Қазақстан Республикасының Туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы жарияланды, деп хабарлаймыз Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бағдарлама ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аңшылық-олжалық, экологиялық, этнографиялық және агротуризмді дамыту шараларын қарастыратын Елбасының Қазақстанда туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу бойынша 2018 жылғы 10 мамырдағы тапсырмасын орындау, сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленді.
Туризмді дамытудың жаңа жобасын Мәдениет және спорт министрлігі жасады. Ол 2019-2025 жылдар аралығында іске асырылатыны күтілуде. Нәтижесінде шекарадан өткен шетел азаматтарының санын 9 млн адамға, кәсіби қызметпен емес, 24 сағаттан астам уақыт ҚР аумағында өткізген шетелдіктер санын 3 млн адамға ұлғайту көзделген. Сондай-ақ 7 жылдан кейін туристік салада 650 мың адам жұмыс істейтіні болжануда. Бұдан бөлек, орналастыру орындары көрсеткен туристік қызметтер көлемі 2,5 есеге өсетіні (270 млрд теңгеге дейін), негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 3 есеге артатыны (600 млрд теңгеге дейін) жоспарланған.
Ал Бүкіләлемдік экономикалық форумның (БЭФ) Сапарлардың және туризмнің бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық индексінде Қазақстан 2023 жылға қарай бірқатар көрсеткіш бойынша рейтингті жақсартпақ. Атап айтқанда, туристерді тарту үшін маркетинг пен брендингтің тиімділігі бойынша 80-орынға (2017 жылы - 102-орын); ауа көлігінің инфрақұрылымын дамыту бойынша 60-орынға (2017 жылы - 71-орын болды); жер үсті және порт инфрақұрылымын дамыту бойынша 80-орынға (2017 жылы - 91-орын); туристік сервистің инфрақұрылымын дамытуда 70-орынға (2017 жылы - 97-орын); халықаралық ашықтық бойынша 70-орынға (2017 жылы - 113-орын) көтерілу жоспарланып отыр.
Мемлекеттік бағдарлама жобасында мәлім етілгендей, бір шетел туристінен түсетін табысты алу үшін әлем нарығына шамамен 9 тонна тас көмірін, 15 тонна мұнайды немесе 2 тонна жоғары сұрыпты бидайды шығару керек. Елге келетін әрбір турист әрбір сағат сайын шамамен 20 доллар шығындайды, 30 турист 1 жұмыс орнын береді.
БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымының (UNWTO) бағалаулары бойынша 2030 жылға қарай танымал курорттарға және тарих пен мәдениет ескерткіштеріне шамамен 1,8 млрд адам барады деп күтілуде. Қонақүй- туристік қызметтерден түскен табыс шамамен 2 трлн АҚШ долларын құрайтын болады, туризм саласында 550 млн жұмыс орны ашылады. Іскерлік туризм индустриясы (МІСЕ) заманауи ұғымында экономиканың ең перспективалы секторларының біріне айналды. WorldTravel & TourismCouncil (WTTC) мәліметтері бойынша, 2015 жылы іскерлік туризмнің әлемдік нарығының көлемі 1,106 трлн АҚШ долларын құрады. 2017 жылдың қорытындылары бойынша, бизнес-сапарларға кеткен шығындар 1,192 трлн АҚШ долларына дейін жетті. Ал 2026 жылға қарай іскерлік туризмнің жаһандық нарығы 1,658 трлн АҚШ долларына бағаланады.
«Туризмнің ең жылдам өсуі Қытай, Үндістан және Ресейде байқалады. Ресей мен Қытайдың ең жақын көршісі ретінде, Қазақстан да іскерлік және оқиғалық туризм бойынша әлемде өз орнын алуы мүмкін. UNWTO болжамдарына сәйкес, келесі екі онжылдықта экотуризм қарқынды дамитын болады, ал экотуризмге кететін жаһандық шығындар жалпы туризм индустриясымен салыстырғанда жоғарылау қарқындармен өсетін болады. Одан басқа, бүгінгі күні әлемде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жыл сайын 8 млрд адам барады, олардың 80 % Еуропаға және Солтүстік Америкаға тиесілі. Нәтижесінде тікелей шығындар түрінде 600 млрд АҚШ доллар және тұтынушылық шығындар түрінде 250 млрд АҚШ доллар пайда келеді», делінген 2025 жылға дейінгі Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында.
Азиялық сапарлар мониторингінің болжамдарына сәйкес, 2050 жылы ең қарқынды дамитын туристік нарықтар Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Мексика, Оңтүстік Корея, Малайзия, Тайланд болады. Материалдық жағдай бойынша, жалпы туристік ағында орта топ өкілдері басым.
Сондай-ақ жобада Қазақстан өңірлерін Туристтендіру картасы әзірленгені атап өтілген. Оған енген нысандар екі топқа бөлінген: республикалық деңгейдегі ТОП-10 басым нысан және өңірлік деңгейдегі нысандар. ТОП-10-ға енген ең перспективалы бағыттар ретінде Қазақстанның келесі туристік аумақтары қарастырылады: Алакөл көлі - әлеуеті бір жылда 2 500 000 турист (ағымдағы ағын - бір жылда 772 000 турист); Алматы өңірінің тау кластері- әлеуеті бір жылда 2 500 000 турист (ағымдағы ағын - 500 000); Щучинск-Бурабай курорттық аймағы - әлеуеті бір жылда 2 000 000 турист (ағымдағы ағын - 750 000); Баянауыл курорттық аймағы - әлеуеті бір жылда 450 000 турист (ағымдағы ағын - 200 000); Имантау-Шалқар курорттық аймағы - әлеуеті бір жылда 400 000 турист (ағымдағы ағын - 130 000); Балқаш көлі - әлеуеті бір жылда 400 000 турист (ағымдағы ағын - 130 000); Шарын каньоны - әлеуеті бір жылда 1 000 000 турист (ағымдағы ағын - 100 000); Түркістанның тарихи-мәдени туризмін дамыту - әлеуеті бір жылда 1 500 000 турист (ағымдағы ағын - 500 000); Маңғыстаудың жағажай туризмін дамыту - әлеуеті бір жылда 750 000 турист; Астана қаласы МІСЕ туризмін дамыту - әлеуеті бір жылда 1 000 000 турист.
ҚР-да Туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы жобасының толық нұсқасын мына жерден көруге болады.
Jebeu.kz