Қандастарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша жер телімдері беріледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Гүлжаһан Бимендина айтып берді, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, қандастарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша жер пайдалану (жалға алу) құқығы 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл ретте шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін қандастарға уақытша жер учаскелерін беру ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және бос жерлерден жүзеге асырылады», - деп түсіндірді Г. Бимендина «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында.
Сондай-ақ, қандастардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты өзге де қызметті жүргізу үшін арнайы жер қорынан учаске алуға бірінші кезекте құқығы бар. Бұл Жер кодексінің 46-бабында қарастырылған.
«Бұл талаптарды қандастар Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанша пайдалана алады. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы жер балансының деректеріне сәйкес 2019 жылғы 1 қарашада 95,7 мың га бос жер тіркелген, оның ішінде ауыл шаруашылығы алқаптары 78,3 мың гектар (егістік – 51,7 га, жайылым – 74,1 мың га, шабындық – 2,1 мың га, тыңайған жерлер – 2 мың га). Ал арнайы жер қоры 37,5 мың гектарды құрайды. Барлық ақпарат жер комитетінің сайтында және жергілікті атқарушы органдардың сайтында көрсетілген», - деді Гүлжаһан Бимендина.
Автор Айжан Серікжанқызы