ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Ардақ Теңгебаев Қытаймен арадағы өзара сауда статистикасы бойынша айырмашылық себебін айтты, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.
Оның айтуынша, аталған елмен өзара сауда статистикасында елеулі айырмашылық бар. Мұндай айырмашылыққа әсер етіп отырған бірнеше себеп анықталды.
«Оған әдістемелік негіздер де себеп болуы мүмкін, яғни бұл статистика екі елде өзгеше қаралуы ықтимал. Қытайдан әкелінетін тауарлар бойынша біздің жақтағы кедендік әкімшілендірудің тиісті деңгейде болмауы өзінің әсерін тигізіп отыр. Осы орайда бұл тауарлардың кедендік құнын төмендетіп көрсету, тауар санатын қате саралау және басқа да себептер байқалды. Ең негізгі себеп – ол кедендік құнның төмен бағалау. Егер салыстырмалы түрде айтсақ, Қытай статистикасы бойынша аяқ киім орташа есеппен 10 доллар сомасында келсе, ал біздің статистикада басқа мәліметтер болуы мүмкін. Бұған кедендік әкімшілендіру тәртібінің тиісті деңгейде болмауы ықпал етіп отыр», - деді А. Теңгебаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен Қытайдың тауар айналымы 2022 жылдың тоғыз айында 22,5%-ға өсіп, 23,2 млрд долларға жетті.
Айта кетейік, жақында Қытайдан тауар тасыған кәсіпкер заңсыз жолмен 4,2 млрд теңге табыс тапқаны анықталды.