Бүгіннен бастап Мәжіліс пен мәслихат депутаттығынан үміткерлер өз кандидатурасын ұсына алады, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
Айта кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров алдағы Мәжіліс сайлауына кімдер қатыса алатынын түсіндірген болатын.
Бекітілген жоспарға сәйкес, кандидаттарды ұсыну кезеңі дауыс беру күнінен екі ай бұрын басталады және дауыс беру күнінен қырық күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Яғни, 10 қарашадан бастап 30 қараша сағат 18-00-ге дейін.
Партиялық тізімді тіркеу сайлаудан екі ай бұрын басталады және сайлауға бір ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады. Яғни, 2020 жылғы 10 қарашадан 10 желтоқсан күнгі сағат 18:00-ге дейін.
Заңға сәйкес, сайлау алдындағы үгіт партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталған кезден басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша сағат 00.00-де аяқталады.
Осылайша, партиялық тізім бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауының жалпы ұзақтығы - тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін 82 күн.
Константин Петровтың айтуынша, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы бір мезгілде өткізіледі және мерзімі жағынан Президентті, Парламент Сенаты депутаттарын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс.
Мәслихат сайлауын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлаумен бір мезгілде өткізу бойынша шектеу жоқ.
Жалпы, алдағы науқанда 216 мәслихаттың 3276 депутаты сайлануға тиіс. Осы орайда облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының 589 депутаты, облыстық маңызы бар қалалардың 36 мәслихатында 596 депутат, аудандардың 163 мәслихатында 2091 депутат қамтылмақ.
Біріншіден, мәслихатқа сайлау алғаш рет саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша өтуде.
Екіншіден, сайлау туралы Конституциялық заңдағы өзгерістерге сәйкес, тиісті әкімшілік аумақ ішінде мәслихат депутаттарын сайлау кезінде бірыңғай аумақтық сайлау округі құрылады.
Жасы жиырмаға толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Республика азаматы бір мәслихаттың ғана депутаты бола алады.
Осыған сәйкес депутаттыққа кандидаттарды ұсыну кезеңі 2020 жылғы 10 қарашадан бастап 2020 жылғы 4 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу 10 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталады.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-ден кейін басталады және 2021 жылғы 9 қаңтарда аяқталады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат сайлауын өткізу жөнінде үндеу жариялады.