Қостанай облысында үйі өртенген тұрғындарға жиһазы мен мүлкі өтеп беріледі. Төтенше жағдай ошағындағы еріктілермен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылайдеп мәлім етті, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Еріктілерімізге көп рахмет айтамын. Үлкен жұмыс тындырып жатырсыздар, қаншама азық-түлік жинағансыздар?! Бізге шамамен 2,5 ай керек. Әр зардап шеккен – баспанасыз қалған адам жаңа үй алады. Оның көлемі 100 шаршы метр болады. Ал үйдің ішіндегі дүние-мүлік – жиһаз, теледидар, ыдыс-аяқ сияқты дүниелер де мемлекет есебінен, материалдық-қаржылай көмек беруге мүмкіндігі бар адамдардың жәрдемімен өтеледі»,- деген Президент еріктілердің еңбегіне шексіз риза екенін жеткізді.
«Әрине, еріктілерге көп-көп рахмет айтамын. Сіздер еліміздің нағыз азаматысыздар, патриотсыздар. Мен сіздерді мақтан етемін!», - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өрті 2 қыркүйек күні басталды. Бірнеше ауылдан 1841 адам эвакуацияланды. Тілсіз жау 86 жастағы тұрғынның өмірін жалмады. 10 адам жарақат алды, оның төртеуі қазір ауруханада жатыр.
Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орайластырылған салтанатты шаралар кейінге шегерілді. Іс-шараларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баратыны жоспарланған еді. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында ҚР Президенті орман өртіне қарамастан Қостанай облысына жұмыс сапарымен баратынын айтты.
Бүгін Қ.Тоқаев өңірге барды. Өрт болған елді мекен тұрғындарымен кездескен Президент зардап шегушілерге Үкімет екі айда бұрынғыдан да жақсы үйлер салып беретінін айтты. Өртті ауыздықтауға жүздеген техника, мыңдаған адаммен бірге 7 бірдей тікұшақ тартылды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы ө рт адам қолынан болды деген нұсқаны жоққа шығармайтынын мәлім етті.
Зардап шеккен қостанайлықтарға көмек беру үшін бірыңғай қоғамдық қор құрылды.
Өңірдегі жағдай тұрақталғанша, 3 мыңнан астам оқушы қашықтан білім алатын болды.
Әулиекөл ауданындағы өрт салдарынан Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті.
Өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды.
Үйлері өртеніп кеткен қостанайлықтардың банктегі несиелері жабылады.
Фото:akorda.kz