28 маусымда ҚР вице-премьері Асқар Жұмағалиев Шанхай қаласының вице-мэрі Сюй Куньлинмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Jebeu.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Тараптар смарт-қалалар, электрондық және смарт-үкімет жүйесіндегі, экономика саласындағы ынтымақтастықты дамытудың келешегі және осы жолдағы тәжірибелерімен бөлісті.
А. Жұмағалиев Сюй Куньлинге «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жайында түсіндіріп, шанхайлық компанияларды Қазақстанда құрылып жатқан Astana Hub - IT-стартаптары халықаралық технопаркінің жұмысына атсалысуға шақырды.
Ал Сюй Куньлинь Шанхайда шығатын «Үлкен көлемді деректер базасына» кеңінен тоқталып, қаланың көліктік жүйесін бақылап, басқару тәжірибесімен бөлісті.
Еске салайық, Шанхайға бір күндік жұмыс сапарымен келген А.Жұмағалиев бастаған қазақстандық делегация «Қазақтелеком» АҚ қатысатын Халықаралық мобильдік конгресске барған болатын. Вице-премьердің қатысуымен қазақстандық оператор және Nokia компаниясы арасында Қазақстанда 5G желісін тестілеу жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Дереккөз: "ҚазАқпарат"
Jebeu.kz