Бүгінгі «ДАТ!» айдарының қонағы – Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның тізімі бойынша Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаттығына ұсынылған қоғамшыл, қазақшыл азамат, білікті кәсіпкер азамат, «Жебеу» қоғамдық қорының бас хатшысы Рахым АЙЫПҰЛЫ.
– Рахым мырза, бүгінде депутат болуға ұмтылу, оған азаматтық мүдделілік таныту мәселесін сіз қалай түсіндіріп берер едіңіз?
– Мұның түсінбейтін дәнеңесі де жоқ. Сіздің сұрағыңыздың астарында менің шетелде туып-өскендігім себепті депутат болғым келгені қызық көрінетін сияқты. Біріншіден, айтарым – мен ең алдымен ҚР азаматымын. Өз елімде 23 жылға жуық тұрақты тұрып келемін. ҚР азаматы атанғаныма да 20 жыл болды. Елге оралғалы бері өз елімде болып жатқан әлеуметтік және саяси жағдайларға ешқашан бей-жай қараған емеспін. Өз көзқарасымды, білген-түйгенімді бүкпесіз айтып та, жазып та келемін. Және бірінші рет саяси додада бақ сынап отырғаным жоқ. Есіңізде болса, 2007 жылғы парламент мәжілісі сайлауында сіз екеуміз осы Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның атынан үміткер болып сайлауға түстік емес пе?!
– Cіз мені дұрыс түсінбей қалдыңыз. Мен сізден осы үлкен сайлау додасына түсуші белгілі бір азаматта қандай саяси мақсаттар болуы мүмкін деген ойды білмек болғам… Оқасы жоқ, дегенмен осы сұрақтың жалғасы іспетті сауал: алда жаңадан сайланатын парламент, оған жаңадан сайланатын депутаттар елдегі қазіргі саяси жүйе жағдайында әлдебір қоғамдық өзгерістер жасау мүмкіндігіне ие болады деп ойлайсыз ба?
– Сіз меңзеп отырған қоғамдық-саяси өзгерістерге парламент мұрындық болады дегенге дәл осы саяси жүйе жағдайында ешкімді сендіре алмайсыз. Бірақ елімізде саяси өзгерістердің көп кешікпей жасалатындығына өз басым шүбә келтірмеймін. Оған Ақорданың өзі де мүдделі болып отыр. Есіңізде болса, өткен жылы Көкшетауда парламенттің билігін күшейту жөнінде елбасының өзі бастама көтерген жоқ па?! Ол өзгерістердің ауқымы қаншалық боларын әзірге бағамдау қиын, әрине. Сол аталған конституциялық
өзгерістерді осы кезекті сайланатын парламент заңдастырып беретін болады деп жорамалдаймын.
– Айтпақшы, ЖСДП құрылтайында сіз тарап кеткен мәжіліс депутаттары қазақ көшін жеделдету тұрғысында шыбық басын сындырмағанын айтқан екенсіз. Сондағы сөзді газет оқырмандарына түйіндеп берсеңіз.
– Иә, ол құрылтайда тарап кеткен мәжіліс депутаттарын сынағаным рас. Бірақ «шыбық басын сындырмады» деген жоқпын. Олай айту қиянат болар еді…
– Бұл сіздің сол сиезде сөйлеген сөзіңізді журналистік тұрғыда афоризмге астастырған түрім ғой… Мен «тықпалаған» сұрақтар сіздің ой-орамыңызды қоралай қоймас деп ойлаймын. Енді бір кезекте депутаттыққа үміткердің қандай азамат екенін елге таныту үшін осындай журналистік «провокация» жасауға тура келеді. Бұл енді кәсібиліктің айласы…
– Түсінем, Ереке. Мен қандай іс пен сөзде болмасын, тек нақтылықты қалайтын адаммын. Менің көңіліме қонбайтыны – мен елге оралған 1993 жылғы Жоғарғы Кеңестен жақында ғана таратылған бесінші шақырылған парламенттің мәжілісіне дейінгілердің тірлігіне көз салып қарасақ, олардың өкілеттігі мен депутаттардың сапалық деңгейі жоғарылаудың орнына,
барған сайын майдаланып, шөгіп, жоғалып бара жатқандай көрінеді. Бір кездері жерді жекешелендіруге байланысты парламент пен үкіметтің арасында қызу айтыс туындағанда, Жармахан Тұяқбай бастаған парламент депутаттары Иманғали Тасмағамбетовтің үкіметін орнын босатуға мәжбүр еткенін халық ұмыта қоймаған болар. Мен осы құрылтайда 2013 жылғы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын қараған кезде парламент мәжілісіндегі депутаттардың ұлт мүддесі таразыға салынған сын сағаттарда жалтақтық және жауапсыздық танытқандығын баса айтқан болатынмын. Білесіз бе, көші-қон заңнамаларына енгізілген сол жолғы өзгерістердің салдары тым ауыр болды.
– Білгенде қандай! Біздің газет қазақтың сіз сияқты тағы бір патриоты, ақын азамат Ауыт Мұқибектің жазғандарын жиі-жиі және жалпағынан жариялап тұрды…
– Білем. Бәрін оқыдым. Қинайтыны сол – қазақ көші үш жыл бойы қаңтарылып тұр. Үш жыл тарих үшін қас-қағым сәт, әрине. Бірақ шетелдердегі қандастарымыз үшін үш жыл деген орны толмас, жылап кеткен қаралы жылдар болды. Өткен жылы аталған заң жобасы парламентте қайта қаралған
кезде ұлтқа жаны ашитын біраз депутаттардың айтарлықтай белсенділік танытқандығына іштей риза болдым. Және солардың арқасында біз дайындап берген ұсыныстар түгелге жуық қабылданды.
– Иә, жекелеген депутаттар мен тиісті мекемелерден суырыла шығып, осы заңды қазаққа қарайлас деңгейде қабылдауға атсалысқан азаматтардың аты-жөнін Ауыт ақынның айтуымен біз де газетте жария еттік. Дегенмен, «оралман» деген оғаш айдар тағылған қандастарымызға қатысты тағы бір теріс тақырып қылаң берді: әсіресе электронды БАҚ беттерінде «оралман ағайындардан депутат сайлау – бір қазақты бөлудің белгісі» деген сөз туып жатыр. Мәселен, «ассамблея» деген атауы бар әлеуметтік топтың парламентте өз өкілдері бар. Сол сияқты облыс әкімдері өз құзырымен іріктеп, жергілікті мәслихат арқылы сенатқа өзінің өкілін жібере алады. Сонда елге оралған 1 миллионнан астам ағайынның мүдде-мәселесін көтеретін депутат кімнің тақиясына тар келуі мүмкін?
– Сол «туып жатқан» сөзге аздап түзету енгізейін. «Оралман-депутат» деген ұғым құқықтық тұрғыдан дұрыс емес. Оралман ол – елге оралған қандастарымызға азаматтық алғанша берілетін уақытша мәртебе. Ал азаматтық алғаннан кейін, олар Қазақстанның толыққанды азаматы атанады. Оның көңілі қаласа, қарым-қуаты жетсе, депутат немесе министр болуға да толық құқығы бар. Мәселе сол – елге оралып, ҚР-ның толыққанды азаматы атанған қандастарымыздың арасынан біздегі әділетсіз сайлау жүйесі мен тамыр-таныстыққа құрылған кадрлық саясаттың кесірінен 25 жылда бірде-бір парламент депутаты, не болмаса мемлекеттік деңгейдегі жоғары лауазым иесінің кездеспеуінде жатыр. Бүгінде ұрпақтарымен бір жарым миллионнан асатын әлеуметтік топты құрайтын осы қандастарымыз қалыптасқан жағдайға байланысты саяси партияларға өтініш-өкпе айтып жатса, оған түсіністікпен қараған жөн ғой деп ойлаймын. Бұл бөлініп-жарылу, не болмаса үй ішінен үй тігу емес. Көш тауқыметін өз басынан өткерген азаматтар парламентте отырса, көш көлікті болар ма еді деген ойдан өрбіген талап-тілектің көрінісі.
Сізге мұның ащы бір мысалын айтайын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елге оралған мен және менің замандас достарымның Алматыда туған немесе сәби шағында келіп, осында өсіп, ержеткен балалары артымыздан енді көшіп келіп жатқан ағайын-туғандарымыздың дәл біздей ашына айналып, тоғына толғанбайды. Ал сырттан келген ағайындар да депутат болсын деген өтініш-тілектерді сырттан келген ағайындардың өкілдерінен гөрі, ата жұртта туып-өскен ағайындардың, әсіресе аузы дуалы зиялы қауым өкілдерінің көбірек көтеріп жүргендерін көріп, ұлтымыздың осылай өсіп-толысып келе жатқанына тәуба дейсің.
– Жалпы, тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде шеттен келген ағайындар арасынан мәжіліске бірде-бір депутат сайланбаған ба?
– 1994 жылы көктемде сайланып, соңынан Конституциялық соттың шешімімен таратылған парламентке Европадан келген Ибраһим Гуллер деген азаматтың сайланғаны есімде.
Ибраһим Гуллер сол кезде жоғары оқу орындар округінен белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай екеуі додаға түсті. Мен ол кезде ҚазМҰ-дың Шығыстану факультетінде қытай тілінен сабақ беретінмін. Дауыс беруге азаматтығым болмаса да, кездесулерден қалмай, қатысып жүрдім. Бірде Ибраһим Гуллер мен ҚазМҰ студенттерінің кездесуі өтті. Кездесуге халық әртісі Роза Рымбаева келіп, ән салып, ол кісіге қолдау көрсетті.
Бірақ менің қарнымды ашырғаны – европалық білім алған, белгілі банкир деп жалаулатқан ағамыз студенттердің нарықтық қатынастар, өтпелі дәуірдегі еліміздің экономикалық саясаты қалай болуы керек, жекешелендірудің тиімді жолдары сияқты сан түрлі сауалдарының бірде-біреуіне тұшымды жауап бере алған жоқ. Қазақшасы да оңып тұрмапты. Кейін сайланып, парламентке барған соң да, ол кісінің үнін ести алған жоқпын. Одан кейін сайланған ешкім болған жоқ.
– Әдетте әрбір қоғамдық жағдайдың астарынан саясат іздейтін менің күдікті ойым айтады: Қазақстандағы жалпы қазақтың оннан бірін құрайтын қандастарымызды саяси билікке араластырмауға күш салатын әлдебір мүдделі топ бар сияқты. Сіз қалай деп ойлайсыз?
– Сол үшін арнайы ұйымдасып, жұмыс істеп жатқан топ жоқ шығар… Бірақ қазақтың шын мәніндегі ұлттық мемлекетке айналуына тіс-тырнағымен қарсы тұрып келе жатқан мысық тілеулі, жымысқы күштердің ерекше белсенді жұмыс жасап келе жатқанына өз басым шүбә келтірмеймін. Ондай күштер биліктің биік мінберлеріне берік орнығып алған. Және оларды табанды қолдап отырған сыртқы күштерді де қу ішіңіз сезіп отырған шығар. Қазақты бөліп-жаратын да, ебін тауып өзара қарсы қойып қырқыстырғысы келетіндер де солар.
– Бәлкім, сіз жетік білмейтін шығарсыз – бұл сұрақтың кеңестік заманнан қалған салқыны бар: мәселен, сол заманда 1958-61 жылы Қытай елінен келген азаматтарды Коммунистік партия қатарына, комсомолға алуға, басқару қызметіне тартуға шектеу қойылатын. СОКП-ның сорақы саясаты бойынша, «қытайдан келгендер» деген атау таңылған қазақтардың дені мал бағудан арыға жіберілмейтін алалаушылық болды. Қазір, шүкіршілік, қандастарымыз қоғамның түрлі саласында өз қалаулары бойынша қызмет қылады. Бірақ саяси билік пен мемлекеттік басқару саласында бүгінде
«оралман» атанған қазақтар жоқтың қасы. Осы келеңсіз жәйттің жөн-жосығына ой қосуға қалайсыз дегенім ғой…
– Жоғарыда сөз болған ұлттық ұйысуға қарсы күштер идеологиясының қоздырғыштары не себепті тез таралады және жедел қолдауға ие деп ойлайсыз? Оның түп-төркіні де жаңа сіз айтқандай СОКП-ның сорақы саясаты негізіндегі қазақты бір-біріне жат, тіпті жау қылып көрсететін империялық жымысқы саясатта, коммунистік идеологияда жатыр. Ал сол айықпас дертпен әбден уланған, бүгінде тонын теріс айналдырып киген ескі коммунистер биліктің қай саласында да жетіп артылады. Бұдан арылу – жалпы барша халықтық мәселе болса керек.
– Ал азаматтық қоғам атынан ЖСДП арқылы депутаттық сайлауға түсуіңіздің себебі неде? Мәселен, «Ауыл» немесе «Бірлік» партиясына қолқа салуға болар еді ғой. Оның үстіне елге оралған қазақтардың дені ауылды жерлерде тұрады, ал аты айтып тұрғандай, «Бірлік» партиясы елдің тұтастығын ұран ететін сияқты…
– Сырттан келген ағайындардың саяси партияларға қолқа салғанынан гөрі, партиялардың сол миллиондардың дауысын алу үшін, олардың елге сыйлы өкілдерін өз қатарларына тартқаны тактикалық тұрғыдан өзін ақтайтын тірлік болар еді. Ал өз талғамым туралы айтсам, мен ЖСДП қайта жасақталғалы бері осы партияның Саяси кеңесінің мүшесімін. Ұлттық, әділдік және демократиялық құндылықтар мен үшін бәрінен қымбат. Және де ЖСДП ауылдың жағдайын ойламайды, елдің бірлігіне, ұлттың тұтастығына қарсы партия деп ойлағандар қатты қателеседі. Еркін де әділетті сайлау, шынайы демократиялық құндылықтар ғана елімізді нағыз, шынайы бірлікке бастайды. «Ауыл жылдары» ауылдарды көркейтуге деп бөлінген миллиардтардың есебін түгендеген қай парламентті көрдіңіз? Менің білуімше, әділетті жолмен сайланған парламент қана халыққа шынайы жауапты болады.
– Айтпақшы, «Нұр Отан» партиясының депутаттан үміткерлер тізімінде бірде-бір қандасымыз жоқ екенін көрген шығарсыз?
– Ол партияға белгілі әлеуметтік топтардың дауысы қажет болмаған шығар. Егер билік партиясы алдағы сайлау, сөз жоқ, тартысты, әділетті өтеді деп сенсе, сырттан оралған ағайынды қойып, әрбір жеке адамның дауысы үшін күресетін еді.
– Дегенмен, қазақи әдеп пен саяси салқынқандылық танытып, көңілде жатқан біраз ойыңызды жең ішінде бүгілген бір бармағыңызға қыстырып қалған сізді қайдам, ал менің жанымды ауыртатын тағы бір жәйт бар: бүгінде екінің бірі көкірегін кернетіп, жатқа айтатын «Көк тудың желбірегені» әнін қандас бауырларымыз, әнші-композитор, марқұм Ермұрат Зейіпхан мен ақын Алмасбек Ахметбеков жазған. Осы екі жігіттің ел-жұртына деген патриоттық сезімдері елге оралған жалпы ағайынның ортақ көңіл-күйін білдіретін белгі (орыстар оны «знак», «сигнал» дейді) болса керек. Осындай ұлтжанды сезімді арқалап келген ағайындар мұқым қазаққа өнеге болмас па?
– Ұлтымызға үлгі боларлық патриоттық сезімдері кеудесін кернеген азаматтар қазақ бар жердің бәрінде бар. Өзбекстан, Моңғолия, Иран, Түркия және Европа қазақтарының арасынан өз басым көптеген ғылым, мәдениет, өнер және спорт саңлақтарын білемін. Тіпті олардың талайымен аяқ-табағымыз араласқан дос-жар адамдармыз. Бұлардың бәрі де ұлтымыздың ұлы қазынасы, баға жетпес байлығы деп білемін. Міне, бүгін таңертең ғана өмірден өткен аяулы досымыз Асқар Жакулин қандай азамат еді…
– Иә, Асқарды мен де жақсы білуші едім: талай рет дәм-тұздас болдық. Ұршықтай үйірілген бизнесі бар, сол арқылы қазақ руханиятына да, алыстағы ағайынға да жәрдем етіп келген қарымды кәсіпкер еді… Амал нешік, осы газет арқылы Асқардың туған-туыстарына, оны білетін барша ағайынға көңіл айтамын!
– Рахмет, Ереке! Асқар менен екі жыл кейін – 1984 жылы оқуға барғаннан 30 жылдан аса уақыттан бері сыйластығымызға сызат түспепті. Не бары 51 жасында қайтпас сапарға аттанып кетсе де, ұлтты сүюді, ұлт үшін адал, қалтқысыз, таза еңбектенудің үлгісін көрсетіп кетті. Марқұм намысшыл, өр мінезді жігіт еді. Ол үнемі: «Теледидардан, газеттен қашанда оралманды кедей-кепшік, баласын оқыта алмай, күнін көре алмай отырған байғұс, бейшара етіп көрсетеді. Сондықтан да қоғамда біз туралы сондай теріс пікір қалыптасады. Біздің арамызда оқыған, білімді, іскер азаматтар өте көп. Неге соларды дұрыс жағынан таныстырмасқа? Қашан басымызды көтереміз осы?» – деп күйінетін еді.
Ал ақын Алмасбек Ахметбек пен марқұм Ермұрат Зейіпхан менімен тағдырлас, мұраттас жандар. Алмасбек екеуміз елге қарайлас уақытта көшіп келдік және ҚазМҰ-дың жатақханасында көрші тұрдық. Ұлттық мұрат жолында ойларымыз да үнемі бір арнада тоғысып жатады. Марқұм Ермұрат бауырымның орны мен үшін ерекше еді. Менімен бір мектепте ізімді басып оқыған ол бозбала шағынан маған жұлдызы ыстық, ерекше жақын жүретін. Өзіме оның ақындық асқақтығы, кісілік дегдарлығы, рухани әлемінің кіршіксіз тазалығы мен өзі сыйлаған адамды құлай жақсы көретін мөлдір сезімі менің санамда мәңгілік сағыныш болып, жатталып қалды. Егер біз қазақ көшінің келесі толқынын сәтті жалғастыра алсақ, Ермұрат Зейіпхан, Асқар Жакулин сияқты тәуелсіз еліміздің көк туын жоғары көтеретін, елдік жолында жан қиюға даяр сан мыңдаған саңлақтарға жол ашатын боламыз.
– Ләйім, солай болғай! Сұхбатыңызға рахмет, Рахым мырза! ЖСДП-ға жол түссе, сізді парламенттен көрейік!
– Сол – «жолы» құрғыр қиын болатын түрі бар ғой…
– Бұл енді сайлаудың қаншалықты ашық және әділетті өтеріне байланысты. «Аман болсаң, қатын да аларсың, пұшық күйеу де атанарсың» дегендей, ол жағдайды Наурыз мейрамымен тұп-тура уақытта біле жатармыз. Аман болыңыз!
Ермұрат БАПИ