25 жыл ынтымақтастықта Дүниежүзілік банк Қазақстанда 46 жобаны қаржыландырды. Жалпы инвестициялау сомасы $8,1 млрд асты. Бүгінгі таңда Дүниежүзілік банктің жобалар портфелі 22 жобаны қамтиды. PrimeMinister.kz сайтының тілшісі ДБ вице-президенті Сирил Мюллермен Қазақстанның Дүниежүзілік банкпен өзара тиімді ынтымақтастық бағыттары, оның ішінде ірі жобаларды іске асыру, жуырдағы жоспарлары туралы әңгімелесті.
— Қазақстан мен Дүниежүзілік банктің ынтымақтастығы ширек ғасырдан асады. Осы жылдар ішінде біздің елімізде қандай ірі жобаларды іске асыру мүмкін болды?
— Қазақстанда біз ұзақ уақыттан бері ҚР Үкіметімен серіктестікпіз. Энергетика, автомобиль жолдары тәрізді секторларға көңіл бөлеміз, денсаулық сақтау саласында да жобаларымыз бар.
ДБ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі бойындағы көлік және сауда ағындарының тиімділігін арттыруды қолдайды, оның ішінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында ұзындығы 1445 шақырым болатын жолдарды салу бар. Құрғақшылық болған 2012 ж. ҚР-да ресурсты үнемдейтін «топырақты нөлдік өңдеу» технологиясын қолдану бидай өндірісін шамамен 0,7 млн т арттыруға мүмкіндік берді, бұл 5 млн адамды азықтандыру үшін жеткілікті.
Электр энергиясын жеткізу бойынша үш жоба солтүстік аймақты оңтүстік аймақпен байланыстыруға мүмкіндік берді, бұл оңтүстік өңірде қыз мезгіліндегі энергия тапшылығын жойды.
Орман жобасы Арал теңізінің құрғап қалған түбінде 56 000 га сексеуіл орманын отырғызуға қолдау болды, бұл құмдардың сырғуын тұрақтандыру мен тұз тозаңын шығаруға оң әсерін тигізді.
ДБ Қазақстанда денсаулық сақтау реформасының кешенді стратегиясын іске асыруға қолдау білдірді, бұл қаржыландыру, медициналық көмек сапасын арттыру, денсаулық сақтауды басқару бойынша ақпараттық жүйелер, медициналық білім беру және ғылым, фармацевтикалық саясат және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелерін қамтиды.
Өскеменнің қоршаған ортасын қалпына келтіру бойынша жоба жер асты суларына өнеркәсіп қалдықтарының ластағыш заттарының түсуін тежеуге, сонымен қатар жер асты суларының сапасына мониторинг үшін институционалдық механизмдерді нығайтуға көмек берді.
Дүниежүзілік банк қолдау көрсетіп отырған «БOTA» қоғамдық қоры Қазақстандағы аз қамтылған отбасылардың балаларының өмірін олардың біліміне, денсаулығы мен әлеуметтік қорғалуына қаржы салу арқылы жақсартуға бағытталған көптеген жобаларды сүйемелдеді.
— «Doing Business» рейтингінде соңғы 10 жыл ішінде Қазақстан 64-шы орыннан 36-шы орынға көтерілді. Сіздің ойыңызша, бұған не ықпал етті және ДБ Қазақстанға қатысты болжамдары қандай?
— Соңғы 5-10 жылда Қазақстан «Doing Business» рейтингінде іскерлік кәсіпорындар үшін өз ахуалын жақсартуға қатысты зор табыстарға қол жеткізді. Бұл ірі кәсіпорындарға ғана емес, шағын және орта бизнеске де қатысты екенін айта кеткен жөн. Бұл индекс неліктен маңызды? Өйткені ол Қазақстанда және басқа да елдерде шағын және орта бизнеспен айналысу қаншалықты жеңіл екенін сараптайды. Мен Қазақстан бұл рейтингте одан да жоғары орын ала алады деген ойдамын, себебі шағын және орта бизнес экономиканы одан әрі әртараптандыруға және өсіміне ықпал ететін болады.
— Өзіңіз білетіндей, жуырда Астанада «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуы болады. Сіздің ойыңызша, оның перспективалары қандай?
— Мен АХҚО құру – Қазақстан үшін Орталық Азия елдерінің қаржылық хабына айналуының тамаша мүмкіндігі деп санаймын. Бұл өте маңызды, себебі Қазақстан осылайша, аймақтағы экономикалық өсімнің драйверіне айнала алады. Мұндай жағдайда қаржы орталығын құру өте қажет. Біз Дүниежүзілік банк тобы АХҚО ынтымақтастық орната алады деп үміттенеміз.
— Дүниежүзілік банк АХҚО-ымен қандай ынтымақтастық орнатпақ?
— Бұл әрине капиталдың қарды нарықтары қаншалықты белсенді дамитынына байланысты болады. Десек те, шілде айының басында орталықтың ресми ашылатын кезде біздің делегациямыз оған келеді.
— ДБ пен ҚР одан әрі өзара тиімді ынтымақтастығының басты бағыттарын атап берсеңіз?
— Біз елдің экономикалық әлеуетін арттыру, жеке сектордың өсуі, сонымен қатар адам капиталын күшейту, яғни адам ресурстарының сапасын жақсарту бойынша одан әрі ынтымақтастық орнату қажет деп санаймыз.
Дереккөз: ҚР Премьер-министрінің ресми сайты
Jebeu.kz