Шамалғанның пойыз өткелінде жабдықтаудың барлық талаптары сақталған. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлім етті.
«Турксіб Астана» ЖШС тасымалдаушысының мәліметіне сүйенсек, пойыз құрамындағы жолаушылардан ешкім зардап шекпеген. Пойыз өткелі жолды жабу құрылғысымен, шлагбауммен және бағдаршаммен жабдықталған. Яғни, өткелді жабдықтау бойынша талаптардың бәрі сақталған», - деді Роман Скляр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, «Setra» маркалы автобус 1990 жылы шығарылған. Бұрын техникалық тексерістен өту мерзімі 2019 жылдың 16 шілдесінде өтіп кеткен. Мерзімі өтіп кеткенімен техникалық тексеріске қайта кіргізілмеген.
«Тасымалдаушы - «Қаскелең автобус паркі» ЖШС. Зардап шеккендер бойынша айтсам, 1986 жылы туған Әбдірқызы Эльмира Жәнібекова мен оның 2014 және 2016 жылы туған екі қызы зардап шекті. Элвираның өзі Алматы локомтив депосында қызмет етеді. ҚТЖ оған барлық көмекті жасайды», - деді ол.
Еске сала кетсек, кеше Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысқан болатын. Алдын ала болжам бойынша, автобус темір жолдың релсіне шығып кеткен.
Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуі бала.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше зардап шеккен үш науқас Қарасай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. 15 қыркүйек күні сағат 19: 26 - да жедел жәрдем стансасында жолаушылар автобусы мен пойыз соқтығысуы туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына 15 минутта 9 жедел жәрдем көлігі келген. 1979 жылы туған ер адам оқиға орнында көз жұмды.
«2014 және 2016 жылы туылған балалар және 33 жасар әйелдің жағдайы өзгеріссіз қалып отыр. Үшеуінің де жағдайы ауыр. 2016 жылғы науқастың миы ауыр дәрежеде зақымданған. Кеуде қуысының жабық жарақатын алған. Сол жақ өкпесі соғылған. Команың 2-3 дәрежесі. Ал 2014 жылғы науқастың диагнозы, мидың ауыр дәрежедегі зақымдануы. Оң жақ-самай сүйегінің сынуы. Оң жақ субдуральды гематома. Кома 2-3. Ал 1986 жылғы науқастың да жағдайы ауыр. Оған қойылған диагоноз: аралас жарақат. Мидың шайқалуы. Оң жақ иық сүйегінің төменгі үштен бір бөлігінің жабық фрагментті сынығы анықталған. 1-ші дәрежедегі травматикалық шок алған», делінген аталған ведомствоның таратқан ақпаратында.
Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өз бақылауына алды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде поезд бен автобус соқтығысынан жапа шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Jebeu.kz