Жерді шетелдіктерге беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасы Сенатқа жіберілді

Уақыты: 2021-04-14 Көрлімі: 451 Сипаттама

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық...

d586c987a436f1062c3bd3390a02ca39_800_550_0.jpg

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Заң жобасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалды.

«Заң жобасы 5 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады және шетелдік жер пайдаланушылардың, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және жер пайдалану құқығымен қандастардың иеленуіне тыйым салуды енгізуге қатысты. Заң жобасын Палата ағымдағы жылдың 7 сәуірінде бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасын енгізу мақсаттарын күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді», - деді депутат Берік Оспанов.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге бағытталған редакциялық-нақтылау сипатындағы түзетулер көзделген, сондай-ақ заң жобасының ережелері бір-бірімен үйлескен.

«Мәжілістің барлық комитеттері осы заң жобасы бойынша оң қорытындылар ұсынды. Мүдделі уәкілетті органдар, саяси партиялар, Қоғамдық ұйымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 3 отырысы және комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өткізілді. Баяндалғанды ескере отырып, Аграрлық мәселелер комитеті аталған заң жобасын тұтастай екінші оқылымда мақұлдап, оны Парламент Сенатының қарауына жіберуді ұсынады», - деді Б. Оспанов.

Талқылау барысында палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдіріп, заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 7 сәуірде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Еске сала кетейік, биыл наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағанын айтқан еді.



Автор Руслан Ғаббасов


Пікір жазу
  • 20 жыл ішінде Қазақстанда тұрғын үй нарығы қалай өзгерді?
    Тұрғын үй бағасы қашан тұрақтайды