Тарихтың басты тағылымы - өткеннен сабақ алу арқылы келешегіңді болжай білу. Менің пайымдауымша, бүгінгіге қалдырған сабағы аса мол бола тұра күрделі зерттеуге ілікпей келе жатқан тақырыптың бірі - Жоңғар шапқыншылығы, ХVІІ-ХVIIІ ғасырдағы қазақ-жоңғар қарым-қатынасы туралы мәселелер. Аталмыш тақырып орыс-кеңес дәуірі казеңінде егер қазақтар 1730 жылдары «Ресейге өз еркімен қосылмағанда, жоңғарға жұтылып кетер еді», «Қазақтарды бұл катерден орыстар қүтқарды» деген идеологиялық жебеуге қамшы болып келді.
Ал Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп, ата тарихымызды жазу өз үлесімізге тиген кезеңде, тек жоңғарды жеңген ерлігімізді жырлаумен келеміз. Осылардың салдарынан, қазақ тарихының аса бір астарлы мәселесінің бірі жоңғар тақырыбына терең үңіле алмай отырған сияқтымыз.
Мұндай ізденіске аса қажет көне жазылымдардың бірі - Буддалык діни ғұлама, ойрат ғалымы Равжамба Зая Бандида Нэмэхчамба жайлы оның шәкірті Тибет ғұламасы Раднабахарда XVII ғасырдың соңында Ойрат өлкесінде жазып қалдырған «Ойрат тарихы» туралы шығарма. Еңбек «3ая Бандидадан қалған Ай нұры атты тағылым» деп аталды. Біздің кейбір жазушы-тарихшыларымыз бұл еңбекті «3ая Бандиданың ғұмырнамасы» деп атап жүр. Бұл - тек ғұмырнама емес, Зая Бандиданың өз қолжазбаларына сүйеніп жазылған ХVІ-ХVІІ ғасырдағы ойрат жұртының тарихы мен жағрафиясын, мәмілегерлігі мен экономикасын қамтыған тарихи хронологиялық шығарма. Қазак әдебиетінде қалыптасып келгеніндей, Зая Бандида Жоңғар билеушісі Очирт цэцэн ханның ұлы емес, тек ез ұлтының рухани жетекшісі, ағартушысы болғандықтан, Очирт цэцэн ханның ықылас, сый-құрметіне ие болғандықтан, «өкіл ұлы» атанған.
Зая Бандида ойраттың хошуут тайпасының Шыңғыс тобынан тарап, төрт ойратқа «Шешен» (цэцэн) атымен танылған Көңкір Заягчының екінші ұлы, 1599 жылы өмірге келген. Әкесінің азан шақырып қойған аты Шарха-буга. Ал Зая Бандида оның лақап аты да, Равжамба - діни атағы. Зая Бандида тибет, санскрит тілін жетік меңгерген, тарих, математика, жағрафия білімінен тағлым алған, өз заманының жоғарғы дәрежелі пәлсәпашы - ғұламасы. Зая Бандида жоңғар тарихының қара қазаны нағыз бұрқ-сарқ қайнап тұрған XVII ғасырда өмір сүріп, саясаттың басы-қасында болып, көптеген тарихи оқиғаларға куә болған адам. Ол жиырмадан астам жыл қазақ жерінде тұрып, Жоңғар мен Қалмақ аралық ара ағайындықта болды. Еділ, Шу, Ертісті қыстап жайлаған жылдары да бар.
Зая Бандиданың рухани, саяси өмірбаянына сүйеніп жазған Раднабахадраның жоғарыда аталған еңбегінің желісіне жүгінейік:
– Ол (Зая Бандида) Жоңғар империясының тарихи жағрафиясын жасауға қатысады.
– 1648 жылы Шу бойын қыстап отырған жоңғар Аблай тайшы ауылында жатып, қазақ тарихында «түтін жазуы» (бәлкім, төте жазуы, - ред.) деп аталған (тод үсэг) төте жазуды өмірге әкеледі.
– 1645-1656 жылдары Очирт цэцэн хунтайшының тапсырмасымен қазақ жерін басып, Еділ қалмақтарына аттанады.
– Жоңғар мен Ресей арасындағы мәмілегерлік қарым-қатынастарға үйтқы болады. Осы істерінің барысында қазақ жерінде болған көптеген окиғаларды көзімен көреді. Оларды өз еңбегіне деректеме ретінде қолданады. Енді сондай деректемелерге бір-бірлеп тоқталайық.
1. Қазақ тарихында «Жоңғар» және «Қалмақ» атауының басы ашылмай қалып отыр. Енді осы мәселеге қысқаша тоқталып көрелік.
Ел жұртын «Гар» (қанатқа) бөліп басқару - көне түркілік мемлекеттік дәстүр. Шыңғыс хан бастаған моңғол дәуірінде ерекше мән-мағынаға ие болды.
Шыңғыс хан 1206 жылы Моңғол мемлекетін құрғанда, елін Оң қол, Сол қол, Ортаң қол деп (Баруун гар, Зүүн гар, Төвийн) үш қанатқа бөлді. Моңғол империяға айналғасын бұл салт үзілді. XVII ғасырдың басында бұрынғы Орман жұрты (Ойн ард), Чорос, Дурвэд, Торгуд, Хошут төрт тайпа бірлігі Эсэн тайшының ұрпагы Харахулдың тұсында бір одаққа бірлесіп, ежелгі салт бойынша елін «Зүүн гар» (сол қол) деп атады. Бұл әлем тарихында «Жоңғар» атауымен белгілі болды. Ал «Қалмақ» тарихтың басқаша жаратылысы. XVI ғасырға дейін әлем тарихында «Қалмақ» деген ұлт, тайпа жоқ. Қазіргі Жайық қалмақтары бұрынғы Жоңғар ойраттарының бір үзігі. Олар өз атамекенінен «халив» немесе «ауып» кеткендіктен, атажұрттағы моңғолдар оларды «Халимагтар» («Ауғандар») деп атап кеткен.
Тарих желісі былай өрбиді. Қарахул тайшының біріккен Ойрат мемлекетін құру үшін жасаған әрекетіне қарсы болған Торгуд нояны Хөө Өрлөг 1607 жылы өзіне қарасты 50 мың түтін, 250 мың халқын соңына ертіп, Тарбағатайдан қозғалады. Есіл, Тобыл өзенінің жоғарғы сағасы Сібір бойына келіп 15 жыл тұрақтаған қауым 1636 жылы қайта атқа қонып, Еділ бойына Ноғайлармен қанаттас барып орналасады. Ер Көкше жырында аты аталатын Тасболат осы топтың белгілі қолбасшыларының бірі болған. Қалмақтар Ертіс, Іле, Балқашты басып, қазақ даласында бұл даланың иелерімен қанкешті соғыс салып жүріп өткен. Қазақтармен болған қантөгіс қалмактар үшін оңайға түспегені соншалық, олар Еділге 33 мың түтін, 169 мың адамы ғана әзер жеткен. Хөө Өрлөгтің соңынан іле шала 3000 отбасымен Алтайдан Байбағас ханның інісі Хөндлөн Уваш атқа қонады. Қазақ батырлары көшкен қалмақтармен 60 жылға жуық уақыт бойы шайқасты. Негізгі шайқастар Жетісу, Арқада өтті. Ер Көкше, Ер Қосай батырлардың қалмақтармен болған шайқасы осы кезеңге сай келеді. Профессор қалмақ Хара-Даван «Бізде ата жұртымыздан ауған «казакпыз». 1917 жылдан бері біз казачество құрамында болуымыз сондықтан» деп жазуы тегіннен-тегін емес. Олар әлі күнге дейін орыс казачечствосының атамандық құрамына кіреді. Ойраттың екі тобының (жоңғар және қалмақ) бір-біріне косылу үшін жасаған әрбір қадамы қазақ даласы арқылы өтіп, қазақ халқына ұдайы қасірет әкеліп отырды. Жоңғар ел ретінде 1755-57 жылдары жойылып кетті, Ал Еділ калмақтарымен қазақтың Кіші жүзінің арасында болған қақтығыстар 1860-70 жылдарға дейін жалғасты.
2. Жоңғарларда Галданцэрэннің жер картасы деп аталатын әйгілі карта болған. Бұл картаның түпнұсқасы қазір Пекинде сақталуда. Кейбір үзінділері Алтай, Тарбағатайдағы хошут, торгудтардың арасында кездесетін көрінеді. Картаның сондай бір үзіндісін Ш.Уәлиханов қырғыздар туралы белгілеуінде келтірген (Бес томдық шығармалар жинағы. Т.II, А., 1985, 23-б). Картада Жоңғар иелігіндегі өлкенің шығыс шебі Алтай жотасынан Хамілге дейін, солтүстігі Бишиге өзегі, батысы Балқаш көлінен Талас, Шу өзеніне дейін, оңтүстік шебі Қарашардан Темірті көліне (Ыстық кел) жететін деп жазады (Зая Бандида. - Хөк хот, 1990, 20-бет).
Картада Алматыны «Гурван алимтын гол» (Алмалы езені) деп атап, мұны көнеден келе жатқан атау деп қарайды. Талғар, Іле, Күрті өзені, Қапшағай қысаңы атауларының мағынасы және онда жайлап, қыстап отырған жоңғар нояндарының ата-тегі, лауазымы аталады. Бұл жерлердің ауа райы, табиғаты жайлы мағлұмат береді. Мысалы, Галданцэрэн картасында Талғар өзені туралы мынадай анықтама берілген. Іле сағасына жататын Талғар өзені батыс ендіктің 43, шығыс бойлықтың 77,20 кеңістігінде, Алмалы өзенінен 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұрын бұл өлкеде жоңғардың Доғолат (Дулат, - Қ.З.) тайпасы мекендеген. Кейін мұнда жоңғардың Хөвгун ноян аймағының Очир уваш бөлімі мекендеген деп жазған (110-бет). Осы сияқты Ертістен Балқашқа дейінгі өзен, суларға анықтама берілген. Аңдап қарап отырсақ, бұл өлкені жоңғарлар басып алған кезеңде кейбір жер-судың атауы өзгеріп кеткен тұстары бар сияқты. Мұны талдауды біз, бұл мақаланың нысанасына қоймадық.
3. Зая Бандида тарихындағы қазақ тарихына тікелей байланысты деректердің бірі - Жәңгір ханның өлімі жайлы мәлімет. Онда: «Очирт цэцэн ханның екінші ұлы 17 жасар Галдамба 1652 жылы қазақтармен болған ұрыста қазақтың ханы Жәңгірді өлтірді. 1658 жылы Бұхара қаласының әскер басы Әбшүкірдің 38000 қолымен шайқасып, Көксайда оны өлтірді. Осы кезден бастап оның абырой-атағы төрт ойратқа тарады» делінген (111-бет). Бұл мәлімет қазақ тарихи және көркем әдебиетінде мойындалмай келеді. Мұнда екі түрлі қисын алға тартылады. 1) Хан жекпе-жекке шықпайды. 2) Әйгілі Салқам Жәңгір тәжірибесіз жігіттен өлуі мүмкін емес, міне, осылар. Әрине, тарихшы қазақ ретінде бұл мәліметті мойындау маған да оңай тимейтіні анық. Бірақ шындықты айтпасқа лажың жоқ. Біріншіден, моңғол жазылымында жекпе-жек туралы сөз болмайды. Тек «қазақтармен болған шайқаста хан Жәңгірді өлтіргені» туралы мәлімет бар. Екінші, Жәңгірдің өлген жылы (1652) моңғол деректерімен сайма-сай келеді. Үшінші, бес қаруын асынып атқа конған азаматтың осалы болмайды. Моңғол тарихи жазбаларындағы белгілеулерге карағанда, ата-тегін қуса да, ұрыстарда көрсеткен ерлігіне қарасақ та Галдамба да оңай қарсылас болмаса керек. Оның арғы атасы Шыңғыс ханның інісі Хавт Хасардың 17-ұрпағы, әкесі «Очирт цэцэн хунтайшы» атанған төрт ойраттың (жоңғар) бас тайшысы. 1652 жылы қазақтармен болған соғыс кезінде Галдамба жоңғардың бас батырларының бірі болған. Жәңгір мен Әбшүкірді өлтірген соң аты тіптен аңызға айналып кеткен.1657 жылы әкесі Очирт цэцэн хонтайшы және ағасы Аблайдың арасында басталған кақтығысты келісіммен тоқтатқан. Одан кейін де бірер шайқастарға қатысады. 1666 жылы 31 жасында аурудан өледі. Осы оқиғаға байланысты аңызға айналған мынандай мәлімет бар. Галдамба өлгесін табытын өртеп, күлін кобдиға салып, «Буян ном хийлгэх» (жаназасын шығару) үшін Тибетке далай ламаға жібереді. Сөйтсе, жүрегі өртенбей, күлінің ішінде барған екен. Далай лама өртенбей қалған жүректі хадагқа (иман шүберек) орап алып, ұстап көріп: «Галдамба нағыз батыр деуші еді, рас екен» деп, таңдай каққан деседі (112-бет). Жалпы батыс моңғолдар арасында Галдамба, Амарсана жайлы аңыз-әңгімелер қазірге дейін кездесетінін айта кетсек артық болмас. Халық айтады: «Адасқан оқтан емес, қас айқаста батырдың қолынан өлген батырда арман жок» деп, осы шындықты мойындамаска шара жок-ау деп ойлаймын.
4. Ойраттың кейбір тайшы нояндары торгудтардың (қазіргі қалмақ) бөліне жарыла кешуіне әу бастан-ақ қарсы болды. Солардың бірі Очирт цэцэн ханның інісі Аблай тайшы еді. Ол торгуд көшін күшпен қайтаруды талап етті. Бірақ ағасы көнбеді. Бұл жайға өкпелеген Аблай Шу бойына қоныс аударады. Осында тұрып, Зая Бандиданы ауылына шақырады. Зая Бандида осы ауылда қыстап жатып, 1646 жылы ойраттың әйгілі төте жазуын өмірге әкеледі. Ол көне Ойғыр (Хойхор) жазуын ойрат диалектісіне үйлестіру үшін төрт түрлі өзгеріс (реформация) жасайды.
1. Жеті дауысты дыбысқа тиісті белгілер қойған.
2. Дыбыстарды басқа дыбыстардан ажырату үшін әрқайсысына тиісті үтір белгілерін қойып, айтылуын орнықтырған.
3. Дауысты дыбыстың санын 14-ке жеткізген.
4.Тибетше, санскрипше дыбыс белгілейтін жеке транскрипция қолданған.
Зая Бандида төте жазуы ойрат, қалмақ ортасына кең тарайды. Кең тарағанының бір белгісі «Моңғол-Ойраттың» ұлы жарғы заңының (1640 жылғы) жалғыз дерлік нұсқасы калмақтың төте жазу түрінде табылғандығы. Екінші белгісі ҚХР Шыңжаң өлкесін мекен ететін ойрат бөлімі арасында аталмыш жазу әлі күнге дейін қолданылып отырғандығы.
Үшінші белгісі төте жазу тек ойрат-жоңғар жазуында ғана емес, XVI-XVII ғасырда жоңғарлармен көршілес әулеттер арасында қолданылғаны туралы деректер. Тарихшы Нәбижан Мұхаметханұлы қытай деректеріне сүйене отырып, «Ойраттың түтін (тод) жазуы қазақ Абылай хан ордасында қолданылды» деген қорытындыға келген.1762, 1747, 1780 жылдары Абылай ханның Чин (Цин) патшалығына жолдаған хаты түтін (тод) жазуында жазылғаны туралы мәлімет бар. Чин патшалығы ордасы Абылай ханға жолдаған бір хатында «Елшінің Отаршы патшаға аман-сәлемге Бежиңге келді, сенің түтін жазуыңда жазылған хатыңды тапсырды» десе, Чианлуң патшалығының 27 жылы (1762) наурызда, Содлидың Чиң патшалығы ордасына жолдаған баяндау хатында: «Қазақтың саудаға келгендері Әбілмәмбеттің түтін жазуында жазылған хатын тапсырды. Хатында: «Біздің әскерлер оның кол астындағылардың малын алғандығын, «малымды қайтарып берсең» деп өтініш жолдағанын» хабарлаған екен.
1777 жылы қаңтарда Чиң патшалығының Абылайға жолдаған хатында «Отаршы бастаған елшілерің Бейжинге келіп, патшаның дидарын көрді. Сенің түтін жазуында жазылған хатыңды тапсырды» деп көрсеткен. Қазақ хандығы үшін XVII ғасырдың соңы орыстың отаршылдық бұғауына ілікпеген тұс. Көшпенді қазақ даласында мұсылмандықтың немесе мұсылман өркениетінің әсері отырықшы елдердегі сияқты аса ықпалды болмағаны белгілі.
Қазақ ханы Абылай батысынан күн санап қысып келе жатқан орыс ықпалының салмағын аз да болса әлсірете түсу үшін, Чиң патшалығына иек сүйегенсіп, екі алыптың ортасында өз саяси орнын нығайтуды көксеген еді. Осы тұста өзіндік жазу мәдениеті қалыптаса қоймаған Қазақ хандығы Қытайға бір табан жақын түтін жазуын пайдаланды. Олардың «ішін жылыту» арқылы орысқа дес көрсетуі мүмкін деп ойлаймын. Әрине, әлі де бұл мәселенің тереңіне үңіле түскен жөн.
5. Орыстың I Петр патшасы қазақ даласын «келешекте Индия қақпасына шығудың есігі» деп санады. Қазақ даласын қолға қаратуды жеделдету үшін жоңғармен тіл табысуды көздеді. Зая Бандида жазбасындағы кейбір деректер орыстың бұл саясатын растай түседі. Ойраттың алғашқы елшісі Томскіге 1607 жылы барады. Ойраттың батыр хонтайшысы Харахул 1628 жылы өз тайшы, нояндарына «орыстармен ешбір кақтығысқа бармауын тапсырған». Батыр хонтайшы билікте болған бастапқы 15 жылда (1635-1650) Ресеймен Жоңғар арасында 17 мәрте елші алмасқаны жайлы моңғол тарихы хабарлайды. Бұл қатынас жалғаса береді. 1722 жылы I Петрдің тапсырмасымен капитан И.Унковский Жоңғар ханы Цэвэн Равданмен жолығады. Орыс патшасының сәлемін жеткізеді. Егер Ресей казаққа шынымен жаны ашып, қазақ халқының мүддесін қорғайтынын жеткізген болса, бір жылдан кейін (1723 ж.) Цэвэн-Равданның ұлы Чоно-Дава қазакты шауып, қайғылы «Ақтабан шұбырынды» окиғасы басталмаған болар еді. Бірақ өйтпеді. Жоңғарлар қазақты шығысынан шауып жатқанда, орыстар қол ұшын бергені былай тұрсын, «Бізге өз еркіңмен қосылсаң ғана құтқарыласың» деп Әбілқайырды үгіттеумен, қысаумен болды.
Зая Бандиданың айтуы бойынша, жоғарыда аталған Аблай тайшы Ертіс бойына көшіп барғасын, казак атаманы Ермакпен етене жақын достық қатынаста болды. Жоңғарлар орыстың ақ патшасының алғашқы елшісіне жолсерік болып Бейжинге (Пекин) жеткізеді (71-бет). Жоңғар Аблай тайшының Ермакпен достығы жайлы деректі қытай жазбалары да растайды.
Ресей Еділ қалмақтарына үнемі қолдау көрсетіп отырды. Қалмақ жасақтары казактармен бірлесіп, қазақты батысынан шапты. Сөйтіп, қазақ екі бүйірінен қыспаққа алынды да, Ресей олардың ортасында «ара ағайыншылдықтың» кебін киіп, от көсеп отырды.
Ресейдің қазақты қолға түсіруіне әсер еткен бір елеулі фактор, міне, осы. Моңғол тарихында бұл туралы жеткілікті деректер бар.
«Зая Бандида тарихы»-ның моңғол худум жазуында жазылған бес түрлі нұсқасы бар: 1) Бурдуковтың тапқан нұсқасы. 2) Шармаев нұсқасы. 3) Позднеев нұсқасы. 4) Румянцев нұсқасы. 5) Батыс Моңғолия нұскасы. Румянцевтің нұсқасы оның өз аудармасы бойынша орыс тілінде үзік-үзік жарық көрген түстары бар. ҚХР Ішкі моңғолия ғалымы Ш.Норов барлық нұсқаны өзара салыстырып, ғылыми анықтамалар жазып, 1990 жылы Ішкі Моңғолияда көне моңғол жазуымен басып шығарған, бұл жоба орыс тіліне аударылды.
Егер бұл еңбек қазақша аударылып басылып жатса, қазақ тарихын зерттеудегі құнды деректердің бірі болар еді.
Зардыхан Қинаятұлы
"Қазақ Ордасы" журналы, 2003 ж, № 1-2.
Дереккөз: "Тарихқа көзқарас"
Jebeu.kz