Алдағы бірнеше аптаның ішінде еліміздің ауруханаларына қосымша өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Біз шамамен 5 мың өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алуды жоспарлаған едік. Қазіргі уақытта жеткізіліп те жатыр. Қазақстан ауруханаларында бүгінде 3 мыңнан астам аппарат орнатылды. 1,5 мың аппаратты отандық өндірушілер шығарған. Таяу бірнеше аптаның ішінде барлық аппарат жеткізілетін болады»,- деді Алексей Цой.
Оның дерегінше, бүгінде еліміздің ауруханаларында коронавируспен және өкпе қабынуымен шамамен 4,8 мың пациент ем алып жатыр.
«Қазір ахуал тұрақты. Көршілес елдерде, әсіресе Еуропа өңірінде, ТМД елдерінде ауру өсімі байқалады. Сондықтан біз үшін осы ахуалды ұстап қалу өте маңызды. Көрсеткіштер жақсы болғанына қарамастан төсек-орын қорын ұлғайтып, дәрі-дәрмек сатып алып жатырмыз. Жеке қорғаныс құралдарымен, маскамен қамтамасыз етеміз. Біз індеттің келесі толқынына дайындалудамыз. Әрине, біз үшін оның болмағандығы өте маңызды. Ең маңызды факті – әлеуметтік арақашықтық пен маска. Аурдың 30 пайызы маска тағуға және 40 пайызы әлеуметтік арақашықтықты сақтауға байланысты екендігін бірнеше мәрте айттық. Осыны ұстануға шақырамыз. Індет толқынының болуына не болмауына біз өзіміз ықпал етеміз. Біздің әрқайсымыз осынау ахуалға ықпал ете аламыз. Қазір денсаулық сақтау жүйесіне келесі толқынға дайындық пен алдын алу-түсіндіру жұмыстары ғана байланысты. Ал қалғаны біздің әрқайсымызға, жиі қарым-қатынаста болуымызға, маска тағуымызға байланысты екендігі анық», - деді Алексей Цой.
Айта кетейік, бүгін елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой маусымдық тұмауға қарсы екпе салдырған еді.
Автор Марлан Жиембай