Қазақтың менталитеттік ерекшеліктері замана талабына сай ма ?

admin2 2018-07-10 30 ℃ Қысқаша

Қазақ деген ұғым адамзаттың этнопроцесіндегі аса нәзік кұбылыс. Бүгін қазақ ұлт ретін...

c2b46a6244a61e9cfe43ae55852cdfa4.jpg

 

Қазақ деген ұғым адамзаттың этнопроцесіндегі аса нәзік кұбылыс. Бүгін қазақ ұлт ретінде өзі-өзін жандандыру процесін басынан кешіруде. Бұл процестің астарлы тұстары тым көп.

Қазақ көшіп-қонып өмір сүрді. Әуелі көне түркі, моңғол, парсы, мұсылман, соңынан Шығыс славянның Русь қанатының ықпал билігінде болды. Күллі адамзат әсіресе оның батыс бөлегі басынан неше мәрте кешірген ренессанс дәуірін қазақ көрген жоқ. Ұлттың жұлдызы сөнбегенімен тәңірі құлдырап, тағдыры тағандаумен болды.

Нағыз қазақы болмыс, тіл-мәдениет, салт-дәстүрі ұйып қалыптаса бастаған ХVІ-ХVІІ ғасырда Жоңғар шапты. 1820 жылдары елдіктен айырылды.

1723-1728 жылғы «Ақтабан шұбырынды», 1916-1917 жылғы қилы заман, 1930 жылдардағы күшпен қауымдастыру, аштық, 1937-40 жылдардағы әпербақандық саяси зілзаланың салдарынан қазақтың бір бөлегі жан сауғалап атажұрттан үрдере көшуге мәжбүр болды. Ауа көшу қазақтың ең бір еңсесі түсіп күйзелген тұсына тап болды да, жат елге ұлтының небір күйкі тірлігін, оның қалжаураған мінезімен қоса ала кетті. Атажұртта қалғандары өз жерінде саяси-әлеуметтік тағандауға ұшырады.

Біз қазақ деген игі жақсы қасиет, жағымды мінез-құлықтан кенде емес халықпыз. Бірақ қаншама зерделіміз дегенмен соңғы ғасырда елеулі өзгерістерге ұшыраған бүгінгі қазақы болмысымыз келе жатқан жаңа ғасырдың өткір талаптарына сай келер ме? Ұлт жүзінде мойнымызға замана артып отырған ауыр жүкті арқалауға әзірміз бе?

Мінеки, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы үйытқы болып отырған бүгінгі бас қосуда қазақ жан дүниесінің энциклопедисі Абай тағылымына сүйене отырып, өздеріңізбен жоғарыдағы сауалдарға ой бөліссем деп едім.

XIX ғасырдың орта тұсында даласын қаратүнек қараңғылык жайлап, ұлттың ар-намысы аяққа басылып, елдің еңсесі түсіп, жан дүниесі күйзелген халықтың ой-өрісінің символы, мұң-зарының рухани тұжырымы ретінде атажұртта - Абай, Алтай-Қобдада - Ақыт Үлімжіұлының өзіндік интеллектілік озық ойы өмірге келді.

Абай дала өміріне диалектикалық таным-мүмкіндігімен, интуициялық терең болмысымен келді. Ол шығыстык және мұсылмандық ілім-таным тіршілігінің игі қасиеттерін қастерлеп бойына сіңіре отырып, ойламның шығыстык ортодоксалдық шеп-шеңберінің қылын үзді. Ал адам мен табиғаттың ара қатынасының сырын айыра білу, адамның ішкі жан дүниесінің жүрек сырын тани білуге келгенде Абай батыс ойшылдарымен терезесі тең түсті.

Абай өмірді ақ пен кара, адал мен қарам, өтірік пен шындык, махаббат пен арсыздық, сұлулық пен сүйкімсіздік, ғакыл мен қуат – Һәм осынау екі жақтылықтың ара қатынасынан іздеді. Табиғаттың жүз құбылған қыры мен сырын ол далалық жан дүниесімен сезініп, сөз маржанымен суреттеді.

Абай өзінің осынау таным-тәсілі арқылы дүниеде баламасыз еш құбылыс жоқ екендігін, ой-пікір, талғам-танымның әржақтылығына, әрбір құбылыстың өтпенділігіне көз жеткізу арқылы қазақ жан дүниелік танымындағы үстірт біржақтылықка қарсы тұрып, оны жеңіп шығуға ат салысты.

Өзі туып, аясында өскен азғантай халықты, оның тұрмыс- ахуалын, жан дүниесін жетік тану Абайдай ғұлама үшін соншама ауыр жүк емес еді. Ол қазақтың менталитеттік жан дүниесін, тұрмыс-тіршілігінің сырын, өмірінің келеңді және келеңсіз жақтарын бүйрек-сирағына дейін ақтарып ашып салды. Онысы қараңғы халқы арланса арлансын, намысы қозса қозсын, ізденсін, бір серпіліп көзін ашсын, ой-өрісін кеңейтсін, көкірегін оятсын дегендіктен еді.

Алтай-Қобдада Ақыт қажының «Ұйқыдан көтер басыңды, өнерге көндір жасыңды, сенен басқа халықтың, ұйқысы шайдай ашылды» деген үні Абай ойының жаңғыруы еді.

Иә, Абайды тудырған қазақ жаны жайсаң бола тұра, тапқан малынан қиянатпен айырылатын, бас билігін көксей тұра басқаға билетуге құмар, «өзіңді өзің сыйласаң жат жанынан түңілер» деген игі мәтелі бола түра, өзіне өзі күңшіл, бір жақсысы ағарып алға шықса, жүз жаманы жабылып қаралауға бейім болып алған еді.

Хансыз халық, ордасыз ел, билігі бөгденің қанжығасында кетіп, рухы тозғын тартқан қауымда нендей қадір-қасиет болмақ? Абай қазақтың осындай берекесіз бір тұсына тап болды да, халықты ұйқысынан оятпақшы болды, өз қатарына тартпақшы болды. Бірақ бәз баяғы далбаса қауым Абайдың интеллектілік озық ойын қабыл алуға әзір емес еді. Әрине, Абай бұл жағдайға жан дауысы шыға күйзелді, әз жаны күңіренді, күңіренді де қазақты жаны жақсы көре тұра оның жан дүниесінің жағымсыз жақтарын ақтарып ашып салды.

Қазақтың Абайды ашындырған бір мінезі білместік, білгеннің тілін алмастық, тобырлық, даурықпа топқұмарлығы еді. Еуропа түсінігіндегі «личность», қазақша «мен, мен, мен едім» ұғымы қазақ жан дүниесіне соншалықты сіңісті болмаған құбылыс. Абай оны да көрегендікпен аңғарды. Сондығынан ба екен бұрын ханымен қақтығысып, ханын қасқыр атандырған қазақ хандық жойылғаннан кейін тіптен бет-бетімен кетті. «Көппен көрген ұлы той, жалғыз жүріп жол тапқанша көппен жүріп адас» деп білікті бірге, білімді азшылыққа сенімсіздікпен қарайтын мінез пайда болды қазақта. «Құдай-ау, сонда жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетін кісінің керегі жоқ па екен» -деп налыды Абай. Налыды да «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» деп тобырлықты надандыққа теңеді.

Абай мұны қазаққа бекер ескертпеген болса керек. Қазақтың осынау мінезі кейін большевистік тобырлық бағытымен сайма-сай келді де, оны елден ерекше жығыла қабылдады: құдайды басқадан жасап алып, өз тәңірін, өз құдайын ұмытты, сөйтіп большевизм тұсында тобырлық қазаққа нағыз ұлттык психологиялық мінез-кұлық ретінде қалыптасты. Бұл мінездің сүлдір көлеңкесі әлі де сейілген жоқ. Қазақ егер біреуді мақтағысы келсе кімді не үшін мақтайтынына соншалық мән бермей-ақ (дарақыланып) мақтай салады, ал егер біреуді қаралағысы келсе топ-топ болып тұс-тұстан жабылады. «Қазақтың өлгенінде жаманы жоқ (өйткені құдайдан қорқады)», тірісінде жамандаудан аманы жоқ» (өйткені өзінен қорқады) - деп Абай бекер айтпаса керек. Өзің қазақ бола түра кейде қазақтың кейбір мінезіне өзің таң боласың. Жаттың бір тәуір адамын көрсе кішірейіп жалбарына қалады, өз қазағының алдында кекірейіп ірілене түседі. Өзі өмірде көп опық жеп басқалардан көп жақсылық көрмегендігінен бе екен, біреуге (әсіресе қазаққа) түймедей жақсылық істесе оны түйедей болғызып айтып жүреді, ал біреуден көрген жақсылығын ұтымды жерде, ұпайлы тұста ғана айтады, оны өзіне мін санамайды, мінез санайды.

Қазақтың экономикалық сана түсінігінің интегралдык белгісі, товар айналымының эквиваленттік көрінісі, мүлік байлығының өлшемі, жан дүниесінің ең бір талма тұсы -малы. Абайдың айтуынша, мал қазақтың діні, құдайы, халқы, жұрты, білім-ұяты, ары және жақыны. Сондықтан болар, әлем түсінігінде мал бағу қазақтың маңдайына тәңірінен жазылған табиғи көрініс ретінде танылады. Қазақ малы арқылы дала тағылары, номада атанды. Қазір қайсы біреулер үшін жұмақ саналатын Кеңес Одағы тұсында да «темір қорыту, қала салу қазақтың қолынан келмейді» деген қауесетпен, қазақ малын бағып құмда қалды, ал малының құмда ізі калмауға айналған мына заманда көпшілігі таяғын ұстап далада қалды. Саудаға, кәсіпкерлікке қазақтың икемі жоқ делінетін бүгінгі ұғым осынау таным-түсініктің жалғасы. Абай кезінде қазақтың бұл ерекшелігін аса қырағылықпен аңғарды. Қазақтың жұмысының жоқтығын, көп уақытының мақсатсыз бос өтетінін, бойкүйездігін, малды азаппен тапса да, адамшылықпен жұмсай алмайтындығын бетіне басып айтты, мал табудың келелі жолдарын ұсынды, басқаларша егін егіп, сауда жасап, ғылым, білім кууға шақырды. Бірақ, амал нешік, қараңғы қазақ бұл ақылына да құлақ аспады, сол бір сылпың жүріс, шолақ ақылынан танбады.

Кешегі қазақ бүгінгі қазақы көпшілікті былай қойғанда, оның славянданған, орыстанған тобының ойлам-болжамының өзінде ата-бабасының антимаркетингтік менталитетінің сарқыны бар: қазақтың бүгін өз атажұртында өзі көзге түрткі болып жүргені осының салдары. Біздің қазақта іздену, қағылездік аз, ит жатыс, мырза тұрыс, мешеулік басым. Бүгінгі қазақ кәсіпкерлері де, Абай айтқандайын, ақшаны иттікпен тауып, иттікпен айырылып жүргенін аңғаруға болады. Мал тапқан ердің жазығы жоқ, әрине. Дегенмен басқа ұлттың кәсіпкерлері дүйім дүниені пайымдап, ұлтының, өзінің ертеңі үшін капитал - мүлік жинайды. Ал біздің қазақтың қаладағы кәсіпкерлерінің қайсыбірі түнгі би ойнақ (шоу) ұйымдастырып, ақшасын шашса, далалық кәсіпкерлер қазір Қазақстанда әлеуметтік көрініске айналған ауыларалық той-томалақтарға демеуші болып, атын шығарам деп көпшілігі құр алақан қалуға жақын жүр.

Өйтпейін десе бірінші құдайдан, ата-баба аруағынан, екіншіден қазақтың «қалталы ағайындарға» деген қара қазандай өкпе-назынан қорқады. Соңғы жылдары өткен тойларға қанша «темір тұлпар» тігілді және бізден өзге қай халық әйт, шу! дегеннің бәріне темір тұлпар міңгізіп жатыр. Кішкентай ғана бір мысал келтіріп көрелікші. Егер қырғыздың торы байталына кеткен үш «Мерседестің» кұнына кішігірім шеберхана, бір наубайхана құрған болсақ, бүгін онда 20-30 адам қызмет жасап, өкімет қоржынына аз да болса бажы түсіп жатар еді ғой. Бүгін сөйткен торы байтал кайда? «Мерседестер» қайда? Барлығы желге ұшты да кетті.

Осының барлығын да Абай жүз жыл бұрын айтып, ескертіп кеткен бір жалғастық жатыр. «Байды кәдірлейін десең бай жоқ. Болса өз басының, өз малының еркі өзінде жоқ. Кей бай өзі біреумен күш таластырамын деп жүз кісіге қорғалауықтығынан (басы байлылығынан) жалынып малын үлестіріп жүр. Ойлайды: жалынтып бердім деп ақымақтығынан» деген Абай. Міне осы тұжырым қазақтың бүгінгі тұрмыс-тіршілігіне сай келмейді деп айтып көріңіз. Не Абай қазақ жан-дүниесінің табиғатын бұдан ғасыр бұрын болжаған, немесе ғасыр өтіп, қоғам өзгергенімен Абай ашқан қазақы психология еш өзгеріссіз қалған.

Міне, қазақша «нарық» деп аталатын маркетингтік тұрмыс тартысы күнделікті өмірімізге ендеп кіре бастады. Жан-жағыңызға аңдап қарасаңыз қазақ арасында бұл бетбұрысқа тұрмыс-салтымен жан-дүниесі, табиғи менталитетімен жаппай бейімделу аз, керісінше жерде жоқты көктен тілеп бойын босқа салушылық, өзінің жеке басының тағдыр-тауқыметін біреудің мойнына артушылық, іске мешеулік басым, қазақы іс-қимылымызда жасанды кірпиаздық көп: аш бола тұра тоқпын дейді (әрине бұл жаман мінез емес), парықсыз бола тұра парықтымын, қолынан келмейтін істі келеді, қатырамыз дейді, бүгін бітіретін істі бүрсігүнге, көктемде бітіретін істі күзге, немесе келесі көктемге қалдырады. Бұл, әрине, бүгінгі күннің талабына сай келмейді. Нарықтың заңы талпыныспен ағарып алға шығу болса, қазақ ағарып алға шығуды еш мойындамайды. Нарықтың заңы уақытты ұту болса, қазақ уақытқа соншалықты мән бермей үнемі ұтылып жүреді. Сөйтіп өмірде қазақтың әттеген-айы түгемейді. XXI ғасырдың шаңын жұтып қалмау үшін уақыт туралы қазақ менталитетіне белгілі өзгерістер қажет. Біреулер ол үшін қамшы керек дейтін шығар, меніңше қамшының сыртында әрбір қазақ таспиық санаған молдадай іштей күбірлеп айтып жүретін ұлттың ішкі тағылым ережесі қажет сияқты.

Еврей балалары ұлт тағылымына бесіктен белі шықпай-ак қанық болады да, бірінші сыныпқа барғанда екі сыныптың бағдарламасын игереді, есейгенсін бір еврей 2-3 адамның ісін атқарады. Еврейлердің әлем парасатын мылтықсыз жаулап алуының бір сыры міне осында.

Біздің қазақ ұлттық немқұрайдылықтың салдарынан ұлттық принциптерінің арқан жібін босатып алды. Бүгінгі Қазақстанның арқау белі саналатын ұлттың өзіндік бойтұмары әлі қалыптаса қойған жоқ.

Миллиард жарым қытайдың түпкі сырын бүгіндері ешкім жетік білмейді. Саны аз болсада еврей, татар, армян қатарлы тас түйін ұлттардың ішкі сырының көптеген қыры бізге әлі де белгісіз. Ал қазақты танып-білу еш қиыншылық тудырмайды. «Қонақжай халықпыз», «Аузымызды ашсақ жүрегіміз көрінеді» деп, бет алды сөйлеп, ашылып-шашылып жүріп көлденеңнің көк аттысына ұлттық тай қазанның құпиясын ашып алатын тұстарымыз аз емес. Бұл елдікке жат ұғым. Сондығынан болар, бізде ұлтын сүюдің, отанын сүюдің екілеген, үштеген принциптері қалыптасқан. Сөйте тұра қайсыбіреулер қазақты әлі де ұлтсыздыққа шақырады. Бұл қазір «бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» тұрған ұлт үшін әнтек ерте емес пе, әлі де тағдыры пышақ жүзінде тұрған ұлт мүддесіне байланысты сан алуан проблемалар осынау ұранның тасасында  қалып жатқан жоқ па? деген сауалдар еріксіз туындайды.

Қазақ даласы өткен жүз жылда саяси-экономикалық, әлеуметтік және этнографиялық елеулі өзгерістерді басынан кешірді. Қазақы ахуал-тұрмыс, оның тілі мен мәдениеті шығыс славяндық немесе русьтык тіл, мәдениетінің ықпалында белгілі реформациядан өтті. Әрине бұл реформацияның тигізген әсеріне бір жақты қарауға болмайды. Оның келелі және келеңсіз (оң және теріс) жақтары бар. Дала қазағы жаппай хат танып, русь тілі арқылы дүниежүзі өркениетінің кейбір жетістіктерімен танысқанын, тұрмыс-салттың отырықшылдық және индустриалдық бет-бейнесі қалыптасқандығын сөзсіз реформацияның келелі тұстары деп тану жөн шығар. Ал реформациялық процестің барысында қазақтың ұлттық жан дүниесі, тіл, мәдениет, салт-санасының  көптеген қасиеттері жұтылып кеткендігін, ұлт өзінің өн бойына тән емес мінез-құлықтың біршама келеңсіз жақтарын бойына сіңіріп алуға тура келгенін реформацияның келеңсіз жақтары деп айтпасқа болмайды.

Бүгінгі өмірге салып көрсеңіз, аталмыш реформацияның келеңсіз жағының тасы басым-ау деп қаласыз. Өйткені соңғы жетпістен астам жылда қазақ жерінде болған саяси-әлеуметтік өзгерістер жалпы адамзаттық, ұлттық біртұтас мүддеге қарсы, оның тек бір тобының шашбауын көтерген идеологияның қатаң бақылауында жүргізілді. Аталмыш идеология қазақшылықты қараңғылыққа санап, феодалдық, патриархалдық деген ат-айдармен қазақтың ұлттық мүмкіндігіне сенімсіздікпен қарап келді.

Айт-айтпа, бәрі бір қазақ - бүгін дербес ел, ол талассыз факті. Бұрын тағдыры басқаның қолында болған қазақ ұлты, енді басқаның тағдыр-тауқыметін өз мойнына алды. Қазақ Республикасының әлеуметтік болмысы, интеллектілік ақыл-ойы, менталитеттік бет-бейнесінің жеткен жері бұдан былай ең әуелі қазақ ұлтының жетістігімен есептелетін болады.

Бұл қазақ ұлтынан бұрынғысынан екі мәрте, үш мәрте күш-қуатты, білім-парасатты, асқан жауапкердшілікті талап етеді, Қазақтың ойдағысы бар, қырдағысы бар осы жауапкершіліктің жүгін көтеруге дайын ба? Мұндағысының рухани азығы жетер-ау, парасаты, жан дүниесі жарар ма екен? Алыстан оралғандары нендей мүмкіндікпен келіп жетті, енді бір сәт осы мәселеге тоқталып көрелік.

 Қазақтың шашыраған кейбір бөліктері араға екі ғасыр салып 1990 жылдары атажұртта қайта тоғысқанда тілдік говоры, таным, ахуал тіршілігіндегі кейбір өзгешеліктері болмаса, қазақтың мінез-құлқына айтарлықтай жаңалық әкелген жоқ. Ежелгі қазақы болмысымен кайтып оралды.

ҚХР-ден келіп жатқандардың дені зиялы қауым өкілдері. Қазақша сөз саптау, диалектологиясындағы бірер ерекшеліктерді айтпағанда, қазақ тілі мен дәстүріне біршама жатық, ізденгіш, мал тапқыш. Қаулаған көптің ішінде өмір сүргендігінен бе екен өз басына, әсіресе басқаның іс-әрекетіне әсіре қырағылықпен қарайды. Жалпы қазаққа тән ақынжандылығы бар, діни ғұрыптан ада да, аса бейім де емес, баяғы қазақы күншілдіктен арыла қоймаған, міне осындай халде екен.

1990 жылдары басталған көштің дені Моңғолиядан келді. Иә, көпшілігі «ұрпағым, елім» деп еңіреп жеткені байқалады. Бірақ ішінара «байлығы көл боп аққан» Қазақстанға жетсек «тоты кұстай түрленіп шыға келеміз» деген асқақ арманмен қолға қараушылық (масылдық) сезіммен келгендері де жок емес. Мұнда келіп «дайын жүмакты» көзімен көре алмағасын қайсыбірі келген ізімен кері кайтып жатқанының бір ұшығы жоғарыдағы сезімнің салдары-ау деп ойлаймын.

Күнделікті тұрмыста қарабайыр көнбіс бола тұра мінез-құлқында бетің-жүзің демейтін бір өр мінезі бар. Онысын кейбіреулер түсінеді, қайсыбіреулер түсіне бермейді. Қазақтың тілін, көне салт-дәстүрін біршама тәуір сақтаған. Мұсылмандыққа аса бейім емес. Күнделікті тұрмыс-салтынан кәдуілгі кеңестік кеңістікте қалыптасқан келеңді-келеңсіз кейбір мінездер байқалып қалады. Бұл турасында атажұрттағы ағайындарға бір қадам жақын. Еңбек құмарлығы да жоқ емес, нарық заңына біршама бейімделе бастаған жайы бар. Бұл бөлімді тек мал соңында жүрген номадалар деп қарауға болмайды, зиялылары да жеткілікті.

Иран, Ауғанстан, Түркия елдерінен келіп жатқан қазақтар өн бойына мұсылмандық сенім-тағылымын сіңіріп келді. Сондығынан болар, бұл топтың пенделік немесе адами тұрғыдағы ары да, дені де таза екен. Мұсылмандық дәстүрлердің кейбір элементтерін сақтаған. Қай-қайсысы отын оттап, суын ішіп келген елдерінің говорында сөйлейді. Тұрған жерінде санының аздығынан болар рулық сана біршама сақталған. Бәз баяғы қазақы күншілдік, жікшілдіктен ада емес, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі өмір салтынан алшақ. Міне осындай жағдайда.

Өзбекстаннан келіп жатқан қазақтардың өмір салты, мінез-құлқында, тілінде өзбектікке тән кейбір өзгешеліктер байқалатыны болмаса, негізінен баяғы кеңестік менталитет салтын сақтаған.

Қай елден келмесін оралмандардың қай-қайсысына тән бір мінез - атажұрттағы ағайындарға деген сәл-пәл еркелігі, еркелігі емес-ау міндетсуі бар. Қазақ үшін қашанда қара шаңырақтағылардың көтерер жүгі ауырлау келетіні рас. Дегенмен жергілікті ағайындар қаншама зілзаланы басынан өткере жүріп, атажүртқа ие болып қалғаны үшін оларға біз әуелі алғыс, ықыласымызды айтумыз керек еді. Менің байқауымша, бізде әзірге алғыс айтудан гөрі өкпе-наз көп. Бұл бірішіден оралмандар атажұрттағылармен психологиялык, тұрмыстық алдын ала дайындықсыз, бой үйретусіз (бейімделу) қоян-қолтық араласып кетіп, әу баста бірін-бірі жете түсіне алмай жатқанында болса, екіншіден орыс тілді элиталық қала қазақтары және еуропалыққа бет бұрған жаңа қазақтар үшін «алыстағы ағайындарын сағынып кеңсірігі ашып» отырмағанында ма деп ойлаймын. Русьтанген қазақтар, әсіресе олардың ауқатты топтары «қазақтың жеріне кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанымен ісі жоқ, тек өз мысығы тышқан ұстаса» болғаны. Ал қарапайым ауыл қазағы, тұрғылықты ұлтжанды зиялылар қазақтың тобын молайтуға мүдделі.

Ел боламыз, ұлт боламыз деп қара шаңырақта тоғысып жатқан қазақтың жай-күйі міне осындай: Көріп отырғанымыздай, ішкі кұрамы бұратана, тілі шұбар, мінез-кұлқында айшықты өзлгешеліктер бар. Осыған байланысты қазақтың ежелгі салты, мінез-кұлқы және жаңа заман, жаңа мұрат-мүдде арасында елеулі қайшылықтар байқалады.

Біз мұнда «Кеңестік көне жүйе және әлеуметтік-экономикалық жаңа қатынастар арасындағы қарама-қайшылықтар» деп саясаттандыруға бармай-ақ, бүгін өзіміз сөз етіп отырған мәселе төңірегінде ой толғасақ дейміз:

– қазактың  бұрынғы  басқаға  бағынушылык,  ұлттық нигилизм психологиясы және ұлттық дербестікке, азаттыққа ұмтылған жаңа  отаншылдық,  ұлттық  сезім  арасындағы қарама-кайшылық;

– бұрынғы  қазақы   далбасалықпен   әр   қадамы   0:0 нақтылығымен   есептелетін   бүгінгі   тұрмыс   арасындағы кайшылық, қазақ күні бүгінге дейін бұл есептен ұтылуда;

– бұрынғы далалық енжарлық пен бүгінгі қауырт екпінді тұрмыс арасындағы немесе қазақтың   «жайлы жатып жай тұру»  психологиясы  мен  бүгінгі  күннің  жатпай-түрмай іздену талабы арасындағы қайшылык;

– қазақтың   ежелгі   «көппен   көрген  ұлы   той»   деп,  ашылып-шашылушылық психологиясы мен адам басы тас түйінденіп,  әркім  өзімен-өзі  болып  жатқан  бүгінгі  тұрмыс арасындағы қайшылық.

Оның үстіне қазақтар арасында тілдік, тұрмыстық және әрқайсысы өз ортасына қарай топтасып-тобырласуы бар. Мысалы: орыс тілді элиталық қазақтар қазақ тілді қандастарынан гөрі орыс тілді ортаға үйір. Ал қазақ тілділері орыс тілді марқасқаларға қымсына қарайды, тіптен олардан аулақ жүруге тырысады. Орыс тілді қазақтар қазақ тілін жетік білмегенін ар санамайды, ал қазақ тілділер орыс тілін жетік білмегенін ар санайды. Өйткені біздің Қазақстанда әзірге орыс тілін жетік меңгергендердің, қазақша айтқанда, алшаңдап өмір сүруге мүмкіндігі бар. Ал қазақ тілі арқылы олай кең көсіле алмайсың. Сөйтіп қазақ ұлт ретінде ала-құла.

Көпшенділерге жаны жақын Лев Гумилев өзінің «Биосфера земли» немесе «Жердің жан бойы» атты еңбегінде «Әрбір демографиялық ойсыраудың соңында ұлтының (этностың) негізгі мұрат-мүддесінен қол үзе бастаған аумақтық субэтностар пайда болады. Көпшілік жағдайда олардың не тек аты ғана қалады, не мінез-құлқы мүлдем басқаша жаңа этностар пайда болады. Ондай этностар тек өрлеудің серпіліс кілтін тапқанда ғана өмір сүре алады» -деп,  жазыпты (Л.Гумилев. «Биосфера эемли» М., 1997, 517-б).

Сонда ел боламыз, ұлт боламыз деп талпынған бүгінгі қазақтың серпіліс кілті не болмақ? Қайсыбіреулер ұлттык идеология қажет дейді. Меніңше қолдан идеология жасау мүмкін емес. Қазақта идеология біреу, ол ұлтының азаттығы. Бұл идеология тірі, қазірде халқына қызмет етуде.

Қайсыбіреулер діни тағылым дейді. Әрине ұлттың ұлт ретінде өмір сүруіне діннің әсері бары рас. Қазақ сахарасында мұсылман діні бұрын да терең орнықпады. Оның үстіне коммунистер 1920-30 жылдары діннің тамырын түбірімен қиып тастады.

1990 жылдан бері діни сенім қайта тіріліп, мешіттер бой көтеріп, медреселер ашыла бастады. Бірақ мұсылман тағылымынан әзірге бізге келіп жеткені бар-жоғы өлім төңірегіндегі рәсім әліппесі, судыр ережелер ғана. Мұсылмандық нағыз тағылым философиясының, адами қатынастардың этикалық түбейгелі салт-санасының, заңдық ғұлама қағидаларының ауылы әлі де алыста жатыр. Біздегі мұсылмандық басқадай діни ағымдардың алдында да, саясаттың алдында да қаукарсыздық танытып отырғанының сыры міне осында жатыр.

Осынау әлсіздікті пайдаланған орыс саясаткерлері 1917-1930 жылдары «панисламизм», «пантюркизм» деген қорқыныш қосыны арқылы Орта Азия халықтарын мұсылман әлемінен бөліп алғаны сияқты, бүгіндері біздің бұрынғы кеңестік сенімімізді пайдаланып «ана-Иим, мына-Иим» деген желеумен, бұрынғы КСРО шекарасын мұсылман әлемінен қайта бөліп ала бастағанының көзі тірі куәгері болып отырмыз.

Істің барысы осылайша өрбісе, бізде 1990 жылдары қайта тіріле бастаған мұсылман діні бесігінде қайтадан қыршыны қиылуы мүмкін. Ұлттың жан дүниесіне елеулі әсер ету үшін діннің терең ілім тағылымы қажет. Біздің қазақ діндарларынан осынау тағылымның биік межесін көре алмай отырмыз. Бұл біздегі діни ілім ұлттық серпіліске төтеп бере алмай отыр деген сөз.

Меніңше, ұлтты бір құтқарса өзіндік қолтаңбасы бар нағыз ұлттық құндылықтар ғана кұтқара алады. Ұлттық ондай құндылықтардың қатарына: Атамекен - Жер, ана тілі, ұлттық тарих, ұлттың төл өнері мен әдебиеті, ұлттың өзіне тән дүниесі жатады. «Нағыз» деп пысықтап отырғаным, қазақтікі дегеннің бәрі алтын емес, олардың ішінде іліп алары да, ілікке жарамайтын өтпелілері де бар.

Ал біздің сол «нағыздарымыздың» халі қалай? Соған тоқталып көрелік. Атамекен - жеріміздің тағдыры Президент пен Парламенттің құзыр-билігінде тұр. Тіліміз шала жансар халде.

Отандық тарихымызға келсек, соңғы жылдары оның өзіндік жаңаша түғыры қалана бастағаны қуантады. Бірақ ауыл-ауылдың тарихы, ата-атаның көкірек шежіресін жасау арқылы әр топ өз төбешігінің күйін күйттеп, жоғын жоқтайтын ежелгі мінезімізді тастайтын түріміз жоқ. Соңғы жылдары шежіреші сымақтар тіптен қаулап кетті. Қазақша кейбір басылымдардың бетін ашып қалсаңыз пәленбай атаның шежіресі, пәленбай рудан шыққан пәленшекең деген батырдың ерлік хикаясынан басың айналады. Мына заманда қай халық өстіп шашырап жатыр, шашырап жатқан біз ғана. Бөлініп-жарылудан қазақ ұтылмаса ұтқан тұсы бар ма еді? Осы мәселені өзіміз-ақ бір тезге салатын уақыт жеткен жоқ па? деп алдарыңызға сауал тастағым келеді.

Қазақ ақыл-ой, әдебиеттен кенже емес. Оның көш басында ұлы Абай тұр. Бірақ амал нешік, сөйткен Абайдың шығармаларымен қазақтың 10-15 пайызы ғана таныс екен. Жан дүниеміз азан-қазан, дыр-думан. Көпірме сөз көп, бүгін-ертең тас түйін жиыла қоятын түріміз көрінбейді. Басқаны былай қойғанда, қазақ екеш қазағымыздың өз ішінде елміз, жұртпыз дегенді әлі толық сезіне қоймаған жандар бар.

Осының бәрін көріп-біле отырып, жеттік, жетілдік деп бөркімізді аспанға атуға меніңше әлі ерте. Бұл жолымызда әлі де үлкен-үлкен тосқауылдар күтіп тұр. Біз қазақ деген жаратылысымыздан ит үргенде ғана елең етіп, жау келгенде ғана басымыз бірігетін халықпыз.

Уақыт біздің басымыз қашан қосылатынын күтіп тұрмайды. Келер ғасырдан өз несібемізді алып қалу үшін ұлттық жаңа серпіліс жасауымыз керек. Әрбір қазақ баласы өз жан дүниесін жаңғыртумен қатар, ұлттық қүндылықтарымызды қастерлей білсе серпілістің бастауы сол болмақ.

 Зардыхан Қинаятұлы

«Шетелдегі қазақ диаспорасы және

Ана тілді сақтау мәселелері» конференция материалы.

Алматы, 2000,16-27 б.

Jebeu.kz

Ақиқатты айтқан Артықбаевқа хат
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТҰҢҒЫШ МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАР