2025 жылға қарай халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесін толығымен шешіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты.
"Сумен жабдықтау және су бұру мәселелері Үкіметтің стратегиялық міндеті болып табылады және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Жалпы елде орталықтандырылған сумен жабдықтау қалаларда 97,2, ауылдарда 86,4 пайызды құрайды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай халықтың 100 пайыз сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етіледі. Осының арқасында біз халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесін толығымен шешеміз. Сумен жабдықтау мәселесінің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, әр әкімдіктің елді мекендерге, әсіресе, тұрғындары аз ауылдарға тиісті инфрақұрылымды жеткізу бойынша нақты жоспарлары болу керек. Осы мәселедегі маңызды фактор топтық су құбырларының инфрақұрылымын жасау және ауылдардың шекарасына дейін жеткізу керек. Бұл жұмыс желілерді елді мекендердің ішінде тартумен үйлесімді жүруі қажет. Жауапты министрліктер мен әкімдіктер, бірінші кезекте, артта қалған өңірлер осы мәселені ерекше бақылауда ұстасын", - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр сумен жабдықтау жобаларын іске асыру кезінде отандық өндірушілердің материалдарын пайдалану қажет деді.
«Тағы бір маңызды міндет кәріздік тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту болып табылады. Бұл мәселені шешудің тәсілдері бар, қаржыландыру көздері анықталды, жобалау құжаттамасы дайындалып жатыр. Осы жұмыстарды жылдам аяқтап, жобаларды іске асыруға кірісу керек. Сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру кезінде жобалау-сметалық құжаттаманың типтік жобаларын, отандық өндірушілердің материалдарын пайдалану қажет. Бұл жобалардың шығындарын қысқартып қана қоймай, жергілікті қамтуды дамытуға мүмкіндік береді», - деді Асқар Мамин.
Осы орайда Үкімет басшысы жалпы мемлекеттік органдар қабылдап жатқан шараларды қолдауға болады деп есептейтіндігін айта келе бірқатар мәселеге назар аудартты.
«Бірінші. Индустрия министрлігіне әкімдермен бірлесіп, осы жылдың қорытындысы бойынша қалалар мен ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Екінші. Экология министрлігі топтық су құбырларын басқару жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылдап, оларды салу және реконструкциялау жобаларын уақтылы іске асыруды қамтамасыз етсін. 2021 жылдың соңына дейін 197 мың тұрғыны бар 38 елді мекенге су жүргізуді көздейтін, ұзаққа созылған үш жобаның құрылысын аяқтау қажет. Үшінші. Индустрия, Ұлттық экономика, Қаржы, Экология, Денсаулық сақтау министрліктері халық үшін тарифтердің артуына жол бермеу үшін кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобаларын іске асыру тетігін заң жүзінде бекітуді қамтамасыз етсін, қарыздарға қызмет көрсету мен өтеуді ескеру қажет», - деді Премьер-Министр