Түркістанда ұлттық валюта күніне орай теңгелер көрмесі ұйымдастырылды

Уақыты: 2019-11-15 Көрлімі: 761 Сипаттама

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруы...

191115130844311e.jpg

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен теңгелер көрмесі ұйымдастырылды. «Тәуелсіздік нышаны-төл теңге» атты көрмеге музей қорында сақталған 1993 жылғы қағаз ақшалар мен металл теңгелер қойылды, деп  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Н.А.Некрасов атындағы №9 мектеп - гимназиясында өткен шара 15 қараша - Ұлттық валюта күніне орай ұйымдастырылды. Шараға ұстаздар мен оқушылар қатысып, төл теңгеміздің бірнеше түрін тамашалады. Металл ақшалар қатарында мерекелік теңгелер де қойылған.

Музей мамандарының айтуынша, қорда сақтауға алынған нумизматикалық жәдігердің жалпы саны 13600-ден асады. Ондағы ескерткіштердің өзі ішінара негізгі және көмекші қор жәдігерлері болып бөлінген. Негізгі қор жәдігерлері қатарына археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық табыстар, көмбелер, сирек кездесетін нумизматикалық жәдігерлер енген. Жәдігерлердің көпшілігі белгілі нумизмат-ғалымдар тарапынан зерттеліп, ғылыми айналымға қосылған.





«Біздің қорымызда 18 дана алтын, 500-ге жуық күміс жәдігерлер сақталған. Алтын жәдігерлердің 15 данасы ХІІІ ғасырдың екінші жартысында соғылған Моңғол империясы ақшалары. Құнды металдардан соғылған ақшалардың барлығы дерлік республикалық сынамдау палатасында тексеріліп, құрамы анықталған. Бүгін біз 1993 жылдан бастап айналымға енген теңгелер мен тиындардан көрме ұйымдастыруды жөн санадық. Оқушыларға қолданыстағы және қолданыстан шыққан ақшалар жайлы түсініктеме беріліп, тарихы айтылды. Тарихи деректерді тыңдап, білуге балалардың қызығушылығы зор», - деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтаушысы Толқын Жолдасов.








Көрмеден соң «Қазақстан территориясындағы ақша айналымы» тақырыбында лекция өтті. Онда Қазақстан территориясының ерте ортағасырдан бүгінгі күнге дейінгі нумизматикалық тарихы жайлы сөз қозғалды. Оқушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды қойып, пікір алмасты.




Автор Айнұр Ақбаева

Дереккөз: ҚазАқпаратқат


Пікір жазу
  • Жерді латифундистерден қайтаруға кімдер кедергі болды?
    Павлодар қаласында 13 көшенің атауы қазақшаланды