану! …Сонымен Самат «ақын»-ның өлеңдерін тексеріп, бақайшығын шаққанда, не төңкеріске, не еңбекшілдерге, не әдебиетке пайдалы сөз көре алмадым».

Белгілі әдебиеттанушы марқұм Б.Кенжебаевтың жазуынша, «Самат өлеңдеріне сын» мақаласы жарық көргеннен кейін, совет құрылысының тағы бір насихатшысы, «бұлбұлы» болуға үміттенген Самат Нұржанұлы поэзиядан біржола безген көрінеді.

Ә.Бөкейхан Мәскеуде қаннан қаперсіз жұмыс істеді, еліндегі қазақ басылымдарда ешбір шектеусіз жарияланып тұрды деген жаңсақ пікір қалыптасуы мүмкін. Ал шындығына келгенде олай емес-ті. «Темірқазық» журналының шығуын 3-санына кейін күтпеген жерден тоқтатқаны жоғарыда айтылды. Ол аздай Алыс Мәскеуде жүрген елағасының үстінен Кремльге арыз-шағымдар да судай ағылған көрінеді. Сондай бір арыз туралы Әлекең бүгінгі күнге жеткен сирек хатының бірінде жазды. Хат 1925 жылы Мәскеуден А.Байтұрсынұлына жолданыпты. Бірақ хаттың Ахаңа жеткен-жетпегені белгісіз. Олай дейтін себеп: хаттың орысшаға аударылған нұсқасы 1992 жылы Қазақстанның ол кезде әлі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК немесе КГБ – қазіргі ҰҚК-КНБ) мұрағатынан алынған-ды. Хатта әлгі «дөңгелек арыз» бен оның салдарын Алаш көсемі былай суреттейді:

«Меңдешев жолдас «Бөкейханов «Еңбекші қазаққа» мақалалар жазады», – деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық Комитет жанындағы баспа бөліміне түсіпті. Мені әлгі шағым бойынша онда отырған татарлар тиесінше тезден өткізді.

Мәскеу коммунистері «қазақтар – ұлтшылдар» деп жалпыға жар салып, айқайлап жүр. Мен олардан: – Айтып жүргендерің не? – деп сұрасам, олар: – Өздерің өздеріңе шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған өз қазақтарың, – деп айтады».

Ерекше назар аударатын жайт: бұл «дөңгелектің арызды» қатардағы «шала белсенді», коммунист  болуды аңсаған пысықай немесе, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ – елдегі партия басшылығында отырған «нағыз 96 пробалы» қазақ коммунисі емес, Мәскеуде КСРО Орталық атқару комитеті төралқасының мүшесі болып жүрген Сейітқали Меңдешұлы (Меңдешев) жазған.

Ащы да болса да мойындау керек: отаршыл патша билігіне қарсы тұрған жылдары да, қылышынан қан сорғалаған совет өкіметі үстемдік еткен кезеңде де Алаш қайраткерлері, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Ақбайұлы және басқалары, жәбірді жауынан емес-ау, қазағынан көрді емес пе?

Қазақ дегенде болыстыққа таласып пәле-жала қуған надан, бірақ мансапқор қазағынан емес, жоғары білімді заңгер, Мемлекеттік думаның депутаты болған Бақытжан Қаратаев, Көлбай Тоғысұлы, Әліби Жангелдин (Степнов), Сейітқали Меңдешұлы сынды көзі ашық, көкірегі ояу қандастарынан көрді. Осындай нақақ шағыммен 1907, 1909, 1914, 1929 жылдары түрмеде отырған А.Байтұрсынұлының бірде:

Ешнәрсе емес абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған қиын осылардың бәрінен

Өз ауылыңның иттері үріп жатқаны, -деп жазғаны бар еді. Ахаң жазғандай-ақ, Алаш көсемі туған өлкесінен қуылып, Самар гүбернесінде саяси айдауда жүрген кезінде де ұлт-азаттық күресінің «жолбикелері» қыр соңынан қалмай, арыз-шағымдарын судай ағытқан. Мысалға, 1917 жылы «Қазақ» баспаханасы» айдарлы мақаласында М.Дулатұлы журналистік тергеу жүргізіп анықтап, «Қазақ» баспаханасы» мақаласында әшкерелеп жазғандай, 1914-1916 жылдары «Қазақ» газетін жаптырмақ болып, тұңғыш ұлттық басылымға ақшалай 1500-3000 сомдық айыппұл салдырып, оның бас шығарушысы А.Байтұрсынұлын абақтыға отырғызған, 1916 жылы М.Дулатұлының Орынбордағы пәтеріне тінту жүргіздірген, ол аздай Орал генерал-губернаторы арқылы Самар жандармериясы бастығына Ә.Бөкейхан туралы телеграм бергізіп, Самардан «Бөкейхановты сыртынан бақылап жүрміз» деген хабар алған Бақытжан Қаратаевтың өзі мен жақындары болыпты.

 «Әлихан Бөкейхан» 9-том

Дереккөз: «Алауинформ»


Зая Бандида және қазақ тарихы
Кері қайту