Ерлан Сағадиев шетелдіктердің Қазақстан ЖОО-ларын таңдауының 4 себебін атады

admin2 2018-06-28 0 ℃ Қысқаша

ҚР Білім және ғылыми министрі Ерлан Сағадиев Қазақстандағы жоғары оқу орындарында шет...

5aTarZER.jpg

ҚР Білім және ғылыми министрі Ерлан Сағадиев Қазақстандағы жоғары оқу орындарында шетелдік студенттердің оқуының артықшылықтарын атады. Бұл туралы ол Парламент Мәжілісі депутаттарының жолдаған ресми сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Jebeu.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұған дейін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттары көпсалалы (медициналық емес) университеттердің ішінде медициналық факультеттердің ашылуына қарсылық білдірген болатын. Олардың пайымдауынша, бұл қадам медициналық кадрлардың жұмыс сапасына кері әсерін тигізеді. Депутаттардың айтуынша, жалпы университеттердің медициналық бағытта интеграциялануы көптеген сұрақтарды туындатып отыр. Осы пайымды алға тартқан депутаттар ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа депутаттық сауал жолдаған болатын.

Бұл сауалға жауап берген Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой көппрофильді университеттерде медициналық факультеттердің ашылуы медициналық кадрларды даярлау үшін қажетті шарттарды қалыптастыруға мүмкіндік беріп, өзара қарым-қатынасты және IT-техник, IT- генетик секілді жаңа мамандықтарды ашуға жол ашатынын жазған болатын.

Ал Ерлан Сағдаиевтің есептеуінше, Қазақстанда қазір «Орталық Азияда білім беру хабын дамыту» жобасы іске асырылып жатыр. Ол бойынша қазақстандық Жоғары оқу орындарының алдында шетелдік студенттердің үлесін студенттердің жалпы санынан қазіргі кездегі 2,7 пайыздан 2020 жылға қарай 5 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Биылғы жылы Өзбекстан, Түрікменстан, Үндістан, Иран мемлекеттерінде қазақстандық ЖОО-лардың көшпелі көрмелері өткізілген.

«Жұмыс қорытындылары шетелдік азаматтардың біздің елімізде медициналық білім алуға деген жоғары қызығушылығын көрсетті. Қазіргі уақытта Қазақстанда Үндістаннан 2425 азамат білім алуда. Оның 80 пайыздан астамы медициналық жоғары оқу орындарында білім алуда», - делінген жауапта.

 Министрдің жауабына сүйенсек, Қазақстанда білім алу үшін шетел азаматтары мынадай басымдықтарға көңіл бөлуде:

1) тұрақты жоғары табыс әкелетін мамандықтың беделі;

2) Үндістан азаматтарыүшін Қазақстандық медициналық университетінде оқу құнының қолжетімділігі;

3) Қазақстандық ЖОО-лардың шетелдік медициналық мамандарды сапалы даярлауы. Жыл сайын отандық медициналық оқу орындарын бітірушілер Үндістанның медициналық кеңесінің біліктілік емтихандарында (қазақстандық ЖОО-лардың түлектері үшін оларға Үндістан Республикасы аумағында медициналық қызметті жүзеге асыру құқығын беретін білім беру процесі) жоғары нәтижелерді көрсетіп, ТМД мемлекеттері мен Қытайдың арнайы ЖОО-ларын бітірген әріптестерінен озық екендерін көрсетуде;

 4) Әлеуметтік-саяси жағдайдың тұрақтылығы, Қазақстандағы жоғары толеранттылық, ОАР елдерімен салыстырғанда жалпы қауіпсіздік деңгейі, сондай-ақ Үндістанмен саяси көзқарас қайшылығының жоқтығы.

Ерлан Сағадиев өз жауабында медициналық білім берудегі көрсетілетін білім беру қызметі нарығының объективті ерекшеліктері мен нақты сұраныстары ескеріле отырып, Қазақстанның көп бейінді университеттерінің базасында медициналық факультеттерді ашу туралы шешім қабылданғанын атап өтеді.

 «Бүгінгі күні  «5В130100-Жалпы медицина» мамандығы бойынша білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензия Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне және М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне берілді. Аталған ЖОО-лар материалдық-техникалық базаны, кітапханалық қорды дайындау және кадрлық қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстарды жүргізді. Клиникалық дәрістер өткізу үшін ЖОО-лар облыс орталықтарында орналасқан барлық медициналық мекемелермен шарт жасаған», - делінген жауапта.

 

 Jebeu.kz


Қытайдың державалық пиғылы
Кері қайту