Бірінші болып 1870-1882 жылдар аралығында Ташкентте басылып тұрған «Түркістан уалаятының газеті» дүниеге келді. Бұл мерзімді басылым Түркістан генерал-губернаторының ресми үнқағазы – «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет қазақ және өзбек тілдерінде алма-кезек шығып тұрды.
Басылым жабылған соң, 1888 жылы Дала генерал-губернаторының Омбыдағы кеңсесі жанынан «Дала уалаятының газеті» деген атаумен екінші басылым жарық көре бастады. Жаңа газет 1894 жылға дейін «Особое прибавленіе къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» басылымына, 1900 жылға дейін – «Акмолинскимъ, Семипалатинскимъ и Семиречинскимъ областнымъ ведомостямъ» басылымының «Киргизская степная газета» атауымен басылып тұрған үнқағазына, ал біржола жабылған 1902 жылға дейін «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» газетіне қосымша ретінде жарық көріп тұрды.
Мерзімді қазақ баспасөзінің ресми тарихнамасы бойынша, аталған екі басылым мерзімді қазақ баспасөзінің басы деп саналады.
Көп ұзамай өзге басылымдар шыға бастады. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісі тұсында шығып, қазақтың қоғамдық-саяси өміріне онша ықпал ете алмай ғайып болған «Серке» және «Қазақ газеті» солардың қатарында.
1911 жылы шыға бастаған өзге екі басылым – «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы әлдеқайда салмақты көрінді және дәуірі ұзағырақ болды. Газетті кадет корпусының түлегі, белгілі ақын әрі ағартушы Шәңгерей Бөкейұлы ашты, ал журналды шығаруға белгілі қоғам қайраткері, публицист әрі педагог Мұхаметжан Сералин мұрындық болды әрі өзі редаторлық етті.
15 нөмірі жарық көрісімен отаршыл биліктің күштеуімен жабылған «Қазақ» газетіне қарағанда, түрлі дерек бойынша таралымы 500-ден 1 мыңға дейін жеткен «Айқап» журналының тұрақты оқырмандары болды.
«АЙҚАП» НЕГЕ ШЫҚПАЙ ҚАЛДЫ?
«Айқап» журналының алдыңғы басылымдардан, әсіресе патша әкімшілігінің ресми баспа үні болған «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттерінен ерекшелігі – журналда қазақтың 20-ғасыр басындағы әдеби-мәдени қозғалысы мен қоғамдық пікірінің дамуы айтарлықтай көрініп тұрды.
Сорбонна (Париж) университеті зерттеушілерінің мәліметінше, «Тарихшылар, педагогтар, лингвистер мен ақындардан құрылған тамаша ұжымның арқасында «Айқап» журналы өте жақсы көркемделген 20 бет болып басылып тұрды» және «Әдеби қазақ тілінің қалыптасуы мен әдебиеттің дамуына едәуір үлес қосты; ұлттық мәдениетке ерекше ден қойған журнал көп ізденісін халық шығармашылығы мен қазақ этнографиясына арнады».8
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі бойынша тұңғыш зерттеулерін осы «Айқап» журналында жариялағанын айта кеткен дұрыс.
Алайда 1915 жылы 83-саны (басқа дерек бойынша, 88-саны) жарық көрген, қазақтың тұңғыш мәдени-ағартушы журналы болған «Айқапты», бір мәлімет бойынша, отаршыл әкімшілік күштеп жапты, басқа дерек көздеріне сәйкес, қаржы тапшылығынан жабылды.
«ҚАЗАҚТЫҢ» ЖАРЫҚҚА ШЫҒУ ТАРИХЫ
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жанұзақ Жәнібекұлы, Райымжан Мәрсекұлы және басқалар бастаған алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары жалпыхалықтық газет ашумен 1905 жылдан айналыса бастады. Алдымен олар «18 ақпан жарлығы» шығысымен өздерінің саяси талаптарын әйгілі «Қарқаралы петициясына»9 тізіп жазып, осы жарлыққа қол қойған орыс патшасының атына поштамен жөнелтеді.10
Петицияның 3-тарауында: «Қазақ халқының қазіргі мұқтажын айқындау үшін қазақ тілінде газеттер басып шығару қажет, ол үшін бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртібін орнату керек болады» деп жазылған еді.
Сол жылғы желтоқсан айының басында ақпарат көзі ретінде Санкт-Петербургтің «Новая жизнь» газетін сілтеп көрсеткен семейлік «Семипалатинскій листокъ» «17 қазан манифесі мен одан кейінгі тұста Ә.Бөкейхановтың қазақ тілінде газет басып шығару үшін қырға жүріп кеткенін» хабарлады.11
Ал 1905 жылдың қараша айында Алаш көсемі Ресейдің «жергілікті (земский) және қалалық қайраткерлерінің» Мәскеудегі сиезінде қазақтың сөз бостандығына зәру екенін айтып сөз сөйледі. Ол: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы, сөз бостандығы әсіресе алдағы сайлау науқанына қажет» деп мәлімдеді.12
«ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІНІҢ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ «ҮСТЕМДІГІ»
Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін Орынборда басып шығаруға ресми рұқсат басылымның меншікті иесі ретінде Мұстафа Оразайұлына және бас редакторы есебінде Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы күні берілген.13
Ерекше айта кету керек: Алаш зиялылары, оның ішінде ең алдымен Әлихан Бөкейхан газетті Семейден шығаруды жоспарлаған болатын. Алайда, 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісі жеңіліс тауып, одан да зоры – бүкіл 5 миллион қазақ халқын сайлау-сайлану хұқынын айырған «1907 жылғы 3-маусым заңы» қабылдануының салдарынан қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері Дала өлкесінен қуылды: 1909 жылы Семей түрмесінен бостандыққа шығысымен Ә.Бөкейхан Самарға, сол түрмеден 1910 жылы шыққан А.Байтұрсынұлы – Орынборға жер аударылды, 1913 жылдың 5 наурызында тағы да Семей түрмесінде 1,5 жылдай отырып шыққан М.Дулатұлы да Орынборға да Ахаңа келіп қосылды. Дәл сол 5 наурыз күні «Қазақ» газетінің 5 саны жарыққа шыққан еді. Ал апталық «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сінде жарық көрді де, 1915 жылдан аптасына екі рет шығатын болды.
Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтіп, тозып жетіп жыртылғанша оқылды. Оны сол заманда Дала және Түркістан уалаяттарына немесе 9 облыс пен 1 губернеге бөлінген14Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұрт жаздырып алды.
«Қазақ» газетін отаршыл империяның езгісіндегі Польшаның Варшавасы мен Киевтен Қазанға, Санкт-Петербордан Томскіге дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ студенттері, тіпті Қытай қазақтарының жаздырып алып оқитыны туралы деректер газеттің өзінде де кездеседі. Аз уақыт ішінде «Қазақ» 5 миллионға жуық көшпенді халықтың көпшілігі білетін жалпыұлттық мерзімді басылымға айналды.
Алғаш жарық көрген күнінен бастап «Қазақ» газеті қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне 6 жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет етті.
Оған қоса өзінен бұрынғы басылымдардың бірі де жаңа газетпен не сапасы, не көтерген тақырыптарының сан-салалығы, не таралымы жағынан тең келе алмады. Бірінші жылы 3 мың таралыммен шығып тұрған «Қазақтың» таралымы, Сорбонна университеті (Париж, Франция) зерттеушілерінің мәліметіне қарағанда, көп кешікпей 8 мыңнан асып жығылды.15 Бұл өзінен бұрынғы басылымдардың бәрін қосқанда да көп болады.
Егер «Серке» мен «Қазақ газеті» немесе «Айқап» журналы оқыған және қалталы қазақтардың арасынан шыққан бір азаматтың немесе санаулы халықшыл азаматтың кездейсоқ және жеке бастамасымен пайда болса, «Қазақ» газеті тиянақты мақсат-мүддені көздеп, тұрақты қаржыландыру көзіне сүйенген ұжым еді.
Егер қайсыбір басылым, мысалы, «Қазақстан» мен «Қазақ газеті» немесе «Айқап» негізінен қаржының жетіспеуінен тоқтап қалған болса, «Қазақ» газетінің сенімді демеушілері болғанына мынадай дәлел бар: газет шығып тұрған 1913 жылдың ақпанынан 1917 жылдың соңына дейін оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы сан рет тұтқынға алу немесе айыппұл төлеу секілді түрлі жазаға тартылса, абақтыға жабылған әр жолы бірнеше мың патша рублі мөлшерінде ақшалай кепілдік төлеп босап шығуына тура келетін. Ол заманда мұндай қаржыға «Қазақ» секілді бірнеше газет ұйымдастырып басып тұруға болатын.
«ҚАЗАҚТЫҢ» ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАРЫ
Әлихан Бөкейхан 1910 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген «Қазақтар» атты тарихи очеркінде16 атап көрсеткендей, 1917 жылғы дейін қазақ арасында қалыптаса бастаған екі саяси толқынның бірін «ұлттық-діни қозғалыс» деп атауға болады.
Екінші саяси қозғалысты Ә.Бөкейхан «батысшыл» деп атайды және «ол қазақ даласының келешегін – кең мағынада айтқанда – саналы түрде Батыс мәдениетін жүзеге асыру арқылы көреді».
Егер де алдыңғы мерзімді басылымдарды негізінен ұлттық-діни қозғалыстың өкілдері ашқан болса, «Қазақ» газетінің құрылтайшылары – Әлихан Бөкейханның өзі мен оның сенімді үзеңгілестері – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы (5-сурет), Райимжан Мәрсекұлы (6-сурет) сынды «батысшылдар» болатын.
Оксфорд университетіндегі Орталық Азияны зерттеу қоғамының пікірінше, «Қазақтың барлық маңдайалды жетекшілері оның [«Қазақ» газетінің] қызметкерлерінің арасында жүрді, оның ішінде М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, А.-Х.Жүндібайұлы, М.Тынышбайұлы және тағы басқалар бар…».17
«А.Байтұрсынұлы және басқалар өздерінің қазақ тарихы, қазақ фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерін жариялады. Жалпы «Қазақ» газеті өте жоғары ғылыми деңгейге жетті» деп есептейді Оксфорд университетінің зерттеушілері.18
Әйтсе де «Қазақ» газетінің құрылтайшылары ағартушылықпен қатар, негізі 1905 жылғы «Қарқаралы петициясына» жазылған саяси мақсаттар мен мүдделерді де, оның ішінде стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырғысы келді.
Петицияда көрсетілмеген маңызды мүдденің бірі – газеттің атауы. Ол туралы «Түрік баласы» газеттің екінші санынан бастап «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған тізбекті мақаласында былай деп жазды: «…Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы».19
«ҚАЗАҚ» ЖАБЫЛДЫ, БІРАҚ ОНЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ ОРЫНДАЛДЫ
«Қазақ» газеті мен оның құрылтайшыларының орта және ұзақ мерзімге жоспарлаған саяси мақсат-мүдделеріне тоқталсам, олар мыналар болатын:
– Қазақтардың 1907 жылғы 3 маусым заңымен жойылған сайлау және сайлану құқығын қалпына келтіру;
– Келімсектерді қоныстандыру арқылы отарлау саясатына қарсы тұру және тәркіленген жерлерді қазақтарға қайтарып алып, меншікті жері ретінде заңдастыру;
– Ауыл мектептеріне қазақ әліппесін енгізу, осы мектептерде балаларды ана тілінде оқыту және Болыс кеңселері мен халық соттарында ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу арқылы астыртын және ашық орыстандыру саясатына төтеп беру;
– Дала өлкесіне заң жүзінде земство (жергілікті басқару) тетігін енгізу мен дамыту арқылы жаңа қазақ мемлекетінің іргетасын қалай бастау;
– Қазақтарды әскери қызмет атқаруға заң арқылы міндеттеу, сол арқылы қазақтар үшін қазіргі заманның әскери ілімі мен қару-жарағына жол ашу.
Ал «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшыларының көздеген түпкілікті мақсаты – қазақтың ұлттық мемлекеттігін қайта көтеру және Әлихан Бөкейхан өзінің «Қазақтар» очеркінде атап өткендей, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі негізінде «батыс мәдениеті жүзеге асырылуға тиіс» болатын.20
Алдына міне осындай мақсат-мүдделерді қойған «Қазақ» газеті мен оның құрылтайшылары мақсаттарына монархиялық билік дәуірінде қантөгіссіз күрес жолымен жетуге ұмтылды.
Алайда, отаршыл империя заманынан аман шыға білген «Қазақ» газеті совет өкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылды. Көп ұзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті.
Ал Алты Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханның саяси қуғында өткізген «Самар кезеңін» бірауыз сөзбен түйіндесем, саяси қуғында болған 1909-1917 жылдары ол көптеген ғылыми-публицистикалық еңбектер жазды. Петербордан баслып шығатын «Сибирские вопросы» журналы, кадет партиясының «Речь» және «Слово»,21 Ресей мұсылмандарының «Мусульманская газета», «В мире мусульманства» газеттеріне22(бәрі де С.-Петерборда басылып шығып тұрды) мақалалар жариялады. Патшалы Ресей астанасы – Петерборда 1917 жылға дейін шығып тұрған Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефронның «Жаңа энциклопедиялық сөздігінің» редакция алқасының мүшесі болды.
Әлихан Бөкейхан үшін Самардағы саяси қуғынның мерзімі – Ресей империясын 300 жылдан астам билеп-төстеген Романовтар әулетінің ақырғы өкілі – ІІ-нші Николай патшаны тақтан түсіріп, самодержавиелік билікті құлатқан 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің арқасында ғана аяқталды. Алаш көсемі Ақпан төңкерісін майдандағы тыл жұмыстарына шақырылған қазақ жігіттерінің күй-жайын күту үшін Батыс майдан шебінде Минскі түбінде Земгорсоюз ұйымының «бұратаналар бөлімін» басқарып жүріп қарсы алды. Көп ұзамай құлатылған самодержавиенің орнына құрылған бүкілресейлік Уақытша үкіметтің Қостанай облысындағы комиссары болып тағайындалып, елге оралды да, қазақтың тұңғыш саяси ұйымы – Алаш партиясын құрып, екі бірдей жалпықазақ сиезін, оның ішінде Алашорда ұлттық-территориялық автономиясын жариялаған 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндеріндегі ІІ-жалпықазақ сиезін шақыруға мұрындық болды. Іс жүзінде қазақтың ұлттық мемлекетінің іргетасын қайта көтерген Алашорда автономия жарияланған күні – Әлихан Бөкейхан басым дауыспен оның тұңғыш әрі ақырғы төрағасы болып сайланды.
Сұлтанхан Аққұл
«Әлихан Бөкейхан» көптомдық, 8-том.
Jebeu.kz
Әлихан. Гладиш, Николай Александрович. Мүнәһиб-Некролог.//«Қазақ» газ., № 188, 1916 ж. С.-Петербор.
Аккулулы, С. А.Букейхан и русское масонство. газета “Казахстанская правда”, 28.10.93 г.; журнал “Простор”, 1994, № 3, стр. 130-138;
Кеrensky А. Russia and History`s Turning Point. New-York, 1965;
Елшин А.Г. Самарская хронология. – Самара, 1918 г. 52 стр.
Бронштейн, Лейба Давидович – Лев Давидович Троцкийдің нағыз аты-жөні.
Кеrensky А. Russia and History`s Turning Point. New-York. 1965.
Сонда.
Беннигсен А., Лемерсье-Келькежей Ш. «Пресса и национальное движение среди мусульман России до 1920 года». Париж, 1964 г.
Петиція казаховъ [киргизъ].//«Сынъ отечества», газ., № 173, 04.09.1905 г. СПб.
Выступленіе А.Н.Букейханова на ноябрскомъ съезде земскихъ и городскихъ деятелей въ Москве.//«Семипалатинскій листокъ», газ., № 239, 08.12.1905 г. Семипалатинскъ.
Из сибирской жизни: Член Государственной Думы от киргиз Семипалатинской области Букей-Хавнов Алихан Нурмухамедович.//«Наша жизнь», газ., 21(4 июля) июня 1906 г. СПб. – «Семипалатинский листок», газ., № 34, 20.06.1906 г. Семипалатинск.
Сонда.
ЦГИА г. С.-Петербурга: фонд № 776, опись № 21, дело № 16.
Қыр баласы. Қазақ.//«Қазақ» газеті, № 8, 1913 жыл. Орынбор.
Беннигсен А., Лемерсье-Келькежей Ш. «Пресса и национальное движение среди мусульман России до 1920 года». Париж, 1964 г.
Букейхановъ А.Н. Киргизы.//Костелянскій, А.Н. (ред.). Формы национального движенія въ современныхъ государствахъ. стр. 577-600. 1910 г. СПб.
Общество изучения Средней Азии. «Казахи о русских до 1917 года. А.Букейханов, М.Дулатов, А.Байтурсунов, Т.Рыскулов».//Оксфорд, Англия, 1985 г. Репринтная серия № 5.
Сонда.
Түрік баласы. Қазақ тарихы.//«Қазақ» газеті, № 3, 16.02.1913 жыл. Орынбор.
Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное.//«Қазақ энциклопедиясы». Алматы, 1995 ж. 66 бет.
«Речь» және «Слово» газеттерінде жарияланып тұрғанын Ә.Н.Бөкейхан 1937 жылдың шілдесінде Мәскеуде тұтқындалып, Бутырка түрмесіне жабылған соң өз қолымен толтырған «тұтқын анкетасында» жазып көрсетті. Құжаттың көшірмесін 1995 наурызында Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ РФ) ұсынды.
«Мусульманская газета» және «В мире мусульманства» газеттерінен Ә.Н.Бөкейханның 1911-1912 жылдары «Киргизъ-Кайсакъ», «Алихан», «Ал.-Кочевникъ» деген бүркеншек есімдерімен жариялаған мақалалары табылды: Киргиз-кайсакъ. Изъ жизни киргизъ//«Въ мире мусульманства», газ., № 32 от 25 ноября 1911 г.; Алиханъ. Заметки читателя (по поводу Устава о воинской повинности)//«Въ мире мусульманства», газ., № 36 от 23 декабря 1911 г.; Ал. Кочевникъ. Жертва «черной смерти» (Рубрика «Изъ жизни киргизъ»).//«Мусульманская газета», газ., № 25 от 24 декабря 1913 г. СПб.