зық-түлік тауарлары бағасының өсуі 6%-дан аспайды

Уақыты: 2020-09-15 Көрлімі: 1017 Сипаттама

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңы...


Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Баға мониторингі және ден қою шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады, деп Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.

2020 жылдың басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,4%-ға өсті. Негізгі өсімді қарақұмық жармасы мен қант, сәбіз бен картоп көрсетті. Басты себебі — егістік аумағының қысқаруы. Б. Сұлтановтың айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсім барлық аймақтарда байқалады. Дегенмен тауарлардың көпшілігі бойынша ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен қамтылды.

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бес түрінде бағаның төмендеуі байқалуда. Мәселен, қырыққабақтың бағасы 21,4%-ға төмендеді. Жалпы өсім көрсеткіші 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе төмен. Аталған өсімнің 90%-ы, яғни 4,1 пайыздық тармағы, елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген кезеңінде тіркелді", — деді министр.

Мұның негізгі себептері карантиндік шаралармен байланысты орын алған азық-түлікке деген дүрлікпе сұраныс және логистика мен тауар тасымалдаудың өзгергені, маусымаралық кезеңдегі тапшылық болды. Сонымен қатар биылғы мамыр айынан бастап баға өсімі реттеле бастады. Атап айтқанда, бағалар мамырда 0,1%-ға өсті, маусым мен шілдеде өспей, тамызда тіпті 1%-ға төмендеді. Бағаларды тұрақтандыру үшін Сауда және интеграция, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің бірлескен бұйрығымен төтенше жағдай режимі кезеңінде 9 әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті бағалар белгіленді. 

Сонымен қатар Министрлік әкімдіктерге ішкі сауда субъектілерінің шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін сақтауға бақылау жүргізу бойынша ұсыныстар жіберді. Аталған ұсыныстарды орындау үшін әкімдіктер мен Министрліктің аумақтық бөлімшелері тұрақты негізде мониторинг жүргізіп, оның қорытындысы бойынша 180 әкімшілік айыппұл салынды.

"2020 жылғы 22 наурыздан бастап төтенше жағдай режимінің әрекет етуі кезеңінде 7 тауарды (қарақұмық, қант, картоп, пияз (сарымсақ), күнбағыс тұқымы, күнбағыс майы, қарақұмық жармасы) экспорттауға, сондай-ақ тауарларды (сәбіз, шалқан, қызылша, қырыққабат, бидай ұны және жұмсақ бидай) ай сайын шығаруды квоталауға тыйым салынды. Бұдан өзге бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында осы жылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импорты мен сатылуына қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді", — деді Б. Сұлтанов.

Министр атап өткендей, жергілікті атқарушы органдар "айналым схемасы", форвардтық сатып алу және "тұрақтандыру қорларын қалыптастыру" сияқты құралдарды пайдаланады.

"Тұрақтандыру қорларында 27,7 мың тонна азық-түлік қалыптасқан және 21,6 мың тонна жеткізуге форвардтық шарттар жасалған. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру міндеттемесімен “айналым схемасына” жергілікті бюджеттерден 14,2 млрд теңге бөлінді", — деді Б. Сұлтанов. 

Бұл нарықтық механизм қазірдің өзінде тиімділігін көрсетіп отыр. Алматы қаласы бойынша басқа өңірлермен салыстырғанда қомақты қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде қалада жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі 2,2%-ды құрады. Бұл ел бойынша ең төмен көрсеткіш. 

Сонымен қатар Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында "айналым схемасына" қаражат бөлінген жоқ, оның нәтижесінде аталған өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі тиісінше 6,1% және 5,7%-ды құрады. Б. Сұлтановтың айтуынша, бағаны тұрақтандырудың маңызды құралдарының бірі — монополияға қарсы реттеу шаралары. Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті ішкі нарыққа сөз байласу мәніне тұрақты мониторинг жүргізеді. Осылайша, осы жылы азық-түлік, жеміс-көкөніс пен ет өнімдерін өндіру және сату бойынша нарық субъектілеріне 293 хабарлама жіберілді, сондай-ақ 13 тергеу жұмысы жүргізілді.

"Біздің бағалауымызша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі тұрақтанады және жыл соңына дейін 6%-дан аспайды. Бұл болжам барлық қолданыстағы факторларды және бағаны тұрақтандыру бойынша жоғарыда аталған мемлекет қабылдаған шараларды ескере отырып жасалды. Жалпы алғанда, өркениетті бөлшек сауда мен сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс, айналым схемасын қаржыландыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тежеу жөніндегі жол картасы шеңберіндегі жұмыстардың мониторингі мен үйлестірілуін күшейту, “Азық-түлік корпорациясы” ресурстарын ұтымды бөлуді қамтамасыз ету бағаны тұрақтандырудың негізгі факторлары", — деп нақтылады министр. 

Нарық тарапынан бағаның төмендеуіне бірінші кезекте ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемінің өсуі мен өркениетті бөлшек сауданың дамуы оң әсер етеді.

"Бағаларды онлайн режимде мониторингтеу үшін Министрліктің аумақтық бөлімшелері мен әкімдіктер dosmart.kz онлайн жүйесін пайдаланады. Бұл жүйе ML технологияларымен өңдеуге және 1% кэш-бэк алуға арналған фото чектерді қоса, жеке тұлғалардан өзекті деректерді жинауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ дүкендерде бағалар мен өнімдердің бар-жоғын мониторингілеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді", — деді министр. 

Қазіргі уақытта бағаны тұрақтандыру шеңберінде Министрлік мынадай жүйелі жұмыстар жүргізуде:

Бірінші. Стационарлық емес сауда базарларын жаңғырту және сауда жабдықтарын сатып алу үшін ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізу.

Екінші. Электрондық сауданы дамыту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу.

Үшінші. Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.




Пікір жазу
  • Алексей Цой: Коронавирустың кезекті толқынының болу-болмауына өзіміз ықпал етеміз
    Бақыт Көшерова:COVID-19-бен күресте мемлекет пен халықтың жауапкершілігі қажет

    Ұқсас тақырыптар