Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасына ҚР Парламентінің Сенаты енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келісті, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
Парламент жерді шетелдіктерге сатпауды көздейтін заң жобасын қабылдады.
«Аграрлық мәселелер комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасына ҚР Парламенті Сенаты енгізген өзгеріс пен толықтыруды қарап шықты. Сенат ұсынған өзгерістер мен толықтырулар шетелдік жер пайдаланушылардың және шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік және жер пайдалану құқығымен кандастардың иеленуіне тыйым салуды енгізуді көздейтін заң жобасының Мәжіліс мақұлдаған тұжырымдамасын бұзбайды және оның мазмұнын нашарлатпайды. Баяндалғанды ескере отырып, Аграрлық мәселелер комитеті аталған Заң жобасына ҚР Парламенті Сенаты енгізген өзгеріспен және толықтырумен келісуді ұсынады», - деді Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Берік Оспанов Мәжілістің жалпы отырысында.
29 сәуір күні Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарған еді.
Ұсынылған заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салу көзделген.
Одан бөлек, Заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімі ұзартылмайтыны және олар пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны көзделген.
Автор Айжан Серікжанқызы