«Қазақстан жаhандық қауіпсіздікке зор үлес қосып отыр»
Вашингтондағы кездесулер жоғары деңгейде өтті. Әлемнің белді, белгілі ақпарат құралдары да ол туралы жарыса жазуда. Маңызды кездесулердің өзекті тұсы – Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі табанды ұстанымы мен байыпты қызметін жоғары бағалау болды. Бұл іс жүзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық бейбітшілікті сақтау мақсатындағы жеке бастамалары мен осы бағыттағы қажырлы қызметіне, әлемдік деңгейдегі қайраткерлік болмысына берілген баға деп пайымдаймыз.
Кездесуде Елбасы Қазақстан тәуелсіздік алған тұста ядролық арсеналдан бас тартып, Семейдегі сынақ алаңын жапқанын еске салды. «Ядролық қаруы бар елдерге бізден үлгі алуға шақыруға толық моральдық құқығымыз бар. Мұндай әңгімені Иранмен жүргіздік, қазір Солтүстік Кореямен келіссөз жүргізудеміз» деді Қазақстан Президенті.
Ақ үй басшысы да Қазақстанның Корея түбегіндегі ядролық қаруға қатысты мәселеде сенімді әріптеске айналғанын баса айтып, арадағы стратегиялық әріптестіктің Қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалығымен бірге нығая түскеніне ризашылық білдірді.
Екі ел Президенттерінің «Қазақстан және АҚШ: ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік» деп аталатын бірлескен мәлімдемесінде де Д.Трамп БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға сайланған мүшесі ретіндегі Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын атап өтті.
Ол 1992 жылы ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқаннан бастап, таратпау ісіне күш салып келе жатқан халықаралық көшбасшы ретіндегі Қазақстанның мұрасын және ядролық қауіпсіздік жөніндегі қазіргі міндеттемелерін күшейтуін, сондай-ақ химиялық қарудың таратылуы мен қолданылуына жол бермеу шараларын күшейтуді жуырда қолдағанын жоғары бағалады. Екі Президент Солтүстік Кореяның ядролық және зымырандық бағдарламаларын қоса алғанда, жаппай қырып-жоятын қарудың заңсыз таралуын айыптап, ядролық байыту технологияларының таралу қаупін азайтуға бағытталған МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің таяуда Қазақстанда ашылуын құптады.
Бұл – Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісіндегі көшбасшылық бастамаларына ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік жолында ешқашан бұлжымаған берік ұстанымы мен жаһандық деңгейдегі жетістіктеріне берілген жоғары баға!
Елбасының осы сапарын беделді басылымдар да жоғары бағалап жатыр. Мысалы, The Hill басылымында жариялаған мақаласында журналист Дэвид Меркель «Президент Назарбаевтың Вашингтонға сапары және БҰҰ ҚК отырысына төрағалық етуі бұл елдің тәуелсіздік алғалы бері қысқа уақыт ішінде қаншалықты биікке көтерілгенін көрсетеді. Трамп әкімшілігі алдыңғы мемлекет басшылары аңғармаған мүмкіндікті пайдаланып, Астанамен тығыз қарым-қатынас орнатуда» деп атап көрсетті.
Елбасы Вашингтондағы ресми сапары аяқталған соң, бүгін Нью-Йоркке келіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының беделді мінберінен баяндама жасайды. Нью-Йоркте Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбында жоғары деңгейдегі пікірталас ұйымдастырылады. Брифингте Мемлекет басшысы сөз сөйлейді.
Елбасының xалықаралық қауымдастыққа «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарудан азат әлем құру туралы үндеу тастағаны белгілі. Сондықтан бұл мәселе ‒ еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болмақ. Осы орайда сенім шарасының маңызы зор екенін атап өткен жөн. Ядролық қаруға заңды және заңсыз ие болған тараптар өздеріне қойылған міндеттемелерді қатаң ұстанса, қауіпсіздікті күшейтуге, өзара сенім орнатуға елеулі үлес қосатыны анық.
Бұдан бұрын, 2015 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы жалпыға бірдей декларация қабылдағаны мәлім. Соның жалғасы іспетті былтыр Ядролық қаруға тыйым салу шарты мақұлданды. Сарапшылар бұл халықаралық келісімге қол жеткізуге Қазақстан тарапының сіңірген еңбегі зор екенін айтуда. Еліміз құжаттың әзірленуіне белсенді түрде қатысып, БҰҰ декларациясын әрдайым қолдап отырды. Қазақстан аталған шартқа Елбасының Нью-Йорк қаласына сапары кезінде қол қоюға ниетті.
Біз Нью-Йоркта кездесіп, сұxбаттасқан Париждегі Саяси зерттеулер орталығының сарапшысы, профессор Шаxбану Таджбаxш осындай пікірде. Оның айтуынша, Қазақстанның төрағалығы беделді ұйымға жаңа көзқарас әкелді, тың серпін берді. Төрағалықта ШЫҰ мен ИЫҰ-дағы беделін, Еуразиядағы бітімгерлігі мен Батыспен байыпты байланыстарын шебер үйлестіре білген Қазақстан жаhандық қауіпсіздікке зор үлес қосып отыр.
Жалпы, ядролық қаруды таратпау негізінен БҰҰ Бас Ассамблеясының мәселесі, бұл тақырып БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде алғаш рет талқыланады. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде ұйымның жаңа күн тәртібін белгілеп отыр.
Еліміздің жаhандық деңгейдегі байыпты бастамасына сәттілік тілейміз!
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ
Дереккөз: «Егемен Қазақстан» – «Нью-Йорктен»