Күнсұлу Закарья: Тірі вакцина әзірлеп жатқан бізден басқа ел жоқ

Уақыты: 2021-05-05 Көрлімі: 918 Сипаттама

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»Қазақстан тынымсыз еңбек еткен ғалымдарымыздың ар...


Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Қазақстан тынымсыз еңбек еткен ғалымдарымыздың арқасында COVID-19-ға қарсы өз вакцинасын жасап шығарған санаулы елдің қатарына қосылды. Бұл – біздегі ғылымның әлеуеті жоғары екеніне айқын дәлел.

Сол отандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья елордаға келгенінде бас басы­лымға уақыт бөліп, көкейдегі сұрақтарымызға жауап берді.

– Кез келген ғылыми өнертабыс­тың өлшемі – халықаралық жур­налға жарияланған зерттеудің қоры­тындысы жөніндегі мақала. Онсыз өнертабысты өндіріске айналдыру қауіпті. Отандық вакцина туралы ғылы­ми мақала әлі жарияланған жоқ. Бірақ алғашқы дозасы өндірілді. Біз ғалымдарымыздың беделін бәйгеге тігіп отырған жоқпыз ба?

– Иә, біз биология, вирусология, вакцино­логия саласындағы әлемнің ең мықты ғалымдары рецензия беретін ғылыми журналға мақала жарияланбай тұрып өндірісті бастап кеттік. Себе­бі вакцинаны клиникалық сынақтан өт­кізу­дің бірінші және екінші сатысы толығымен сәуір айында аяқталды. Соның ішінде алғашқы сатысы 3 сәуірде, екінші сатысы бойынша жұмыстар 180 күн, яғни толық 6 ай болып 17 сәуірде мәресіне жетті. Біз қорытындыларды жаңа ғана алып отырмыз. Рецензенттер аралық қорытындыны алмайды, 180 күн өткеннен кейінгі сынама нәтижелерін ғана қабылдайды. Шыны керек, вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің аралық қорытындыларын Web of science дерекқорындағы импакт факторы жоғары ғылыми журналға өткізіп қойғанбыз. Сол сәтте біз оларға 1, 2-саты­сының толық қорытындыларын кейін тапсыруға уәде еттік. Қазір жол­даған жұмысымыз тексеріс пен өңдеу­ден өтті. Енді сол тапсырылған қоры­тындылар мақалаға енгізіліп, ғылыми еңбектің белгіленген талаптарымен жазылып, қосымша жіберіледі. Рейтингі жоғары журналда мақала жариялаудың қалай екенінен хабардар шығарсыз?!

– Иә, кейде жылдаған уақыт кетеді. Дегенмен рецензенттерден қандай да бір түзетулер мен ескертпелер келетін уақыт болды ғой. Жұмыстың жүріп жатқанын осыдан білмейміз бе?

– Дәл солай. Жұмыс жүріп жатыр. Біз әлемдік деңгейдегі рецензенттерден алғашқы пікірді алып, олармен тығыз байланыс орнатып отырмыз. Мақаламыз Америкадағы клиникалық зерттеулерді басып шығаратын арнайы журналға тапсырылды. Оны халықаралық дәрежесі жоғары медицина ғалымдары қарап жатыр. Оларға да оңай емес. Әрбір тұ­сын жіті қадағалап, оқып, ой елегінен өткі­зіп, тексеруіне тура келеді. Кейбір сұрақ­тары, пікірі, ескертпесі өте орын­ды, соның нәтижесінде ақпарат толық­тырылып, біз байқамай кеткен маңызды жерлері тың деректермен байытылды. Қазір екі тарап арасында қарқынды сұрақ-жауап процесі жүруде. Әрине, мұның бәрі ұзақ уақытты қажет етеді, ғылыми мақаланың жариялануы сол себепті кешеуілдеп жатыр.

– Ал Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы (ДДҰ) неге өндіріске ұсы­ным беріп отыр. Клиникалық сы­нақ­тың 3-кезеңі әлі аяқталған жоқ қой.

– QazVac қана емес, әлемде қазір қол­данысқа енгізіліп үлгерген вак­ци­на­ның бәрі де клиникалық сынақтың 3-ке­зеңінен әлі толық өткен жоқ. Бірақ әр мемлекеттің берген уақытша тіркеуі не­гізінде бірнешеуіне өндіріске рұқсат бе­рілді. Өйткені тек вакциналау ғана пан­де­мияның алдын алады. Қауіп-қатерге қа­­рай клиникалық кезеңнің 2-сатысынан сә­т­ті өткен вакциналарды егуге ұсыным бе­­рі­ліп отыр. Бізге де 3-сатысының 50%-ы­ аяқ­талғаннан кейін ұсыным берілді.

– Елімізде алғаш рет маймылға осы вакцинаны әзірлеу барысында сынақ жүргіздіңіздер. Қалай болды?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақ­стан дүние жүзіндегі 6-мемлекет болып пандемиялы тұмауға қарсы вакцина шығарды. О кезде әлі пандемия жария­ланбаған еді, шекаралар ашық болды. Сон­дық­тан біз тұмау вакцинасының соңғы зерттеулерін ДДҰ-ның сертификаттауынан өткен Бельгиядағы зертханада жүргіздік. Маймылдарға клиникаға дейінгі, адамдарға клиникалық сынақты сол аталған елде өткіздік. Соның нәти­жесін­де тұмауға қарсы әзірлеген вакци­на­мыз ДДҰ-ның тізіміне енді. Ал коронавирус кезінде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Жан-жақтың бәрі жабылды. Маймыл түгілі адамды өткізбейтін жағдайда және отандық зертханада маймылға сынақ жүргізген тәжірибеміз болмағанда бұл зерттеудің қаншалықты күш-жігерді қажет еткенін білуге болады. Біз коронавирусқа қарсы вакцина­мызды әзірлеу барысындағы зерттеуге керек маймылды Сочидегі Медициналық приматология ғылыми зерттеу институтынан таптық. Алайда оны алдыруға көп күш жұмсалды. Ресей жануарларды шекарадан өткізуге заңмен тыйым салған. Оның үстіне аталған маймылдар өздерінің зерттеуіне керек екені айтылды. Сол кезде біздің Үкімет Ресейдің үкіметіне шығып, 7 маймылды бізге сатуын сұрап, Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігі оған арнайы қаулы шыға­рып, шекарадан өткізілді. Үкімет ел азамат­тарының өмір қауіпсіздігі үшін осындай тәуекелге барды. Вакцина әзір­леу барысында біз мемлекеттің зор қол­дауын сезініп отырмыз.

– БҚПҒЗИ – коронавирусқа қарсы бірден 5 түрлі вакцинаны әзірлеп жат­қан әлемдегі жалғыз мекеме. Со­ның ішінде тірі вакцина да бар. Бұл вак­циналардың ішіндегі ең қауіпсізі саналады. Соған сай оның дайындалу техно­логиясы да күрделі. Отандық тірі вакцина қазір қай кезеңде?

– Рас, шын мәнінде белгілі бір вирус­қа қарсы ең жоғары иммунитетті қалып­тастыратыны – тірі вакцина. Бірақ вак­цинология тарихында тірі вакцина саусақпен санарлық қана. Неге? Өйт­кені вакцинаның бұл түрін шығаруға табандылық пен уақыт керек. Тірі вакцина вирустың қуатын кезең-кезеңімен жойып, әбден әлсіреген кезде алынады. Әрі оның күшін мүлдем жойып алуға да болмайды. Вирусологияның тілімен айтқанда, тірі вакцина 250 пассаждан (бактерияны бір жануардан екіншісіне егу арқылы вирустың таралу күшін баяу­лату немесе мүлде жою процесі) өткен вирустан әзірленуі тиіс. Ал біз 1 жылда 100 пассаждан ғана өткізе аламыз. Демек бізге тағы 1 немесе 1,5 жыл керек. Егер біз ең әлсіз вирустан осы вакцинаны әзірлесек, бұл әлемде баға жетпес өнертабыс болар еді. Себебі ДДҰ-ның тіркеуінен өткен COVID-19-ға қарсы вакциналарды қарасаңыз, бірде-бір тірі вакцинаны таппайсыз. Дәл қазіргі уақытта әлемде коронавирустың ең тиімді әрі ең күрделі тірі вакцинасын әзірлеп жатқан бізден басқа бірде-бір ел жоқ. Біз соған тәуекел еттік.

– QazVac-ты клиникалық сы­нақ­тан өткізуде вакцинамен қатар кей­бір еріктілерге плацебо, яғни дәрі­лік қа­сие­ті жоқ препарат та салынған. Неге?

– Біз зерттеулерді GCP (Good Clinical Practice – тиісті клиникалық практика) халық­аралық стандарты бойынша жүргіземіз. Сол GCP талаптарына, сондай-ақ ДДҰ-ның ұсынымдарына сәйкес вакцинаға, яғни адам денсаулы­ғына қатысты медициналық зерттеулер жасырын жүргізілуге тиіс. Еріктілердің бір тобы жай ғана физрастворды, ал екін­ші тобы сынақтан өткізіліп жатқан вакци­наны алады. Және сол еріктілердің ешбірі қайсысын алғанын білмеуі керек. Қазіргі таңда дайындалып жатқан барлық вакцина осы әдіспен зерттеледі. Бұл – бәріне ортақ талап.

– QazVac-ты клиникалық сы­нақтан өткізуге қатысқан адам­дар­дың арасында ерекше топтағылар бол­­­ды ма? Вакцина оларға қалай әсер етті?

– Клиникалық сынақтың бірінші кезе­ңінде қауіпсіздікті бақыладық, сонда біз оған толығымен дені сау еріктілерді ғана таңдап алдық. Ал екінші кезеңге келгенде тек вакциналауға болмайтын топтарға ектік. Соңғы үшінші кезе­ңінде ешқандай да шектеу болмады, дала­дан кім келді, соның бәрін ерікті ретінде қабылдадық. Оның ішінде АҚТҚ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырған 3 адам бар. Оларға вакцина салдыруға болмайтынын айтсақ та, тіресіп тұрып алды. Және бір қызық жайт, 10 жылдай бала көтере алмай жүрген әйелдер вакцинадан кейін жүкті болды.

– Келесі сұрағыма өзіңіз жауап беріп қойдыңыз ғой. Себебі оқыр­мандар вакцина жөнінде жазып жүр­ген­діктен, «Екпе салдыру бедеулік пен белсіздікке алып келеді» деген қауе­сеттің өтірік-расын анықтап беруді сұраған еді.

– Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мырзадан сұрасаңыздар, нақты айтып береді. Бізге белгілі ақпарат бойынша еріктінің бірі – 43 жастағы әйел. Ол бізге келіп жылап, 20 жыл бойы бала көтере алмай жүріп жүкті болғанын айтып, алғысын жаудырды (сұхбаттан соң Әсет Қалиевке хабарластық, ол бір емес, дәл сондай тағы екі әйелдің QazVac вакцинасының екі компонентін толық алғаннан кейін бала көтергенін растады – А.Ш.).

– Тамаша!

– Бірақ бұл сізге тамаша. Өйткені біз ол әйелді клиникалық сынақтан өткізуші еріктілердің қатарынан шығардық. Оның орнына басқа адамды қарастырып, алдық. Екі жұмыс болды. Екпені күтіп отырған қаншама адам бар ғой, зерттеуді баяулатты. Дегенмен вакцинаның қауіпсіздігін дәлелдеген факт та болды.

– QazVac-ты қауіпсіз вакци­на­лар­дың қатарына жатқызамыз. Өзіңіз де соған қатысты бір фактіні айт­ты­ңыз. Бірақ осы вакцина несімен қауіп­сіз?

– Вакцинаның қауіпсіздігі оның технологиясына тікелей байланыс­ты. Инактивтелген вакцина толық бү­тін вирустан тұрады. Бүтін вирус ақуыз­дардың толық жиынтығынан құралған. Ақуыздар спектрі неғұрлым толық болса, иммундық жауап соғұрлым жоғары болады. QazVac инактивтелген вакцинасы технологиясының қауіпсіздігі 60 жылдан бері дәлелденген. Инактивтелген вакцинаны соңғы 60 жылдан бері туған барлық адам дүниеге келгеннен кейінгі үшінші күні алды. Өйткені балаларға арналған вакциналардың дерлігі осы технология­мен әзірленген. QazVac инактивтелген вакцинасында да вирус қана жаңа, ал қалғанының бәрі – (технология, жасалуы, сынақтан өткізілуі) қанша жылдық тарихы бар, уақытпен сыналған ескі жол.

– Коронавирус мутацияға неге жиі ұшы­райды? Мұндайда вакцина қорғай ала ма?

– Коронавирус – ДНК емес, РНК вирусы. ДНК екі тармақтан тұрады. Оның біреуін бақылауға болады, екін­шісі өзгергенде оны жылдам қалпына келтіреді. Ал коронавирус бір ғана тармақ, тізбектен құралған. Сондықтан оны ешкім бақылап, қайта қалпына келтіре алмайды. Сол себепті біз корона­вирусқа тұмау сияқты егуді жүргізетін шығармыз. Демек, мұнда бір вакцинаға қатып қалудың қажеті жоқ, бір жылы отандық, келесі жылы басқа шетелдік екпенің түрін таңдауға мүмкіндік бар. Мәселен, адамдар тұмауға жыл са­йын екпе алады, сол секілді сақтанған жан коронавирус вакцинасын жылына бір рет салдыра алады. Бірақ бұдан бұрын адам өзінің иммундық мәртебесін анық­тап алуы керек. Егер аталған вирусқа иммунитеті жоғары болып тұрса, қажет емес. Иммундық мәртебені иммунды-фер­ментті сынама арқылы анықтауға болады.

– QazVac коронавирустың жаңа штам­­дарына қаншалықты қарсы тұ­ра­ алады?

– Африкалық, америкалық, британ­дық деп жүргендердің бәрі де жаңа штамм емес. Көбі (белгілі бір жағдай тұрғы­сынан) ыңғайлы болғандықтан солай айтатын шығар. Шын мәнінде бұл – сол штамм. Рас, бір-екі бөлігі өзгеріске ұшыраған вирус. Алайда ғылымда мұны жаңа штамға жатқызбайды. Сондықтан қазір әзірленіп жатқан вакциналардың бәрі (QazVac та) коронавирустың өңін өзгерткен түрлеріне қарсы тұра алады.

– QazVac неліктен Спутник-V вак­цина­сынан кеш шығарылды?

– Ресейде коронавирус жұқтыр­ған науқастар 2020 жылдың қаңтар айын­да тіркелді. Ал Қазақстанда бұл жағдай нау­рыз айында орын алды. Бізге алғашқы патологиялық материал былтырғы нау­рыздың 23-інде ғана жеткізілді. Біз сол се­бепті 2,5 айға кешігіп келе жатырмыз. Дегенмен кешігуіміз кейбіреулер ой­лағандай ғалымдардың әлеуетіне байланысты болған жоқ. Біздің инактивтелген вакцинаны әзірлеуге вирустың өзі керек, ал оны шынайы жұқтырған науқастардан ғана ала аламыз.

– Жақсы, енді институт ғалым­да­ры­на келейікші. Жақында олардың жа­ла­­қысы 350 мың теңгеге дейін өсі­рі­­­­ле­­тіні айтылды. Алайда күнін түнге жал­­­ғап, демалыс, мереке дегенді ұмы­тып елі­­міздің қауіпсіздігі жолында ең­­­­­бек етіп жатқан ғалымдарға бұл аз емес пе?

– Осының өзіне ғалымдардың қалай қуанғанын көрсеңіз. Сіз сенесіз бе, сондай ұлттың, халықтың қауіпсіздігі үшін қызмет қылып жүрген бірқатар жандар 85 мың теңге жалақыға жұмыс істеп жүріпті. Мен алғаш институтқа барған кезде осындай еңбекақы алып жүрген ғалым­дардың көзіне қарауға ұялдым. 47-53 жыл жұмыс істеп кеудесіне бір­де-бір медаль тақпаған екі үлкен ғылыми қызметкер үшін Премьер-Министр­ге арнайы кіріп, еңбегінің еленуін сұра­дым. Сол ғалымдарымыздан жоғары атақ­ты алып, орденді кеудесіне таққан адам­дардың елге қандай еңбек сіңіргенін айтайын ба?

– Айтыңыз...

– Анау жерде, мынау мекемеде жұмыс істегені үшін берілген. Бітті! Сол ғана. Ал екі ғалымымыз құс тұмауы, шошқа тұмауы, пандемиялы тұмау, түйе шешегіне қарсы қаншама вакцина әзірлеуге қатысқан. Екеуінің ел экономикасына әкелген табысы – миллиардтар. Институтта дәл сол екі ғалымдай қызметкер қаншама?! Біздің ғалымдар 2020 жылы түйелер обасының, құс тұмауының карантинін жапты. Және осы коронавирусқа қарсы вакцина дайын­даумен айналысты. Бір ғана кішкентай институттың 56 ғалымы. Сол зерттеушілеріміздің әрбірі – әлемдік деңгейдегі кез келген әріптесімен иық тірес­тіріп жұмыс істей алатын зор әлеует­ке ие. Қандай елге барса да оларды мұндай тәжірибесімен, кәсібилігімен көкке көтереді. Шетелде біздегіден 10 есе жоғары жалақы алады. Бірақ олар өз көзіңізбен көргендей, ХХІ ғасырда ішінде әжетханасы жоқ бірқатар зертханада жұмыс істеп отыр. Соның бәрі не үшін? Өйткені олар мұнда өз Отанына қыз­мет етіп жүр. Бұл ғалымдарды ала­қанға салып құрметтеу керек қой.

– Алғаш отандық ғалымдардың вак­цина әзірлеп жатқанын жазға­ны­мыз­­да, сауатты адамдардың ішінде жай сенім­сіздік танытпай, «ыдыс шы­ғара алмай жүріп вак­цина жасамақ» деп кекетіп, мысқыл­дағандар болды. Ал жақында Норве­гия QazVac-тың ерек­­шелігін талқы­лап жатыр. Неге?

– Өйткені «Қолда барда алтынның қадірі жоқ». Қазір, мысалы, Үндістан халқы вирустан қатты зардап шегіп жатыр. Олар секілді қаншама ел, ха­лық вакцинаға зар болып отыр. Ал біз мойын­дағымыз келмейді, барды бағаламаймыз. QazVac шыққанда Әзербайжан жұрты далаға шығып, футболда жанкүйері гол соққандай қуанып, айғайлаған. Ал бізде ше? Ғалымдарды жерден алып, жерге сал­ған сәттері болды. Бұл не? Қазақтың өні­мі үшін қуана алмаймыз деген сөз емес пе?

– Себебі сенбейді ғой...

– Сенбейді, өйткені бойда құлдық мінез қалып қойған. «Өзімдікі – жаман, өзгенікі – жақсы» деген ұғым құлдық санада қалыптасады. Мен солай түсінемін. Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өттім. Онда бірде-бір жапондық көлік жоқ. Бірақ Жапония Оңтүстік Кореяның іргесінде тұр. Өзіңдікі болмай, амалсыздан алсаң, әңгіме бөлек. Ал барды бағаламау, өзінікі бола тұра өзгенікін артық көру – құлдық психологияның бір көрінісі.

 

Әңгімелескен

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»



Пікір жазу
  • ТАРИХТЫҢ ТАҢДАУЫ ТӘУЕЛСІЗДІК
    Тереңдік тағылымы

    Ұқсас тақырыптар