24 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.
Бейнеконференция режимінде өткен кездесу барысында коронавирус індетіне қарсы күрестегі стратегиялық мәселелер, сондай-ақ ел экономикасын қалпына келтіру және дағдарыстан кейінгі кезеңде даму мәселелері қаралды.
Елбасы жаһандық қауіп-қатерлер төңірегіндегі жағдай алаңдатарлық сценарий бойынша дамып жатқанын атап өтті.
– Коронавирустың салдары әлемдік экономиканың маңызды жүйелеріне әсер етуде. Халықаралық валюта қорының сарапшылары қазіргі «Жаһандық карантинді» өткен ғасырда болған Ұлы депрессиямен салыстыруда. Олардың пікірінше, жан басына шаққандағы табыс көлемі 170 елде төмендейді. Экономикасы әлсіз елдер көбірек зардап шегетін болады. Сарапшылар осы тоқсанда пандемия мен экономикалық дағдарыстың шарықтау шегі қатар келеді деген болжам жасап отыр. Өнеркәсіптік өндірістің құлдырауы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі ең төмен деңгейге жетуі мүмкін, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жақын арада әлемнің барлық мемлекеттері бұдан да ауыр сынақтарға тап болатынын және оның бәрі Қазақстанды да айналып өтпейтінін айтты.
– 20 сәуірде мұнай бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге түсіп кетті. Әлемдік нарықтардың теңгерімі бұзылды. Пандемияның соңы және өндірістің жаппай құлдырауы жаһандық қаржы дағдарысына ұласады деген де болжам бар. Келесі кезең – әлемдік азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін. Бұл шиеленістер мен қақтығыстарға әкелуі ықтимал, - деді Елбасы.
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы күрделі кезеңді табысты еңсеруде қазірден бастап қолға алынған іс-шаралар маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы мен Премьер-Министр дағдарысқа қарсы қажетті барлық шешім қабылдады. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілді. Мен барлық азаматтарды төтенше жағдай кезінде тиісті талаптарды орындауға шақырамын. Тарихымызда мұндай ауыртпалықтар талай рет болған. Бірақ осы жолғы қиындықтың орны бөлек. Әрбір қазақстандық мемлекеттің қамқорлығын сезінуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Сонымен қатар қазір біз алдын-ала қамдануымыз керек. Әлемнің бұрынғыдай болмасы анық, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мемлекет пен қоғамда болатын өзгерістерге де тоқталды.
– Біріншіден, барлық ел өздерінің экономикалық стратегияларын қайта қарап жатыр. Мұнда өзін-өзі қамтамасыз ету, өзіне тиеслі ресурстарға үміт арту, өндіріс пен қаржылық тізбектің сенімділігі алғашқы орында болады. Екіншіден, жаңа салалық басым бағыттар қалыптасады. Тиімсіз секторлар мүлде жойылып кетеді. Экономикалық өсімнің көшін тың салалар бастайын деп тұр. Олар экономиканы ілгерілетіп, адамдарды жұмыспен қамтиды. Үшіншіден, барлық ауқымды дағдарыстар технологиялық және экономикалық әлемдік тәртіптің циклдік өзгеруімен байланысты. Қазір ескі модельдің күйрегенін көріп отырмыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін Қазақстанда барлық қажетті ресурстар бар екенін атап өтті.
– Өткен жылдары біз шикізатқа тәуелділікті азайту үшін табанды жұмыс істедік. Сондықтан дамудың барлық негізгі бағыттары бойынша арнайы бағдарламалар әзірленді. Индустрияландыру, шағын және орта бизнесті дамыту, инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылды. Оларға үлкен ресурс бөлінді. Біз Ұлттық қорға қомақты қаражат жинадық. Енді дағдарыс кезінде оның елге пайдасы тиіп жатыр. Алайда қордағы қаржы шексіз емес, оны үнемді және ең қиын жағдайда ғана пайдалану керек, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы әлеуметтік-экономикалық дамуда ерекше әдіс-тәсілдерді қолданудың маңыздылығын атап өтті.
– Бірінші кезекте дағдарысқа қарсы кешенді шараларды жүзеге асыруымыз керек. Көрсетіліп жатқан көмектің бизнес пен халыққа жетуі үшін бөлінген әр теңгені қадағалау қажет. Қазірдің өзінде экономиканы қалпына келтіру және дағдарыстан кейінгі кезеңде даму бағдарламасын іске асыруға кіріскен жөн. Экономиканың негізгі салаларының, болашақ экономикасының, қаржы және әлеуметтік саланың, қалалар мен ауылдардың даму бағыттарын анықтап алу маңызды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттілігіне тоқталды.
– Қазақстанды тиімді корпорация ретінде қарастыратын сәт туды. Ол стратегиялық әрі операциялық нақты жоспарға сәйкес бірыңғай орталықтан басқарылуға тиіс. Ауыл әкімінен бастап Үкімет мүшесіне дейінгі мемлекеттік қызметшінің бәрі өз жұмысын қайта пысықтап, нақты нәтижелерге қол жеткізуі қажет. Елге экономиканы қалпына келтіру, жұмыссыздықты азайту, халықты азық-түлікпен және қажеттінің бәрімен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі батыл шешім қабылдай алатын менеджерлер керек, - деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті.
Қорытындылай келе, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы 2020 жылғы дағдарыстан кейінгі еліміздің даму жолын дер кезінде ойластыру бұл қиындықты жеңіп шығуға көмек беріп қана қоймай, бүкіл мемлекет үшін пайдасы тиетіндігін атап өтті.
– Біз бұл дағдарысты да жеңетінімізге сенімдімін. Әкімдер мен министрлер тікелей жауап береді. Үкімет барлық мемлекеттік бағдарламалар мен дағдарысқа қарсы іс-шаралардың тиімді орындалуын бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Мен барша қазақстандықтарды қабылданған шараларды қолдауға, бірлікке және тәртіпті сақтауға шақырамын. Мұның бәрі халықтың мүддесі үшін жасалып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Дереккөз: Elbasy.kz