Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау салтанатында Мемлекет басшысы елдің бизнес өкілдеріне алғыс айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
«Биыл қарашада қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты іске қосылды. Бұл кәсіпорын Қазақстанның Орталық Азиядағы полипропилен нарығында көш бастауына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек Қызылорда қаласында шыны өндіретін зауыт өз жұмысын бастады. Бұған 42 млрд теңге инвестиция салынды. Шығыс Қазақстан облысында күнбағыс майын шығаратын заманауи зауыт іске қосылды. Бұл жобаға 29 млрд теңге инвестиция жұмсалды», - деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, аталған жобалар ел экономикасының импортқа тәуелділігін азайтады.
«Осы кәсіпорындар біздің импортқа тәуелділігімізді азайтатын бірегей индустриалдық жобалар. Бір сөзбен айтқанда, бизнес мемлекеттің сенімді серіктесі болып отыр. Осы ретте мен ұсынғағн саяси бағдарламаға қолдау көрсеткені үшін бизнес өкілдеріне шныайы ризашылығымды білдіремін», - деді Президент.