ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Youtube арнасында конституциялық реформа туралы кезекті видео жариялады, деп ҚазАқпаратқа сілтемесе жасап хабарлаймыз.
Конституциялық реформа қарапайым халыққа не береді? Саясаттан алыс, қарапайым тұрғындар бұдан не ұтады? Конституциялық түзетулердің халқымызға қандай пайдасы бар?
Бұл жолғы роликте Мемлекеттік хатшы осы сұрақтарға жауап беруге тырысқан.
«Бұл реформаның оң әсерін еліміздің бүкіл азаматы сезінетін болады. Бірінші. Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып қайта құрылады. Ол осы органның атауы ғана өзгереді деген сөз емес. Құзыры одан әлдеқайда ауқымды, мүлде басқа, жаңа институт пайда болады. Конституциялық сот Ата заңға қайшы келетін кез келген заңның немесе өзге де құқықтық актінің күшін жоя алады», - дейді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ, ол Конституциялық сотқа жүгіну тәртібі қалай реттелетінін түсіндірді.
«Конституциялық сотқа Президент, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, Парламент депутаттарының кем дегенде бестен бірі, Премьер-Министр, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және ең бастысы, еліміздің кез келген азаматы жүгіне алады. Яғни, кез келген азамат қандай да бір нормативтік акт оның Ата заңда бекітілген бостандықтары мен құқықтарын шектейді деп санаса, Конституциялық сотқа шағымдана алады. Мұндай құқықтардың ауқымы кең. Конституциялық соттың шешімі қабылданған күннен бастап күшіне енеді және еліміздің бүкіл аумағында жалпыға міндетті саналады. Мұндай түпкілікті шешімдерге шағым келтіруге болмайды», - деді Мемлекеттік хатшы.
Бұған дейін 5 маусымда өтуі жоспарланған референдумдағы халықаралық байқаушыларды тіркеу 30 мамырға дейін жалғасатыны айтылған болатын.