Тұғыш президенттің еңбегі жыл өткен сайын биіктей бермек

Уақыты: 2020-11-30 Көрлімі: 2492 Сипаттама

Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекеттілік жас...

81_main.jpg

 

Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекеттілік жасаудың барлық тауқыметін басынан өткерді. Қиындыққа толы осы жолда толағай табыстарға қол жеткізді. Қазақ елін төрткүл дүниеге әйгілеп, барша әлемге мойындата білді. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев,

ҚР Президенті

 

1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұғыш президент күні. Бұл мереке 2011 жылдың 10 желтоқсаны күні ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан бері аталып келеді.

Аталмыш мерекенің мән-мазмұны туралы заң жобасын қабылдау барысында сол кездегі Сенат спикері Қайрат Мәми: «Тәуелсіздіктің қайнар көзі 1991 жылы 1 желтоқсанда еліміз алғаш рет бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде өзінің тұңғыш Президентін сайлап алғаннан басталған болатын. Сондықтан да, бүгін Қазақстан Республикасы өзінің Тұңғыш Президентін сайлаған күн - Мемлекеттік мереке күні болып бекітілді. Бұл шешім арқылы, біз Елбасы Н. Назарбаевтың ұлы тұлға екеніне, көреген кемеңгерлігіне ғана тиісті баға беріп отырған жоқпыз. Бұл шешім арқылы Тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы Президент институтының мәртебесіне және осыдан 20 жыл бұрынғы біздің халқымыздың Президент институтының керектігін өзінің салиқалылығымен таңдағанына тиісті баға беріп отырмыз деп ойлаймын. Сондықтан да, отандастырымыз осы шешімімізді, осы сыйды дұрыс қабылдайды деген сенімдемін», - деп атап өткен болатын.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылдаса, 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Республикасының перзиденті сайланды. 1991 жылдың 16 желтоқсанда ҚР Тәуелсіздігі жарияланды. Міне бұл айтулы күндердің барлығы Қазақстан тарихындағы айырықша күндердің бірі болып табылады. Тұғыш президент кім болса да, соңғы бірнеше ғасырда бодандықта болған елдің өз президентін өзі сайлап және оны бүкіл әлемнің тануы мен мойындауы айтулы күн ретінде атап өтуге әбден лайықты. Қазақстан Республикасының Тұғыш президенті таңдауы Нұрсұлтан Назарбаевқа түсіпті. Тұғыш президент әрі Елбасы, Ұлт көшбасшысы атақтарын арқалаған Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз елдің президенті болып сайланғаннан бастап 28 жыл, оның арғы жағындағы 1989 жылдың 22 маусымындағы  Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы лауазымына тағайындалғаннан бастап 30 жыл ел тізгінін ұстап, биылғы жылдың 19 наурызында өкілеттілігін тоқтатып, ҚР Жоғарғы билігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа транзиттік жолмен өткізіп берді.

Осы 30 жылға таяу ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының ғасыр бойы аңсаған азаттығының баянды болуына бар-күш жігерін арнады. Елдің даму стратегиясы мен елдік мүдде алдындағы жоба-жоспарлар бірер мезетке емес, ұзақ жылдарға құрылған Мәңгілік ел мұратын негіз етті. Көпвкеторлы сыртқы саясат негізінде әлемнің әр мемлекеті мен саясаткерлері алдында мемлекеттің де өзінің де беделін арттыра білді.  Осы жолдағы еңбектер қоғамнан түрліше бағасын алып, Елбасы мұратын түсінгендер де, жіте түсіне алмағандар да табылады. Біз ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен саясаткерлер де Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген саясаты мен жеке басының саяси, адами, тұлғалық, көшбасшылық қасиеттеріне жан-жақты бағаларын беріп жатады.

Әлемге әйгілі саясаткерлер Нұрсұлтан Назарбаевқа Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында-ақ өз бағасын беріп жатты. Соның бірі Ұлы­британияның 1979-1990 жылдары Премьер-министрі болған Мар­гарет Тэтчер  «Қазір әлемде бес-алты ірі және өте ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назар­баев. Мен оған толық сенемін және оның Қазақстанда жүзеге асы­рып жатқан бастамаларымен келі­семін», – депті. Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілікті басты ұстаным етті. Әлем елдеріне қырғи қабақтылықты тоқтатуды үндеп, бітімкершілікке шақырды. Оның үздік үлгісі ретінде ең алдымен Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Бұл туралы  АҚШ-тың бұрын­ғы президенті Барак Обама «Пре­зидент Назарбаев ядролық қару­лар­ды таратпау мәселелерінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі саналады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізуде үлгі бола алады. Бұл қадам Қазақстанды өңір­дегі тұрақты елдердің бірі­не айнал­ды­руға мүмкіндік берді»,- деген еді.

 Нұрсұлтан Назарбаев Түрік елдері ара­сындағы мәдени-руxани, экономикалық байланыс­тарды дамыту мақсатында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құруға түрткі болғаны сияқты Түрік елдерінің бірлігіне үлкен ықпал жасады.  Бұл еңбегін Түрияның Президенті  Реджеп Ердоған «Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашанда ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды»,- деп бағалаған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы сындарлы жылдардағы қабылдаған шешімдері сол кезде бірі қолдауға, бірі қарсылыққа ұшыраса, қазіргі кезде сол шешімдердің оңтайлы уақытта қабылданғаны сондағы қарсы болғандардың өзін мойындатуда. Елімізді оң жолға бастаған сол шешімдері туралы «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек «Ұлт көшбасшысы және билік транзиты» деген мақаласында «Экономикасының, әсіресе өнеркәсібінің кіндігі одақтас елдермен байланған мұхиттан алыс аграрлы ел Қазақстанның тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлының алдында көптеген таңдаулар тұрды. Нарықтың дендеп кіруімен дәстүрлі жоспарлы экономика күйреп тынды. Қазба байлығы мен ядролық қаруы бар жас мемлекет бүкіл әлемнің назарын аударып, қайшылықтар мен мүдделер тоғысының нүктесіне айналды. Осы кезде ұлт көшбасшысы стратегиялық маңызы бар біраз шешім қабылдады. Әуелі, ядролық қарудан бас тартып, шетел инвесторларының елімізге кіруіне кең жол ашты. Екінші, құрлымдық аумақтық реформалар жасап, далиып кеткен аудан, облыстарды біріктіріп, бюжет қаржысын үнемдеді. Үшінші, дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайын өткізіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құрып, әлемге шашырап кеткен қазақтардың елге оралуының құқықтық, заңдық негіздерін қалады. Төртінші, тәуелсіз, дербес сыртқы саясат жүргізе отырып, барлық шекарамыз тұтасып жатқан көрші елдермен шекара сызығын айқындап алды. Бесінші, жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық қатынасқа көшті. Алтыншы, саяси-экономикалық реформаларды түбегейлі жүргізу үшін Ресейде әр салада көзге түскен мықты мамандарды аттай қалап шақырып алды. Міне осы кезде Ғалым Әбеусеитов, Тоқтар Әубәкіров, марқұм Нағашыбай Шәйкенов, Қасым-Жомарт Тоқаев қатарлы тұлғалар жарқырап көрінді. Сонымен бірге, санасы уланбаған, нарыққа бейім, бизнесте өз қабылетін көрсеткен тәуекелшіл жастарды текедей талдап, сақадай сайлап маңызды орындарға қойды. Сонымен жаңа мемлекет құру, нарыққа өту үдерісі қатар жүріп, «қазақтың жас түріктері» атанған жастар буыны қалыптасты. Жетінші, барлық қиындықтарға қарамай Астананы солтүстікке көшірді. Бұл көш қазақ экономикасының бойына қан жүгіртті, құрлыс пен жаңарудың паровозы болды. Солтүстік облыстарда ұлттық тепе-теңдіктің сақталуына игі әсерін тигізді», деп баяндаған.

Сондай-ақ соңғы жылдары қабылдаған қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, Түркістан қаласының Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы етіп бекіту сияқты елеулі шешімдері мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да көптің көңілінен шыққан бастамалар болды. Сонымен бірге Қазақстанды экономикасы шикізатқа сүйенген елден, өнер-кәсіптік елге айналдыру үшін индустриалды-инновациялық даму бағдарламаларын жолға қойды. Әлемнің ақпараттық технологиялар дәуіріне өтіп жатқанын біліп, Цифрлы Қазақстан жобасын ұсынды. Жастарды заман ағымына сай осы техникалардың тетігін білуге шақырып, Қазақстанның ақпараттық технологиялар бәсекесінде өз орнын табуын және Қазақ жастарының жан-жақты білім алып, бәсекеге қабылетті болып қалыптасуын қалады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген саясатқа тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да түрлі қарсы пікір айтушылар болды. Ондай пікірлер қазір де шығады. Сонымен бірге елдегі жемқорлық, жеркілікті басқарудағы әкімшілік бюрократия кесірінен мемлекеттік бағдарларламалардың толық орындалмай қалу жағдайы да жиі тілге тиек болады. Мемлекеттік тіл мен ұлттық саясаттағы асықбаушылық,  сот жүйесіне, құқық қорғау орындарының жұмысына сенімсіздік, халық табысы және экономикалық теңсіздіктен туған әлеуметтік мәселелелер, сөз бостандығы мен демократиялық құндылықтар толық сақталмайды деген сияқты түрлі сындарға да тап болады. Бұлар енді түрленіп, өзгеріп өткен президенттің ғана емес, қазіргі және алдағы президенттердің де алдынан шығып тұратын мәселелер және оларды шешу де бір президенттің құзырында ғана болмаса керек. Өзгеру мен өзгерту жалпыға ортық.

 Әлем бойынша жер көлемі жағынан 9 - орынды иелейтін, жерінің асты-үсті байлыққа толы Қазақстанға көзсұғын қадаушы елдер болмады деуге келмейді. Оның үстіне ел егемендігін алғанда мемлекетті құраушы қазақ ұлтының саны 50 пайызға да жетпейтін еді. Міне осы    сәттерде елді түрлі күштердің алдауы мен арбауына түсірмей, қиыннан жол тапқан Елбасы ширек ғасырдан астам  уақытта мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етті.  Ел билігіндегі кадырлық күштер бірлігінің негізіне айналды. Осы сынды мемлекет алдындағы жоба-жоспарларын көздеген жеріне жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президенттік өкілеттігін тоқтатып, ҚР Қауіпсіздік кеңесіне төраға болып қалды. Бұның өзі тағы бір тарихи кезеңге өткенімізді білдіреді. Қазақстанның тұғыш президентін тану, Нұрсұлтан Назарбаевты тану енді бір жаңа кезеңге жол тартты.  Енді Назарбаев дәуірін тану, ҚР Тұғыш президенті дәуірін тану салыстырмалы түрде талдауға жол ашады. Назарбаев дәуірін талдағандар енді қазіргі және одан кейінгі президент дәуірлерімен салыстырады және Назарбаевтың жоспарлап кеткен стратегияларының сол кездегі орындауы барысын қоса талдайтын болады. Демек, күн өткен ҚР Тұңғыш президентін тану мен Елбасы еңбектері биіктей бермек.


Тұрдыбек Құрметқан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Ақпараттық жүйелер кафедрасының оқытушысы



Jebeu.kz

 

 

 


Пікір жазу
  • Әлібек АСҚАРОВ: Жастарға Тәжин әлемінен алар тәлім де, тағлым да молынан
    Тоқаев: Қазақстан президенттік басқару жүйесінде, президенттік республика болып қалады