Бердібек Сапарбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Б.М. Сапарбаевты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындау туралы
Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев
***
Бұған дейін Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтті. Онда депутаттар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына тағайындау үшін Бердібек Сапарбаевтың кандидатурасына келісім берді. Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 22-1-бабына сәйкес қаралды. Кандидатураны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Ғалымжан Қойшыбаев ұсынып, Б. Сапарбаевтың мол тәжірибесі мен кәсіби біліктігін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитеті отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 22-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ұсынған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымына Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты тағайындау үшін ұсынылды.
Отырыс соңында депутаттар кандидатқа алдағы жұмысында табыс тіледі.
Jebeu.kz