Ер Едігенің Алтын орда тарихындағы орны...

Уақыты: 2020-12-30 Көрлімі: 524 Сипаттама

Әріден тартсақ, қазақ халқының тарихи құжаттарда нақты таңбаланған азаматтық тарихы с...

024d07eadbca5aa2a2ecab7eba5eee6c-1000x_.jpg

Әріден тартсақ, қазақ халқының тарихи құжаттарда нақты таңбаланған азаматтық тарихы соңғы мың жарым жылды қамтиды. Ежелгі түрік дәуірінен бері тартып, Алтын Орда заманына ұласқан ұлыстар тарихына үңілсек, бұл да сала-сала.

Кейінгі тарихқа көз жүгіртсек, 1221 жылы Шыңғыс хан үлкен баласы Жошыға Ертістен Орал тауларына дейінгі жерлерді, одан әрі батысқа қарай «монғол атының тұяғы жететін жерге дейінгі», оңтүстікке қарай – Каспий мен Арал теңізіне дейінгі жерлерді берді. Орта Азиядағы иеліктерінен Әмударияның  төменгі жағындағы аудандар (Солтүстік Хорезм) мен Сырдария кірді. Әу баста  Жошы Ордасы  осылайша құрылған болатын. Әкесі Жошыға 4000(төрт мың) жауынгер берді. Бұл азғантай адам бірте-бірте жергілікті түркі халықтарымен араласып, сіңіп кетті. Ал Жошы ұлысының Бату хан басқарған тұстағы тарихы көпке мәлім. Ұлыстың шегі батыста Днестерге дейін, шығыста – Ертіске дейін барды, солтүстікте оның шегіне Булгар князьдігі, оңтүстікте – Солтүстік Кавказ кірді. Бату мемлекетінің шекарасына оңтүстік-шығыста Солтүстік  Хорезм және Сырдария аяғындағы жерлер енді.  Орданың орталығы Еділдің аяғында, Бату салдырған Сарай қаласында болды. Орыс князьдіктері Батуға тәуелді болып, алым-салық төлеп тұрды. Орыс князьдерін Алтын Орда хандары бекітті. Кейін бұл мемлекетті орыстар жағымпазданып «Алтын Орда» атандырды. 

ХV ғасырда Алтын Орда ыдырап, орнына жеті мемлекет пайда болды. Сол жетеудің бірі Қазақ хандығы қалыптасып, әбден кемеліне келген тұста Алтын Орданың Еділден Алтайға дейінгі ұланғайыр территориясын иеленді. Яғни, Алтын Орданың мұрагеріне айналды. Еуропадан, орыс князьдіктерінен тартып алған жоқ, өздерінің байрығы жері. Ата-бабаларының қонысы.

Патшалық Ресейді былай қойғанда, жетпіс жыл бойғы коммунистік билік заманында жекелеген ұлттардың тарихын жазудағы ең басты мақсат – сол халықтардың тарихы болмағанын дәлелдеу еді. Бұл әрекеттері нәтижесіз кеткен жоқ, бұрмаланған теріс тарихты оқыта-оқыта ондағы теріс тәрбие тек орыстың ғана емес, қазақтың да санасын әбден уландырып, буынына құрт болып түсті. Советтік тарих оқулығы қазақ мал соңында көшіп-қонып жүрген әлдебір тобыр, қой қалай қарай жайылса соның соңынан ере берген дейді. Бағамдап қарасаңыз, қазақтан гөрі қой ақылды боп шығады. Ресей депутаттары Никонов, Федоров, Жириновскилер сол жалған тарихпен көз ашқан, сонымен қарғадайынан сусындаған жандар. Есейгенде тарихи санасына ештеңе қоспағандар.

Алтын Орда барлық уақытта орыс князьдіктерін ашса алақанында, жұмса жұдырғында ұстап отырды. Тиісті салығын төледі, князьдерін Орданың ханы бекітті. Біздің орта ғасырдағы айбынды мемлекетіміз Алтын Орданың құтының қашуы Ақсақ Темірге байланысты. Темір Тоқтамыс хан тұсында Орданы 1389,1391,1395 жылдары үш қайтара шауып, күйзелтіп жіберді. Өкшесі көтеріліп, құты қашқан, ыдырауға айналған Алтын Орданың іргесін қайта бекітіп, босқан халқын қайта ұйыстырып, қайыра ел қатрына қосқан Ер Едіге еді. Едіге қазіргі қазақ жерінде туып, қазақ жерінде өлген, өз заманының озық ойлы азаматы еді.

Едіге әу баста Алтын Орда ханы Тоқтамыстың жанында болды. Орданы оңалтуға өз үлесін қосты. Кейін арадағы сөзге ерген Тоқтамыс Едігенің көзін құртудың қамын ойлады. Басын қайттаған Едіге Мәуренақырға қашты. Темір 1391жылғы Алтын Ордаға қарсы екінші жорығында саяси босқын ретінде барған Едігені өзімен бірге ала жүрді. Оның осы сапары қандай рөл атқарғандығы жайында тарихи деректерде аққа қарамен былайша таңбаланған: «Обнаружив переправу через реку, Тимур остановился там на ночь, а утром первого раджаба переправился через реку Иик и отправился в сторону врага. Тимур стоял до тех пор, пока не переправилось все войско. В это время взяли в плен и привели трех человек из врагов. Увидев себя в плену, они не нашли другого избавления, кроме правды, и сказали: «Перед этим два нукера бежали от Идигу и пришли сюда, сообщили о выступлении Тимура и сказали, что он идет сюда с огромным войском и бесчисленной ратью, по числу подобной песку пустыни и листьям деревьев. У Токтамыш-хана от этого известия  в уме вспыхнул огонь энергии, он послал и собрал войска правого и левого крыла, теперь находится в Кырк–куле, посылает в края государства послов и собирает войска», (астын сызған – біз) [қараңыз: Из глубины столетий. 2-е издание. – Казань: Татарское книжное издательство, 2004.  ст.205-206].

Біз аталған тарихи дерекке зейін аударып қарасақ, Алтын Орданы бұл жолғы ақи-тақи күйреуден аман алып қалған Едіге екендігін пайымдаймыз. 

Осы жорықтан соң Темірдің іс-әрекетінен түңілген Едіге әртүрлі сылтау айтып, одан іргесін аулақ салды. Ақсақ Темір өзінің қателескенін сезіп, Едігені қолдан шығармау керек екенін түсініп, оған шабарман жібереді. Бір жұмысқа байланысты ақылдасатын шаруа бар дейді. Едіге былай деп шабарманды кері қайтарады: «Управляйтесь  с вашим делом, да отправьтесь к вашему господину, облизывайте его руки и сообщите ему, что сроку нашего обещания тут конец и что я  (дале) не причастен ему, ибо страшусь Аллаха» [қараңыз: Властелин Евразии. – Алматы: Кочевники, 2003.  165-б.].  Едіге осы сөзінде тұрып, бұдан кейін өле-өлгенінше өзін Темірден аулақ ұстады. Жиені, Шыңғыс хан тұқымы Темір Құтылықты Алтын Орданың ханы етіп, өзі бектербегі болды.

Қашып кеткен Тоқтамыстың қол жинап келіп, әлденеше рет Орданы басып алмақ болған ниеті жүзеге аспады.1398 жылы  ойсырай жеңіліп, Литва билеушісі Витовтқа қашты. Тоқтамыстың келуін Витовт өз пайдасына шешудің қамын жеді. Бұл кезде Литва мен Польша күшейіп, Ресейдің батыс бөлігін өздеріне қаратқан еді. Енді Жошы ұлысын басып алу, одан әрі өтіп Ақсақ Темірді күйрету жоспарларын жасады. Витовттың жоспары бойынша Алтын Орданы дәрегейіне қаратқан соң, Ресейдің қалған бөлігі де оңай уысқа түспек. Ал князь Василий Дмитриевич болса Витовт пен Алтын Орданың арасындағы соғыстың тезірек басталғанын қалады. Себебі Смоленскіні, батыс орыс княздіктерін тегіс  басып алып, өзін «Литва мен Русьтің ұлы князі» деп жариялаған Витовт Мәскеуге үлкен қауіп төндіріп тұрды. Витовт ең таңдулы әскерін  Киев қаласына шоғырландырып,  соғысқа ұзақ дайындалды. 1399 жылы Алтын Орданың шекарасына тақап келген Витовт шерігінің құрамында Тефтон орденді рыцарлар мен  батыстың жеті мемлекетінің ең таңдаулы сарбаздары болды.  Алтын Орда жерін бес саусағындай білетін, мұндағы соғыс әдісін толық меңгерген Тоқтамыс пен оның сарбаздары Литва князінің сенімін одан әрі орнықтырған болатын. 

Мұздай қаруланған, зеңбірік сүйретіп, мылтық асынған, саны мол Витовт шерігін Едіге өзінің дарынды қолбасылығы арқасында 1399 жылы 12 тамыз күні талқандады. Витовт пен Тоқтамыс әрең қашып құтылды. Бұл жеңіс туралы Н.М. Карамзин Шыңғыс пен Батый тұсында да мұндай ұлы жеңіс болған жоқ деп жазады. Алтын Ордалықтар Борсықтыдан Киевке дейін 500 шақырымдық жолда европалық әскерлерді қырып салды. Витовт астана қылған Киев 3 мың күміс сатып алу ақшасын төлеп,  Едігенің қаһарынан аман қалды. Бұл жеңіс Едігенің даңқын аспанға шығарды. 

Жоғарыда айтқанымыздай, ХІV ғасырда әбден күшейген Литва мен Польша  Батыс және Оңтүстік орыс жерлерін, Украина мен Белоруссияны дәрегейіне қаратқан еді. Литва, Польша, Венгрия, Швеция жан-жақтан төніп, Ресейді қайтарымсыз бөліп алу алдында тұрған болатын. Орталық Ресей Едігенің жеңісі арқасында ғана аман қалды. Бұл жөнінде орыстың атақты тарихшысы Л.Гумилев: «Самый большой выигрыш от битвы на Ворскле получила Москва. Порожение Витовта спасло ее от угрозы литовского захвата, а литовский князь  даже  потерял на время  Смоленск (1401)», – деп аққа қарамен таңбалаған [қараңыз: Гумилев Л. Н. Древняя Русь и Великая степь. – Москва: АСТ, 2007г. 226-б.].  

Осы тұстағы Алтын Орданың Ақсақ Темір мемлекетіменен арадағы қарым-қатынасын, Едіге мен Темірдің ара жігін Р. Клавихо жазып кеткен мына сөздерден байқауға болады: «Теперь ... я расскажу, как Тамурбек победил и разбил Тотамиха, императора Тарталии, могущественного и доблестного человека, более сильного, чем Турок, и как в Тарталии возвысился один кавалер по имени Едегуй, подвластный Тамурбеку, и теперь у Тамурбека нет большего врага, чем   этот Едегуй».

Ол заман үшін тарихта үлкен із қалдырған оқиға Едігенің 1408 жылы арадағы шартты бұзған орыс князьдіктеріне  жорық ұйымдастырып, Мәскеуді қоршауы болды.  Бұл оқиғаның астарына кеңес үкіметі тұсында оның шегіндегі түркі тұқымынан шыққан тарихшылар  отарлық езгі салдарынан тереңдеп бара алмады. Орыс тарихшылары Лев Гумилев, Б.Д.Греков, А.Ю.Якубовский, Ю.В.Мизун бұл  оқиғаның тарихын қысқаша қайыруға тырысады,  Едіге Мәскеуді ала алмады дейді. Ал академик Б.Д.Греков болса Едігенің жүргізген бұл зор майданы және жеңістері хақында: «... собственно говоря, успехи эти прежде всего были обусловлены отсутствием  единства между Литвой и Москвой. Если бы эти два государства объеденились в своей борьбе против татар в начале ХІV в., не могло бы быть и успехов Едигея», –  деп,  іс жүзінде жүзеге асуы мүмкін емес нәрсені қиялдап кетеді. Бұдан кеңес тарихшысының шованистік ой пиғылы анық аңқып тұр.  Москваның жоғарыда аталған елдердің талан-таражына түсіп, біржола жоқ болып кетуінен  аман алып қалған Едігеге рахмет айтудың орнына шованист кеңес тарихшысы  осылай деп  адас сөз жазады.  

Едігенің Мәскеуге жасаған жорығына байланысты молырақ қамтып әңгіме қылған – орыстың атақты тарихшысы М.Н.Карамзин. Ол қалдырып кеткен тарихи жазбада да Ресейге іш тарту анық байқалады, бірақ нақтылы шындықтан ауытқып кетпейді, кеңес тарихшыларына ұқсап теріс қиял қуып кетпейді. Н.М.Карамзин өзінің «История государства Российского» деген әйгілі еңбегінде: «Эдигей, задержав Юрия, шел вперед с великою поспешностию – и через несколько дней услышали в Москве, что полки Ханские стремятся прямо к ней. Сия  весть покалебала твердость Великокняжеского Совета: «Василий не дерзнул на битву в поле и сделал тож е, что его родитель в подобных обстоятельствах: уехал с супругою и с детьми в Кострому», – деп ұлы князь Василийдің әкесіне ұқсап Мәскеу халқын тастап, басын қайттап қашқанын мысқылдай жазады. (Василийдің әкесі Дмитрий Донской 1382 жылы Тоқтамыс пен Едіге Москваны барып қоршағанда халқын тастап, қатынын алып қашып кеткен болтын). Алайда, Мәскеуді қоршауға алған Едігенің Ордаға шұғыл түрде оралуына тура келді. Едігенің ұйғаруымен хан тағында отырған Болат ханның жаушысы Ордада төңкеріс болғалы жатқанын хабарлайды. Тоқтамыс ханның баласы Жәлел-әд-Дин Литва князі Витовттан көмек алып, көп әскермен Болат ханмен соғысуға атаннған еді. Мәскеуді тастап кетуге мәжбүр болған Едіге 3000 сом «сатып алу» ақшасын төлеген қаланы қоршаудан босатады. Арнайы салық төлейтін қылады. Мәскеу сол салықты 1550 жылға дейін Едіге ұрпақтарыны төлеп тұрды. Тарихшылардың жазуынша, Жәлел-әд-Дин Едігеден тағы жеңіліп, қайтадан Литваға қашады.  

Едіге 1416 жылы Тоқтамыс балаларымен  ауыз жаласып, қайта күшейген  Витовтқа қарсы аттанып, Литва жерінің шекарасынан өтеді. Европалық үлгідегі Витовт әскерінің ту талақайын шығарып, Киевке басып кіреді. Қарсыласқан қалаға ойран салып, өртеп жібереді. Бұл Витовт қай күні келіп шауып алады деп қалтырап отырған Мәскеудің де тынысын кеңейтеді. 

Қорытып айтқанда, 1399 жылы 12 тамызда Борсықтыда, 1408 жылы Мәскеуде, кейінгі Хорезмді  қорғау мен Киевке шабуыл жасауда Едігенің басшылығымен өткен майдандар – оның дүние жүзі тарихындағы ұлы қолбасылардың бірі екенін нақтылы айғақтайды. 

Ел билеп, мемлекет басқарған Едіге талантты қолбасы ғана емес, дарынды дипломат еді.  Өзінің оңтүстіктегі қаһарлы көршісі Ақсақ Темірмен арадағы қарым-қатынасты жақсартуды да ұмытқан жоқ.  1398 жылы оған сый-сияпат пен елші жіберіп, бетін бері қаратып қойды. 1400 жылы Темір Құтлық аяқ астынан өлген соң, билік бір жола Едігенің қолына көшеді. Алтын Орданың халықаралық беделі одан әрі өседі. Мұны көре алмаған Ақсақ Темір 1402 жылы Ордаға қарсы жаңа жорық ұйымдастыруды көздейді. Едігенің ұтымды жүргізген дипломатиялық әдісі негізінде арадағы қырғи қабақтық тағы да тоқтайды. 

Кейбір ғалымдар Едіге Ақсақ Темірді дипломатиялық әдіспен ғана тоқтатты деп есептейді. Ал шындығында Едіге Темірге қарсы Ордада тұрақты түрде 200 мың әскер ұстаған. Бұл жөнінде: «У этого Едигуя постоянно имеется в Орде более 200000 всадников», – деп жазады  сол заманды көзімен көрген білімпаз Р. Клавихо. Сондықтан Ақсақ Темірдің  мұнымен де есептесуіне тура келген. Жоғарыда айтқанымыздай, 1391 жылдан кейін екеуінің жолы қайта қиылыспаған, бірін-бірі жек көрген. Ол жөнінде Р. Клавихо: «... а император Тотамих снова бежал. Это повергло в уныние всех татар; они стали говорить, что их сеньор потерпел поражение, т.к. удача его покинула, и по этому он был разбит; и начались между ними раздоры. А один, служивший Тамурбеку по имени Едегуй, заметив, что между татарами начались несогласия, сговорился с ними, что пойдет на Тамурбека и против всех тех, кто будет их врагами.  И они сделали его сеньором; а он восстал против Тамурбека и стал искать случая его убить; тогда и его земля, и Тарталия перешли бы к нему и стали бы его владениями», – деп жазады. 

Тоқтамыстың өмірінің соңғы жағында Ақсақ Темірге барып, өзінің Алтын Орда басына қайта оралуына жәрдем сұрағаны тарихтан белгілі. Ақсақ Темір Қытай жорығынан соң саған жәрдем беремін деп уәде қылады.  Бұл уәдесінің алдында Едігені өз Ордасына шақырып көреді. Ол оқиға туралы Р. Клавихо былай деп таңбалаған: «Между тем Тотамих, император Тарталии, и Тамурбек примирились и вместе стараются обмануть Едегуя. Тамурбек послал сказать ему, что ведь ему известно, что он в его власти, что он его любит и прощает, если в чем нибудь против него  погрешил, и что хочет быть его другом; а что бы между ними было родство, он предлагает женить своего внука на одной из его дочерей. Говорят, что этот Едегуй ответил ему, что он прожил с ним 20 лет и был тем, кому он более всех доверял, и что знает его слишком хорошо и все его хитрости и что такими уловками его не провести, что он понимает, что все эти доводы только для того, что бы обмануть, и если они действительно станут друзьями, так только на поле брани с оружием в руках, так он им ответил». Бұл дерек Едігенің Ақсақ Темірден сескенсе де, кейбір тарихшылар айтып жүргендей қорықпағанын айғақтайды.

Тарихшылардың жазуынша, Едіге – Алтын Ордадағы ислам дінінің біржола орнығуына зор ықпал еткен тұлға. Италияның көпесі әрі саясаткері Иосафат Барбаро бұл мәселеге байланысты: «Магометанская вера стала обычным явлением среди татар уже около ста десяти лет тому назад. Правда, раньше только немногие из них были магометанами, а вообще каждый мог свободно придерживаться той веры, которая ему нравилась. Поэтому были и такие, которые поклонялись деревянным или тряпичным истуканам и возили их на своих телегах. Принуждение же их принять магометанскую веру относится ко времени Едигея, военачальника татарского хана...»  – дейді.      

Тарихи деректерге жүгінсек,  Едіге балаларды құлдыққа сатуды тоқтатқан. Бұл жағдай Сирия мен Египеттегі құл базарларына бірден теріс ықпал еткен. (Басқасын былай қойғанда, осы игілікті екі ісінің өзі-ақ оның адамзат тарихында мәңгілік қалуына жарар еді).

Мемлекетінің абыройын асырып, іргесін қайта бекіткен, батысында әйгілі Витовтты, шығысында Ақсақ Темірді тоқтатқан,  көреген саясаткер, сайыпқыран қолбасы туралы халық эпосы:   

Кеспе-кеспе сары алтын

Кесіп олжа қылдырды.

Еділ жұртын жыйдырып,

Үлкен бір той қылдырды.

Ағаларды алдырып,

Кеңессіз өскен бұл жұртты

Кеңесті жұрт қылдырды,

Қаланы қайта тұрғызды,

Еліне иелік тұттырды

Ортасына ару орда қондырды,  – дейді.

Шығыс тарихшылары оны «Жошы ұлысын өз дегенінше биледі», «Дешті елінің, Сарай мен Қырымның  шынайы билеушісі», «Дешті Қыпшақ пен өзбек елінің әміршісі», «Патшаларды өз қолымен ауыстырып отырды» деп жазады. Орыс, Еуропа тарихшылары оны «Дешті Қыпшақ әміршісі», «Татария императоры», «Алтын Орданы билеуші» дейді.

Едігенің есімі түркі халықтары есінде  ғасырлар бойы сақталып келеді. Ол ақылдылық пен қайырымдылықтың үлгісі есебінде жырларға қосылып, бірте-бірте түркі халықтарының қасиетті әулие адамына айналды. «Сего света держава на великих местех, счастливои осподарь, умнои как Бюрека, ум ся у него родил, вере надежа, людем подпора, Богом возлюблен, а от людеи почтен, над судьями судья, а великие люди слову его были рады, иных осподарей вернее был и салтанов – Едигеи князь» (грамота Мусы-бия Ивану ІІІ – Посольская книга, 1984, с. 39). 

Оны өте жақсы білген  сол заманның тарихшысы ибн-Арабшах: «Правил он всеми делами Дештскими около 20 лет. Дни его (царствования) были светлым пятном на челе веков, и ночи владычества его яркой полосой на лике времен», – деп жазады. 

Едігенің өмірбаяны Ақтөбе облысымен тікелей байланысты. Академик В.М.Жирмунский Едіге Тоқтамыстың баласы Қадырбердімен болған соғыста өлді деген қорытынды жасайды. Орта ғасырдағы белгілі тарихшы Қадырғали Жалайыр бұл айтылғандардың қалтарыс-бүкпесін былайша аша жазады: «Кейін он бір жыл өткенде Қадірберді хан Қырым әскерімен келіп, Еділ дариясынан кешіп өтіп, Едіге бимен соғыс қылды. ...Едіге би жаралы болды. Қадірберді хан да жарақат алды. Екі жақ әскері бірін-бірі аямай кескіледі. Ичкили ұлы Хасан Едіге бидің ақта атын (ереуіл атын) ұстап тұр  еді. [Сол] Қадірберді ханға «Едіге мұнда жатыр» деп хабар берді. Ол жетіп келіп, оны өлтірді. Қадірберді хан да сол жарақаттан кейін бірнеше күннен соң опат болды» [қараңыз: Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. – Алматы: Қазақстан, 1997ж.115-б.].  Атақты тарихшымыз тағы да: «Ол уақытта Қадірберді хан Едіге бимен соғыс қылды. Жайықтан шыққан Елек суы еді. Онан жоғары үш Бөрте шығады. Ол үш Бөртенің орта Бөртесінде Қадірберді ханмен Едіге би қатты соғыс қылды» – деп өлген жері мен кім өлтіргенініне дейін жазып кеткен. Тағы да айтады, 63 жасында дүниеден озып еді дейді [118-б.]. Хижра есебінен қазіргі күнтізбеге көшкенде Едіге 1356-1419 жылдары өмір сүрген болып шығады. Ал Қ.Жалайыр айтып отырған Ортаңғы Бөртенің Електің үстіндегі бөлігі қазіргі Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты территория. 2016 жылы Мәртөк ауданы әкімі, мамандығы бойынша тарихшы Нұржауған Қалауов өлген жеріне белгітас қойды. Конференция өткізіп, ас берді. Ақтөбенің Атырау облысымен шектескен тұсында «Едіге» деп аталатын ойпат бар, Байғанин ауданында «Едігенің жалы» деп аталатын үлкен қырат бар.

 «Едіге»  тарихи-қаһармандық эпосы да  жоғарыда айтылғандарды толықтырады, эпостың атақты Қияс жырау нұсқасында әкесі Едігені іздеп Ақсақ Темір еліне барған Нұраддин  балаға хан қайдан келдің дегенде:«Жерім жырақ үш айшылық шөл майдан, Шыққан жерім – Қарғалы, Елек, Кеңсайдан» – дейді. Бұл өзендер Ақтөбе қаласын айқыш-ұйқыш тіліп өтіп жатыр. «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер еді» деген атпен күллі түркі халқының есінде қалған, 60 нұсқалы «Едіге батыр» эпосының басты қаһарманына Ақтөбе  Қазақстанда алғашқы болып Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту аясында   даңғыл атауын беріп, қоладан көрнекі ескерткішін орнатты. «Едіге батыр» эпосының Ш.Уәлиханов нұсқасын Түркиядан түрік тілінде кітап түрінде баспадан шығарды. Едігеге қатысты істеліп жатқан, алда атқарылытын шаралардың барлығы егеменді еліміздің іргесін бекітуге өлшеусіз үлес қосатынына еш күмән жоқ. Себебі, Едігенің тарих бетінде айқын таңбаланған тұлғасы – кешегі күні біздің кім болғанымызды, өзгелердің кім болғанын нақты айғақтай алады.

Ахат Мырзалин,

«Ер Едіге» қоғамдық қорының төрағасы.

Жұманазар Асан,

едігетанушы.

Дереккөз: Abai.kz


Пікір жазу
  • Қазақстанда карантин шараларын одан әрі күшейту туралы жаңа қаулы шықты
    Қарлығаш Бекпатшақызының қандастарды жаңа жылмен құттықтауы

    Ұқсас тақырыптар