«МЫҢ АЛҒЫС!» қайырымдылық акциясы өтеді

Уақыты: 2019-02-12 Көрлімі: 3525 Сипаттама

«QAZAQ RADIOLARY» серіктестігі Алғыс айту күніне орай «МЫҢ АЛҒЫС!» қайырымдылық акциясын өткі...

Capture.JPG

«QAZAQ RADIOLARY» серіктестігі Алғыс айту күніне орай «МЫҢ АЛҒЫС!» қайырымдылық акциясын өткізеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2016 жылдан бастап Алғыс айту күні атап өтілуде. Бұл – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған күн. Бұл – тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қонақжай қазақ халқына деген құрметінің белгісіне айналған күн. Бұл – мейірім мен қамқорлық, бірлік пен тұтастық сынды құндылықтар көрініс тапқан күн.

«QAZAQ RADIOLARY» серіктестігі 11-28 ақпан аралығында қайырымдылық акциясын өткізеді. Серіктестікке қарасты «SHALQAR», «ASTANA», «CLASSIC» және «QAZAQ RADIOSY» елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары мен меценаттарды арнайы хабарларға шақырып, қайырымдылыққа үндеуді бастайды. Арнайы құрылған қорға жиналған қаражат көмекке мұқтаж жандарға «Мың алғыс» концертінде табысталады. Қазақ радиосының эфирінен өтетін «Заңгер кеңесі», «Денсаулық», «Бірінші байлық», «Бармысың, бауырым?», «Кәсіп-нәсіп» хабарлары осы акция аясында сала бойынша арнайы мамандарды шақырып, тыңдаушыларға кеңес беретін болады. Тікелей эфирдегі таңғы бағдарламаларға да ғалымдар, саясаткерлер, белсенді қоғам өкілдері, жалпы зиялы қауым қатысып, қоғамдық-әлеуметтік тақырыпта ой қозғап, пікір бөліспек. Бұл хабарлардың бәрі қайырымдылықпен үндес.

«QAZAQ RADIOLARY» өзінің ғасырға жуық тарихында тұтас бір ұлттың тіршілік тінін, қайталанбас рухани болмысын ұлағаттап келеді. Ұлт мәдениетін сыр-жұмбаққа толы сұлу тұрпатында таныта білген қарашаңырақ ізетті істердің бірі – қайырымдылыққа да қырын қарамаған. Соның бір куәсі – «Мың алғыс» қайырымдылық концерті. Бұл үнжарияның дәстүріне айналған шуақты да шарапаты мол шараларының бірі. Дәстүрлі жоба биыл Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге ұйымдастырылады. Мақсат – мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, түрлі себептермен бір-бірінен көз жазып қалған жақындардың табысуына себепкер болу. Сонымен қатар, айналасына қарайласып, қайырым үлгісін көрсетіп жүрген жомарт жандардың игі ісін көпке үлгі ету. Қайырымдылық акциясының қорытынды концерті 1 наурызда «Бейбітшілік және келісім сарайында» өтеді. Шарапаты мол шараға алғашқылардың бірі болып үнжария ұжымы бір күндік еңбекақыларын аударды.

Арамызда жүрегі жомарт, көңілі көл жандар аз емес. «Бүкіл кемелдіктің өзегі — ізгілік» деп ұғатын сол ел аузындағы елеулі азаматтар да осы қайырымыдық акциясына атсалысады деген сенімдеміз. Бұл акция – қара басының қамынан аса алмайтын, қарны тойса өзгенің мұң-мұқтажына селт етпейтін, сүйте тұра бедел жинағыштардың ақциясы емес. Керісінше, бұл – ұлағатты ұлан міндетін ұға білген, қайырымдылық шараларына енжарлық танытпай, ықыласты түрде ризығын бөлісе білген нағыз жомарт жандардың ақциясы.

«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС бастау салған бұл акцияның бағыты – бақыт сыйлау, ниеті – қамкөңіл жандарға көмек беру, ал мақсаты – жұмыла білсек жүк жеңіл екендігін еске салу. Ендеше, сіз бен біз болып тағы бір жомарттық танытып көрейік. Қол ұшын созып, қаржылай қолдау көрсеткісі келетін азаматтарға «Уақып» Қазақстандық қорының» есеп-шотын ұсынамыз.

Дереккөз: «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ»


Пікір жазу
  • Астанада қандастар арасында шағын футболдан турнир өтті
    Мемлекет басшысы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылармен кездесті

    Ұқсас тақырыптар